ЖАҢА ҮРДІС КҮНГЕЙДЕН БАСТАЛАДЫ
ЖАҢА ҮРДІС КҮНГЕЙДЕН БАСТАЛАДЫ
Биыл елімізде бiлiм беру саласына 900 миллиард теңге бөлiнді. Келер жылы оның көлемін 1 триллион 200 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданды. Бұдан бөлек Елбасы «Бiлiм туралы» Заңға енгiзiлген толықтырулар мен өзгерiстерге қол қойды. Жуырда Елбасының халыққа арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен келген ақпараттық – насихаттық топтың мүшесі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов облыстық театрда өткен кездесуде жұртшылықты осындай жағымды жаңалықтармен құлақтандырды.
Бақытжан Тұрсынұлының айтуынша, алдағы уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесi өзгермейдi. Есесiне, жоғары оқу орындарындағы мемлекеттiк аралық бақылау (МАБ) және 5 жылда бiр рет аттестациялау алынып тасталынды. Министр сондай-ақ, Оңтүстіктің білім саласында атқарылған жұмыстарға да оң бағасын берді. Тәуелсiздiк жылдарында республикада 800 жаңа мектеп салынса, оның 200-ден астамы Оңтүстiк өңiрінде бой көтерген. Соның арқасында апатты жағдайда тұрған мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесi шешiлдi. Облыста бүлдiршiндердi балабақшамен қамту 38 пайызға жеттi. Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл көрсеткiш 2020 жылға дейiн 100 пайыз болуы тиiс. Өңiрде жылына 75 мыңнан астам бала туылатынын ескерсек, барлық бүлдіршінді балабақшамен қамту оңай шаруа емес. Биыл облыста 1-сыныпқа 50 мыңнан астам бала барса, 2014 жылы 12 жылдық бiлім беруге көшкен кезде бұл көрсеткiш 110 мыңға жетедi. Сондықтан Оңтүстікте мектеп жетіспеушілігін шешу өзектi мәселе болып табылады. Министр осы жайларды ескере отырып, республикалық бюджеттен қаржы бөлген кезде Оңтүстiкке ерекше назар аудару керектiгiне тоқталды.
– Былтыр өңiрде 75 мыңнан астам сәби дүниеге келiптi. Бұл республикада туылғандардың 22 пайызын құрайды. Ана мен бала өлiмi 40 пайызға кемiген. Бұл жай цифрлар емес, атқарылып жатқан жұмыстың жемiсi, – дедi ол.
Бұдан кейін Білім министрі бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерi Шымкенттегі іргелі оқу орындарының бірі, шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан Оңтүстiк Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжiнiң тыныс-тiршiлiгiмен танысты. Колледж директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қанатбек Досалиев қонақтарды білім ұясының өткен тарихы мен бүгiнiнен сыр шертер мұражай жәдiгерлерiмен және оқу сыныптарымен таныстырды. Б.Жұмағұлов оқу-әдістемелік оқу құралдары, макеттер көрмесін, кітапхананы аралап, жинақталған кітап қорына жоғары баға берді.
Аталған оқу орны облыстағы колледждер арасында ең алғашқылардың бірі болып сапа менеджменті жүйесін ендірген. Халықаралық байланысты нығайту үшін ТВЕТ Британия колледждері ассоциациясымен, Кембридж аймақтық колледжімен байланыс орнатқан. Бұл колледждің заманауи талаптарға сай білім беретінін шетелдіктердің де мойындап жатқанын білдірсе керек
–Колледжде екі жыл оқыған студенттер Кембридж колледжінің бағдарламасы негізінде тағы екі жыл дәріс алып, білімін жетілдіреді. Ол жақтан бізге арнайы мамандар келіп сабақ өткізеді. Бұл білім алғысы келетін жастар үшін өте тиімді жүйе. Өйткені «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан қазақстандық жастар оқу ақысы үшін жылына 25-27 мың АҚШ долларын төлесе, біздегі келісім бойынша осы соманың жартысы ғана төленеді. Бұл жерде ең бастысы – тіл білу, – дейді колледж директоры Қанатбек Досалиев.
Қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев тізгінін ұстаған №2 кәсіптік лицей ұжымы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және қазіргі нарыққа қажетті құрылыс мамандарын даярлау мақсатында «Базис-А» корпорациясымен серіктестік туралы өзара келісім-шарт жасасқан. Осы келісім шартқа орай 2010 жылы лицейде қажетті жабдықтар орнатылды. Корпорация оқушыларға өндірістік тәжірибеден өту үшін мекемені базамен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешті. Бүгінде «Базис-А» корпорациясы құрылыстың қыр-сырын меңгерген 52 маманды жұмысқа қабылдап, автокөтергiш мамандығы бойынша оқитын 24 тәлiмгерге тапсырыс берiптi. Сонымен бірге келесі жылы 100 маман даярлауды көздейтiн келiсiмнiң жобасы жасалуда.
Министр арнайы ат басын бұрған лицейдің жетістігі мұнымен шектелмейді. Лицей басшылығы Қытай мемлекетінің өкілі, «ДО КНИСГ» ЖШС директоры Костя Лу Дон Хуэймен арада кәсіптік білімді жетілдіру және мамандарды қайта даярлықтан өткізу саласындағы серіктестік туралы екі жақты меморандумға қол қойған. Бұл меморандум Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының білімді жетілдірудің 2011-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын тарату негізінде жасалған. Бүгінгі таңда дәнекерлеу ісі бойынша 25 оқушыны теориялық дайындау толығымен аяқталды және олар «ДО КНИСГ» ЖШС құрылыс нысандарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Кәсіптік лицейде тәлім алған шәкірттер өңірімізде жүргізіліп жатқан, ғасыр жобасы атанған «Көксарай» су қоймасы мен халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жол құрлысының сапалы салынуына өзіндік үлестерін қосуда.
Білікті басшының бастамасымен 2010 жылы лицей сапа менеджменті жүйесін енгізген және халықаралық ИСО 9000 «Сапа менеджменті жүйесі» сәйкестік сертификатын алған. Бүгінде білім ұясында оқытуды басқарудың өзіндік жүйесі енгізіліп, ақпараттық – сараптамалық орталық құрылған. 2012 жылы барлық мамандықтар бойынша жұмысшы кадрлардың құзыреттілігіне негізделген модульдік оқытудың бағдарламасын ендіруді жоспарлап отыр.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде мамандарды дайындауға 2011-2012 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджет есебінен дәнекерлеу ісі, жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану, автокөлік жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету мамандықтары бойынша 100 адам және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру тапсырысы бойынша тағы осынша адам білім алуда.
Облыс әкiмi А.Мырзахметов министрге соңғы кезде кәсiптiк лицейлерде аудан әкiмдерiнiң тапсырысы бойынша кадрлар даярлау iсi қолға алына бастағанын жеткiздi. Мамандардың жұмыспен қамтылуына сұраныс бiлдiрушiлер тiкелей жауапты болып саналады. Осы талапқа сәйкес даярланған мамандар жұмыспен қамтамасыз етiлмеген жағдайда оған аудан әкiмдiктерi жауапты болады.
Жуырда ғана Үкіметтің арнайы қаулысымен араға он сегіз жыл салып қайтадан өз алдына отау тіккен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы министрді қуанышпен қарсы алды. Оңалбай Аяшев басқаратын институт қайта ашылғанына көп уақыт болмаса да бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізіп үлгеріпті. Оңтүстіктегі жоғары оқу орындарының қарашаңырағына айналған институтта бүгінде 14 кафедрада 245 оқытушы қызмет етсе, соның 18-i ғылым докторы, 129-ы ғылым кандидаты және 17-сi магистр-оқытушылар. Ал студенттер саны 3 мыңнан асады.
– Өзім келіп, мұндағы жағдаймен танысқан соң, бұл жоғары оқу орнының ашылуы өте орынды екенін түсініп отырмын. Бүгінгі таңда мұғалім мамандығының ролін көтеруіміз қажет. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары бұл мамандықты ҰБТ-да ең төмен ұпай жинаған оқушылар таңдайтын болды. Оңтүстік өлкесі халықтың ең тығыз шоғырланған мекені. Сол себепті де тың тәжірибені, жаңа бастаманы Оңтүстіктен бастаған жөн. Қайта құрылған педагогикалық институттың алдында ұшан теңіз жұмыстар тұр. Осы орайда сіздерге жұмысқа білек сыбана кіріскен жөн болады. Мен сіздерге өз жағымнан қолдан келетін көмекті аямаймын. Бұл институт қабырғасынан саналы да, білімді да білікті болашақ ұстаздар тәрбиеленіп шығуы керек. Себебі қазіргі оқушының ойы озық, ол жан –жақты дамыған. Сондықтан оны оқытатын ұстаз да баланың деңгейінен анағұрлым ілгері тұруы қажет, –деді Бақытжан Жұмағұлов. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов те өз сөзінде бұрынғы педагогикалық институт қайта жаңғырғанын құптай келе өңірімізде оқушылар саны ұдайы өсумен келе жатқанын, сондықтан бұл салаға жоғары білімді педагог — мамандар өте қажет екенін айтты.
Б.Жұмағұлов мұнан кейiн жаңа жеңiл атлетика спорт кешенiнде журналистерге арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, Оңтүстiкте бiлiм саласы бойынша атқарылып жатқан iстерге оң баға беретiндiгiн мәлiмдедi. Осы ғимаратта өткiзiлген «Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi» атты республикалық жастар марафон-эстафетасының жабылу рәсiмiне қатысты. Сол күнi аталған iс-шараға елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 2 мыңнан астам белсендi қатысушысы жиналды. Олардың арасында «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерi де бар. Марафон-эстафетада алдымен арнайы дайындалған бейне роликтер көрсетiлдi.
Министр Б.Жұмағұлов жиналғандарды ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығымен құттықтай келе: – Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi» республикалық жастар марафон-эстафетасының Шымкентте өтуiнiң өзiндiк себебi бар. Науқан кезiнде Оңтүстiк өлкенiң еңбек жасақтары жақсы көрсеткiштерге жеттi. Қай-қайсысымыз да ауылдан шықтық емес пе. Сондықтан, туған жерiмiздiң гүлденуiне атсалысу мiндетiмiз. Осындай шаралардан ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы тойына жастардың мол үлес қосқаны аңғарылады. Мемлекет бәйтерек десек, ауыл оның тамыры. Мемлекетiмiздi көркейту үшiн алдымен ауылды көркейтуiмiз керек. Осы мақсатта алға қойылған мiндеттер патриот жастардың бiлiмi мен күш-жiгерiнiң арқасында жүзеге асатыны сөзсiз», – дедi. Сондай-ақ, Бiлiм және ғылым министрi жастардың еңбек жасақтары мен студенттiк құрылыс отрядтарына үлкен көмек көрсетiп, аталған марафон акциясына белсене қатысқаны үшiн облыс басшысы А.Мырзахметовтi «Үздiк әкiм» номинациясы бойынша марапаттады.
Өзіне берілген марапатқа ризашылығын білдірген Асқар Исабекұлы:
– Елбасымыз тәуелсiздiк алған алғашқы күннен бастап ауылға ерекше көңiл бөлiп келедi. Өйткенi әрбiр қазақ үшiн туған жердiң орны бөлек. «Ауылым – алтын бесiгiм» деген сөздiң астарында да үлкен мәннiң жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Егемендiк алған 20 жылдың iшiнде ауылға бөлiнген қаржы мен көмек қыруар. Соның нәтижесiнде, бүгiнде аймақтардағы күрделi мәселелер шешiмiн тауып отыр, – дедi.Iс-шарада эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, жиналғандардың ризашылығына бөлендi.