ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖАНДАЙШАПТАР

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖАНДАЙШАПТАР

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖАНДАЙШАПТАР
ашық дереккөзі
222

Бірі – «Орыс маршын» қолдаса, бірі – Қазан төңкерісін көксеп жүр

4 қараша – Ресей халықтарының ынтымағы күнi. Әдетте бұл күні орыс жеріндегі ұлтшыл күштер «Орыс маршын» («Русский марш») өткізуге жұмыла кіріседі. Өткен жексенбі күні Ресейдің бірнеше қаласы ұлтшылдарға толы болды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, маршқа қатысқан 20 мыңға жуық адам қала көшелерінде «Ресей – тек орыстар үшін!», «Орыс маршы алға!», «Ресей Кавказды қашанғы асырай бермек» деген ұранды сөздерді дауыстап айтып, шеру жасаған. Нәтижесінде 125 адам тұтқындалған көрінеді.

Бір таңданарлығы, Ресейдегі ұлтшылдардың іс-әрекеті еліміздегі орыс ұйымдарына да ерекше рух берген сияқты. Дәл сол күні Алматыда «Верныйдағы Казак управасы» ғимаратында Орыс қауымдастығы мен Қазақстан казактар одағы бірлесіп, Ресей халықтарының ынтымағы күнi мерекесін атап өту және «Орыс маршын» қолдау мақсатында мерекелік митингі өткізген. Бұл шараға жиналған елу шақты адам ұлтшылдар қолына ұстаған әлгіндей ұрандарды қызыл шүберекке бадырайтып жазып алған. Ал шараның басы-қасында жүрген орыс ұлтшылдары Ю.Бунаков пен Ю.Захаров қауымға аталмыш мерекенің тарихынан сыр шертіп, Ресей қалаларында өткен марштың мақсат-мұраттары жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, мәре-сәре болғаны туралы кейбір ақпарат құралдары жазды да. Сонымен Ресейде өткен «Орыс маршын» қолдаушылардың көксегені не? Бұл Қазақстанның заңнамалық талаптарына кереғар емес пе? Әзірге аталмыш шараның қандай мақсатта өткені жайында ұлт жанашырларынан басқа ешкім ләм-мим деген жоқ.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым­ның айтуынша, «Орыс маршының» алматылық жақтастары өткізген акциясы нағыз саяси арандатушылық сияқты. «Бұл прокуратура органдары тексеріп, баға беретін шара. Жалпы, казактар Қазақстанның заңдарына бағынбайтын бөлек бір қауым іспеттес. Екіншіден, Қазақстандағы орыстар кім? Олар Қазақстан азаматы ма, әлде Ресейдің бір бөлігінде өмір сүріп жатыр ма? Неліктен олар ресейлік билік «экстремистік, шовинистік» деп бағалайтын «Орыс маршын» қолдайды? Олар Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері ретінде қаншама құжатқа қол қойып жүр. «Орыс маршындағы» «Ресей – орыстар үшін!» деген ұранды сөздерді мына жақта отырып, қолдаған бұлардан не күтуге болады?», – дейді ашынып.

Еліміздегі Орыс қауымдастығы мен казак ұйымы Ресейдегі «Орыс маршын» жан-тәнімен қолдап, әуреге түсіп жатқанда, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы күні кеше Ұлы Қазан революциясына 95 жыл толуына орай 200-ден астам коммунистердің қатысуымен кең көлемде митинг ұйымдастырды. Олардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы жылдары Ұлы қазан төңкерісіне деген түрлі қарама-қайшы пікір көп. «Қалай десек те, бұл адамзат баласының тарихындағы ең үлкен оқиғалардың бірі болып қалары даусыз. Әлемде тұңғыш рет бұрын-соңды баламасы болмаған, еңбеккерлер мен жұмысшылардың мүддесін көздейтін ерекше қоғамдық құрылыс орнады», – деп өзеурейді партия өкілдері.

Біз аталмыш шараны өткізудің қаншалықты маңызы бар екендігін Коммунистік халықтық партиясы фракция мүшесі Жамбыл Ахметбековтен білгіміз келген. «Бұл коммунистердің өткен кеңестік заманды көксеуі емес пе?» деген сауалға шамдана жауап берген ол: «Ол – көксеу емес, ол – біздің өткен өміріміз. Кезінде болған жақсылықтарды ешқашан да ұмытпау үшін, сол жақсылықты бізге көрсетемін деп қыршын кеткендерді еске алу. Бұл дегеніміз тарихымызды ұмытпай, кейінгі ұрпаққа шындықты жеткізу, патриоттыққа тәрбиелеу. Әйтпесе ақша қуған қоғам тәубемізді ұмыттырып, рухани азғындауға жол тартып барады. Өткенге тағзым – кейінге үлгі», – деді.

Алайда Коммунистік халықтық партиясының еліміздегі ұлттық мереке мен оқиғаларға қандай да бір үн қосқанын бұрын-соңды естімеген сияқтымыз. Мәселен коммунистер Желтоқсан көтерілісі болған 16, 17 желтоқсан күндері алаңға барып, қыршын кеткен жастардың рухына тағзым ете ме? Тіпті болмаса, осы тақырыпта арнайы шаралар өткізіп, жастарды ұлттық намыста тәрбиелеуге қандай үлес қосып келеді? Тағы да тіліміз күрмеліп қала береді.

«Қазан төңкерісі – сарқыншақ емес. Бұл сенің ата-бабаларыңның өмірі. Олардың өмірі сол кезде қазіргіден де бақытты болған. Қазан төңкерісінен болашаққа жол ашылды. Ол жолдың ақжарқындығы соншалық, аға буын кәрілік өмірлерін бүгінгі зейнеткерлердей емес, бақуатты өткізген. Соның өзіне әлі күнге дейін көз жеткізе алмай жатырмыз. Өйткені қазір әлеуметтік мемлекет емес, капиталистік үстемдік орнады. Мұны түсінбесең, қайтесің? Онсыз да суын ішіп алып, құдыққа қақырып, түкіріп жүргендер жетеді. Антипропоганда деген бар. Өткенін мұрағат тұтпаған елдің болашағы болмайды. Кейін ұрпақтарың да сенің кезіңді табалайды. Өйткені соған баулып, тәрбиелеп жатырмыз. Тарихты бұрмалап, олардың өмірін жамандағаннан түк те ұтпаймыз. Өз ісін саяси ұпаймен түгендеп отырғандар ғана ұтыста», – деп өзімізге дүрсе қоя берген Жамбыл Ахметбеков «антисоветизмді» ұстанатындармен сұхбаттаса алмайтындығын тілге тиек етті.

Қалай десек те, Коммунистік партияның мақсаты – кеңестік им­периялық саясатты жас ұрпақтың жадынан өшірмеу. Осы саясатты ұстанған олар жандәрмен әрекет етіп бағуда. Алайда бүгінгі жас өрен, ертеңгі ел болашағы – жастарды қандай пиғылда тәрбиелеп жатқанымыз басқаларымызды алаңдатпай ма?

Айдос САРЫМ,

саясаттанушы:

– Бұл коммунистердің ешқандай емдеуге келмейтін мәңгүрт екендігін көрсетеді. Қазақ бола отырып коммунист болу – ұлт алдындағы қылмыс, саяси сатқындықтың, оңбағандықтың бір түрі. Коммунистер өздерінің қылмыстарын мойындаудың орнына Сталинді, оның заманын мақтауға көшіп отыр. Бұл олардың тарихтан еш өнеге, еш сабақ алмағанын айқын көрсетуде. Түптің түбінде, алдағы жылдары елімізде коммунизмге саяси-тарихи баға беріліп, коммунистік идеология фашизмге теңестірілуі тиіс. Арнайы трибунал коммунизмнің, сталинизмнің қылмыстарын әшкерелеп, екі компартияны сот шешімі арқылы жауып, олардың жұмысына ресми тыйым салуы қажет. Бұның уақыты алыс емес.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары