БҰЛ КҮРЕСТЕ ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАЖЕТ
БҰЛ КҮРЕСТЕ ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАЖЕТ
Жәнiбек ӘШIМ
Дiни экстремизм және терроризммен күрес мәселесi көптен берi халықаралық деңгейде күн тәртiбiнен түспей келе жатқаны белгiлi. Жазықсыз адамдардың өмiрiн қапияда қиятын лаңкестiк әрекеттер әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде үнемi бой көрсетiп, әлем халықтарының үрейiн ұшырып келедi. Экстремизмнiң бой көрсетуiне түрлi әлеуметтiк, қылмыстық, саяси себептер жетерлiк. Өзiнiң халықаралық мiндеттемелерiне адал Қазақстан экстремизм және халықаралық терроризммен күреске ешқашан бей-жай қараған емес.
Апта басында Елбасы Н.Назарбаев жоспардан тыс отырыс өткізіп, діни экстремизммен күресті күшейтіп, ел ішінде ылаң салған лаңкестердің қайдан шыққанын анықтауға тапсырма берді. Кеңес жұмысына Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаров, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Бас прокурор Асхат Дауылбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, «Сырбар» сыртқы бақылау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков қатысты.
Әуелі Елбасы Таразда болған қанды оқиғада қызмет бабында жүріп қаза тапқан полицейлердің жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Елбасы полицейлер мен өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері Отанға қызмет етудің қалтқысыз үлгісі мен ерен ерлік көрсеткенін атап өтті. Қандықол қылмыскер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасап, салдарынан ҰҚК-нің екі қызметкері мен үш полиция қызметкері және екі азамат қайтыс болды. Жол полициясының жеке батальоны қызметкерлері тарапынан жарақаттанған қылмыскер залалсыздандыруға әрекет жасау кезінде өзін-өзі жарып жіберген. Оны ұстаған взвод командирі, полиция капитаны Байтасов қылмыскерді денесімен жауып, ерлік көрсетті. Полиция қызметкері қарапайым халықтың жанын сақтап қалу үшін өзінің жанын қиды. «Ең алдымен, мен қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын. Біз олардың қайғыларын бөлісеміз. Олар өздерінің қызметтік борышына адалдық танытты, азаматтарды лаңкестен қорғады. Ішкі істер министрлігіне, облыстағы жергілікті атқарушы органдарға қаза болғандардың отбасылары мен балалары үшін қажетті нәрсенің бәрін жасап, оларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырамын», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев терроризм әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде дамыған Еуропада орын алып отырғанын және Қазақстан одан сырт қалмайтынын атап өтті. – Қазақстанға қарсы жасалынған терроризмді, оны ымырасыз басып-жаншуға мемлекеттің мүмкіндігі жетерлік. Мемлекеттің қолында күш те, қуат та, жігер де бар. Біз лаңкестікті түбірімен жоқ қыламыз. Мен сондай-ақ барлық қазақстандықтарды қырағылыққа шақырамын. Егер лаңкестікке қатысты деректер байқалатын болса, онда дереу тиісті құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Біз деректерді анықтап, барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтеміз, – деп қадап айтты.
Осы оқиға бойынша «лаңкестік» және «адам өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық деректерге қатысты тексеріс жүргізу үшін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов басшылық жасайтын арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Елбасы жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізуге нақты тапсырмалар берді.
Жұрттың зәресін алған лаңкестік әрекет кезінде ажал құшқан жеті азаматтың отбасына облыстық бюджеттен 1 млн. теңгеден көмек көрсетілді. Қайтыс болған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өшпес ерлік істері үшін мемлекеттік награда тағайындалды.
Діни экстремизм мен лаңкестік – аңыздардағы көп басты айдаһар секілді қорқынышты құбылыс. Халықаралық терроризммен аяусыз күресуге барша әлем мемлекеттерінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырғаны бекер емес. Қазіргі жаһандану заманында мұндай қорқынышты құбылыстан ешбір ел тысқары қала алмайтын сияқты. Яғни осынау қауіп-қатерге қарсы күресу үшін мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның бір арнаға тоғысқан ерік-жігері, табандылығы мен қырағылығы қажет.