«ТӘУЕЛСIЗДIК ТАҒЫЛЫМЫ» ТЫҢ КӨЗҚАРАС
«ТӘУЕЛСIЗДIК ТАҒЫЛЫМЫ» ТЫҢ КӨЗҚАРАС
Кеше Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттiк өнер мұражайында Қазақстан республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесiне арналған «Тәуелсiздiк тағылымы» атты фотокөрмесiнiң тұсауы кесiлдi. Алматы және Астана қалалары әкiмдiгiнiң қолдауымен және «Bank «RBK» АҚ-ның бас демеушiлiгiмен ашылған көрменi фототiлшiлердiң «Фотоөнер» қоғамдық бiрлестiгi ұйымдастырды.
Бұл еліміздің фотожурналистика саласындағы фототілшілердің жиырма жыл ішіндегі ерен еңбегінің жемісі. Фотокөрменің басты құндылығы – қазақ елінің Тәуелсіздік алған уақыттан бергі саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік ахуалының көрініс табуында жатыр. Фотокөрмеге жиырма жыл ішінде фототілшілердің объективіне ілінген 200-ге жуық сурет қойылған. Олардың авторлары еліміздің ақпарат құралдарында, Үкіметте, министрліктерде еңбек етіп жүрген фототілшілер. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл фотокөрмеге 28 фототілшінің үздік туындылары қойылған.
Фотокөрменің бас демеушісі «Bank «RBK» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Жәнібеков осындай әсерлі де әдемі көрменің жүзеге асуына қолдау көрсеткендігін үлкен мәртебе санайды. «Мемлекетіміз тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлайын деп жатқанда, біз де өз үлесімізді қосқымыз келді. Біз, ең бастысы, тарихтан тыс өмір сүре алмаймыз. Мына ілінген фотоның қай-қайсысына қарасаңыз да еліміздің әр жылдардағы жеткен жетістіктері сипатталады. Еліміз 20 жылда қалай өсті, қалай дамыды, бәрі осы көрмеде айқын көрініп тұр. Біз бұдан былай да фото өнеріндегі таланттарды қолдауға дайынбыз», – деді «Bank «RBK» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары. Фотокөрменің тұсаукесерінде сөз алған Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев: «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында фототілшілердің басы қосылып отырғанына қуанып тұрмын. Жалпы, өзім фототілшіні фотограф деуге үнемі қарсы боп келдім. Олар да өз ісінің кәсіби маманы. Бүгін елімізде нағыз қырағы фототілшілердің бар екеніне куә болдық. Келешекте де мұндай көрмені жиі өткізіп тұру керек. Өйткені отандық журналистиканың дамуына фототілшілер де өз үлесін қосып келеді», – деп көрменің негізгі кейіпкерлерінің көңілін бір көтеріп тастады. Ал фотокөрмені өз батасымен ашқан Сәбит Оразбаев: «Ғажайып көрме – жақсылықтың нышаны. Себебі бізде фототілшілердің бір-бірімен дидарласып, бір-бірінің өнеріне баға беріп жататындығы өте сирек жағдай. Әрқайсысы жеке тұлға. Бұл мамандық иелерінің еңбегі бұған дейін бағаланбай келді. Енді бұдан былай бұл мамандыққа қызығатын жастар көбейеді деп сенемін» деген ағалық лебізін білдірді.
Айталық, фотокөрмеге белгілі фототілші, ҚР Премьер-министрінің жеке фотографы Шүкір Шахайдың 64-тен аса фотосы ілінген. Бәрі де еліміздің тарихи парақтарынан сыр шертеді. «Менің суреттерім негізінен Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы құнды дүниелер. Мәселен, Туымыздың, Елтаңбаның ресми түрде қабылдануы кезінде тарихи фотолар бар. Әсіресе, ғарышта болған Құран Кәрімнің суретінің өзі не тұрады? Меніңше, осындай көрмелердің болғаны жақсы. Келешек ұрпақ үшін, өткен тарих үшін ауадай қажет», – дейді белгілі фототілші.
Ал фотожурналистика саласының қыры мен сырына қанық Асылхан Әбдірайымның қорында 30 мыңға жуық сурет бар екен. Ол осы дүниелерімнің ішінде ең құндысы Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың жеңіске жеткендегі қуанышты сәті екендігін айта келе, ашылғанына бір жыл болған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі жайында бірер сөзін жеткізді. «Тәуелсіздік тағылымы» фотокөрмесі республикалық деңгейдегі алғашқы жұмысымыз. Көрмедегі 200-ге жуық фотоның бәрі де еліміздің 20 жыл ішіндегі саяси, мәдени, тарихи жетістіктері. Тәуелсіздік – бәрімізге ортақ. Біз бұл айтулы мерекеге өз үлесімізді фотокөрме ұйымдастыру арқылы, болашақта фотоальбом шығару арқылы қоссақ дейміз», – дейді. Ардагер фототілшінің айтуынша, қазір бұл салаға деген қызығушылық көп. «Кез келген мамандықтың іргетасы болуы керек. Ол үшін білім қажет. Ал оған оқулықтар тапшы. Біздің осы саланы дамытсақ деген жоспарымыз бар».
Қазіргі жас буын фототілшілердің қатарында жүрген «Алаш айнасы» газетінің фототілшісі Нұрғиса Елеубеков те «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің құрылғаны фототілшілердің кәсіби беделін көтеретіндігін айтады. Себебі, Тәуелсіздік алған жылдардан бергі тарихи сәттердің бәрі көз алдымызда өтуде. Бұл – қазақ елінің шежіресі. Кез келген адам осы фотоларды бірнеше жылдан кейін көрсе, тарихты көз алдарына әкелгендей болады. Былайғы жұрт біздің де еңбегімізді білсін, көрсін», – деген пікірін білдірді.
Көрме екі кезеңнен тұрады. Көрме қарашаның 2-сі мен 7-сі аралығында Алматы қаласында, ал 16 қарашада Астана қаласында жалғасады. Шара барысында Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасы фототілшілерді арнайы дипломмен марапаттады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ