ТҮБІ БІР ТҮРКІ
ТҮБІ БІР ТҮРКІ
Түркi әлемi бiрiгуге мүдделi. Өкiнiшке қарай, кедергi көп. Жер шалғайлығы, түрлi саяси, әлеуметтiк, қаржылық кедергiлер, кейде бюрократияның шекпенiн шешкiсi келмейтiн керiтартпалардың да кесiрi тиiп жатады. Бiрақ түркi баласы қол қусырып қарап отырмаса керек. Мұндайда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Әлемдiк саясатқа үстемдiк құруға тырысатындар ғаламдық ақпараттық кеңiстiк арқылы ықпал етуге ұмтылады. Бакудегi II Медиа форумда түбi бiр түркi ортақ тарих, мәдениет, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, тiл мен дiн, дiлдi насихаттай отырып, ынтымақтастықты нығайтуды көздейдi.
Қазір ақпарат таратуда заманауи техника мен технология – таптырмас құрал. Әсіресе бүкіл әлемді алақанына сыйдырған ғаламтор әп-сәтте ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Мұндайда бұқаралық ақпарат құралдарында тер төгіп жүрген әріптестердің еңбегі зор екені даусыз. Өткен аптада Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен түркітілдес халықтардың ІІ Медиа форумына Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Солтүстік Кипр, Тува, Саха (Якутия), Хакасия, Балқар, Қарашай-Черкес республикалары, Татарстан, РФ Башқұртстан, Украинаның Қырым автономиялы облысы, Молдованың Гагауыз автономды территориясы, еуропалық елдердегі, Ирак, Болгария, Греция, Македония және Косоводағы түркі халықтары шоғырланған аумақтарда тұратын түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аталған шара шеңберінде ұйымдастырылған отырыстар мен пікірталас, талқылауларда форумға қатысушылар өз елдеріндегі БАҚ ахуалынан мағлұматтар берсе, «Түркітілдес елдердегі БАҚ және ғаламдық ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастық пен ықпалдастық», «Түркітілдес ұлттар тұратын аймақтағы БАҚ-тың әлеуметтік жағдайы» тақырыбындағы пікірталастарда түркі әлеміне қатысты қордаланып қалған мәселелер тізбектеліп, бірқатар ұсыныстар айтылды. Мысалы отырыстардың бірінде түркі халықтарына ортақ телеарна құру және ақпарат агенттігін ашу туралы ой айтылды. Негізі бұл бұрыннан айтылып келе жатқан ұсыныстардың бірі. Бірақ қазір жүзеге асырылуы қиынға соғып отыр.
Бакулік Медиа-форумның соңғы отырысында алға қойылған міндеттер мен мақсаттар айқындалып, келешектегі әлемдік ақпараттық кеңістікке бірігудегі өзара ынтымақтастық пен серіктестікті нығайтатын шаралар бекітілді. Ал қорытынды құжат саналатын Декларацияда түркіге ортақ портал ашуға шешім қабылданды. Бұл түркі журналистерінің еңбектері жарияланып, жас мамандарды кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибелік шаралар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар ортақ тарихи, ұлттық, діни, тіл, мәдени құндылықтарды насихаттай отырып, байланысты күшейтуге ден қойылмақ. Алдағы уақытта баспасөзге қатысты ортақ семинарлар, конференциялар т.б. жүйелі түрде өткізіліп тұру көзделуде.
«Әзірбайжанның мемлекеттік саясаты мен баспасөз: түркітілдес елдермен және қауымдастықтармен ынтымақтастықтағы басты қағидалар» тақырыбына баяндама жасаған Әзірбайжан президентінің қоғамдық-саяси мәселелер бөлімінің меңгерушісі Әли Гасанов түркі елдері түрлі салада тығыз қатынас жасағанымен, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы байланыс кенжелеп қалғанын қадап айтты. Оның айтуынша, кеңестік империя күйрегенде егемендік алған жас мемлекеттер әлемдік деңгейде ақпарат тарата алмауы себепті кейде арандатушылық әрекеттердің құрбанына айналған: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Әзірбайжан жерін күшпен басып алу фактілері кездесті, ал біз оны халықаралық деңгейде көтеруге қауқарсыздық таныттық. «Геноцид» проблемасын ойдан шығарған армяндар Түркияның әлемдік сахнадағы беделіне нұқсан келтіруге тырысып жүр».
Форумның ашылу салтанатында «Нұр-Медиа» медиахолдингінің бас директоры Қайсар Жанаханов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта түркі мәдениеті, салт-дәстүрі мен тілін сақтауда БАҚ өкілдері қомақты үлес қосатынына тоқталған Елбасының: «Сондай-ақ олар түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығында да маңызды рөл атқаруы тиіс. Түркітектес мемлекеттердің І саммитінде қабылданған қағида қарым-қатынастарымызды дамытуға ықпал еткені анық» деген сенімін жеткізді. Ал Әзірбайжан Баспасөз одағының төрағасы Афлатун Амашев 200-ге жуық қатысушы атсалысқан Медиа форумда қол жеткізген жетістiктердің ең бастысы – түркі тектес халықтар өкілдерінің бір-бірімен танысып-білісуі, етене жақын араласуы екендігін айтты. Шараның қорытындысында Түркітілдес елдердің Медиа-платформасы құрылып, оған Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Түркіменстанмен бірге Жер шарының түкпір-түкпіріндегі түркі ұлттары шоғырланған аумақтардың медиа-құрылымдары, журналистік ұйымдар, телеарна, радиоарна, газет-журналдардың өкілдері мүшелікке өтті. Бас хатшылығы Анкарада орналасатын Платформа медиа-форумды қай мемлекетте өткізу керектігін қамтамасыз етіп отыруы тиіс. Оның Үйлестіру кеңесіне төраға, бас хатшы, түрлі елдердегі комитеттердің төрағалары кіреді. Кеңес басшысы мүшелердің арасынан жыл сайын сайланып отырса, форумда талқыланатын мәселелерді де Кеңес мүшелері дауысқа салу арқылы бекітеді. Сонымен қатар жақын күндері Медиа-платформаның веб-сайты құрылмақшы. Шара соңында қабылданған Деклорацияға сәйкес, журналистика саласына қатысты семинарлар, конференциялар, түрлі пікірталастар жиі ұйымдастырылып тұрады, ал келесі форум Қырғызстан астанасы Бішкекте өткізілмек.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ