384
«АҚҚУДЫҢ СЫҢАРЫ»
«АҚҚУДЫҢ СЫҢАРЫ»
Қоян жылының соңғы күндерінің бірінде «Атамұра» баспасынан тағы бір жинақ оқырманына жол тартты. «Аққудың сыңары» деп аталатын бұл жинақ ақын, қаламгер қауымның жарлары, жақсының көздері, асылдың сынықтарының естеліктерінен құрастырылған екен. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып, «Атамұра» корпорациясы ұсынған бұл жинақтың авторы «Айқын» газетінің бас редакторының орынбасары, белгілі сықақшы Ермахан Шайхыұлы.
Автор талай жылдар бойы басылым беттерінде «Аққудың сыңары», «Жақсының көзі» айдарларын ашып, сыр-сұхбаттар жүргізген еді. Сол сыр-сұхбаттардың желісінде еліміздің көрнекті қаламгерлері туралы әдемі естеліктер, жылы лебіздер айтылыпты. Ақындардың «қысы, жазы, күзінде» де, қиындығы мен қуанышында да бірге болған сүйікті жарлары өнер көгіне еркін қалықтап, биікке самғаған саңлақтарымыздың күнделікті тіршіліктегі сүйікті жар, асыл әке ретіндегі азаматтық болмысы туралы айтылған. «Бұл айдарларды 2004 жылы бастаған едім. Бұл айдарларды жүргізуіме «Айқынның» сол кездегі редакторы белгілі журналист Серік Жанболат мырза себепкер болған еді. «Аққудың сыңары» мен «Жақсының көзі» «Айқын» ашылған алғашқы күннен бастап, тұрақты шығып тұрды»,– дейді кітап авторы Ермахан Шайхыұлы. Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімінде «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед: «Кітап жақсы шықты, мазмұнына сай безендірілді деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналып, осындай жақсы ай, жақсы күнде шыққан бұл жинақтың әр оқырманның жүрегінен өшпестей өз орнын алатындығына сенеміз және соған тілектеспіз», – деген еді.Аталмыш кітап жарыққа шыққан сәттен бастап, жинақ авторына қоңырау соққан жандар аз болмапты. Осыған орай, Ермахан аға: «Кітап жарыққа шыққалы бері демеушілік танытқысы келіп, хабарласып жатқан жандар да аз емес. Осы кітаптың жарық көруіне мұрындық болған «Атамұра» корпорациясы мен оның президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед мырзаға алғысым шексіз. Келешекте бұл айдарларды «Аққудың сыңары» және «Жақсының көзі» деген атпен жеке-жеке көлемді жинақ етіп шығарсам деп ойлаймын. Сонымен бірге, «Айқын» газетінде «Ақ сөйле» айдарымен шыққан бірқатар зиялы қауым өкілдерінің, өнер және мәдениет қайраткерлерінің сұхбаттарын жинастырып, «Ағынан жарылсақ» дегеп атпен жиыстырып қойдым. Алғысөзін газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жазды. Енді демеушілер табылса, бұл кітапты да жарыққа шығару ойымда бар», – дейді. Сонымен бірге, кеш барысында Т.Айбергенов, Қ.Бекхожин, Н.Тілендиев, Ж.Әбдіраш, Ж.Түменбаев, Н.Мәукенұлы сынды қазақтың біртуар азаматтарының жұбайлары мен балалары арнайы келіп, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Өмірі мен өнері біте қабысқан арнаған ұлт зиялыларының ғибратты ғұмыры жас ұрпақ үшін әрқашанда тағылымға толы. Сондықтан оқырманына жол тартқан осы бір ғибратты еңбекке сәт-сапар тілейік!
05.01.2012
Едiге БЕКТАС