БӘРІ ДЕ ТІРІ АДАМ ҮШІН...
БӘРІ ДЕ ТІРІ АДАМ ҮШІН...
Елімізде трансплантация жасау ісінің қолға алынғанына 30 жылдан асты. Бұған дейін А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек ауруына шалдыққандардың ағзасы ауыстырылып келсе, бүгінгі таңда жүрек пен бауырды орналастыру операциясына тың дайындық жүргізілуде.
Себебі қазір шұғыл түрде1200 адамға бауыр, 1300 адамға – жүрек, ал 2000-ға жуық науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалу керек. Бұл жыл сайын 4 мың адамның өмiрiне қауіп төніп тұр деген сөз. Оларға жарқын өмір мен үкілі үміт сыйлаймыз десек, бұл істі тез арада қолға алу қажет. Ұлттық ғылыми орталықтың мамандары бұған сақадай-сай. Тіпті біздің мамандар осынау қиын да күрделі операцияны жасауды жетік меңгеру үшін шетелдің озық дамыған бірқатар елдерінде тәжірибесін шыңдап та келген. 50 шақты маман 50 адамға жүрек трансплантациясын жасаған Белоруссия еліне бекер барған жоқ. Неге десеңіз, бұл мемлекет жүрек трансплантациясын жасауда әлем бойынша алдыңғы орында екені белгілі.
Бүгiнгi таңда бүйректен бөлек, жүрек пен бауырды ауыстыру бойынша бастапқы ұйымдастыру шараларына кірісіп кеткен А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мүмкiншiлiгi жоғары, техникалық базасы дайын. Тіпті білегін сыбанып отырған білікті мамандар алдымыздағы желтоқсан айында елімізде тұңғыш рет жүрек пен бауырға трансплантация жасамақшы. Олар бұл тарихи жағдайды Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс жүзеге асырмақ ниетте. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Жеткерген Арзықұлов: «Осыдан екі жыл бұрын «Трансплантация» туралы Заң қабылданды. Бұл нормативтік-заңдық тұрғыдан мүше ауыстыруға кедергі жоқ деген сөз. Ал біз жүрек пен бауырға зәру науқастарға өмір сыйлау үшін бәріне дайынбыз. Ол үшін тек қоғамның қолдауы, дұрыс көзқарасы қажет», – дейді.
Бір өкініштісі, «жедел трансплантация жасату керек» деген күту қағазына тіркелгендердің көпшілігі жастар көрінеді. Олардың ішінде жасы 30-ға жетпеген өрімдей жастар да бар. Осы күту қағазына тіркелген науқастардың небәрі жарты жыл ғана өмір сүретіні кім-кімді де ойлантуы керек сияқты. Сондықтан болашағын тұманды еткен дерттен айығуды армандайтын науқастар елімізде жасалатын трансплантация операциясынан үлкен үміт күтуде. Ал ағза ауыстыру операциясын шетелде жасату үшін кемінде 250-300 мың еуро қажет.
Әрине, бауыр не жүрекке зәру адамға донор табу да оңай шаруа емес. Ол үшін қазір А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы №4, №7, №12 ауруханалармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мамандар ағза мүшесі белгілі бір жағдайда миы зақымдалып, істен шыққан, бірақ та басқа мүшелері сау адамдардан алынатындығын айтады. Онда да қайтыс болған адамның жүрегiн науқасқа 2-3 сағат iшiнде, ал бауырды әрi кетсе 6-8 сағатта өңдеуден өткiзiп, отырғызу керек екен. Бұл кез келген бақилық болған адамның ағза мүшелерi кәдеге жарай береді деген сөз емес. Анализдеріне талдау жасалып, жұқпалы аурулардан таза екендiгi тексерiледi. Ал жол апатына немесе оқыс жағдайға тап болып, миы істен шыққан адамның мүшесі ешбір рұқсатсыз алынуы мүмкін. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мүше трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Энвер Сұлтановтың айтуынша, донор ретінде қарастырылған адамның өлімін оннан астам дәрігер растауы керек әрі оның туған-туыстары донорлыққа келісім беруі тиіс. «Сондай-ақ, донордан мүшені алатын, оны басқа науқасқа салатын дәрігерлердің арасында байланыс болмайды. Трансплантациялық ота жасау тікелей мемлекеттің квотасы арқылы жасалады».
А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиология бөлімінің меңгерушісі Арыстан Сейдалин қоғамның трансплантацияға әлі күнге теріс қабақ танытып келетіндігін айтады. «Қарапайым халық «бұл мәселе маған қатысты емес» деген ой түйеді. Сондықтан да қоғам бұл жайтқа оң көзқараспен қараса екен», – дейді ол. Мамандар бұл мәселеге қоғамның бетін қарату үшін қолдан келгенін жасап жатса да, бұған бей-жай қарайтындар аз емес. Трансплантация жасаудың артында қаншама адамның өмірі, тағдыры жатқанын әсте ұмытпау керек. Әсіресе өмірдің қызығын сезіне қоймаған жастарға өмір сыйлау – адамзаттық борышымыз емес пе?! Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда бір-бірімізге қатыгездік танытпай, әрдайым мейірім шуағын төгіп жүргенге не жетсін…
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ