САЛЫҚ ЗИМАНОВ

САЛЫҚ ЗИМАНОВ

САЛЫҚ ЗИМАНОВ
ашық дереккөзі
408

Қазақстан Республикасының ғылымы мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 90 жастан асқан шағында көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, танымал мемлекет зерттеушісі, заң ғылым­дарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Салық Зиманұлы Зиманов дүние салды.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ірі қайраткер, заң саласына өлшеусіз үлес қосқан Салық Зиманов бар ғұмырын ел мен жер мүддесіне арнады.

С. Зимановтың заң саласының қыр-сырын зерттеудегі істері бүкіл респуб­лика жұртшылығының назарына ілінді, қаламынан туған ғылыми еңбектер мен мақалалар заң ғылымының негізін танытатын тарихтың қайталанбас беттеріне айналды.

Жоғары оқу орындарында, ғылыми ұйымдарда басшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Консультативтік кеңестің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республи­касы Жоғарғы Кеңесінің депу­таты атанған жылдарында да туған тіліміз бен төл мәдениетіміздің тынысын кеңейтуге, еліміздің ырысын көбейтуге еңбек сіңірді. Халық арқалатқан аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатының кең жаюына елеулі үлес қосты. Ата Заңымыздың негізін қаласып, күні бүгінге дейін заңдылықтың салтанат құруына атсалысты.

Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да жа­уапты жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, ұлт зиялыларының өнегесімен халыққа шынайы қызмет етті.

Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын­дағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты.Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, ұлттық мемлекет құрылымының теориялық мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырып, әділ сотты қамтамасыз ету үшін республикада сот мүшелерінің қатысуымен «билер алқасын» енгізуге басшылық жасады.С.Зиманов қоғамға сіңірген ең­бегі үшін Қазақстан Респуб­лика­сы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері атанып, «Қызыл жұлдыз», «Отан», «Парасат» ордендерімен, басқа да медальдармен марапатталды.Салық Зимановтың еліміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемелді болуына сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Ірі қоғам қайраткерінің, ғалымның, аяу­лы азаматтың өшпес мұрасы ел тарихынан өзіндік орын алып, бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

10.11.2011

Қазақстан Республикасының Үкiметi

Серіктес жаңалықтары