ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЕР

ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЕР

ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЕР
ашық дереккөзі
211

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы

«Человек не умирает

до тех пор,

пока живут знавшие его».

Чингиз Айтматов

2008 жыл. Қызмет бабымен Алматыда едім. Шерағаң ұялы телефонға шығып тұр.

– Қайдасың?, – дейді даусы қаңсып. – Қазақ пен қырғыздың Алатауы шайқалып қалды ғой. Айтматов та көшті дүниеден. Естідің бе?

– Алматының азаматтығы қатты күйініп тұр, Шераға.

– Өйтпей… Одақ не қам жасап жатыр?

– Арнайы баратын делегацияның құрамын тізімдеді. Нұрлан Оразалин өзі басқарып барады. Қонаға Қордай күтіп алмақ.

– Астанадан баратындарға Прьемер мырза өз самолетін беріп отыр. Бастап баратын Мемлекеттік хатшы, – деді Шерағаң. – Қонаға біз де сол Қордайға баратын сияқтымыз. Өзің тізімдемісің?– Солай, сірә.

– Е, онда, хош. Жерлеуден кейін, ары қарай Таразға сенімен бірге жүремін. Ала кетемісің?

– Не болды, сізге?

– Кім біледі? – деп Шерағаң қарадай қисайды.

Қордай ауданының әкімі Мұратбай Жолдасбаев қайта-қайта звондайды. Сондағысы, менің ертерек келгенім. Он тоғыз адамға қонақ үйлерден орын дайындаған екен, кімге қандай бөлме лайық соны көрсетіп, ақылдаспақ. Қонағасы дейтін бар. Жылқы сойылған. Өзім өскен, кейінірек кісіліктің барлық шаруасының басы-қасында жүрген, кімді де, қанша адамды да азаматтықпен хан көтеріп күтіп алатын елі, жері қасиетті Қордай ғой, бұл. Жігіттерден бір күн ерте келдім. Мұратбай інім екеуміз қонақ үйлерде дайындалған орындарды бөлдік: мынау Шерхан Мұртазаға, мынау Әбіш Кекілбаевқа дегендей…Ең ғажайып туындыларының оқиғасы қазақ даласында өтетін қырғыздың ұлы суреткер перзентінің қазасы дәл біз үшін Жамбыл тәтемнің: “Алатауды айналсам, Алғадайды табам ба?”, – дейтін қан жұтқан қайғысымен, зіл батпан зарымен пара-пар. Кімдер келіп, кімдер кетпеген дүние. Дейсің, дегенмен келісі мен кетісі де бірдей ме. Яғни, елеусіз, болған күнде жалғыз ғана ұлттың аясына сиятындар бір басқа да, артық туған Айтматовтың кетуі алабөтен өкініш. Себебі, ол – Алып. Алыптың шалқар ойы, ақыл ауқымы, суреткерлік көкжиегі кіндік қаны тамған қырғыз жеріне сыймай, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласына қарай самғап шыққаны айдай ақиқат.

Құрлық дейтін жалпы Жаратылыста Адам атаның тарихи шежіресінің ту-тудегі түкпірінен келер күндеріне дейінгі аралықта көретін көресісін тудыратын сан қилы құбылыстар түгел тоғысып өтіп жататын табиғи жер кіндігі болады. Сол сірә, қазақ даласы. Айтматов осыны сезе алды, көре білді. Қордайда Шығыстың жұлдызы – Айтматовқа күллі қазақ халқының атынан берілген қонағасында, қазақтың абыздары алма-кезек осыны айтты. Әруақ аунату тек мұсылмандыққа тән қасиет. Өзгенің қасіретіне өзінікіндей опыну, күйіну де өзіміздің ұлттық мінез. Керек десеңіз, Айтматовтың қырғыз екенін де ұмытып кетесіз. Жақсыда жаттық жоқ-ты сосын айтқан-ау, ата-бабамыз.

Қонағасыдан соң жатар орынға келіп, ағаларымызды жайғастырған соң, Шерағаңның жанында біраз отырып қалдым.

– Осында жата сал, – дейді.

– Балаларымның үйі бар ғой, – деймін.

– Сонда мына атшаптырым бөлмеде жалғыз жатам ба?

– Сөйтесіз.

– Өстисіңдер, ә! – Шерағаң көзәйнегін алып былай қойды. – Айтматовты соңғы рет қашан көрдің?

– Нұрланның алпыс жылдық мерейтойында.

– Оразалиннің?..

– Ия.

– Оған келе алмай қалдық қой. Астана кеткелі, сол. Бәрінің бірдей қисыны келмейді. Бірінде бар, бірінде жоқсың. Шыңғысты талайдан көрмеп едім, енді міні… Осы дұрыс па?

Үндемедім.

– Ертең, бірсүкүні деп жүреміз кеп… Ар жағы – қап, әттеген-ай… Пенделік, баяғы.

– Адамның пенделігін өзінен биік пе, деп қалам.

– Ал…

– Адам сол пенделігінің көлеңкесі сияқты, маған.

– Мынауың философия ма… Дегенмен… Кісінің қазасы ше?.. Бұл жерде пенделік жоқ. Бұл өмірдің ең ұлы ақиқаты. Келісемісің?

– Енді…

– Пенделікті жеңерсің, қазаға ешкімнің құдіреті келмейді. Отырмыз, міне, Айтматовтан мәңгіге айырылып. Пенделігімізден емес, амалымыздың жоқтығынан. Ұлы еді, жарықтық.

Қайсыбір жылы Шерағаң Жуалыға, туған ауылы Талаптыға ертіп барған. Үш күн болдым қасында. Сонда ол: “Ана тауды көрдің бе?”, – деген шығыс жақты саусағымен көрсетіп. – Ар жағы Шекер, Шыңғыс туған”. “Кіндік қандарыңыз арасы қарға адым жерге тамған екен ғой”, – дегем. “Ол ұлы, мен емеспін” – деген ағамыз. – Дегенмен, аудардым біраз шығармасын. Дәтке қуат…”

– Жұмсақ, жайлы еді, – деді Шерағаң күрсініп. – Әулие-тұғын. Сес көрсетпейтін. Көңіл қалдырмайтын… Сен асығып отырған жоқпысың?

– Әдейі сұрайсыз ба?

– Е, кім біледі? – деп алып Шерағаң бір жайды есіне алды.

Ертеректе Айтматов Алматыда санаториде демалып жатқан. Ішінде Шерағаң бар көңіл жақын қазақтың қарағайдай үш-төрт жазушысы барған ғой оған, сәлемдесе. Әңгіме-дүкен. Бір кезде есік тарс етіп ашылды дейді. Бәрі селк еткен. Сөйтсе, бір жас ақын. Оң қолында гүл шоғы, сол қолында қорап. Есікті баспен ұрып ашқан. Келе, қарағайдай ағаларына қарап та жатпай Айтматовты бас салды. Айналып-толғанып өліп барады. Кемеңгер деп біледі екен, пір тұтады екен, өңінде де, түсінде де көретіні Айтматов екен… Сол қолындағы қорабынан сағат шықты. Алтын сағат. Құны удай. Сыйлығы. Бұйымтайы – шыққалы жатқан кітабына Айтматовтың алғы сөзі. Мәтінін өзі дайындап әкелген. Тек Айтматов астына қолын қойып берсе болды. Қойып берді. “Қоюға бола бұ?”, – деп қасындағыларға сұрау салған жоқ. Пейілі кең. Ниеті таза. Тілегі ақ…

– Қайсымыз өстер ек, – деді Шерағаң басын көтеріп. – Ештеңесін оқымаған, танымайтын, ұлты басқа алқын-жұлқын жас біреуге?.. Білмеймін.

Азанда Қордай ауданы арнайы дайындаған автокөлікпен Бішкекке, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігіне келдік. Ондағылар өз көліктерімен ұлы жазушының денесі қойылған театрға алып келді. Төрттен-төрттен бөлініп Айтматовтың мәйіті жанында қарауылға тұрдық.

Кемеңгер жазушың мәңгі ұйқыға шомған жүзінде көзі тірі кезіндегі парасаты мүлде өше қоймаған сияқты болып көрінді маған. Жарық әлемнің жақсылығы мен жамандығы, ізгілігі мен зұлымдығы арасындағы қансорпа тірліктің құдіреті мен қасіретін қаламынан қан мен тері қатар ағып отырып қазбалап, жаһанның жан жарасын жалпыға жаңа дүмпумен жазып жеткізген жазушының мәйіті жанында кімнің не ойлағанын дәл айту қиын, десек те қарсы тұрған Шерағаңның жайшылықта селт ете қоймайтын жау қабағының дір-дір етіп тұрғанын көріп, жүрегін жас, қабырғасын қан жуып тұрғанын байқадым. Осы бар-жоғы жалғыз минутта ағамыз біртүрлі қалжырап қалып еді…

Айтматовпен соңғы қоштасуды қырық мыңға жақын қырғызстандықтарға қалдырып, арнайы келген делегация мүшелері екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанда, Шерағаң шынтағымнан ұстап:

– Солай… – деді.

Нені, неге өйтті, білмедім.

Кең залдың қабырғаларына тіз қатар қойылған жұмсақ орындықтарға жайғасқан біздің адамдарға сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин келіп көңіл айтты.

– Қазақ пен қырғызда енді қашан туары белгісіз бір перзенттен көз жазып қалдық, – деді Шерағаң. – Жазу солай. Кім болса да, туады және өледі. Ешқайсысымыз қалмаймыз. Сол қалмау үшін келеміз жарық дүниеге. Қалатыны бар болса, ізіміз. Сонда қандайы… Шөп-шалам баспайтын, шаң-тозаңның, лайдың астында қалмайтыны. Айтматовтыкіндей…

– Ия, Шықаңда да арман жоқ қой, – деп қалды біреу.

– Бекер, – деді Шерағаң. – Бекер… Арманда кетпеген ешкім жоқ, бұ жалғанда. Өзі адам болса, ол қалай кетеді, армансыз. Болады, бір арман қалайда. Айтматовтың арманы… Жат жерде… Ия, жат жерде жаны қысылып, көзі жұмылып бара жатқанда… Алланың аманатын Алатауымда тапсырмай арманда аттанып бара жатырмын-ау, деп ақыл-есімен аңырамады дейсіңдер ме? Аңырады. Ақыл-есімен. Ақыл-ес ең соңынан сөнеді. Сөйтер, сірә.

Солай-ау, деп ойладым. Адам өледі, арман қалады. Ұлан-ғайыр, сан тарау. Бірден бірге қалатын мұра. Айтылмай қалған әні, естілмей кеткен зары. Соңындағылар аңыратар аманат.

Мен қырғызға жиеншармын. Қырғызстанмен іргелес мекенненмін. Сөйтсе де, қырғыз жоқтауын естімеген екенмін. Қазір, осы жерде қайсыбір жылдарда жазылып алынған таспадан естіп отырмыз. Салған жерден сай-сүйекті сырқыратады. Сұмдық сұңғыла сұңқыл. Бордай тозған боздау. Мұқалған жігер. Мұздан суық мұң. Естен айырған еңіреу. Ардағы көшкен, жанғаны өшкен өкініш. Өмір-айлаған өткір өксік. Қолқаны суырып, апшыны қуырып, өзектен соққан өкпек.

– Бұл жоқтаудың мынау ұлы мақамы қай кезден екен?, – деп қойды Шерағаң. – Ер Манас деп еңіреген күннен бе? Кім білсін? Әйтеуір, ұлы трагедияның гимні. Ұлыға ғана арналған жоқтау. Ұлы тұлғаның мәнін мойындап, пайымдау. Ұлттың ұлы перзентін… Осы ғой?..

Әбіш Кекілбаев ағамыз теңселді. Өзгеміз де сөйттік. Екі сағат бойы… Екі сағат бойы жоқтау тыңдаған өте ауыр еді. Әрі осы екі сағат, мен сенемін, кімге де өмір мен өлімнің арасы тым жақын екенін, осы аралықтағы кісілік пен түсініктің, парыз бен борыш, адамдық пен азаматтық мәнін тереңірек толғап шығуға мәжбүр етті. Оның мәні – қысқа ғұмырда әлгінің бәріне үлгере білген екен.

Түс ауа Айтматов жерленетін Ана-Бейітке келдік. Бішкектен сәл әрі тау баурайы. Айналасы жақсы қоршалған көлемді көкорай алқапта тұтас тұла бойымен боздап тұрған Ана мүсіндері – мемориал. Әсері сұмдық. Сұмдық сұңғыла шебердің қолымен жасалған. Еңіреп кете жаздайсың.

– Топырақ әкесімен бір жерден бұйырды, – деді Шерағаң. – Рухтары айқасып жатады, Айтматтың ұлы мен немересінің.

– Әкесі осында жатыр ма? – деп сұрады біреу.

– Осында.

– Шықаң әкемнің қай жерде атылғаны белгісіз деп жазбап па еді, ана жылдары.

– Рас.

– Ендеше…

– СССР-ың бордай тозып кетпегенде, – Шерағаңның жау қабағы көзәйнегінің үстіне селт етіп шықты. – Солай қала беретін де еді. Тәуелсіздіктен кейін, Құдай жарылқаған жоқ па?

– Жарылқады.

– Жарылқаса, әңгіме былай…

Шерағаңды тыңдасақ: дәл осы Ана-Бейіттің орнында сол репрессия жылдары жалғыз үйде бір әйел тұрған, кішкене қызымен. Содан қайсыбір түні бірнеше машинамен НКВД-ның адамдары жүз отыздан астам “халық жауларын” жайратып салып, көміп кетпей ме? Әйел мен қызы көреді оны. Көргендерің туралы тіс жарсаңдар, осы шұңқырға сендер де көмілесіңдер, деп кетеді қызыл жендеттер. Қолхат жаздырып алады. Жүзден астам адамды әп-сәтте қырып салғанды көзімен көріп аза бойы қаза болған адам қайтіп жақ ашады бұдан кейін. Ашпайды… Әйел кемпір болды, қызы әйел болды. Қырғыз тәуелсіздігін алды. Қорқыныш, үрей сейілді. Айтылуға тиіс емес, айтылып, шындықтың беттері парақталып жатты. Газеттер мен теледидарды қараса, НКВД-ның жендеттерінің істемегені жоқ екен. Жан түршігеді. Баяғы бір түнде 130-дан астам адамды қырып салған оқиғаны көзімен көрген қаршадай қыз, бүгін бала-шағалы бәйбіше, енді айтпай ма айналасына, әлгі әңгімені. Ешкім сене қоймайды, әуелде. Әйел есті азаматтардың «әйт-шуімен» қауіпсіздік комитетіне жазады. Болмаған соң, республика Парламентіне жолдайды арызын. Ақырында тексеру басталған. Әйел көрсеткен жер қазылды. Үйілген мәйіттер. Әрине, саудыраған сүйектері. Киімдерімен. Міне, сонда бір мәйіттің костюмінің төс қалтасынан шыққан құжатта Төреқұл Айтматов, – деген аты-жөн тұр. Жапсырылған фотосуретінің жартысы және сақталған. Төреқұл Айтматовты білесіңдер, Ош облыстық партия комитетінің бірінші секретары болған мемлекет қайраткері. Мәскеуде оқыған, тұрған. Семьясымен. Шыңғыс бастауыш мектепті сонда оқыған. Орысша…

– Иттер сонша азаматты Бішкектен шыға бере қырып салған екен-ау, біздің Боралдайдағыдай, – деді Әкім Тарази ағамыз.

– Мына жерді Шыңғыстың өзі Ана-Бейіт атап, айнала қоршатқан, – деді Шерағаң. – Өзі келді енді, оған. Ал қызыл жендеттер айдап кеткен Мұртазаның сүйегі қайда жатқанын мен білмеймін… Солай…Осы тұста Шерағаң маған шөгіп кеткендей болып көрінді. «Қызыл жебе» кітабын әкесі Бақтығұлдың даусымен «Оян, Тұрар!» деп бастайтын еді ғой, бәлкім, Мұртазаның рухы да талай-талай «Тұр, Шерхан!» деген шығар. Жетім Шерханды жебе ғып қайрап өсірген, күресін ғұмырда отқа жандырмай, суға батырмай алып шыққан, ханға да, қараға да бір Шерхан еткен, ел дегенде етігімен су кештірген сол құдірет болар.

Қырғыздың кемеңгер Перзентіне топырақ салдық. Үкімет резиденциясында марқұмға бағышталған құранға қол жайып, бет сипап, дәм таттық. Әруаққа айналған Айтматовқа тие берсін деп.

Астанадан келгендер Астанаға, Алматыдан келгендер Алматыға қайтып кетті. Шерағаң екеуміз Қордайдамыз. Қонып, Таразға жүрмекпіз. Ағамызды қонақ үйдегі түнеп шыққан бөлмесіне әкелдім.– Әй, сен кетпе, –деді маған. – Қасымда жат.

– Балалардың үйіне барып қонайын да, Шераға!

– Сөзді қой. Әңгімелесейік те. Оқта-текте бір көреміз. Осыдан Астанаға кеткен соң, Таразға қашан келетінімді құдай біледі.

Шайымызды ішіп, жақсылап жайғасқан соң, Шерағаны тыңдап жатырмын: Ұлылардың бірінші әрі ең қатыгез жауы – оларға деген қызғаныш. Бөтеннің емес, жақынның. Қарашы, Толстойдың ақылды, ақсүйек, әдебиетші, “Анна Каренинасын” қайта-қайта, барлығы 117 рет көшіріскен, одан басқа да шығармаларына ұшан-теңіз қолғабыс жасаған тасқұйрық қатыны София Андреевна қартайғанда Лев Николаевичті халықтан қызғанып, жанын жегідей жей берген соң, данышпан жазушы терезеден ұрланып қашып, түкпірдегі бір шағын станцияда, күңгірт қуыс бөлмеде көз жұмбады ма. Сөйтті… Шолоховты өзінің орыстары Мәскеуде тамағына әлдебірдеңені қасақана қосып беріп… Білемісің, мұны?– Гавриловтың жазушының өмірбаяны туралы очерк кітабынан оқығанмын, ажалдан алып қалған бір медсестра екен, – дедім.

– Аяқ асты іші бүріп ауырып, жанындағылар ауруханаға апарады. Дереу операция жасау керек деседі. Сонда не болды?

– Гавриловқа айтқан әңгімесінде Шолохов, бір медсестра көзімен “келісім бермеңіз” деп тұрды дейді.

– Рас.

– Тек сол медсестраны кейін тауып, алғысымызды айта алмадым, – деп өкінеді Шолохов, – дедім.

– Оқығаның көп, ә.

– Енді, аздап…

– Расын айтсаң, қылың қисайып қала ма?

– Қойдық, Шераға.

– Айтматовқа деген қызғаныш та аз болмады. Әуелі қырғыздар. “Жәмила” повесін жазғанда. Байы соғыста жүрген келіншектің Даниярға деген махаббатын “ойбай, бұл не сұмдық,” – бұл қырғыз әйелін опасыз етіп көрсетіп, ұлттық дәстүрді табанға таптау деп шуласын кеп. Біздің ұлы Мұхаң болмаса… Біздің Мұхаң болмаса, Шыңғыстың тағдыры қалай-қалай құбыларын кім білсін. Повесть Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда оны беру жөніндегі комиссия мүшелері, көбі әрине орыс, бермеудің барлық амалын жасаған ғой. Бұдан қане, не хабарың бар.

– Сонда, сол комиссияның құрамындағы Мұхаң екі рет сөз алып сөйлеп, табандап тұрып алған. Ақырында аналар, – “бұл өзі қанша жаста екен, соны көрелікші”, – деп далбасаламай ма.– Ия, ия, – деп Шерағаң мырс етті. – Көрсе, бар-жоғы 34 жаста екен. Жерден жеті қоян тапқандай болады. Сонда аналар «жап-жас екен, өзін көрсете түссін әлі» десіп кергиді. Қайран Мұхаң қайта ма? Айтқан уәжі: «Оның қырыққа, елуге, алпыс, жетпіске келетініне кім кепілдік береді? Келмей қалса ше? Жоғары сыйлыққа лайық жазды ма, жазды. Оны бәріміз мойындап отырмыз ба, мойындап отырмыз. Француздың атын әлем білетін әдебиет сыншысы Луи Арагон Данияр мен Жәмиланың махаббатын Ромео-Джулеттаның махаббатымен қатар қойды ма, қойды. Ендеше… Әлі жас болған соң бермедік дейміз бе… – Шерағаңның даусы шығыңқырап кетті, – дейді ғой Мұхаң. Алды Айтматов Лениндік сыйлығыңды, Мұхаңның арқасында аналардың аузын ұрып… Қызығы қырғыз қаламгерлері ағынан жарылып алақайлай қойған жоқ бұған… Жүрегі жарыла қуанған біздің ұлы Мұхтар Әуезов. Қазақтың ғажайып перзенті. Енді осы екі заңғар суреткердің ең алғашқы кездесуінен хабарың бар ма?– Бар емей?

– Ал, айтшы.

– Сенбейсіз бе?

– Сенгенде… Қане…

– Елуінші жылдардың бас кезеңі болуы керек.

– Рас. Мұхаңның қазаққа сыймай МГУ-дің шығыстану кафедрасының меңгерушісі болып жүрген кезі. Шыңғыс Горький атындағы әдебиет институтында. Қалта тесік. Киім көнетоз, ашқұрсақ. Қатты қиналып жүрген кезі екен, – деп Шерағаң әңгімені өзі айтып кетті. – Кімге барады? Барғанда алақандай қырғыздың баласына кім не береді? Аштан қатарың бар, Мәскеу не теңің. Сонда Шыңғыс әлгі шығыстану кафедрасын Мұхтар Әуезов дейтін қазақ жазушысының басқаратынын естиді ғой. Түбі бір туыс қой, деп дәметпей ме, енді. Қайтеді. Тұрағын біліп алады да, шықпай ма іздеп. Мәскеудің көкаяз қысы. Өзіміз де көргенбіз оны, сонда оқыған кезімізде. Дірдек қағасың. Дірдек қағып Шыңғыс та табады Әуезовтiң пәтерін. Басты қоңырауды. Мұхаң жалғыз екен. Көңілсіз екен. Қайдағы көңіл? Хан Кене мәселесімен қуғындалып жүрсе. «Кімсің? Не жүріс?» деді көнетоз пальтомен көкмұз болып дірдектеп тұрған жігітке. «Қырғызбын», – дейді. Осында оқып жатыр едім, – дейді. Мұхаң буфеттен бір шөлмек арақты алып, айғыр стаканға толтыра құйып «Қане, тартып жібер», – деп тесілмей ме? Жас жігіттің «ішпеуші едім», – деп жатуға жағдайы жоқ, өлердей жаурап тұрғаны және бар, оған тиын-тебен жағынан қол ұшын берер деген дәмесін қос… Тартты да жіберді. Со бойы отырған орнында тіл тартпай ұйықтап кеткен… Ар жағы белгілі. Мәңгі рухани бауырластық. Алып жүректердің бір ырғақпен соғуы. Ұзағынан сүйіндірген ұлылық үйлесімі. Екеуінің бірінде осы қасиеттер болмағанда ше?.. Өзіміздің Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты дүлдүлдеріміз өзіміздің қызғаныштың құрбаны. Өзіміздің қызғанышымыз өзіміздің қанша сұңқарымыз бен тұлпарымызды өлтірді. Аз емес. Содан ұттық па, бірдеңе. Сендерге сабақ болатын әңгіме бұл. Бірінің озғанына бірі қуанғандардың ғана әдебиеті, одан ары індетіп айтқанда бүтіндей ұлты озады. Талантты көздің қарашығындай сақтау керек. Халықтың тағдыр талайын талант қана тамырынан танып, ақиқатын талант қана айтып бере алады. Осысы үшін де ол ұлттың рухани әлемінің ұшар биігі. Естіп жатырмысың?

– Ойланып жатырмын.

– Шын ба-ей?

– Сенбейсіз бе?

– Сенген соң көсіліп отырған жоқпын ба, жолың болғыр.

– Сөйтсеңізші, бір уақ.

– Сөйтсеңізші… – Шерағаң тамағын қырнап алды. – Тамағымның гландысын алдырып тастап едім ана жылы, аяқ асты жыбырлап, жөтеліп те қалам… Мәскеудің саясаттағы құйтырқылығы әдебиетте де сан құбылды емес пе, со кезде. «Советский писатель» дейтін Одақтық мәні бар баспадан қазақ жақтан қазақ мойындамаған, тіпті, кейбірін қазақ біле қоймайтын авторлардың да кітабы шығып жатты, сұмдық болғанда сондағылары, міне, бұлардың бар деңгейі осы, деу. Бір, деп қой. Екінші зымияндықтары, өзге республикалардан келгендерді мақтап-мақтап ішкізіп, шәпкесін теріс айналдырып жіберетіндері. Өздерінен шығармайды, өз ақшаңа өлердей ішкізеді. Тәкен ағаңды, Әлімқұловты айтамын, сөйтіп сорлатты. Оқуға барған Мақатаев үш айдан соң ба, қашып келді.– Шыңғыс ағамыздың жерлеуіне Ресей жақтан еш қаламгер төбе көрсетпеді ғой.

– Айтматов Шолоховтан кейінгі әлемге ең көп аударылған жазушы. Бір уыс қырғыздың баласы құдай берген дара дарынының арқасында баса-көктеп бәрінен озып тұрды ғой. Үнемі бірінші болды. Орыстың атақты Валентин Распутин дейтін жазушысын білемісің? Соның соғыстан қашқанды жазған бір ғажап шығармасы болды. Амал не, соғыстан қашқан дизертир туралы совет әдебиетінде бірінші болып Айтматов жазып қойған, «Бетпе бетінде». КСРО халықтарының деніне түскен мәңгүрт құбылысты да алғаш пайымдап, атақты шығарма жазған Шыңғыс жарықтық. Соған іштері күйеді де. Кез-келген кезде тағы бірінші болып кететін адамның қазасы сол күйікті басар, бәлкім. Қайдан білейін? Қызғаныш дейтін қызыл ит кімді таламады. Көреалмаушылық дейтін көктырнақ кімнің бетін дал-дал етпеді. Ұға алсаңдар. Өзің түгілі, бөтендікін де қызғанба. Жайыңа жүр. Барыңа ие бол. Соны місе тұт. Тәуба де. Сөйтесіңдер ме?.. Жазып жүрмісің, өзің?

– Тиіп-қашып.

– Бас алмасаң, қой дей ме, біреу?

– Айлығын алып жүрген қызмет дейтін бар емес пе?

– Білеміз. Біз де біраз пұшпағын уқалағанбыз оның. От болып жататын сонау Орталық Комитеттің заманында әр сөйлем, нүкте, үтірден пәле іздейтін. Сезік алса бітті кел, қане, Ақ үйге, дейді. Екі күннің бірінде. Шетінен қырағы қызыл көз. Әр әріптің астынан, әр сөйлемнің астарынан пәле іздейді. Сезік. Күдік. О, қалай? Бұ, қалай?.. Дігерлейді. Діңкелетеді. Титықтайсың. Көрлігіне, ноқайлығына. Түгел иілмесең де, амалсыз майысасың. Толық келіспесең де, түсінген ыңғай танытасың. Білесің бе, оның не екенін? Дипло… матия! – Шерағаң күлді. Күліп алып: – Сол Ақ үйдің айғай-ұйғайының астында жүріп-ақ, үкіметтің шаруасын да, жеке шығармашылығымызға да үлгергенбіз. Қазір құдай жарылқады. Жат та жаз, тұр да жаз.

– Нені, неге, қалай дегенді қайтеміз, Шераға?

– Қайткенде… Оны өзің білесің. Бәрін білсем, баяғыда пайғамбар болып кетпеймін бе? – Шерағаң ажырайып қарады. – Осы сенің неңді оқыдым?

– Қайдам.

– Оқыдым-ей, талайын. Романыңды. Әңгімелеріңді. Мүлде басқаша жазасың. Шешімдерің күтпеген жерден шыға келеді. Әдеби сын мақалаларың да өзгеше, менің творчеством жайлы да жазғаның бөлек. Рахмет! Нұр жаусын! Тараздан құдай біледі ғой, сенен басқа ешкім телефон шалмайды маған, соңғы жылдары, оларға менің керегім жоқ па, немене?

Үндемедім.

– Халық іздейді. Ал қаламдастар, қандастарың да тым-тырыс. Осыған уәжің бар ма?

– Өзіңіздің ше?

Ағамыз басын көтеріп алды.

– Қайсымыз қайсымыздан уәж сұрап отырмыз, жолың болғыр?

– Әркімнің кім болмағы қалыбынан, деген менің Кенен атам. Қилы-қилымыз ғой, Шераға!

– Япыр-ай, десеңші… Заман да, адам да қилы-қилы. Заман ірі, адамдар майда. Ұсақ-түйек. Кісіге де, өзгесіне де тиіп-қашты. Көрінбесең көңілден ұмыт, көрсе иек қағу. Дәл бір «ә, сен, әлі тірі жүр ме ең», – дейтін ишара. Ақсақалға дейтін ата-бабадан қалған «ассалаумағалейкумі» адыра қалған. Жаман. Құдай әркімнен-ақ бетін ары қылсын, егер қисая кетсең, жабыла «ой, бауырымдайды». Тіріңде сыйламаған соң, өлгенде өкіргені – өтірік. Неге сөйтеді?

– Мен де сол, өзіңіз сияқты пайғамбар емеспін ғой.

– Оған сөз қайсы. Әйтсе де, адамсың. Адам адамның кез-келген әрекетінің себебін білмесе, ия білгісі келмесе, не болғаны. Әсіресе, жазушымын дегендер. Жазушымын… Өстіп жүргендер өріп жүрген жоқ па, әр жерден. Шимақтары – журналистиканың ар жақ, бер жағы. Төбесіне түрікменнің бөркіне ұқсатып «Роман», «Повесть» дегенді қоқайтып қояды. Не жанына зор келді, сонда. Өлеңдері өмірдің өресінен қалып қойған өңмеңдері және көп. Сұмдық қой. Ұят қайда?, – Шерағаң күрсініп алып, біраз бас шайқап отырды. – Шыңғыс заңғардың көп шығармасын қазақшаладым ғой. Оның кез келгенінде кез-келген құбылыстың әлеуметтік себебін қазып іздеп, дәл тауып, көзіңді ашып, көңіліңді оятады, ақылың ашып, арың азап шегеді, тебіренесің, теңселесің. Телегей еді, жарықтық. Тектілердің тереңі. Жаңағы Кенен атаң айтқан: «Әркімнің кім болары қалыбынан»-ның орайы осы жерде келіп тұр, сірә.

Айтматовтың анасы қасиетті-ау. Әкесі де осал емес. Отыз жасында обкомның секретары… Ал медицинаң баланың алпыс проценті ананыкі деседі… Жан бесікте жатасың, тоғыз ай, тоғыз күн. Одан омырауын, ақ сүтін емесің… Қалыбыңа тартпай көр, қане, – Шерағаң жастығына жантайды.

Ш.Айтматовтың 50 жылдығы қарсаңында сол кездегі «Пионер» журналының жауапты хатшысы Әшірбек Көпішев екеуміз Бішкекке барғанбыз. Әшірбекке басылымның тапсырмасы – Шықаң туралы материал ұйымдастыру. Сонда архивтен Айтматовтың анасын көргеніміз ойыма оралды. Айтматов анасына қатты ұқсайды екен, анасы Ғабдолла Тоқайдың ұлтынан екен. Ол кезде қазақ, қырғыз зиялылары оқыған, тоқыған, мәдениетті, естілерден алды ғой, әйелді. Олардың күйеулерінің қайраткерлігіне ықпалы зор болған. Өзіміздің ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің егер Валентина Николаевна болмаса, тағдыры қалай-қалай болып кетерін бір құдай білерін бүгін біліп жүрміз… Шерағаң сияқты Қарахан таудай қазақты туған, жетелеп жүріп жеткізген Айша ананың да жаратылысы бөлек, әрине.

– Ұйықтаймыз ба? – деді Шерағаң.

– Сөйтелік.

– Шыңғыс заңғардың рухы әкесінің рухымен табысты ғой, бүгін. Сөйтеді деседі, рас болса… – деп ағамыз көрпесін жамылды.

Ертеңгісін Таразға бет алдық. Қордай – Шу трассасынан Меркеге бұрылып, Аспараның жазығына қарай ағызып келеміз.

– Қара жолдың мына жағы – қырғыз, – деді Шерағаң сол жағына бет бұрып. – Оң жақ өзіміздікі.

– Кезінде хан Абылай манаптарды ары қарай түріп жіберген ғой.

– Сөйтті, ә.

– Мемлекеттіктің өз сұранымына қалай қарайсыз?

– Заңдылық деп, – Шерағаң маған бүкіл денесімен бұрылды. –Қайтеді?

– Елге жер керек

. – Рас.

– Жер иелену – ерліктің ісі.

– Жөн.

– Елі, жері, ерлігі бар халықта ғана кісілік болады, Шераға.

– Жаны бар сөз, – деді Шерағаң. – Қазағымызда кісілік мол ғой. Кешірімді де кеңбіз. Кенесарымызды қырық төрт жасында құрбан қылған қырғыздың Айтматовы дүниеден қайтқанда өзімізге өзіміз қонағасы беріп, бір-бірімізге көңіл айтып, аза тұттық. Кісілік пе!.. Сірә, сонымыз үшін де Айтматов қазақты өте жақсы көрді, құрметтеп, мақтан тұтып өтті… Айтпақшы, осы сенің, – ағамыз көзәйнегінің үстінен бетіме үңілді. – Қырғызға ілік-шатыстығың бар ма?

– Қайтеді?

– Сұрамаймыз ба?

– Қырғызға жиеншармын.

– Әне…

– Ол аз десеңіз, нағашы апамның анасы – ұйғырдың қызы.

Қарақантаудай ағамыз қабағын керді.

– Мен, Шераға, қазағыңыздың ана ата, мына атасына жата бермеймін. Түркімін.

– Өй, ерім! – Шерағаң жарыла күліп жіберді. Мен де қосылдым.

– Қалай?, –деймін.

– Сені қазаққа ортақ Несіпбек дейтіндері сол де, біраз ақын-жазушының. Түркі екенсің… Мен үшін ана ата, мына ата болғаныңнан келіп-кетер дәнеңе жоқ дейсің, ә. Керегі нағыз азамат, шын жазушы, тума талант… Олары жоқты алдыңа келсе тістейсің, артыңнан келсе тебесің… Бетің бар, жүзің бар деуің жоқ… Жақсы. Керек. Оңай тимейтіні де, рас. Алып та, шалып та, құлатсам дегендер алыста емес, айналаңда жүреді. Алла сақтасын, алып-шалыпты ағайын бастайды алдымен. Жоқ болсаң, бере алмайтын, бар болсаң, көре алмайтын – сол. Баяғы іштарлық. Менен озбасын деу. Озғанға қуанбаған ел орнында омала береді, дедім. Өнер жұртқа, өсер ұлға өнеге болуға тиіс ескерту осы. Естіп отырсың ба?

– Сұрамаңыз.

– Оу, нені?

– Өстіп айтар уәж болса, атыңнан айналайын демейміз бе аға біткенге.– Менікі ақыл емес, әй. Ел болудың бізге дейін де, біздің кезімізде де айтылып келе жатқан есті арманы, жан қалауы, – деп қойды Шерағаң тамағын қырнап. – Қара әне, қанша машина бізді басып озып барады. Өлген-тірілгенге қарамайды. Былайғы өмірде адам өйтіп өңмеңдемеуге тиіс. Адам өмірі автомашиналардың жарысы емес, ақылдың, сабыр-төзімнің, ерік-жігердің, ар-ұяттың, абырой мен азаматтықтың бәсекесі. Қазақ осыны ойлай ма? – ағамыздың даусы қатты шығып кетті. – Ойласа, ортақ Отанның от басында ойдан-қырдан «ойбай, оны қой да мені тыңда» деп бір-біріне неге оппозиция?! Билік пе, керегі әрқайсысына?! Жоқ, жүздің ойыны ма? Ондай болса, осылмаймыз ба, бір күні! Ойлаңдар.

Аз-кем үнсіздіктен кейін Шерағаң:

– Ғұмырдың ең бағалы қазынасы, ең ауыр жүгі – ой, – деді. – Біреуде қалың, біреуде жұқа, біреуде таяз. Өкінішті. Бір кем дүние… Ойлылардың өмірден озғаны – отандық, тіпті одан да ары асып кететін ұлы трагедия. Айтматовтың қазасы осындай. Орта Азия үшін, әсіресе. Орта Азияның ортақ перзенті ғой ол пайымдағанға. Осым дұрыс па?

– Айтары жоқ.

– Таразыңның төбесі де көрінді, әне. Екі мың жылдан астам кім келіп, кім кетпеген Тараз. Бәрін де көрген, көнген, өскен-өнген көненің көзі.

– Шыңғыс Айтматов та оқыған Тараз, – дедім.

– Сол заңғардан айырылып келеміз енді, – деп Шерағаң бір ыңылға басты. Біртүрлі ыңыл: опынған, өкінген, өмір-айлаған… Жүйкені шымырлатқан, тамырды шыбықтай солқылдатқан, ақыл-ойды ширатқан, жан-дүниенің шыңырауынан шырқырап шыққан шер…

03.10.2011

Серіктес жаңалықтары