АЛМАТЫ ҒЫЛЫМ, БIЛIМ ОРТАЛЫҒЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДI

АЛМАТЫ ҒЫЛЫМ, БIЛIМ ОРТАЛЫҒЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДI

АЛМАТЫ ҒЫЛЫМ, БIЛIМ ОРТАЛЫҒЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДI
ашық дереккөзі
361

Газетiмiздiң алдыңғы санында «Бала мен пара. Бiлiм саласындағы былықтар неге азаймай тұр?» («Түркiстан», №41, 31 қазан) деген тақырыппен жарияланған мақалада елiмiздегi қазiргi бiлiм саласындағы қордаланған түйткiлдер мен күрделi мәселелер туралы айтылған едi. Бұл салаға қатысты айтылар сөз аз емес. Сондықтан да аталмыш мақала оқырмандарымыздың арасында кең қоғамдық пiкiр туғызды. Осыған орай Алматы қалалық Бiлiм басқармасының бастығы Рахат Шимашева ханым да журналистерiмiздiң бiрқатар сұрақтарына iлтипатпен жауап берген едi.

– Рахат Сейдахметқызы, біз газетімізде жарық көрген мақалада жемқорлық мәселесі төңірегінде әңгіме қозғап едік. Бүгінгі сұхбатымызды да осыдан бастасақ. Сіздіңше, дәл қазір Алматы мектептерінде жемқорлық мүлдем тыйылды деп айта аласыз ба? – Сыбайлас жемқорлыққа байланыс­ты құқық бұзушылықтың алдын алу, анық­тау, олардың жолын кесу және ашу мәселесі білім басқармасы тарапынан қатаң бақылауға алынған. Осы мәселе бой­ын­­­ша қаланың білім беру ұйымдарының фой­есінде қызметтік тұлғалардың заңсыз іс­теріне қатысты азаматтардың арыздары мен өтініштеріне арналған жәшіктер ор­на­тыл­ған және Білім басқармасының сенім те­лефондарының нөмірлері көрсетіліп ілін­ген. Барлық сұрақтар бойынша түскен өті­ніш­тер дер кезінде тексеріліп, тиісті шаралар қолданылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мә­селесі ағымдағы жылдың 16-шы қара­ша­сын­да Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің алқа отырысын­да қаралады. – Негізі мұндай фактілер бар ма? Алматы қаласында қыркүйек айының бі­ріне дейін жемқорлыққа қатысты бір де бір факті тіркелген жоқ. Прокуратура, Қар­жы полициясы қаншама рет тексерді. Мем­ле­кеттің қаржысын заңсыз жұмсап, басқа мақ­саттарға пайдаланған бір де бір факті тір­кел­ген жоқ! Ал жемқорлықпен күрес – біздің күн­делікті мәселеміз. Біз бұл мәселемен үне­мі күресіп келеміз. – Алатау аудандық прокуратурасы жыл басынан бері жалпы білім бе­ретін мекемелердің 13 қызметкері жем­қор­лықпен күрес туралы заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылғандығын мә­лімдепті… – Бұл айтылған фактімен келісе ал­май­­мын. Себебі биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылған мекеме қызметкерлері болған жоқ. 2010 жылы қалалық прокуратура тарапынан жазғы демалыс мәселесі бойынша тексеру жүргізілген болатын. Ол былай болған. Жазғы демалыс кезінде балаларға мемлекеттен қаржы бөлініп, демалысқа жіберіледі. Оған ең алдымен мектептің оқу озаттары, көпбалалы отбасы балалары, әлеуметтік жағдайы төмен балалар жіберіледі. Бұл тізім алдын-ала жасалады. Мысалы сол тізімдегі бір бала жаз кезінде аяқ астынан ауырып немесе ата-анасы ауылға кетіп қалғанда оның орнына мектептің директорлары басқа балаларды жіберген. Ол бала үздік оқушы екен. Прокуратураның уәжі солай болды. Біз лагерьлерге отбасы жағдайы төмен балалармен қатар әкімнің шешімімен үздік оқитын балаларды да жібере аламыз дедік. Бұл жерде заң бұзылмаған. Міндетті түрде категорияға ілінген балалар барады. Жетісу ауданында да осындай жағдай болды. Бірақ сол кезде мектеп директорларына: «Мұны сіздер дәлелдеңіздер», – дедім. Мәселен осы ауданның 1-2 мектебінде көпбалалы отбасы баласының орнына бір үздік оқушы кеткен. Не болмаса, бір мұғалімнің баласы барған. Ол мұғалім де екі-үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Сондықтан да мұның бәрін мектеп директорларының өздері дәлелдеп, шешті. Ал бізде негізінен жемқорлыққа байланысты қаржы полициясы мен прокуратура 2 жылда бір рет тексеру жүргізеді. Олардың тарапынан нақты қаржылық мәселелерін бұзған, жемқорлыққа қатысты істер тіркелген жоқ. Көп жағдайда мектеп директорларының жағдайын түсіну керек. Олардың көбі тікелей оқу-тәрбие процестерін басқаратын болғандықтан да, әрине қаржы мәселесін басқару оларға көптеген қиындық тудырады. Мемлекеттік сатып алуға байланысты кейбір директорлар тарапынан қателіктер кетіп жатады. Оның бәрі көбінесе білместіктен туады. Іс-құжаттарды жүргізуде кететін қателіктер. Әйтпесе тікелей қаржы мәселесіне байланысты жымқыру, я болмаса Үкіметтің қаржысын талан-таражға салу деген мәселе орын алған жоқ. – Алматы қаласы әкімінің сайтын қарасақ, ата-аналар көбінесе мектептерде ақша жинауға байланысты арыз-шағымдарын жазыпты. Одан бөлек мұғалімдер де комиссия кезінде 11-12 мыңнан ақша жинайтындығы туралы айтқан. Осы жөнінде не айтасыз? – Ақша жинау – айқай туғызатын мәселе. Бүгінде даудың басы ақша жинаудан басталады. Осы қазан айының басында Алматы қаласында Ресурстық орталық ашылды. Осы орталықта ағымдағы жылдың 14-ші қазанында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың қатысуымен онлайн режимінде ана-аналар жиналысы өткізілді. Оған ата-аналар комитеттерінің төрағалары (төрайымдары) қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерін де шақырдық. Себебі олардың да ақша жинауға байланысты біраз сауалдары бар болатын. Бұл жиналыста баяндама жасап, биыл Білім басқармасына 37 млрд. 800 мың теңге бөлінгенін айттым. Сол кезде тікелей қаржы, жалақыдан бастап әр спецификаға, оның ішінде 139-шы спецификаға тоқталдым. Әр мектеп бала санына қарай еден жуатын, қол жуғыш шүберекке, сабын, ұнтаққа, еденді жуатын затқа дейін, тіпті сенбілікте қолданылатын қолғаптарға дейін осы ақшадан алады. Жылына қанша сенбілік өтеді, оған қанша бала шығады деген сияқты ұсақ-түйек нәрселерге дейін мектептің бюджетіне кіреді. Міне, қараша айының соңынан бастап әр мектеп менің алдымда өзінің бюджетін қорғайды. Қорғау үшін олар өздерінің талаптарын ескереді. Мәселен мектепте мұншама бала бар, оның мұншасы сенбілікке шығады, оған соншалық қолғап, сабын керектігін айтады. Яғни біз мектеп директорларының бәріне өз қажеттіліктерін қанағаттандыратындай мүмкіндік береміз. Ішетін таза табиғи судан бастап, әр баланың бір реттік қолданылатын стақанына дейін қаражаттың бәрі 139-шы спецификада көрсетіледі. – Ал дәл осындай ақпарат бұған дейін неге ашық айтылмады? Ата-аналардың көбі мектепке мұндай қаражаттың бөлінетіндігінен мүлдем бейхабар ғой. – Ақпаратты бердім. Ата-ананың бәрі үнемі жиналысқа келе бермейді ғой. Жаңағы айтқан Ресурстық орталықты да биыл ғана аштық. Ата-ананың тікелей менің аузымнан еститін мүмкіндігі биыл ғана туып отыр. Ал бұған дейін біз аудандық оқу бөлімдері арқылы шықтық. Қала бойынша бір күнге ата-аналар жиналысын белгілеп, ұйымдастырып отырдық. Бірақ онда менің тікелей ата-анамен байланысқа шығатын мүмкіндігім болған жоқ. Біз қазір сондай орталықты қажет деп тауып, аштық. – Айтыңызшы, орташа есеппен бір мектепке жылына қанша ақша бөлінеді? – Ол енді мұғалімнің санына, оқушының санына байланысты. Мысалы 2000-ға жуық бала саны бар мектептің бір жылдық бюджеті 260 млн. теңгені құрайды. – Жаңадан ашылған орталыққа ата-аналар комитетінің басшылары ке­ле­ді делік. Ал оларға бүкіл ата-анаға ақ­па­ратты жасырмай жеткізіп тұру ісі мін­дет­теле ме? – Міндетті түрде. Кез-келген аудандық оқу бөлімінен де сұрасаңыздар болады, сол күнгі жиналыста бүкіл ата-аналарға көрсетілген слайдтың бәрін аудандық оқу бөлімдеріне тараттық. Сосын ата-аналар комитетіне хабарлама түрінде айттық. Енді ата-аналар комитеті өз сыныптарында жиналыс өткізіп, қалған ата-анаға мәлімет беруі керек. Осы жиналыстан кейін менің қабылдауыма бір-екі мектептің ата-анасы келді. Мәселен №111 мектептің ата-анасы: «Сіздің жиналыста айтқан мәселеңіздің бәрі дұрыс. Бірақ сізге айтатын уәжіміз бар. Біз, ата-аналар комитеті өзіміз қосымша ақша жинап отырмыз. Ол біздің өз ақшамыз. «Білім туралы» заңында, Конституцияда ата-аналар комитетін ұйымдастыру деген бар» дейді. Демек осындай өз еркімен мектепке көмектескісі келетін ата-аналар көп. – Бірақ олар жанындағы басқа да әлеуметтік жағдайы төмен ата-аналарды да мәжбүрлейді ғой… – Ата-аналар жиналысында: «Бюджеттің бәрін көріп отырсыздар. Ата-аналарға мектептің қажеттілігін қанағаттандыратындай қосымша ақша жинаудың ешқандай реті жоқ», – деп қадап айттым. Егер де осыған байланысты шағымдарыңыз болатын болса, бізге хабарласыңыздар деп Білім басқармасы сайтының электрондық атауын бердік. Қазір сайтқа күніне пәленбай сұрақ түседі. Осы сұраққа қатысты барлық мәселе міндетті түрде қаралады, анықталады. Біз ешбір арызды жауапсыз қалдырмаймыз. Ата-аналардың бір жаман жері бар. Бір сыныпта 25 ата-ана болса, көбі «иә» дейді де, ішіндегі біреуі «Ой, менің мүмкіншілігім жоқ, бере алмаймын» деп, ертесіне сайтқа жазуы мүмкін. Ал ертесіне тексеруге барған кезде ата-аналар: «Бізге директор, сынып жетекшісі айтқан жоқ. Біз өз еркімізбен балалардың туған күнін жасағымыз келді немесе театрға апарсақ дедік», – дейді. Айналып келгенде, біздің өзімізге кінә қояды. «Біз мектепке көмек бергіміз келеді. Өз еркіміз. Оған директордың қатысы жоқ», – деп шығады. Сондықтан да ақша жинау – ұшы-қиыры жоқ даулы мәселе. Ал мұнымен күрес үнемі жүргізіледі. – Дегенмен бұрынғы жылдарға қара­ған­да ақша жинау тыйылды дейсіз ғой… – Ақша жинау мәселесі күнделікті бақылауға алынған. Мәселен әр аудан бойынша ай сайын статистика жасап отырамын. Қорытынды жасаймын да, түскен арыз-шағымдардың қайсысы анықталды деген мәселені қараймын. Жалпы екі айда біздің сайтқа, жазбаша түрде, сенім телефонына 70 өтініш түсті. Оның ішінде оқулық, ақша жинау, т.б. жөнінде сұрақтар бар. Осы бойынша мектептерге рейтинг жасап, аудандық оқу бөлімдеріне беремін. Мектеп директорлары да өз мектептерінің деңгейі не үшін түсіп жатқанын білсін. Неге ата-анадан арыз түседі? Мектепті басқаруда директор қай жағынан олқылық көрсетті? Ол болашақта не нәрсеге көңіл бөлуі керек? Мұның бәрі міндетті түрде талқыланады. Біз рейтингті ай сайын шығарамыз да, жылдың соңында қорытындысын білім басқармасының алқа отырысында толығымен талқылаймыз. – Қазір күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі – оқулық мәселесі. Бір мәліметте: «2011-2013 жылдары оқулыққа 999 млн. 616 мың теңге бө­лі­ніпті», – депсіз. Оқулық мәселесі де түпкілікті шешімін таппай отыр. Бұған қатысты ата-аналардың да арыз-шағымы көп. – 999 млн. теңге осы 2011 жылға жос­пар­ланды. 2011 жылға дейін біз алдымен көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы және жартылай жетім балаларын оқулықпен қамтамасыз етіп келдік. Биылғы жылдан бастап бүкіл аймақтарда оқушыларды тегін оқулықпен қамтамасыз ету қолға алынды. Биыл 4, 6, 11 сыныптардың оқушылары толығымен 100 пайыз қамтамасыз етілді, келесі оқу жылында 1, 7, 8 сынып оқушылары тегін оқулықпен қамтамасыз етіледі. 2015 жылы 1-11 сынып оқушыларын түгелдей тегін оқулықпен қамтамасыз ету жоспарланған. Демек бұл шараға бөлінетін ақша да жыл сайын артатын болады. Биыл 999 млн. теңге бөлінсе, келесі жылы 1 млрд. 300 мың теңге көзделуде. Ал бұл жерде бір-ақ мәселені айтуыма болады. Мысалы былтыр мектеп табалдырығын аттаған 1-сыныптардың саны 17 755 бала болған. Ал биылғы жылға біз 18 жарым мың бала келеді деп ойлаған едік. Бірақ та 19 мың 209 бала келді. Бала саны күрт өсіп отыр. Біз көбінесе статистикалық мәліметке жүгінеміз. Осыған қарап келесі жылға жос­парлаймыз. Бірақ халық Алматы қаласына лек-легімен көшіп келуде. Біз статистикадан артық ақша жорамалдай алмаймыз. Өйткені прокуратура мен қаржы полициясы тексеріп: «Статистикалық мәліметте бала саны 18 мың, ал сіз неге 19 мыңға жоспарлайсыз? Неге статистикадан ауытқисыз?», – дейді. Көрдіңіз бе? Бізге биыл 18 мың баланы оқулықпен қамтамасыз ету керек болатын, ал 19 мыңнан астам бала келіп қалды. Әрине, 1 мың 200 балаға оқулық жетпей қалады. Ата-аналар: «Неге басқалары тегін алды, неге бізге жетпей қалды?» – деп мәселе көтергенде бүкіл Алматының балалары шулағандай көрінеді. Ал шын мәнінде оқулық жетпей жатқан жоқ, оқулық жеткілікті. Үкімет жыл сайын қыруар ақша бөлуде. – Оқулық демекші, қазір бір мектепте бір пән өткізілсе, келесі мектепте ол пән жоқ. Бір мектеп «Алматыкітап», екіншісі «Атамұра» баспасының оқулығын пайдаланады. Бұл білім сапасының төмендеуіне әкелмей ме? – Жыл сайын жалпы мектепте оқытылатын оқулықтардың тізімі министрліктің бұйрығымен бекітіледі. Бұл жерде көбінесе демократия талаптарын ескеріп отырмыз. Балама түрде оқытылатын оқулықтар бар. Оларды да министрлік стандарт бойынша бекітеді. Мысалы кейбір материалдарды балама оқулықтан алуға мүмкіндік береді. Оның өзінде нақты бұйрықтан асып кете алмаймыз. Бәрі де стандартқа негізделеді. – Ал негізі қалаға тіркелмеген отбасы балаларын мектепке еш кедергісіз қабылдайсыздар ма? – Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына байланысты Қазақстанның азаматтары, мектеп жасындағы балалардың бәрі оқумен толық қамтамасыз етілуі керек. Бұл Алматы қаласының ең күрделі мәселесі. Осы күнге дейін тіркеуде жоқ, яғни құжаттары ереженің талаптарына сәйкес келмеген шетел азаматтарының балаларын қабылдауды тоқтатқан едік. Бірақ айқай-шу көбейіп, министрлік бізге арнайы хат жіберіп, мектепке қабылданды. – Қазақ балаларының 85 пайызы қазақ мектептерінде білім алады екен. Өкінішке қарай, дәл қазір қазақ мек­теп­тері жетіспейді. Осы тұрғыда қазақ мек­теп­терін көбейтуге не кедергі? – Біз ата-анадан түскен өтініш, талап-тілектерге қарай келесі жылғы бала санына байланысты қазақ мектебі қанша, орыс мектебі қанша болу керектігін қарастырамыз. 2010 жылы көп жұмыс жүргіздік. 2010 жылы қала бойынша 76 орыс мектебі болды. Ал қазақ мектептеріндегі бала саны күрт өсіп жатыр. Әсіресе, Әуезов пен Алатау ауданында бала саны өте көп. №176 мектептің өзі 1200 балаға арналса, қазір онда 1940 оқушы білім алуда. 640 орынға арналған №157 мектепте 1,5 мыңға жуық оқушы отыр. №123 мектеп 1200 орындыққа лайықталса, мұнда қазір 2 мыңнан аса бала бар. Басқа ауданның қазақ мектептерінде де бала саны өте көп. Осыған орай біртіндеп қазақ тілінде оқытатын мектептерде жетіспейтін оқушы орнын азайту мақсатында аудандық оқу бөлімдеріне тапсырма беріп, орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу, ал аралас мектепті таза қазақ тіліне көшіру мәселесі қойылды. Яғни биылғы оқу жылында 13 орыс мектебінде 1-ші қазақ сыныптарын аштық. Бүгінгі күнде 50 қазақ мектебі, 63 орыс мектебі бар. Соңғы бес жылға жасалған сараптамаға тоқталатын болсақ: қазақ тілінде оқитын оқушылар саны 9443-ке артқан; орыс тілінде оқитын оқу­шы­лар саны 13714-ке кеміген. Осыған орай орыс мектептерінде бала са­ны­ның азаюына байланысты қазақ сыныптарын көптеп ашудамыз. Ал аралас мектептерді бір тілге көшіру мәселесі де жақсы жолға қойылуда. Соңғы 2 жылдың ішінде ғана Медеу ауданындағы №53, №33 аралас мектепті және Бостандық ауданындағы №93, №92 аралас мектепті таза қазақ мектебіне көшірдік. Алмалы ауданындағы №39 таза орыс мектебін таза қазақ мектебі етіп аштық. Айқай-шу болды. Ата-аналар наразылық танытып, мұны ұлтаралық мәселеге дейін апарды. Ата-аналар аудандық, қалалық сотқа дейін шағым берді. Одан кейін Әуезов ауданындағы №119, №126, №72 аралас мектептерін таза қазақ тілінде білім беретін етіп жасадық. – Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов мырза онлайн режимінде берген сұхбатында аралас мектепті бөлу туралы ешқандай нұсқаудың жоқ екенін айтып: «Аралас мектеп бұрын қалай болды, солай қала береді», – депті. Бұған не дер едіңіз? – Саясат оңай нәрсе емес, ал біз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оны шулатпай-ақ жасап келеміз. 9 мектепті таза қазақ тілінде оқытатын мектепке ауыстыру деген үлкен жұмыс. Одан басқа жаңа 5 мектептің құрылыс жұмысын бастау жоспарланған, 2 мектеп салынып жатыр. Оның бесеуі Алатау ауданында, таза қазақ тіліндегі мектеп болады, алтыншысы Жетісу ауданындағы №109 орыс мектебінің ескі ғимараты бұзылып, оның орнына жаңа ғимарат салынады. Ол да қазақ мектебі болады. Болашақта біртіндеп кезең-кезеңімен қазақ мектептерінің санын арттыру жоспарланған. – Балабақшада да орын жетіспейтіндігі күн тәртібінен түспей келетін мәселе. Осы жағдай қашан бір жүйеге келеді? – 2012 жылдың қаңтарынан бастап балабақшалардың бөлімін кеңейтеміз. Оның мақсаты – ата-анадан түскен арыз-шағымдарды азайту. Әсіресе балабақшаға кезектің жылжуы үлкен дау-дамай туғызып отыр. Біз сынақ ретінде электронды түрде балаларды кезекке қоюды былтыр Жетісу ауданынан бастадық. Әр ата-ана өз баласының кезегінің қалай жылжып отырғанын компьютерден көріп, бақылайды. Бұл тамыр-таныспен балабақшаға орналастыру мәселесіне тосқауыл қояды. Мұнда парамен кірген бала да көрініп тұрады. Осы үрдісті кіргізуге қосымша 5 млн. теңге сұрадық. Қаңтардан бастап жеті ауданның бәрі де осы электронды жүйеге көшеді. Айта кету керек, балабақшаға кезексіз қабылданатын балалар бар. Тек әскери салада жұмыс істейтін отбасы, мүгедектердің балалары ғана қабылданады. Білім басқармасы балабақшаға кезексіз алынатын балаларды журнал бойынша қадағалап отырады. Өйткені балабақшадағы балалардың тізімі бар. Жолдамамен келді ме, басқа жолмен келді ме, айдан-анық көрінеді. – Парламент депутаттары балабақ­ша­ларды қазақ тіліне көшіру керектігін ай­тып жүр. Алматыда балабақшаларды қазақ тіліне көшіру мәселесі қалай ше­ші­луде? – Мұны бірауыздан қолдаймын. Бізде үш балалар үйі бар. Онда жетім балалар, ата-ана құқығынан айрылған отбасы балалары, т.б. бар. Біз солардың бәріне тікелей қазақ тілін енгізіп жатырмыз. Олардың 80-90 пайызы қазақ тілінде сайрап тұр. Жақында «Үміт» үйінде болдым. Мұнда ата-ана баласын туған күннен бастап жеті жасқа дейін өткізеді. Оларды да түгелдей қазақ тілінде оқытуға тапсырма берілді. Ал қаладағы 222 балабақшаның 146-сы – мемлекеттік, 76-сы – жекеменшік. 146 балабақшаның 56-сы – қазақ тілінде, 29-ы ғана – орыс тілінде. Ал араласы – 61. Жекеменшік балабақшаға көп әміріміз жүрмесе де, осы талапты қойып келеміз. Тіл мәселесі жақсы жолға қойылуда. Қазақ тіліндегі балабақша мен мектепке сұраныс көп. Соңғы ашылып жатқан мектеп пен балабақшаның бәрі – қазақ тілінде. «Көкжиек» ықшамауданында 1200 орындық жаңа мектеп пен 80 орындық балабақша салынып жатыр. Олар да қазақ тілінде болып ашылады. Сондай-ақ «Қалқаман» ықшамауданында қазан айында ашылған балабақша да да қазақ тілінде. – Өзге ұлт өкілдері балаларын қа­зақ тілінде тәрбиелеуге қаншалықты құл­шы­ныс білдіріп, белсенділік танытуда? – Құлшыныс жылдан-жылға өсуде. Жаңа айтып өткенімдей, орыс мектептеріндегі бала саны күрт азайып келеді. Мәселен былтырғы жылмен ғана салыстырғанда орыс тілінде оқитын бала саны 1 мыңға азайды. Керісінше қазақ мектебіндегі бала саны 2 мыңға көбейді. Қазақ тіліне деген сұраныстың артқанын аңғаруға болады. Ал қазір мектептерде 159 мың 311 оқушы болса, оның 70 мың 954-і ғана қазақ тілінде білім алады. Оның ішіндегі 1382 оқушы өзге ұлттың өкілдері. Тағы бір жайт, 159 мың 311 оқушының 96 мың 660-ы қазақ болса, оның 27 мың 231-і орыс мектебінде оқиды. Бұл жерде әр ата-ананың өз тіліне, еліне деген құрметінің қандайлық екенін аңғаруға болатын шығар. Дегенмен бұл көрсеткіш жылдан-жылға азайып отыр. Бүгінгі күні баласын қазақ балабақшасына беретін орыс ұлтының өкілдері көбеюде. Бетбұрыс жаман емес. Кеңестік дәуірден қазақ мектептерінде білім деңгейі төмен деген көзқарас қалыптасып қалған. Осы ой әлі күнге ата-ананың санасында. Керісінше республика бойынша Алматы қаласының командасы пәндік олимпиа­­дадан алты жыл қатарынан 1-орында. Ғылыми жобадан тоғыз жыл қатарынан 1-орында. Математикадан соңғы 15 жылда бір алтын медаль болмаған еді. Бұрын алтын медальді қытайлар опырып алса, қазір бұған біздің оқушылар қол жеткізуде. Яғни жетістік өте көп. – Ал ҰБТ жағынан ше? – Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша қазақ мектептерінің орташа баллы – 91,4 пайыз болса, орыс мектептерінікі – 88 пайыз болды. Егер былтыр «Алтын белгіге» 149 түлек ие болса, соның 95-сі, яғни 64 пайызы қазақ мектептерінің түлектері. Осыдан-ақ қазақ мектептерінің сапасын көруге болады. – Қазір кей мектептерде нашар оқитын 9-сынып оқушыларын мұғалімдері: «Сен ҰБТ тапсыра алмайсың. Босқа мектептің рейтингін түсіресің. Одан да колледжге бармайсың ба?», – деп мәжбүрлейді екен. – Оны жоққа шығара алмаймын. Бізде 9-сыныпты 16 мыңдай оқушы бітірсе, соның 40-45 пайызы кәсіптік лицей, колледждерге кетеді. Бұл жыл бойы қалыптасқан дәстүр. Себебі Елбасының тапсырмасы бойынша техникалық, кәсіптік мамандықтарға деген сұранысты қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылған. Қазақ балалары жоғары білім алып, университетке түсуі міндет емес. Одан да кәсіптік оқу орындарын бітіріп, қызметке орналасқаны тиімді ғой. Осыны біз ата-аналарға үнемі түсіндіреміз. Егер баланың 10-11 сыныпты алып кетуге ынтасы болмаса, оны кәсіптік білімге баулуымыз керек. Демек, мұны бітірген балалардың бәрі 100 пайыз жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жастардың көбі заң, экономика факультетін бітіріп жатыр. Көбі жұмыссыз. Қазір метро ашылып жатыр. Бізде бұған дейін метро саласына қажетті мамандар дайындалмаған еді. Сондай мамандарды арнайы дайындайтын Алатау ауданында 720 орынға арналған жаңа кәсіптік мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Мұнда жүргізушілер дайындалады. Өйткені қоғамдық көліктерді қарасаңыз, кәсіби жүргізушілер аз. Қаншама жол апаты орын алуда. Соған байланысты 9-шы, 11-ші сыныптардан кейін оқушыларды кәсіптік білімге баулып, оқытуды жоспарлап отырмыз. Осы кәсіптік оқу орындарына деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру керек. – Кейбір мектептің 11-сыныптары сабақтың орнына ҰБТ-ға дайындалатын көрінеді. Оның үстіне жиі-жиі тест алу шарасын өткізеді. Бұл оқушының психикасына әсер етпей ме? Бізде білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты бар. Осы білім стандартының орындалуы міндетті түрде қадағаланады. Білім басқармасы қазір орыс мектептеріндегі қазақ тілінің оқытылуын тексеріп жатырмыз. Орыс мектептерінде қазақ тілі қалай оқытылуда? Неліктен орыстың балалары 11 жыл қазақ тілін оқып жүріп, бірауыз қазақша білмейді? Соны біз қатаң бақылауға алып отырмыз. Республикада қазақ мектептерінде қазақ тілін екі топқа бөліп оқыту деген жоқ. Бұл тек Алматы қаласында ғана жүзеге асуда. Былтыр жергілікті бюджеттен бұған 157 млн. теңге бөлінсе, биыл 360 млн. теңге бөлінді. Неге десеңіз, әлі де ортаның, ата-аналарының орыс тілінде көбірек сөйлеуіне байланысты кейбір қазақ балаларының өзі қазақ тіліне шорқақ. Ал ҰБТ-ға дайындау үшін мектептерде қосымша оқытылатын гимназиялық, лицейлік компоненттер бар. Ал пәндерді оқыту стандарты оқу жылының соңына дейін, яғни 25 мамырға дейін міндетті түр­де орындалу керек. Алматы қаласының мектептерінен «Бізде сабақ өтпейді» деген шағым түскен жоқ. Мүмкін біз білмейтіндей жағдайлар болып жатпаса. Негізі сабақта кейбір сабақтарды пысықтап, жадында жаңғыртады. Бұның зияны жоқ, керісінше білім деңгейін арттыруға септігін тигізеді. – 12 жылдыққа көшуді де кейінге шегерумен келдік. Біз бұған дайынбыз ба? Ол үшін мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешіп алуымыз керек шығар… – Қазақстан Республикасының білім бе­руді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2015 жылы оқытудың 12 жылдық моделіне дәйекті көшу қарастырылған. Яғни 2015 жылы барлығы бірден көшіп кетпейді. Біртіндеп 2020 жылға дейін бұл жүйе жүзеге асады да, 12 жылдыққа көшуді аяқтаймыз. Ал Алматы қаласында 12 жылдыққа дайындық бірнеше жыл бұрын басталған. Себебі биыл 1-сыныпқа қабылданған 19 мың 209 баланың жартысынан көбі 6 жасар балалар. Бұл процесс 2-3 жыл қатарынан жалғасып келеді. 2015 жылы 12 жылдық білім беруге көшкенде бірден лап қоймасын дедік. Алматы қаласында мектеп жасындағы балаларға 11 мыңдай орын жетіспейді. Ол бала біліммен қамтылмай қалды деген сөз емес. Кей мектепте балалар саны көп болғанмен, бірақ үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Материалдық базаға келсек, республика бойынша бір компьютерге орташа есеппен 18 баладан келеді екен. Ал Алматыда бір компьютерге 11 баладан келіп тұр. Биыл 1 млрд. теңге қаржы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінді. Оның 140 миллионы кәсіптік мектептің, ал қалған 860 миллионы мектептердің материалдық базасына көзделді. Бұл химия, физика, лингофон кабинеттері, компьютер сыныптары жабдықталып, интерактивтік тақталар алынды. Одан басқа жылдың соңына дейін қосымша 19 компьютерлік сынып ашып, 70 ноутбук алынады. Сенсеңіз, біздің кейбір жаңадан ашылған мектептерде 43, 37 интерактивті тақта бар. Тіпті ең аз дегенде кейбір мектептің өзінде 5-7 интерактивті тақта бар. – Рахат Сейдахметқызы, әңгімеңізге рахмет!
10.11.2011
Сұхбаттасқандар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ, Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары