БЕС КЕЛІ КІТАП
БЕС КЕЛІ КІТАП
– Осы сен жазған-сызғандарыңды ана жерде, мына жерде жатқан қағаздарыңды жинап, неге кітап қылып шығармайсың? – деді бір күні құдай қосқан қосағым.– Оу, айналайын-ау, ол кітапты кім сатып алады?– О, Құдай, «кім сатып алады?» дейді ғой. Сол да сөз боп па? Алдымен қалыңдығы пышақтың қырындай болса да бір жинағыңды шығарып алшы. Сату жағын маған бер. Өзім-ақ қатырамын! Бес жүз мың теңгенің тонын киетін кезім бір келген шығар…Қамшыгүл ғана қиялдай біледі дейсіз бе?! Кенет менің де арқам қозып, кітаптан жиналатын көп ақшаға жапондардың қымбат автокөлігін мінгім келіп кеткені. Жиырма жылдан бері жазып жүрген әзіл, сықақ әңгімелерімді қолтығыма қыстырып, Қостанай қаласының қақ ортасындағы «Данышпан» баспасына келдім.
Баспаның директоры бетіме сүйсіне бір қарап:
– Тәк… Тәк… Тәк… Күлкібай Тауыпайтаров… Бір мың теңгеге бір кітабыңды ытқытып жібереміз. Жинағыңды он мың дана қылып шығарам десең де… жүз мың… дана қылып шығарам десең де өзің біл. Бізге ақшасын төлесең болды. Бір-екі айдың ішінде-ақ кітабыңды арқалатып жібереміз.
Айтпақшы, машинаңа тиеп береміз, – дей жөнелді.
Есептеп байқасам, менің елу жасқа жеткенше жинаған ақшам елу кітап қана шығаруға жетеді екен. Ең болмағанда бір мың дана кітабыңды шығаруға шамаң жетпесе, жер басып жүрудің керегі не? Бір миллион теңге болса ғой, шіркін… Ондай ақшаны қайдан табамын? Өзімнің ақылым жетпегесін, Қамшыгүлден ақыл сұрадым.
– Ақын, жырау, шайыр, жазушы, суретші, әртіс дегендерің жаны қысылған кезде демеушілердің көмегіне арқа сүйейді екен ғой, – деді біздің үйдегі данышпан. – Сен де бір қолдаушыларды іздеп тап. Солардың берген ақшасына жинағыңды шығартып ал да, түскен ақшаны қалтаңа бас. Ой, маған әкеп бер. Саған керекті өзім әкеп берем.
Ертеңгі күні мен Алматы шаһарындағы «Ішіп-жеу» комбинатының Қостанай қаласындағы «Жалап-жұқтау» бөлімшесіне келдім. Бұл бөлімшенің директоры Шоқыған Теріпжегеновпен жекеменшік бір моншаның ішінде терлеп отырып танысқанмын. Талай рет арқасын сыпыртқымен шықпыртып бергенім де бар. Сол еңбегімді ескеретін кезі бір келген шығар…
– Директордың алдында Алматыдан келген бір үл-к е е н… жазушы отыр, – деді қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз. – Сәл-пәл күте тұрыңыз.
Сүт пісірім күткеннен кейін директордың кабинетінен семіз портфель ұстаған біреу шығып келе жатты. Масқал жазушының мысы басты ма, хатшы қыз екеуміз жылан арбаған торғайдай бетіне бағжиып қарап отырмыз. Костюмінің жағасына бүгінгі жастар «бейджик» деп атайтын белгі тағып алыпты. Мен орнымнан тұрып, алыстан келген қонаққа сәлем бердім. Оның дорбадай ауызы сәлемімді алуға да жарамады. Көзіме бай-батшадай болып көрінген мырзаның аты-жөнін оқымақ ниетпен жүрек тұсындағы алақандай белгіге үңілдім. Тегін адам Алматыдан келе ме?! Бұл бейбақтың омырауына тағып жүргені – Альфред Нобельдің белден жоғары салынған суреті екен.Кәрі ағаштай қақиған әлгі мықты хатшы қыздың жанына барған кезде жас шыбықтай иіліп, былқ-сылқ етіп, буындары босап қоя берді. Қыздың кеудесіне қарай басын иіп, тұмсығын созып, иіскелеп, мұрнының шуылы естіліп, бір ғажап күйге енді.
Әлгі қаламгер маған қарап қатуланып, қызға қарап қылмаңдап, кетті-ау әйтеуір.– Мына кісі қызық адам екен – деді екі беті қып-қызыл болған бойжеткен қаламгер кеткен жаққа қарай басын бұрып. – Біз оны қонақ қой деп сыйлап, рестораннан тегін тамақтандырып, қонақүйге тегін жатқызып жүрсек… Ойы жа-ман… Кеше қонақүйде өзіме жабысып, әрең қашып құтылдым. Күзетші болмағанда, бітеді екенмін.
Өзінің бастан кешкен хикаясының шет жағын ғана айтқан қыз бастығына кіріп шықты да:– Кіріңіз, – деді есікке қарай қолын созып.
– Шоқыған Теріпжегенов мырзаның жүрегі нашар екенін ұмытпаңыз… Төбеден түскендей қылып, тосын сөз айтып қалмаңыз. Талмасы ұстап қап жүрмесін. Абай болыңыз!Шоқыған мырза онсыз да жүрегін оң қолымен басып, еңсесі езіліп отыр екен. «Отыр» дегендей ым қағуға әрең шамасы жетті.
– Иә… Бұрын мұнда келмеуші едің.
«Айран сұрай келіп, шелегімді жасырып қайтейін, бірден тіке тарттым:
– Көз майымды тауысып, талай жылдардан бері жазып жүрген әзіл, сықақ әңгімелерімді жинап, кітап қылып шығарайын деп едім. Бір мың данамен ғана. Соған бір миллион теңге керек боп тұрғаны. Менің қалтам тесік. Өзіңіздей жаны жомарт, қолы ашық, азаматтан бір көмек бола ма деп…– Жаңа ғана маған Желісбай Жортақбаев деген талантты, аса талантты, дарынды, аса дарынды… ақиық… көп сыйлықтың лауреаты атанған бір жазушы кіріп шықты, – деді ол шалқая түсіп. – Желекең жаңа кітабын шығару үшін ақша іздеп жүр екен. Өзі біздің Алматыдағы бастығымыз – Семірген Кеміргеновтiң жан досы болса керек. Екеуінің бірге түскен суретін де ала келіпті. Міне!Ол үстелінің үстінде жатқан бір суретті маған ұсынды. Суреттегі көп адамның шетінде Желісбай Жортақбаев ыржия күліп тұр екен.
– Міне! Мынау біздің бастығымыз – Семірген Кеміргенов, – деп ол маған суреттің ортасында тұрған жалпақ біреуді көрсетті.
Менің көзіме бұл сурет туған күн, мерейтой, мүшелтой деген көп тойлардың бірінде түскен сурет секілді болып көрінді.
– Біз алдымен Желісбайға көмек береміз. Желекең бүкіл елге белгілі адам екен. Ақша бермесек… Желекең менің тікелей бастығым Семірген Кеміргеновке барып шағым жасап жүрсе… сақалымды сыйламады деп… Алла сақтасын! Семекең бұрқан-тарқан боп ашуланса, мені құртып жібереді ғой. Битті сыққандай ғып… сыға салады…, – деп ол қалтасынан шемішкенің бір дәнін алып, үстелдің үстіне қойды да бармағымен бырт еткізді. Бұл – битті қалай сығатынын көрсеткендегі түрі ғой.Кенет Шоқыған ішкі төс қалтасынан көлемі қойын дәптердей жылтыр қағазды алды да, басынан жоғары көтеріп барып көз алдына әкелді.
– Қазір оқып берейін оның кім екенін! Тыңда!
Мен аузымды ашып, құлағымды тостым.
– Желісбай Жортақбаев! – деді ол салтанатты дауыспен. – Жазушы. Ресейдегі Водкин атындағы сыйлықтың лауреаты! Пивоваров атындағы сыйлықтың лауреаты! Самогонов атындағы сыйлықтың лауреаты!
Шоқыған Теріпжегенов бір адамның аты-жөнін айтады да, оған «атындағы сыйлықтың лауреаты» деген сөзді нығырлай кеп қосады. Волков атындағы… Зайцев… Петухов… Уткин… Хлебников… Кривой… Худоног… Бочкарев… Бездомников… Голоднов… Тюрьмин… Подвальный… Алибастров… Кастрюлин… Хренов… Дурново… Хитрово…
Бір сәт ол кеңірек тыныстап алды да, «Украинадағы Хрененко атындағы сыйлықтың лауреаты!» деп жалғастыра жөнелді. Одан әрі Говненко… Срака… деген қызық… адамның күлкісін келтіретін аттарды да ұялмай-қызармай оқып берді. Мен бұрын естімеген ұлттардың да бірнеше адамын атады. Сығанның да атын естідім.
Әлден уақытта оның аузы көпіріп, бақшаңдап, «ойбай» деуге ғана шамасы келді. Мен не істерімді білмей сасып, хатшы қызға қарай жүгірдім.
Епті бойжеткен Шоқығанның аузына түймедей дәріні салып, бір стақан су ішкізді. Кішкенеден кейін ол есін жинағандай болды да:
– Нобель! – деп қолындағы қағазды төбесіне көтерді.
Бұл сөзді естігенде мен не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Баяғыдан бері біздің Қазақстандағы жазушылардың арасынан ешкім Нобель сыйлығын алған жоқ еді. Мынанікі несі?Мен өз құлағыма өзім сенбей, Шоқығанның қолындағы қағазға кеп үңілдім. Міне, керемет! Шынында да «Нобель…» деген жазу тұр екен. Бірақ «Нобель» деген жазудан кейін көп нүкте қоя салыпты.
– Міне! Көр! Таныс! Біл! Желекең өзінің «Халқыма сый» деген кітабын бізге ала келіпті. Нобель сыйлығын алған! – деді Шоқыған үлкен шкафтың ішінен саман кірпіштей бір кітапты алып жатып. – Оқығың келсе, бере тұрайын, ала тұр, қайырып бересің ғой, бұл бізге қымбат дүние.Шоқыған маған бір тиын да көмек бере алмайтындығын кесіп айтты. Екі жүз адамнан тұратын ұжым мүшелері Желісбайдың жаңа кітабын шығару үшін өз араларында үндеу тастап, есік, қабырға біткенге ұран іліпті. «Қайырымдылық қорына» әр адам он мың теңгеден жинап жатса керек. «Біздің орташа айлық табысымыз елу мың теңге. Он мың теңге деген немене тәйірі…» депті Шоқығанның орынбасары болып жұмыс істейтін бір келіншек.
Мен «кірпіш кітапты» үйге әрең көтеріп келдім. Беліне байлаған кендір жіп автобустың ішінде екі рет үзіліп кетіп, әбден зықым шыққаны.
Енді мен бұл кітаптың мән-маңызын білмек болып, өзімше зерттеу жұмыстарын жүргізе бастадым. Мұқабасы құрыштай қатты жинақтың биіктігі екі қарыс екен (Бір қарыс – 17 сантиметр деп есептеңіз). Ені – бір жарым қарыс. Қалыңдығы – кере қарыс боп шықты. Ендігі кезекте мен «сере» шыққан жинақты біздің үйдегі көп кітаптың ішіндегі ең үлкендерімен салыстыра бастадым. Ең қалың деген «Шаңырақ» атты үй-тұрмыс энциклопедиясы «Халқыма сыйдан» үш есе жұқа болып шықты. Қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбаевтың бір томдық толық жинағы да түйенің жанындағы ботадай ғана болып тұрды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағының ішіндегі бес томының қалыңдығы бір ғана «Халқыма сыйға» әрең жетті.Жортақбаевтың жинағына еш кітаптың көлемі сай келмегесін зерттеу жұмыстарым жүрмей, өзім сасып қалдым. Осы сәтте табанымның астына қойып салмағымды өлшейтін таразының көзіме түсе кеткені. Дереу «кірпіш кітапты» легендей таразының үстіне әкеліп қойдым. Таразының тілі тұп-тура бес килограмды көрсетті. Күшіктің салмағындай екен.
Келесі күндері мен мықты-мықты деген екі туысымның, үш досымның, төрт танысымның алдына барып жәрдем сұрадым. Олардың бәрі де өліп бара жатсам аузыма су тамыза алмайтындықтарын айтты. Желісбай Жортақбаев менің алдымды орап кеткен екен.
Кітап шығарамын деген үмітім үзілген соң мен «Халқыма сыйдың» құпияларын білмек болып, күндіз-түні бірдей оқыдым. Әрі оқып, бері оқып, ештеңесін түсінбей басым қатты. Қарап тұрсам, Желісбай Жортақбаев өзінің шыққан руы, тайпасы, туған ауылы, ата-бабасы, әке-шешесі, қатыны, балалары, немерелері, қайын атасы, қайын енесі, балдыздары, көршілері жайлы көсіліп жазыпты. Көп туысты жазсаң, көлемді болады екен…
Бір жылдан кейін мен «Жалап-жұқтау» бөлімшесінің директоры Шоқыған Теріпжегеновтi баяғы моншаның ішінде қайта кездестірдім.
– Желекеңнің «Еліме тарту» деген жаңа кітабы бұрынғы кітабынан да қалың, бұрынғы кітабынан да салмақты екен, – деді ол аса бір ризалық қалыппен. – Барлығы он мың данамен шыққан кітаптың бір мың данасын біздің бөлімшеге әкеп берді. Бір кітабын он мың теңгеден сатып жатырмыз. Екі жүз данасын біздің ұжымның адамдары сатып алды. Алуға міндеттедім. Сегіз жүз данасы менің кабинетімде тұр. Бір бәле болды…
Сыпыртқысын қолына ұстаған күйі Шоқыған бір сәт үнсіз отырып қалды да, жалынышты үнмен:– Сен бізге кеп, «Еліме тартудың» бір-екі данасын сатып алсайшы. Кел, арқаңды ұрып берейін, – деді сыпыртқысын ыңғайлап. «Еліме тартуды» сатып ала ма деген дәме ғой…