ЖАЗУШЫНЫҢЖАҢА ТУЫНДЫСЫ
ЖАЗУШЫНЫҢЖАҢА ТУЫНДЫСЫ
Таяуда Ұлттық кітапханада белгілі жазушы, қаламгер Смағұл Елубайдың «Қиямет-қайым ғасыры» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап дінтану, адамтану, рухани өмір мен пайғамбарларымыздан кейінгі уақыт мәселелеріне арналады. Үш жүзден астам беттен тұратын кітап қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.
Шығарманы орыс тіліне аударған белгілі жазушы Аслан Жақсылықов. Кітап батысқа еліктеп, жаһандану үрдісінде жұтылып бара жатқан қазақ жастарына арналған таптырмас туынды. Өйткені мұнда автор адамзаттың ішкі түйсігіндегі «Қайдан келдім? Қайда барамын?» деген мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Және сол сұрақтарға адамзат жаратылысынан бері қарай әр түрлі ғасырдағы діндердің «киелі жазбаларынан» мысал келтіре отырып жауап береді. «Рухани өмірге келген жаңалық. Қазақ тіліндегі теология мәселесін қозғаған құнды дүние. Қазақ дінтану әлеміндегі жаңалық, діни бағыт-бағдар беретін құрал іспеттес», – дейді жазушы Мереке Құлкенов, ал бұл шығарма турасында Мұрат Әуезов: «Қиямет-қайым ғасыры» кітабы – терең ізденіспен толыққан жоғары деңгейдегі көркем әдебиет. Кванттық физика, биологиялық құрылым, философия мен діннің көркем әдебиетте тамаша үйлесім табуының көрінісі. Ұлтқа адастырмас жол сілтейді», – дейді.
Жазушы Смағұл Елубай «Ақ боз үй», «Ай астындағы үй», «Өтелмеген парыз», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек», «Аңшы бала» фильмдері сценарийлерінің авторы ретінде де қалың оқырманға кеңінен танымал.