435
ҰЛТ ТАҒДЫРЫН ӨЗГЕРТКЕН ҚАЙРАТКЕР
ҰЛТ ТАҒДЫРЫН ӨЗГЕРТКЕН ҚАЙРАТКЕР
Мұхтар Шаханов – қазақ тарихында шоқтығы биік, сындарлы тұлғалардың бірі. Ол халқы сыйлаған арқалы ақын ғана емес, ұлт тағдыры үшін күресе білген күрескер, қайраткер. М. Шахановтың батылдығының, күрескерлігінің арқасында қазақ халқының тағдыры түбегейлі өзгерді десек болады.
Алматы қаласындағы №62 мектеп-гимназиясында қайраткер тұлғамен кездесу өткізілді. Гимназия оқушылары ақын шығармаларынан үзінділер оқып, көріністер қойды. Мектеп директоры Атығай Бижанов Мұхтар Шахановтың тағылымды ғұмырынан сыр шерте отырып, «Отанды сүю – отбасынан басталатынын» тәптіштей келе, мектеп – идеологияның қайнар көзі екенін жеткізді. Демек, мектепте Мұхтар ағадай алып тұлғалардың тағылымын естіп, дәрісін тыңдап өскен бүгінгі өскелең ұрпақтың ұлты үшін қандай сыннан да сүрінбей өтуге дайын болатындығы ақиқат. Мұхтар Шаханов мектеп ұстаздары мен оқушыларына бір сағаттай дәріс оқыды. Ол өзінің өнегелі өмірінен шертілген сыр еді. – Отан – біздің үлкен анамыз. Әрбір перзент анасына жасаған қызметінің өтеуін тілемеуі қажет. Өйткені, анасы перзентінің осы жасқа, деңгейге жетуіне көп еңбек сіңірді. Перзенті анасына қызмет етсе, сол еңбегінің өтеуін ғана жасайды. Дегенмен, анасы да перзентінің маңдайынан өбіп, әрбірі жасаған қадамы үшін оны мақтап отыруы қажет, – деген ол мемлекеттік кез келген марапаттардан бас тартқанын және жоғары тұрғанын айтады. – Кез келген мемлекетте халықтың қаржысын қымқырған ұрылар мен ұлтқа қарсы сөйлеген сатқындар тиесілі жазасын алады. Ал бізде керісінше, мемлекеттің байлығын талан-таражға түсірген кез келген ұрының кеудесіне 5-6-дан ордені бар. Мен солардың қатарынан өзімді көргім келмеді. Сол себепті де Қазақстандағы ең жоғарғы марапат «Халық қаһарманы» деген атақтан да бас тарттым, – деді ол. Жетпістің желкеніне шыққан қаламгер өзге ерлігін былай қойғанда, екі батылдығының арқасында қазақ халқының тағдырын түбегейлі өзгерттім дейді. Біріншісі, 1989 жылғы Мәскеудегі Жоғарғы кеңестің Пленумында Арал қасіреті жайында сөз қозғауды желеу етіп, мінбеге көтеріліп, Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын әшкерелеуді Орталық бюродан талап етуі. Бұның ақыры – Қазақ елінің тәуелсіздік алуына жол ашса, екіншісі, 1989 жылы қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге жетуіне ықпал ете білуі. 1989 жылдың көктемінде КСРО халық депутаты болып сайланысымен «Жалын» журналы редакциясындағы кабинетіме белгілі жазушылар мен ғалымдарды шақырдым. Сол тұста қазақ және орыс тілін мемлекеттік тіл ету мәселесі сөз болып жүрген. Бұл идеяны қолдап, бірталай қазақтар да қол қойды. Республикамыздың басқа облыстарында да бұл іс қызу ұйымдастырылды. Тіл мәселесі қаралар күні таңертең Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ауруханасының бас дәрігері Мұхтар Айтқазинге қалай болғанда да сессияға қатысуым керектігін айтып, рұқсат сұрадым. Ол қаны мықты азамат еді. Қасыма бір дәрігерін қосып берді. Жоғарғы Кеңеске келгенде бірінші көрген адамым Заманбек Нұрқаділов болды. «Заманбек, бүгін сенен ерекше мінез күтеміз», – дедім. Заманбек: «Маған берілген тапсырма басқа еді. Бірақ мен сіз жағындамын», – деді. Сол күні сессияда сөйлеген орыс ағайындар да, кейбір өзіміздің қандастарымыз да Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін тілге тиек етті. Қазақ тілімен қатар, орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беруді қолдады. Қарағанды облысынан келген Нұғманов деген депутат екітілді қатар мемлекеттік тіл жасау қажеттігін нығарлап, өз сөзін ұсыныс ретінде ендірді. Ол кезде жиналыстың барлығы орыс тілінде өтетін, маған да орысша сөйлеуге тура келді. «Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе ала ма, алмай ма деп алаңдаған халықта есеп жоқ. Ұлттың ұлт болып қалуы тек тіліне байланысты екенін неге ұмыта бересіздер?! Қалай десеңіздер де, қазақ тілі жеке мемлекеттік мәртебе алуы тиіс. Заңның 1, 2, 17-баптарын қайта қарап, қазақ тілінің рөлін арттыратын сөйлеммен толықтырған жөн. Жолдас төраға, менің осы ұсынысымды дауысқа қоюыңызды өтінемін. Екіншіден, Қазақстандағы Украин ұлттық орталығы қауымдастығының президенті Александр Гаркавецке, жазушы Әбіш Кекілбаевқа, ғалым, академик Әбдуәли Қайдаровқа, осы мәселе төңірегіндегі проблеманы жақсы білетіндіктен, депутат болмаса да сөз берулеріңізді сұраймын…» – дедім. Бірақ Кеңес төрағасы: «Белгіленген регламент бойынша алдымен әзірленген Заң жобасын дауысқа қоюымыз керек. Шахановтың ұсынысына сонан кейін оралайық», – деді. Қазақ, орыс тілдеріне қатар мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесін дауысқа салып еді, өтті де кетті. Депутаттар дүркірете қол соқты. Бұдан кейін менің ұсынысымды дауысқа қоюдың мүлде қажеті жоқ еді. Басым айналып, көзім тұманданды. Орыс тілі қазақ тілімен қатар мемлекеттік тіл қуатын иеленді. Енді қазақ тілін үйренуге ешкім талап қылмайды. Ана тіліміз орыс тілінің көлеңкесінде қалады. Бірте-бірте жүрек соғысын тоқтатады. Тілді жою – ұлтқа нүкте қою. Не де болса айтарымды айтып қалайын деп бекіндім. Содан кейін мен: «Мәселе мұнымен бітпейді. Ертең кешегі Желтоқсан оқиғасы кезіндегідей бүкіл қазақ халқы көтеріледі. Естеріңізге саламын, осыны қолдаған депутаттардың барлығы белгілі деңгейде жауапкер болады. Және олардың аты-жөнін баспасөзде жариялатамыз!» – деп айқайладым. Нұрсұлтан Әбішұлы сөз алды: «Жолдас депутаттар, Шахановтың ұсынысын дауысқа қайта қоялық. Өйткені бұл – жан-жақты зерттеп, таразылап шешім қабылдайтын аса маңызды мәселе», – деді. Назарбаевтың біздің топқа бүйрегі бұра бастағанын ішім сезді. Сөйтіп, қазақ тіліне жеке мемлекеттік мәртебе беру талабы қайта дауысқа қойылды. Елбасы өзі бірінші болып мандатын көтеріп еді, барлығы қайтадан менің ұсынысымды қолдап шыға келді. Содан кейін екі жақ тең болды. Негізінде, бұлай дауысқа қоюдың өзі заңға қайшы еді. Біраздан соң Елбасы: «Қазір үзіліс жариялайық. Екі жақ өзара келіссін. Мүмкін, бір тоқтамға келер. Сосын дауысқа қайта салайық», – деді. Шынында да, бұл өте дұрыс ақыл еді. Мен сол арада Өзбекәлі Жәнібековке телефон соғып едім, 15-20 минуттың ішінде келіп жетті. Ол кісі бірден қолына қалам алып, 17-бапты күшейтуге кірісті. Осы сәтте қасыма Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, академик Өмірзақ Сұлтанғазин келе қалды. Ол КСРО халық депутаты болатын. Оған: «Өмеке, ұлттың жағдайы қыл үстінде тұрғанда бүгінгі күні бір пайдаңызды тигізіңізші! Басқа кезде бізге оның керегі шамалы. Сіздің қарамағыңызда істейді емес пе, тез арада академик Қайдаровты тауып беріңіз!» – дедім. Ол кісі азаматтық мінез көрсетті. Орынсыз айқайыма ләм-мим деп тіл қатпай, Әбдуәли Қайдаровты алып келді. Одан кейін талқылауға бел шеше араласқан Әбіш Кекілбаев, Әбдуәли Қайдаров, Александр Гаркавец ерекше қайрат көрсетті. Содан кейін тіл жанашырларының біразын Заң баптарын жөндеуге бекіттім. «Қарсы дауыс береді-ау» деген депутаттармен, орыс ұлтының өкілдерімен, шала қазақтармен жеке-жеке әңгіме өткіздім. 1-бапта: «Қазақ тілі Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі болып табылады», – делінген. Содан кейін: «Қазақ КСР-і қазақ тілінің мемлекеттік тұрғыдан қорғалуын жүзеге асырады және оның мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда, халыққа білім беру, мәдениет, ғылым мекемелерінде, қызмет көрсету, бұқаралық хабар салалары мен басқа да салаларда белсенді түрде қолданылуына қамқорлық жасап отырады», – деп қосылды. Осы сөйлемді қандай тартыспен енгізгенімізді көрсеңіздер, жағаларыңызды ұстар едіңіздер, – деп аяқтады сөзін ақиық ақын.Есенгүл Кәпқызы