Барлаушы қазақ қызы

Барлаушы қазақ қызы

Барлаушы қазақ қызы
ашық дереккөзі
806
Қиыр Шығыс майданында Б.Момышұлымен кездескен

Екінші дүние жүзілік соғыс тарихын зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, ХХ ғасырдың қасіретті оқиғасы болған бұл соғысқа әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, 110 млн. адам қолына қару алып, 40 мемлекеттің жері соғыс өртіне шалынып, майдан баталиясына 61 мемлекет тартылған екен.

Дүниені оқ пен отқа ораған осы бір мың төрт жүз он төрт күн мен түннен біздің іздестіретін тарихи дерек пен дәйектеріміздің әлі де көп екені ақиқат. Мәселен, ел шетіне жау тигенде ерлермен бірге қолына қару алып, соғысқа аттанған майдангер қазақ қыздарының жауынгерлік өмір жолдары мен олардың кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық батырлық ерліктері отандық тарих ғылымында әлі де терең ізденіс нысанына айнала алмай келеді. Жалпы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы майдан даласындағы жауынгерлерден 110 түрлі мамандықтың түрін игеруді талап еткен екен. Ерлермен бірге майданға аттанып, қанатымен су себелеген қарлығаштай болса да Жеңіс күнін жақындатуға үлестерін қосқан жауынгер қыздардың әскери мамандықтарды игерудегі ерліктері жөнінде Кеңес Одағының маршалы А.И.Еременко өзінің әскери мемуарлық еңбегінде: «Ұлы Отан соғысында қыздар араласпаған, қыздар меңгермеген әскери мамандық кем де кем», – деп бағалаған еді. Ал сұрапыл соғысқа қатынасқан жа­уынгер қазақ қыздары болса аспазшы, хат тасушы, дәрігерлік көмек көрсету сияқты мамандықтарды игерумен бірге, сол уақыттағы қыздар арасында сирек кездесетін ұшқыш, танкшы, мерген, пулеметші, барлаушы, байланысшы сияқты әскери мамандықтардың барлығын да меңгерген. Бұл сөзіміз дәлелді болу үшін, мұндай әскери мамандықтарды игерген қазақ қыздарының тізбегін былайша келтіруге болады. Кеңес Одағының батыры атанған қазақ қыздары мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова, шығыстан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Х. Доспанова, сондай-ақ Литва қаласын азат етуге қатынасқан танк экипажының құрамында танк айдаған қазақ қыздары «Батырлығы үшін» медалінің иегері, кіші сержант Ж.Байтасова, К.Талқанбаева, жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын жаудан «тіл» әкелетін (жеңіл танкідегі) барлаушы К.Тоқбергенова, сонымен бірге осы танк экипажының радист, пулеметші қызы Ж.Бисембаева т.б. Міне, республика көлемінде майдан даласында ерлік көрсеткен қазақ қыздарының есімін осылай одан әрі жалғастыра беруге болады. Ал Орал өңірі бойынша жоғарыда айтылған әртүрлі әскери мамандықтарды игеріп, соғыс даласында ерлік көрсеткен қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспановадан өзге де өлкемізден шыққан жауынгер қазақ қыздары аз болмаған. Мысалы, олар: І гвардиялық авиакорпусының құрамында Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, бірінші және екінші Прибалтика, бірінші және екінші Белорус майдандарындағы сұрапыл соғыстарға және Берлинді алуға қатынасқан радио-байланысшы Ғарифа Рахметова мен Зылиха Наушева, 33-гвардиялық артиллериялық полкінің құрамында Қырым, Дон, Сталинград шайқастарына, Украин, Молдаван рес­публикаларын, Румыния, Польша, Чехо­славакия жерлерін азат ету жорықтарына қатысып, Ұлы Жеңісті Берлинге таяу Дрезден қаласында қарсы алған байланысшы кіші сержант Шағила Құсанова, Карелия майданында партизан бөлімшелерінің ІІ клас­ты байланысшысы болған, бүгін 91 жасқа келіп отырған Майра Мақатова, Витебск облысының жерінде соғысқа қатынасқан, «Ерлігі үшін» медалінің иегері ефрейтор мерген қыз Мәлика Тоқтамышова, С.Г.Жунин басқарған 8-партизан бригадасының байланысшысы, Белоруссия партизаны «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысының партизаны» жауынгерлік медальдарының иегері Нұрғаным Байсейітова, Қиыр Шығыс майданы Хабаровск бөлімшесінің жауынгерлері Әзима Ниязғалиева, Мүслима Үмбетова, Қаламсия Ермекова сияқты майдангер аналардың ерлігін біреу білсе, біреу білмейтіні анық.Сондықтан кешегі жауынгер, бүгінгі ардагер ана Қаламсия Ермекованың жауынгерлік өмір жолдары туралы естелік әңгімесін мақала арқауына айналдырып, көпшілік қауымға ұсынғанды ұрпақ парызы санадық. Қаламсия Ермекқызы 1921 жылы Орал облысы, Жымпиты ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, жастайынан тіршілік тауқыметін көріп өскен майдангер ана өзінің балалық шағы туралы: «1921 жылы аламан уақытта дүниеге келіппін. Әкеміз дүниеден ерте озып, бес баламен қалған анамыз байлардың есігінде жалданып жүріп, жоқшылық, аштық – осылардың бәрінен бізді аман алып қалған. Өміріміз өте қиын болды. 1932 жылғы аштықтан да колхоздың сиырын сауып жүріп, тағы да сол анамыз аман қорғап қалған», – дейді. Осылайша аяулы ананың арқасында бойжетіп, 1940 жылы Жымпиты ауылының орта мектебін, кейін Орал қаласындағы мұғалімдер дайындайтын училищені тәмәм­даған жас қыз ағаларымен бірге анасына серік болып, ауылдың түрлі тірлігіне араласа бастайды. Алайда алаңсыз бейбіт өмірдің шырқы тағы да бұзылып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Екі ағасы соғыстың алғашқы күндері майданға аттанып хабарсыз кетеді. Қаршадайынан қандай қиындықты да қаймықпай қарсы алуға үйренген жас қыз анасының қарсылық білдіргеніне қарамастан, екі ағасының кегін алмақшы болып, өз еркімен майданға баруға бел байлайды. Әуелі Жымпитыдағы екі айлық өзін-өзі қорғау (самозащита) курсын оқып тәмәмдаған Қаламсия аудандық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры «он күндік жол азығыңызды алып келіңіз» деген шақыру қағазын алады. Сөйтіп, 1942 жылдың қыркүйек айында Оралдан аттанған жиырма төрт қыздың арасында жымпитылық қазақ қыздары Әзима Ниязғалиева, Мүслима Үмбетова, Қаным Алмағанбетовалармен бірге Қаламсия Ермекова да бар еді. Жауынгер Қаламсия ана: «Майданға жөнелтілген бізді әскери саптың қатарында вокзалдағы есік терезесі аңғал-саңғал қызыл вагонға алып келді. Қызыл вагон демекші, біз мінген поезда өкпесіне суық тиіп 6 ай демалыстан соң, қайтадан Қиыр Шығыс майданына бара жатқан Қасым Аманжолов та бар екен. Оның:Оралым, шықтың алдымнан,Оралым менің Оралым, Қол созып қызыл вагоннанҮстіңнен өтіп барамын, деген өлеңін перронда тұрып біз де тыңдадық», – дейді. Қыздар мінген эшелон Ленинград майданының атқыштар дивизиясына жіберіледі. Алайда Ленинград қаласы жау қоршауында қалғандықтан, олар Ленинград маңында бір ай тұрып қалады. Кейін, «орта білімі бар қыздардан жасақталған әйелдер батальоны Қиыр Шығыс майданына жіберілсін» деген Орталықтың бұйрығы бойынша, бұларды енді Қиыр Шығыс майданына жөнелтеді. Қапырық вагонның ішіндегі салом шөпті көрпе, жастық ете отырып, 200 шамалы жауынгер қыздар поезбен 62 төнелден, Байкал көлінен өтіп, жиырма екі күн дегенде Хабаровск қаласына жеткізіледі. Содан соң оларды 180 шақырым жердегі Милитовск ауылында қысқа мерзімді курстан өткізіп, әртүрлі әскери бөлімдерге жөнелтеді. Қаламсия Ермекова маршал Малиновский басқарған ІІ Қиыр Шығыс майданының десантшылар армиясының құрамында Жапония басқыншыларына қарсы соғысқа қатысады. Өзінің жауынгерлік өмірі туралы Қаламсия ана: «Қалың орман арасында барлаушы да болдық, түнгі күзетте де тұрдық. Самолеттерді күзетеміз. Жау біздің күзетте тұрған жауынгерлерді, офицер шенділерді ұрлап алып кетіп, оларды өзімізге қарсы үгіттейтін болды, бірақ мен одан да аман қалғанмен, екі рет ауыр жарақат алдым», – дейді.Бірде шекараның түнгі күзетінде тұрғанда басына снаряд жарқыншағы тиіп ауыр жарақаттанған Қаламсия Ермекова Хабаровск қаласындағы әскери госпитальда 2 ай жатып емделіп шығады. Майдангер ананың жастайынын өмірін өлеңмен өрнектейтін ақындық қабілеті бар еді. Өзінің майдан даласынан елге жазған сондай бір хатында: Мекенім жерден қазған ұзын барақАуыр іс, өтіп жатты уақыт санап,Туған жер бәрінен де қымбат екен, Аңсаймын батыс жаққа күнде қарап, – деп қыз жүрегінің туған жерге деген сағынышын жеткізсе, енді бір хатында Отан алдыңдағы жауынгерлік міндетін былайша өрнектейді. Оқ аттым, мен жауларға халқым үшін,Байқадым минут сайын жаудың күшінСуық жер, қараңғы түн ауыр тиді,Секірдім самолеттен парашютпен Аман өттім лаулай жанған қалың өрттенКүзеттім жау өткізбей шекараданҚорғадым Отанымды шын ниетпен Жері су, қалың орман, тауы биік Басында ойнайды екен марал, киік Күзетте тұрғанымда, жарылған снарядтың оғы тиіп, Емделдім Хабаровск қаласында». Майдангер ана өзінің жауынгерлік өмірін еске ала отырып, есінде ерекше сақталған мына бір оқиға туралы: «Күздің суық бір күні біздің десантшылар батальоны шұғыл сапқа тұрғызылды. Жорыққа аттанатын шығармыз деп ойладым. Қолбасшылар арасынан бір адам шапшаң адымдап, біздің батальонға таяды. «Араларыңда қазақ бар ма?» – деген сұрақты естігенде әрі таңданып, әрі қапелімде абдырап қалдым. Өйткені қазақ тіліндегі дауысты естімегелі біраз болды ғой. Саптың ортасында тұрған мен оның қазақ екенін қапелімде байқай алмай қалып едім. Бір қадам алға шығып «Мен қазақпын», – деп дауыстадым. Жақындап келді де, «сен қалмақ емессің бе? – деді. «Жоқ, қазақпын Орал облысынан келдім», – дедім.Кейін білдім, бұл есімі алты алашқа мәлім болған Бауыржан Момышұлы екен. Бізбен штабта да әңгімелесті. Маған қарап: «Біз, қазақ – батыр халықпыз, намысты, инабатты халықпыз. Халық туын жоғары ұстау керек. «Понятно» деп маған тесіле қарғанда қолымды шекеме апарып, «Так точно» дегенім есімде. Қазір бір өкінетінім, тұрмыстың ауырлығынан мына тұрған Алматыға барып, Бауыржанды тірі кезінде көріп сәлемдесе алмадым», – дейді. Қаламсия ана шөбересінің есімін Бауыржан атапты. Чапаев ауылының мектеп-гимназиясының 9 класында үздік оқып жүрген Бауыржанның болашақта әскери академияда оқығанын тілейді. Үлкенге сәлем беру салтымыз ғой, Қаламсия апаға көрісе барғанымда көктемгі каникулды әжесінің қасында өткізіп, Оралға келіп жатқан Бауыржан да батыр атасындай әскери маман болуды армандайтынын айтты. Жауынгер қыздар Владивостоктың Березовка деревнясының маңында 1945 жылдың 15 қыркүйегінде соғысты аяқтап, елге аман есен оралады. Қаламсия Ермекова жауынгерлік ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысы» ордені және «Жуков» медалімен марапатталады. Майдангер ана елге жеңіспен оралған соң бейбіт өмірге араласып, балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет етеді. 1946 жылы Панфилов дивизиясының құрамында барлаушы болған кіші сержант соғыс ардагері Машаев Самиғолламен шаңырақ көтеріп, қос ардагер отбасында бес бала тәрбиелеп өсіреді. Ардагер Қаламсия Ермекова 1971 жылдан бері зейнет демалысында. Қазір облыс орталығындағы мемлекеттің соғыс ардагерлеріне берген көп қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтерде немересімен бірге тұрып жатыр. Көзәйнегінің көмегімен күнделікті газеттерді оқып, ұсақ маталардың қиындысынан аяқ асты шағын төсеніштер тоқуды ермек етеді. Ардагер ана: Жеңіске 68 жыл толғаныма,Жас бала осы жасқа толғаныма,Жауды жеңіп, бейбіт аспан астында Қуанам мен жауынгер болғаныма,Жауынгерлер жиналып сапқа тұрғанБір кезде жауды жеңген алып қыран, Келіңдер Жеңіс тойын құттықтайық, Біздерден ұрпақтарға қалсын ұран.Сұлтаным ту көтеріп, ел бастағанХалқына қамқоршы боп болған панам68 жыл жеңіс тойың құтты болсын, Батыстан сәлем жолдайды солдат анаң Өмірде өмір болады елден ерек,Бақыт пен тіршіліктің орны бөлек. Жауды жеңген батыр ағам Бауыржанды, Еске алып отырамын, әнге бөлеп,Өмірдің қызығына болдым зия,Өлеңді жеңіске арнап, жаздым қия68 жыл жеңіс тойын құттықтаймын,Жауынгер Ермекқызы Қаламсия, – деп жырлайды. Иә, кешегі соғыс салған жарақаттар сыр беріп, түн ұйқысын сан рет бөлсе де, 93 жасқа қараған қайратты ана өзін әрдайым жинақы, сергек ұстауға тырысып, ел басына күн туғанда қолына қару алып, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың өнегелі өмірін бүгінгі жас ұрпаққа жеткізуді өзінің міндеті санайды.
Б.С. Боранбаева,Батыс Қазақстан инженерлік- гуманитарлық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары