1806
ШОҚАНДЫ ЗЕРТТЕП БОЛДЫҚ ПА?
ШОҚАНДЫ ЗЕРТТЕП БОЛДЫҚ ПА?
Шоқан Уәлиханов Әулиеатада болған ба? Ол қашан, қандай жағдайда болып еді? Міне, осы сұрақтар төңірегінде зерттеуден түйген ойымызды ортаға салсақ.
Біз осы мақаланы жазарымызда алдымызға қойған мақсатымыз ғұлама ғалымның Әулиеата өңіріне келген сапары жайлы, оның қысқа өміріндегі соңғы әскери жорығына түбегейлі талдау жасап, оған орынды баға беру болды. Тарихтан Верныйдың (қазіргі Алматы) ол жылдары орыс әскерінің шекаралық бекіністерінің бірі болғаны белгілі. 1864 жылдың көктемінде Верный бекінісінен полковник Михаил Григорьевич Черняевтің басшылығымен жорыққа аттанған әскери жасақ, құрамында 68 офицер, 2571 солдат және 400-ден астам жергілікті қазақтардан құралған милиция тобы, 22 қарулы зеңбірегі бар отряд Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі елді мекендер мен қалаларды күшпен жуық арада Ресейге қосуды мақсат етті. Сөйтіп, Ресей мемлекеті Орта Азия мен Қазақстанды отарлауды сол жолы толық аяқтауға тиіс болды. Бұған шетелдерден Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Азия елдері департаментіне астыртын жеткен суық хабар себеп болды. Онда Ұлыбритания отаршылыры Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағын жаулау қызметтерін жандандырып, Қоқан, Бұхара, Ташкент шаһарларын басып кіріп, онда бекем орнығып алу саясатын мақсат еткені жайлы еді. Бұл ақпарат сол кездегі Ресей басшыларын қатты қобалжытып, тезірек өздерінің ертеден келе жатқан отаршылдық жоспарын іске асыруға итермеледі. М.Г.Черняев өзінің әскери жорығына күшпен отарлап алған сол өлкелерді ғылыми негізде түбегейлі зерттеп, географиялық картасын жасау үшін ғалым-зоолог Н.А.Северцевты, этнограф Ю.Д.Южаковты, суретші М.С.Знаменскийді шақырды. Сол ғылыми-зерттеушілер тобының құрамында талантты да білгір ғалым-географ, сұлтан, поручик Шоқан Уәлиханов та болды. Патша үкіметі М.Черняевқа жорық алдында мүмкіндігінше Әулиеата, Шымкент, Ташкент қалаларының басқарушыларымен, «жергілікті қырғыздармен» өзара келісімге келіп, шу-жанжалсыз, қақтығыссыз, соғыссыз, қантөгіске бармай-ақ Ресей мемлекетіне бейбіт түрде қосылуды ұсынуды тапсырды. Ол тапсырманы орындау үшін патша үкіметі М.Черняевқа «қазақ және татар тілін жақсы меңгерген, тапқыр да білімді штабс-ротмистр Шоқан Уәлихановты пайдалануға» кеңес берді. Ол әскери жорық «Түркістан сапары» деп аталып 1864 жылдың 1 мамырында Верный бекінісінен оңтүстік аймаққа аттанды. Жол бойындағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарына алдын-ала Шоқан дайындаған үндеу-хат жолданып, олар орыс әскерлеріне ешбір қарсылық көрсетпей, бейбіт жағдайда Ресей мемлекетіне қосылуға шақырды. Бірақ, ол анағұрлым ауыр, өмірде мүлдем басқаша болып шықты. 1864 жылдың 25 мамырында М.Черняев басқарған қарулы әскери жасақ Меркі қамалын басып кірді. Әкери топ бұл қамалда бірнеше күн аялдады. Әр уақытын тиімді пайдаланатын дарынды ғалым Шоқан Уәлиханов Мерке төңірегіндегі әсем Алатау бөктерінің табиғатын қызықтап, сол аймақтың өсімдік және жануар әлемін зерттеп, ертең ғылым үшін пайдасы тиер-ау деген мәліметтерді қағазға көптеп түсірді. Ғалым-зоолог Н.А.Северцев Меркі қамалы орналасқан тау бөктеріндегі табиғатты, онда тіршілік ететін жәндіктерді егжей-тегжейлі зерттеп, көптеген қызықты мәліметтер жинады. Меркіде Шоқанның төрелігімен осы өңірдің билерінің біріккен соты өтіп, онда көп жылдардан бері қордаланып, шешімін таппай келе жатқан қырғыз-қазақ арасындағы дау қаралды. Сұлтан, штабс-ротмистр Ш.Уәлихановтың әділ ұсынысын көпшілік ризашылықпен қабыл алып, екі жақ та бітімге келіп, көңілдері толып тарасты. Бұл туралы полковник Михайл Григорьевич Черняев 1864 жылдың 27 мамырында Батыс Сібір әскери басшысы Дюгамельге жазған рапортында егжей-тегжейлі баяндайды. Бірер күн демалып, тыныққан әскери жасақ 28 мамыр күні ертемен Меркіні тастап, Әулиеата шаһарына бет алды. 2 маусым күні орыс әскерлері Әулиеата маңына келіп жетіп, қаланың шығыс жағындағы Тектұрмас төбесіне орналасты. …Таңертеңгі уақытта қыр басына көтерілген екі салтатты алдарында алақанға салғандай көз жететін жерге дейін керіліп жатқан әсем панорамаға қызыға көз тастады. Оның біреуі полковник М.Черняев, екіншісі штабс-ротмистер Ш.Уәлиханов болатын. Төменде ақ көбік шашып асау тау өзені Талас буырқанып ағып жатты. Ал оның арғы сол жағасында көк желекке, қалың тал-терекке көмкерілген көне қала Әулиеата қамалының сұлу көрінісі көзге шалынады. Қаланың әр тұсынан еңселі сан мешіттердің күнге шағылысқан күмбездері көрінеді. Үйқыдан ерте оянған қала тұрғындары күнделікті үйреншікті тірлік-тіршілігіне кіріскен. Қамал сыртындағы жатақ үйлерден азанғы тамақ әзірлеп, әуре болып жатқан адамдар мен жағылған оттың түтіндері көрінеді. Әсіресе ерекше көз тартатын қамал ортасындағы Қарахан мен сонау көз ұшындағы Аса өзенінің жағасындағы қыратта зәулім теректер арасында бойы асқақтай көрінетін Айша бибі және Бабажа-Хатун кесенелері. Көз ұшында қатпар-қатпар болып қазақ тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратау жоталары көлбеңдейді. Шоқан Әулиеата шаһарының датқасы Нияз Әлиге полковник М.Черняевтің атынан хат жолдап, қантөгіссіз бейбіт түрде орыстарға берілуін талап етті. Ол хат сол күні кешке қала датқаға жергілікті қазақ елші арқылы жіберілді. Көп уақыт күттірмей, яғни маусымның 3-ші күні таңертең хатқа жауап келді. Онда Нияз Әли датқа асықпай ойланып, дұрыс шешім қабылдауға екі жұма, яки 14 күн мұрша берулерін өтініпті. Оның ойынша осы уақыттың ішінде Ташкенттен оны қолдайтын, қорғайтын қоқандық сарбаздар келіп жетеді деп жобалаған болатын-ды. Әрине, Шоқан барлығы бейбіт жағдайда шешілу керек деген ойда болды. Соған Шоқан да бар мүмкіншілігін жұмсады. Маусымның 4-і күні, түн бойы сіркіреп жауған майда ақ жауынға қарамай, таңертеңгі сағат 6-да М.Черняевтың отряды буырқана аққан тентек Талас өзенінен өтіп, Әулиеата қамалын шабуыл астына алды. Ауыр зеңбірек пен мылтық-винтовкалармен қаруланған әскерге қарсы тұру Әулиеата қорғаушылары үшін жеңіл емес еді. Бораған оқ астында қалған Әулиеата қамалының тұрғындары қолдарынан келгенше қасарысып, озбыр орыс әскерлеріне қарсы тұра білді. Бірақ, қарсы келіп, күресіп-айқасар күш тең емес еді. Шамалы сағатта Әулиеата қамалы өрт-жалынға оранып, сансыз үйлер қирап, жүздеген адам оққа ұшты. Қала тұрғындары арасында үрей мен қорқыныш орын алды. Нияз Әли датқа өзінің 400-ден астам атты сарбаздарымен қамалдың теріс жағындағы қақпа арқылы сытылып шығып, ел-жұртын тастап, бас сауғалап қашып кетуге мәжбүр болды. Қаруы жоқ біраз сарбаздар қала тұрғындарына араласып, жоқ болып кетті. Орыс әскерлері жергілікті тұрғындарды басып-көктеп, аяусыз жаншып-таптап Әулиеата қамалын қантөгіс соғыспен басып кірді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, сол күні қамалдағы 307 адам оққа ұшып, 390 адам әртүрлі жарақат алып, 341 сарбаз тұтқынға алыныпты. Ал орыс солдаттарынан бар болғаны 5 адам жарақатты болыпты. Оққа ұшып, қанға бөккен қарапайым халықты, аяусыз қиратылған қаланы, шаңырағы ортаға түскен үйлерді көрген Шоқанның мына шексіз жүгенсіздікке қарсы екенін М.Черняевқа ашық айтып, өз еркімен әскер қатарынан кетеді. Әулиеата шаһарын жаулап алғаннан кейін М.Черняев маусымның 7-і күні өз әскерінің шамалы тобын Верныйға кері қайтарады. Олардың арасында отставкаға шыққан жас офицер Шоқан да бар еді. Ш.Уәлихановтың сол «Түркістан жорығы» кезінде атқарған қызметін ерекше бағалаған М.Черняев оған ротмистр әскери атағын беріп, құрметтеп шығарып салды. Ал өзі сол әскери сапарын сәтті аяқтағаны үшін Ресей патшасының үкімімен генерал-майор шеніне ілікті. Жалпы, Шоқанды «шоқынған» деушілер оның Ресейге қызмет еткенін, барлаушылық жұмыста болғанын айтады деп ойлаймын. Бірақ бәрібір ол ең бірінші кезекке ұлтының мүддесін қойған. Сол себепті Шоқан ақырында Черняев жасағынан да кетеді. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін ол, негізі, сотталуы керек болатын. Бірақ бұрынғы еңбектері ескерілгендіктен болар, соңына түсіп, қудалаған ешкім болмайды. Күздің бірінші айының 22-і күні М.Черняевтің әскери отряды Шымкент қаласына басып кірді, ал полковник Веревкин басқарған топ Түркістан қаласына енді. Сөйтіп, 1864 жылдың күзінде генерал-мойор М.Черняевтің әскери жасағы Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге қосу операциясын ойдағыдай аяқтады. Сол уақыттан бастап Әулиеата (қазіргі Тараз) шаһары Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысының құрамына кірді. 1864 жылғы «Түркістан жорығы», оның Әулиеатаға сапары бүгіндері қазақтың мақтанышына айналған, құйрықты жұлдыздай көкте ағып өткен дарынды ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өміріндегі соңғы әскери жорығы әрі зерттеу сапары болды.Верный қаласына оралған Шоқан одан әрі әскери қызметтен мүлдем бас тартып, денсаулығы нашарлай бастаған соң, болашақтағы қатерді сезіп, ауасы таза, жері шұрайлы, суы шипалы жер жанатты Жетісу өңірінің сол кездегі беделді азаматы Тезек Нұралыұлы сұлтанның ауылына қоныс аударады. Осы жерде ол Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді. Бірақ, ауыр өкпе ауруынан (туберкулездан) айыға алмаған Шоқанның денсаулығы бірте-бірте нашарлап, ол сол дертінің асқынуынан 1865 жылы сәуір айының 4-інде Алтынемел өңіріндегі Көшентоған мекенінде (қазіргі Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Алтынемелге таяу елді мекен) 30 жасында көз жұмады да сол жерге жерленеді. Сөйтіп, алаштың ұлы ғалымы мәңгілік тыныштықты Жетісу жерінен тапты. Ғалымның зираты басына Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның тапсыруымен мрамор тастан биік ескерткіш орнатылды. Онда «Бұл араға 1865 жылы қайтыс болған штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген. Түркістан ген.-губернаторы К.П.Кауфман І-нің тілегі бойынша Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегі үшін, осы ескерткішті 1881 жылы ген.-лейтенант Колпаковский қойған», – деп жазылған.Тағдырдың тәлкегіне түскен қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов аз ғана ғұмырында этнография және географиямен, тарих пен фольклорлық зерттеулермен, суретшілік өнерімен айналысып, аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырған дарынды Алаш азаматы. Қазақ ғалымның еңбектері ХІХ ғасырдың әр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде. Шоқанның ғылыми еңбектері мен жолжазбалары жинақталып, сараланып, Қазақ ғылым академиясының қолдауымен 1983-1985 жылдары 5 томдық кітап болып ғалымның 150 жылдығына Алматыдағы баспадан шықты. Ұлы ғалымның өмірі мен еңбектерін зерттеп, жинауға қазақтың белгілі ғалым-этнографы Әлкей Марғұлан көп еңбек сіңірді. Реті келгесін соңғы кезде Шоқан төңірегінде жүрген мына бір келеңсіз қашпа, қаңқу әңгімені де көпшілікке жеткізгеніміз жөн болар. Кейбір тарихшыларымыз Ш.Уәлихановтың халқымыздың алдындағы еңбегін жоққа шығарып, ел арасына «ол орыстардың жансызы болған, Ресей империясына қызмет еткен, яғни ол ұлтымыздың сатқыны. Сондықтан, оны тым мадақтаудың, асыра дәріптеудің орны жоқ» деген теріс пікірді, яғни бүйректен сирақ шығарып жүргендері қынжылтады. Қазақ ұлтының бетке ұстар белгілі азаматын неге «хан талапайға» салып, онымен мақтанудың орнына, қаралап, даттауға, тіпті «қара суды теріс ағызуға» дайын тұратын әлгідей «тарихшы-саясаткерлердің» іс-әрекеттері кімге керек?! Сол Әулиеата сапарында ол Ресейдің отарлық саясатының мәнін қатты ұғып, тұла бойы мен түсінік танымын патша үкіметінен батыл аулақ салды. Терең күйзелістен тығырыққа тіреліп, ұлтының болашағын ойлап, оны қалай бостандыққа алып шығу керек деген күйікке оранды. Ол қазақ халқын азаттыққа шығарып, білімге, өркениетке ұмтылдырғысы келді. Әттең, оған сол қасіретке толы заманда қауқары да, күші де келмеді, оған науқасы да мүмкіндік бермеді. Кім білсін, мүмкін Шоқанның өмірден ерте кетуіне бір кездегі сенімді орыс достарының одан теріс айналуы, орыс патшасының отаршылдық теріс пиғылын, жаулап алу саясатын, қасында қатар үзеңгі қағысып жүрген орыс офицерлерінің отаршылдық жан-дүниелерін кеш түсінген ол морт сынып, қиянаттан ішқұсалыққа салынып, өмірден сөйтіп түңілгені, жерігені де себеп болған шығар… Не дегенмен ол төрелер отбасында дүниеге келіп, ақсүйектерге тән түзу тәрбие алып, жаны нәзік, жүрегі таза, ақ пейілді болып өмірге қалыптаспады емес пе?! Тағы бір мәліметтер, Шоқанның өмірінің қысқа болу себебін патшалық Ресейдің оның өміріне қастандық жасағаны айтылады. Мысалы, белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Мен өзім соңғы кезде «жалпы, Шоқанның өмірін қайта қарау керек» деген пікірде жүрмін. Себебі ол Достоевский, Чернышевский сияқты орыстың ұлы адамдарымен араласып, оларды жанына жақын тұтып келді. Черняевпен бірге оқыды, дос болды. Кейіннен Черняев табан астында генерал, әскербасы болып кетті, Ташкентті басып алды, Әулиеатаны, Жетісу аймағын басып алу миссиясы соған бекітілді. Черняевтің Жетісуға бет алғанын естіген Шоқан одан «Қандай мақсатпен келе жатырсың?» деп сұраған. Черняев болса: «Кітапханалар, мектептер ашамын, бәрін салдырамын, сөйтіп, қазақ халқының көзін ашамын», – деген. Шоқан оған қуанып, Әулиеатадан күтіп алған. Сонда қараса, арбаларға беттері жабылған бірдеңелер тиелген екен. Ашып қараса, ешқандай да кітап емес, зеңбіректер болып шыққан. Жүрегі зырқ ете қалып, «Мұның не?» десе, Черняев: «Көнбегендерді осы зеңбірекпен көндіреміз», – деген. Міне, содан бастап екеуі бір-бірінен кетісе бастаған. Черняевтің Әулиеатадағы мешітті атқылауы Шоқанды одан әрі шошындырған. Сол кезде барып бұлардың қазаққа ешқандай да дос емес екенін анық түсінген. Өкпелеп кетіп бара жатқан кезінде, Черняев артынан аттырған. Мен кезінде Әнуар Әлімжановпен жақсы араласқан едім. Ол: «Содан Шоқанның өкпесінде оқ қалған. Сол оқ ақыры ажал оғы болды. Әйтпесе ол – аға сұлтанның баласы, ештеңеден таршылық көрмеген адам», – дейтін. Расымен де, өкпе ауруы деген – жоқшылықтан, тапшылықтан туындайтын әлеуметтік ауру. Ал Шоқан тоқшылықта өмір сүрген, ішкені – қымыз, жегені – қазы-қарта, Петербургке де ақшасын қалтасына басып барған. Сондықтан оның өкпе ауруына шалдығуы мүмкін емес. Бірақ өкпесінде оқ болғанын бәрі жасырып келген, немен ауыратынын нағашысы Тезек төреге өзі де айтпай кеткен. Өлген кезінде Жетісуды билеген генерал Колпаковскийлер бас болып барып, бір түннің ішінде апай-топай жерлеп, басына тақта қойып кеткен. «Осындай асығыстықтың артында да үлкен бір құпия жатыр. Шоқанның өмірін қайта жазу керек», – деп Әнуар марқұм айтып жүретін. «Шоқанның трагедиясы неде?» деген – үлкен мәселе. Егер тек қана «аурудан өлді» дейтін болсақ, ол – табиғи нәрсе. Қайғылысы – қайғылы, бірақ ұлттық трагедияға көтеріле алмайды. Ал мынадай өлім – ұлттық трагедия. Осы орайдағы екінші бір жорамал «Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатқан жоқ, басқа адам жатыр» дегенге саяды. Себебі әбден ескіргенше оны қарауыл қарап тұрған. Яғни «біреулер қаза ма, тексере ме» деп сақтанса керек. Әбден бертінде сол молада жатқан адамның киіммен, әскери мундирде жерленгені белгілі болған. Егер мәйіт Шоқандікі болса және ол мұсылмандық жолмен қойылса, неге ол киіммен жерленуі керек?! Осы орайда, мен Әнуар Әлімжановтан Шоқанға қатысты қызық дерек естіген едім. Кезінде Әнекең қазақтан тұңғыш рет Америкаға барып, әл-Фараби жайлы екі ай дәріс оқып келген. Сонда бір әңгімелескенімізде: «Сол кездегі архивтерден әл-Фараби жайлы деректер іздеп отырып, 1875 жылғы газеттен Шоқанның өлімі жайлы қазанама кезіктірдім», – деді. Ал Шоқан, біздіңше, 1865 жылы қайтыс болған. Әлгі қазанамада «Жақында Орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхатшы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды» деп беріліпті. Әнекең: «Бір жыл кешігіп берілсе, жарайды, ал қалайша бұл он жылдан кейін жарияланады, соған мен қатты таңғалдым», — дейді. Ол өзі тарихты жаны сүйетін, сондай білімді, ізденімпаз азамат еді. Сөйтіп, Америкадан келген бойда Шоқанды зерттей бастаған ғой. «Сондағы анықтағаным, бұлардың мәйітті киіммен көміп, молаға қарауыл қойғаны тегін емес. Бұлар Шоқанды Жоңғарияға екінші мәрте жіберген. Ондай сауатты, патша өкіметінің бұратана халықтарға қарсы жымысқы саясатын білетін, орыстың талай әскери құпиясынан хабардар адамның қазақ ортасында жүре бергені тиімсіз болған. Ал ана жақтан тірі қайтпайтынын білген. Сол үшін де қайта жұмсаған. «Шоқан ол жақта үйленген, тіпті қызы да бар, сонда қайтыс болған» деген әңгіме естідім. Енді осыны зерттеймін», – деп жүретін. Ал әлгі газет – не газет, оны алып келді ме, келмеді ме – ол жағын сұрамаппын. Бірақ мен білетін Әнекең тарихи деректерге, құжаттарға өте мұқият қарайтын, тым болмаса, көшірмесін алып келген болуы тиіс. Бірақ Әнекеңнің архивінде ол сақталды ма, сақталмады ма – оны да білмеймін. Қалай болғанда да ол кісінің жұрт естімеген, білмеген осындай бір жорамалы бар болатын. Бұл да – Шоқанға байланысты тарихтың құпия беттерінің бірі» («Алаш айнасы», 4.12.2010 ж.). «…Ой-пікірлер ағысын саралай келе айтарымыз – шоқантанудың ғалымның ғылыми еңбектерінен бастап, өмір жолына, жеке тұлғасына қатысты жаңаша көзқараста, соны сипатта серпін алатын уақыт әлдеқашан жетті. Шоқан бабамыздың тұлғасы да, тағдыры да жұмбаққа толы. Халық жазушысы Төлен Әбдіковтің сөзіне сүйенсек, Қазақстан ғалымдары КСРО заманында Шоқан денесіне эксгумация жасау жөнінде рұқсат сұрап, Мәскеуге хат жолдаған. Бірақ үзілді-кесілді қарсылыққа тап болған. Осының өзі-ақ ұлы этнограф, көрнекті ағартушы, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан өлімінің өзінде үлкен құпия жатқанын айғақтап тұрған жоқ па?.. Бірақ біздегі ғылыми орта мен зиялы қауым атаулы осыдан кейін де үнсіз қалып жатса, таңғалмаңыз. Ежелден-ақ солай болған, мүмкін, солай бола да береді…» деп аяқтайды өз ойын журналист Роза Рақымқызы «Алаш айнасы» газетінде (4.12.2010 жыл) жарияланған мақаласында. Шынында да, қазіргі ғалымдар өзара айтыс-тартысты доғарып, Шоқанның өмірі мен қызметін түбегейлі зерттеп, халыққа шындықты жеткізгені жөн. Бұл игілікті іске тарихшы-шоқантанушылыр, парасатты ғалымдар өз үлесін қосса жақсы болар еді.
сағындық Ордабеков,медицина ғылымдарының
докторы, профессор