«KITF-2013»: ТУРИЗМГЕ ТЫҢ СЕРПІЛІС
«KITF-2013»: ТУРИЗМГЕ ТЫҢ СЕРПІЛІС
Алматыда өткізілген халықаралық көрменің маңызы мен пайдасы сол, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп. Жер шарының 43 елінен келген 550 компания өкілдері «KITF-2013» көрмесінде серіктестік ынтымақтастық шеңберін кеңейтті.
Өткен аптада Алматыдағы «Атакент» көрме орталығында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі шаралардың бірі – ХІІІ Қазақстандық халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесі өтті.
Үш күнге созылған бұл ауқымды шараға Жер шарының 43 мемлекетінен 550 компания қатысты. Осымен он үшінші рет өткізілген көрменің биылғы жаңалығы сол, алғаш рет қатысатын елдер тізімі ұлғайған. Көрмеде Қазақстанның 14 облысы мен, Алматы және Астана қалаларына тән ерекшеліктер мен артықшылықтар суреттелген арнайы бұрыштар ашылды. «KITF-2013» көрмесінің басты мақсаты – қазақстандық туристік өнімдерді насихаттап, халықаралық туристік ұйымдар мен компанияларды серіктестікке тарту, елдер арасындағы турситер ағынын арттыру», – деп мәлімдеген KITF көрмесінің менеджері Виктория Карацупа әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылардың өзара ынтымақтастыққа мүдделі екендігін айтты. Жалпы, бұл көрме Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін аса маңызды. Үш күн бойы демалыс, туризм саласының өзекті мәселелерін бірлесіп шешу және тың бастамалар ұсыну. Көрменің салтанатты ашылуында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Қаныш Тілеушин: «Туризм аймақтардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуында маңызды рөл атқарады. Туризм саласы 2020 жылға дейін 400 мыңға жуық тұрақты да жаңа жұмыс орнын ашпақ», – деп мәлімдеді.Соңғы кездері демалысын шекара сыртында өткізуді әдетке айналдырған отандастар Түркия, Египет, Біріккен Араб Әмірліктерімен бірге Грекия, Хорватияға да жиі барады екен. Еуропа елдері арасында отандастарды қызықтыратын – Италия мен Испания. Бірақ бұл бағыт өзгелерге қарағанда, қымбаттау. Былтырғы бағаны айтсақ, орташа есеппен алғанда, 1300 долларға теңгеріліпті. Парсы шығанағының көгілдір түсті мөлдір суы, шығыстық экзотика мен батыстық қызмет көрсету стандарттары, керемет табиғатымен баурайтын Араб елдері жыл он екі ай үзілмейтін туристерді шөл далада жайқалған гүлзар бақтарымен, бас айналдыратын байлықтың символына айналған керемет қонақүйлерімен, ас та төк тауарға толы дүкендерімен арбайды. ХХІ ғасыр мен ежелгі дәуірдің алтын көпірі саналатын Біріккен Араб Әмірліктері келушілердің есінде мәңгі сақталатын кереметтерге толы. Шопинг-фестивальдерге бай Араб елдерінде сауданың көрігі қызған. Мәселен бір ғана Дубайда үздіксіз жеңілдіктер жасалып тұратын ондаған ірі сауда орталығы бар. Жеңілдіктер маусымы жыл сайын қыркүйекте басталып, мамырға дейін созылады екен. Бұл орайда Fresh Star Tourism компаниясының Бас менеджері Сергей Раупов: «Дубайда демалуды ұнататын қазақстандықтар қымбат дүкендерде сауда жасауды, яхталар мен құны аса жоғары көліктерді жалға алғанды, яғни, сапалы демалғанды жақсы көреді», – дейді.Іргетасы былтыр ғана қаланған Fresh Star Tourism компаниясының басты қағидасы – серіктестермен қарым-қатынаста тиімділік, сенімділік және бейімділік. Саяхат әлемінің шытырманға толы қызықтарымен елітуді қысқа мерзімде меңгеріп алған бұл компания қазақстандықтар арасында да жақсы танымал. Әр клиентке жекеше көңіл бөлу, барынша арзан бағаға кез келген деңгейдегі қонақүйлердің тізімін ұсыну, тәулік бойы турларға алдын ала тапсырыс беру, Біріккен Араб Әмірліктерінің барлық әуежайынан жекелей немесе топтық тасымал жасау, сан алуан саяхаттық пакеттер, мәслихаттар, конгрестер, тренингтер мен басқа да шараларды ұйымдастыру т.б. баса назар аударудың арқасында туристердің ыстық ықыласына бөленген Fresh Star Tourism компаниясының Бас менеджері Сергей Рауповтың айтуынша, кез келгеннің қалтасы көтере бермейтін Араб Әмірліктеріне қазақстандықтардың әуес келуі ақшаның көптігінен. Яғни, әлем қаржылық дағдарыстан қатырып жатса, отандастарымыз керісінше, құны қымбат тұратын демалыстарға үйір: «Дубайға демалуды қалайтын Қазақстан азаматтарына сапалы сервис тартымды. Туризм саласын дамытқан өзге елдермен салыстырғанда, араб елдеріндегі демалыс орындарының бағасы қымбат, есесіне, сапасы жоғары деңгейде. Ал жыл сайын Дубайды бетке алатын Қазақстан азаматтары VIP қонақтар қатарында». Бір қызығы, Дубайдағы демалысқа ересектерден гөрі орта буын мен жастар жағы құмар келеді екен. Олардың 50 пайызы – отбасылық жұптар, 20 пайызы – студенттер. Әлбетте, жастар қауымының қымбат жағажайларды жағалауы біреулер үшін түсініксіз көрінеді. Бірақ олардың бар шығынын қалтасы қалың әке-шешесі көтеретіні анық.
Түркия мен Араб елдерінен кейінгі тізімде Таиланд тұр. Былтыр 10 мыңнан астам отандас осы елде тынығыпты. Туризм саласының мамандары қазақстандықтарды Таиландтың ауа райы қызықтыратынын айтады. Әлбетте, бұл Күннің көзі айлап-апталап ашылмайтын «жаңбырлы маусымға» қатысты емес. Былтыр Таиландтың ең танымал аралдарының бірі – Паттайидағы он күндік демалыс 100 мыңға бағаланған. Шамамен 20 долларға бағаланатын визаны егер бұл елде қалатын мерзіміңіз 15 күннен кем болса, сол жақта-ақ жасатуға болады екен. Шариғат заңын қатаң ұстанатын араб әлемінде арақ-шарап дегенді татып алуға тыйым салынған. Бірақ бұл қазақстандықтардың Біріккен Араб Әмірліктерін таңдауына кедергі емес. Өйткені ресми деректерге сүйенсек, былтыр алғашқы тоғыз айда 21 430 ҚР азаматы БАӘ елдеріне сапар шегіпті. Олардың 20 328-і демалысын сонда өткізген.
Биыл Болгарияға сапар шегетін отандастар саны артпақ. Өйткені, болгарлар Қазақстан жақтан келетін туристердің қызығушылығына ие. Шекарасын шетелдіктер үшін 90 еуроға ашатын (виза) болгарлықтар жағажайлар, халықаралық деңгейдегі еуропалық қызмет көрсету сапасы, емдік минералдық бұлақ көздерімен бірге тілдік тұрғыда ешқандай кедергінің болмауы арқылы да тартымды. Анығы, орысшаға өте жақын болгар тілі аудармашыны қажет етпейді. Батысқа қарай сапар шегетін саяхатшылар саны да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, Чехияны таңдағандар тізімі 2011 жылмен салыстырғанда, былтыр 12 пайызға көбейген. Сонымен қатар экзотикалық демалысты қалайтындар саны да аз емес: 2012 жылы елімізден Доминикан Республикасына – 116 турист, Оңтүстік Африка Республикасына 133 турист барған. Есесіне, былтыр Албания, Гренландия, Гернси, Йемен, Бахрейн Корольдігі, Тринидад пен Тобаго, Гвинея-Бисау, Мадагаскар, Палестиндік аймақ, Кокос аралдарына бірде бір ҚР азаматы аяқ баспапты.Туризм саласына аса қатты мән беретін мемлекеттер бүгінде шекара мен кедендік кедергілерді барынша жоюға тырысуда. Мәселен, қабылданған Заңдарға сәйкес, қазақстандықтар Грузия, Малайзия, Молдова, Түркия, Таиланд, Украина, Беларусь пен Қазақстан шекарасы шектесетін елдерде (Қытайдан басқа) Барбадос, Кения, Ямайка, Сингапур (96 сағат), Шри-Ланка, Сейшелдер, Иордания, Эфиопия, Сирия, Мальдивалар, Маврикий, Доминикан, Эквадор, Солтүстік Кипр т.б. мемлекеттерге визасыз жүруге немесе визаны барғаннан кейін жасауға құқылы. Жерорта теңізіне баруды қалтасы көтермейтін ағайын Түркияның орнына Ыстықкөлді таңдайды екен. Алайда мамандар қауымы сапалы да жақсы демалыс бағасы арзанға түспейтінін ескертеді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ