ЖАҢА ЖЫЛДА – ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ
ЖАҢА ЖЫЛДА – ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ
Тәуелсiз Қазақстан тарихында мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзу дәстүрге айналып барады. Қазақстанның екi рет мерзiмiнен бұрын тараған Жоғары Кеңесiн есептемегенде, Қазақстанның қос палаталы Парламентiнiң депутаттары осымен екiншi рет уақытынан бұрын тарауды өздерi бастама ретiнде көтердi. Естерiңiзде болса, осыдан төрт жыл бұрын Конституцияға енгiзiлген өзгертулер мен толықтыруларды желеу етiп, 2005 жылы шақырылған үшiншi шақырылым депутаттары тараған едi. Ол жолы бастаманың авторы Нұрбах Рүстемов болған. Бұл жолғы басты желеу – әлемдiк экономикалық дағдарыс.
САЙЛАУ 15 ҚАҢТАРДА ӨТЕДІ
Қарашаның 16-сында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламентті тарату және кезектен тыс Парламенттік сайлауды өткізу жөнінде жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратқан. Сөйтіп жаңа жылдың шымылдығы елдегі ең маңызды саяси оқиғалардың бірі – Мәжіліс сайлауымен ашылатын болды. Ермұхамет Ертісбаевтың алдын ала жасаған болжамы расқа айналды. Қарашаның 15-інде Ақордада Парламент палаталарының спикерлері мен Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен шұғыл кеңес өткізген, Елбасы Парламентті таратудың құқықтық және саяси мәселелері төңірегінде ақылдасты. Осы басқосуда Н. Назарбаев Қазақстан қоғамының көппартиялы Парламентке мұқтаж екендігін айтқан еді. Ал қос палатаның спикерлері мен Премьер-министр елде мерзімінен бұрын Мәжіліс сайлауын өткізу туралы ұсынысты қолдайтындықтарын айтты. Елбасы алдағы бүкіләлемдік қаржы дағдарысының келесі толқынының сайлауды өз мерзімінде өткізуіне кесірін тигізетіндігін қуаттады.
Естеріңізде болса, қарашаның 11-інде Парламент Мәжілісінің 53 депутаты қол қойған Үндеу Елбасына жолданған еді. Онда Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату қажеттігі жайында айтылған. Бұған себеп ретінде алты мәселе қамтылыпты. Олар – бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқ басқалы отырған еліміз жаңа даму сатысына көшпек, ол үшін жаңа Парламентпен аяқ басқан орынды, т.б.
Қоғамда депутаттардың бұл қадамы жөнінде әртүрлі пікір айтылуда.
Мұрат Әбенов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
ШЕШІМДІ ПАРЛАМЕНТ ЕМЕС, ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ
– Парламент депутаттарының Елбасына Үндеуінде Парламентті тарату қажеттігінің себептері айтылған. Ол себептердің бәрі орынды. Жалпы, Конституциямызға сай еліміздің болашағына пайдасы тиетін, дамуына ықпал жасайтын шешімдер қабылдануы тиіс. Заң бойынша Парламент өкілеттігі аяқталуынан кемінде екі ай бұрын сайлау өткізілуі тиіс. Яғни егер біздің өкілеттігіміз алдағы жылдың тамыз айында аяқталатын болса, кезекті сайлау жаздың басында өткізілуі тиіс болатын. Елбасы Мәжіліс депутаттарының Үндеуін қабыл алды, Парламент тарады, сайлау алдағы жылдың басында өтеді. Демек кезекті сайлау мен мерзімінен бұрын өткізілетін сайлау арасындағы айырмашылық 5-6 ай ғана. Әрине, оның ұйымдастыру тұрғысынан аса айырмашылығы жоқ, бірақ экономикалық тұрғыдан тиімді. Сол себепті де бес-алты ай науқаншылдықпен жүргенше, нақты Парламентті жасақтап алып, көппартиялы саяси реформаларды жүзеге асыруға кіріскен жөн шығар.
– Жалпы, Парламентті тарату қажеттілігі қандай кезде туындайды? Негізінен елде төтенше жағдай қалыптасқанда немесе халық биліктен Парламентті таратуды талап еткен жағдайда тарауы тиіс қой. Қазір оны тарату кімге қажет?
– Заңда ондай мәселелер қарастырылмаған. Бұл жерде шешім қабылдайтын – Президент. Олар Парламентті тарату туралы ұсыныс айтқанымен, өзін-өзі тарататын құқығы жоқ. Бұл шақырылым депутаттары төрт жарым жыл өз қызметін адал атқарды. Сол себепті де бұл жолғы ұсынысты тарату деп емес, сайлауды мерзімінен бұрынырақ өткізу деп түсіну керек.
– Сіздердің әріптестеріңіз, сенатор Ғани Қасымов Мәжіліс депутаттарын асығыс шешім қабылдады деп кінәлап, оларды халық сайлады, неге тарату жөнінде халықтың пікірін білмейді деген екен. Оған не дейсіз? Халық алдындағы сенімнен қорықпайсыздар ма?
– Ғани Қасымов Патриоттар партиясының жетекшісі ретінде ол осы мәлімдемесі арқылы саяси науқанға дайындықты бастап кетті деп ойлаймын. Өйткені өзге саяси партиялар секілді ол кісінің партиясы да сайланудан дәмелі. Ал биыл көктемде халық басым дауыспен Елбасын сайлады. Халық дауысын сеніп тапсырып тұрғаннан кейін, Елбасы халық атынан шешім қабылдауға құқылы. Шешімді Парламент емес, Елбасы қабылдайтындығын қайталап айтқым келеді.
– Сіздің ойыңызша, алдағы Мәжілістің құрамы қандай болады? Қазіргі сарапшылардың пікіріне жүгінсек, «Нұр Отан» партиясы мен «Ақ жол» партиясынан жасақталады деген уәж айтуда. Тіпті Ермұхамет Ертісбаевтың өзі «Ақ жолдың» мүмкіндігі зор дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қандай партия сайлауға дайын болады және дұрыс саяси ұстаным ұстанады, сол партия жеңіске жетеді. Мәжілістен орын алатын партиялардың саяси ұстанымдары халықтың қолдауына ие болатын болуы керек. Мен кейбір партиялардың жұмыс тәсілін білем. Олар рейтингіні тек қана өзге партияларды жамандау арқылы жинауға тырысады.
– Өзіңіздің сайланудан үмітіңіз бар ма?
– Қазір өзіңіз білесіз, партиялық жүйемен сайлау өткізіледі. Сол себептен жекелеген адамдар өздері шешім қабылдай алмайды. Кімдерді тізімге енгізу туралы мәселелердің барлығын партия съезі шешеді. Кімде-кім менің сенімім кәміл, партия маған сенім артатын болады деп кеудесін кере алмайды.
Есенгүл Кәпқызы