«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС»

«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС»

«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС»
ашық дереккөзі
828

Ғалым-педагог Мұстафа

туралы бірер сөз Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ауылдас ағамыз Мұстафа туралы бала жастан естіп өстік. Әкем Кәрібоз 1943 жылы Ұлы Отан соғысында жараланып, ІІІ дәрежелі мүгедек болып елге оралғаннан кейін колхоз жұмысына белсене араласқан, бригадир, ферма бастығы, ең соңында алты айдай колхоз төрағасы қызметтерінде жан аямай еңбек еткен. Ол кісі Мұстекеңнің ағасы Алдаш ақсақалмен өте жақын сыйлас, дос-жар болған. Алдаш ақсақал туралы жиі еске алып отыратын әкем Мұстекең туралы да арасында айтып қоятын. Орта мектептің жоғары кластарында оқып жүргенде елден шыққан кімдер бар деп құлақ түре жүргенімізде осы Мұстекең туралы да басқа ағаларымызбен қатар түрлі әңгімелер еститінбіз. Кейін студент кезімізде ағамызды көрдік, лекциясын тыңдадық, міне 35 жыл болып қалыпты, бір ұжымда бірге қызмет жасап келеміз. Матаев Мұстафа 1964-67 жылдар ара­лығында СОКП Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академия­сының аспирантурасында оқып, осы ака­демияның шешімі бойынша 1967 жылы 10 қарашада философия ғылымдарының кандидаты атағына ие болған. 34 жаста ғылымдардың ғылымы философиядан Москвада кандидаттық диссертация қорғау ол кезде сирек кездесетін оқиға, үлкен жетістік еді. Сөз жоқ, бұл жерде әңгіме талап пен талант, ізденімпаздық пен білімдарлық төңірегінде айтылуы тиіс. Алыстағы ауылдан шыққан, орта мектепті қазақша оқыған жас ғалымның бұл қадамы ел үшін де, ғылым үшін де үлкен оқиға болғаны күмәнсіз. Мұстекең – ғалым-оқытушы. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіргеннен кейін Қазалы ауыл шаруашылығы техникумында оқытушылық қызметін бастаған ол бүгінде жоғарғы оқу орнының профессоры. 1969 жылдан бері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін адал, үлкен жауапкершілікпен атқарған, елуден астам ғылыми еңбектері мен мақалалары түрлі басылымдарда жарық көрген, философиялық хикаяттар: «Достарым, менің достарым», «Көзімнің нұры», «Ойлап тұрсам дүние…», сонда-ақ «Мемлекет және құқық теориясы» курсы бойынша оқу-әдістемелік кітаптары жарыққа шыққан. Көптеген шәкірт тәрбиелеген, облыс, республика көлеміндегі ғылыми мәжілістерге, семинарларға қатысқан, қоғамдық жұмыстардың қай уақытта болмасын бел ортасында жүретін Мұстекең – білім мен ғылымның өз адамы, «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап жүрген», (З.Қабдолов) студенттер алдында аса зор беделге ие болған ұлағатты ұстаз. Біз де студент болғанбыз, ағамыз туралы бір ауыз болса да жаман сөз естіген жоқпыз. Студенттеріңіз халық өте талғампаз, кірпияз жастар ғой, олар қаламаған оқытушылар туралы талай аңыз, әңгімелер шыққан, шыға да бермек… Сарғайып кеткен қағазын қолтықтап, жазған бірдеңелерін студенттердің алдында ежелеп оқып беріп, лекция оқыдым деп аудиторияға кіріп-шығып жүргендер де бар. Мұстекеңдердің бітім-болмысы, білімі мен білігі олардан тіпті бөлек, ағамыздың аудиторияға кіріп шығуының өзінде біле білген адамға үлкен мәніс бар. Бұл кісі — гүлден бал жинаған арадай өмір бойы оқып, тоқып келе жатқан және өз ойлары мен пікірлерін қай жерде қалай айтуды білетін әдіскер, білімпаз адам. Жүріс-тұрысы, киім киісі, ойлау мәнері мен машығы алыстан мен-мұндалап, тартып тұрады. Дүниеге ұстаз болып келгендей бұндай ағаларымыз, өкінішке орай, көп емес. Ағамыздың ғалымдығы, ұстаздығы, оқытушылығы оның тұлғасының бір ғана қыры… М.Матаевтың республика көлеміндегі ғылыми-педагогикалық жұмыстары ес­керіліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, КСРО Жоғары білім саласына сіңірген еңбегі еленіп «Еңбектегі үздік табыстары үшін» төсбелгісімен, саяси және ғылыми білімдерді насихаттаудағы, еңбекшілерге патриоттық білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. М.Матаев 1996 жылы Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі, 2005 жылы Педагогикалық білім беру ғылымдарының халықаралық академиясының академигі болып сайланды. 2009 жылы Қызылорда қалалық мәслихатының шешімімен «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», 2011 жылы «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атақтары берілген. Ақзия апамыз екеуі дүниеге әкелген ұлдары мен қыздары қазір әулеттің, туған-туысқанның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтаныштарына айналған. Бақыт деген осы. Перзент сүйеді екенсің, оны оқыт, тәрбиеле, атаның емес, адамзаттың баласы болсын деп баулы, бақ, өсір. Міне, ата-ананың міндеті. Мұстекең мен Ақзия апамыз бұл жағынан келгенде, нағыз зиялыларға лайық үлгілі де ұлағатты өмір сүре білген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған адамдар, немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытты ата-аналар. Ағаның үйі — ақ жайлау. Ақзия апамыздың ақадал дастарқанынан талай дәм татқанбыз, тазалық, ұсынақтылық, талғампаздық, алдыңа қойған ас мәзірін ішпей-жемей тойып отыратындай асқан бір мәдениеттілік, кішіпейілділік орнықты отбасының отанасы – Ақзия апамызға тән ерекше ажар, биік болмыс болатын. Ерте дүние салғаны өзек өртейтін өкініш болғанымен, Ақзия апамыздың орнын басқан Торғын жеңгеміз де тегін емес. Әйелдік, аналық үлкен парасаттылықпен Мұстекеңнің қолтығына демеу, жанына медеу, балаларға бас-көз болып келе жатыр. Әке, ата ретінде Мұстафа ағамыз – әрі айбынды, әрі айдынды. Отбасы мүшелері ағамыздың қас-қабағына қарап іс қылуға, тіршілік етуге қалыптасқан. Шүкір деуге болар, ағамыз жасаған 80 жылдың босқа өтпегеніне басты дәлел осы әулет, осы отбасы, оның кешегі, бүгінгі, болашақтағы ұзақ, мәңгілік өмірі. Түбірдің, тектің мықтылығын айғақтайтын діңгек деген сөзді дәл осы тұста Мұстекең тұлғасына бағыттап айтсақ, қателеспесіміз айдан анық. Мұстекең ағамыз жай жүреді, жай сөйлейді, студенттерге лекцияны дауыс күшейткішті қосып тұрып оқиды. Мұстекеңнің біреумен шапылдасып ұрысып жатқанын көрмейсің, белгілі бір ортада, мәжілістерде бастамашыл болып сөз сөйлеуге құмар емес, көпшілік жағдайда әліптің артын бағып отырады, пікір айтса орнықты, тауып, тұжырымдап сөйлейді. Дұрысында, бұл қалып «ақырын жүріп анық басу» (Абай) ұстанымынан болар. Отбасында, отырыстарда, жиналыстарда, кеңестер мен мәжілістерде салқын сабыр иесі ағамыз жай сөйлейді, нық сөйлейді, ойларын жеткізуге, қорғауға келгенде өте принципшіл, логикасы темірдей берік, тілі өткір, айтқандары дәлелді де дәйекті. Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың тарихында, қазір ойлап отырсам, ең жас декан мен екенмін. 1000-ға жуық студенті бар факультетті басқарып кету, әрине, оңай болған жоқ. Ағаларым көмек қолын созды, бауырына тартты, мені қиындықтан бас көтере алмай мұқалып қалмасын деп ойлаған болар, әр уақыт жігерлендіріп, ақыл-кеңестерін аямай айтып, кабинетіме келіп, жағдайымды біліп кетіп жүретін. Солардың бірі Мұстекең еді. Әлі есімде, кездескен сайын ол қағаздарыңа мықты бол дейтін. Бірде ол өз факультетінің жоспарының көшірмесін маған беріп тұрып, «жұмыстарыңды жоспарлап және оны нақты орындап үйренуге қалыптас» деген. Тағдырыма ризамын, жақсы ағалармен жүрдім. Менің өмірімде ерекше орын алатын Нұрекең, Нұрлыбек Ерназарұлы ерекше адам еді, бір өзі жарты әлем болатын. Жалындап жүрген жақсы ағадан ерте айырылдық, өз отына өзі күйіп кеткендей көрінеді маған… Медеуәлі Бимағамбетов, Базарбек Қашқынбаев, Нұриддин Дарқұлов ағаларымыз қандай еді, олар бір-біріне ұқсамайтын тау тәріздес тұлғалар еді. Солардан қалған көз қазір жалғыз Мұстекең екен. Осы ағаларым мені жас деген жоқ, өздерінің тобына қосты. График жасап қойып, әр сенбі, жексенбі сайын бірінің үйіне бірі қыдырып жүретін. Балалық шақтары Ұлы Отан соғысына тура келген бұлардың картоп пен алма жеп қарын тойдырғанбыз деген сыңайлы әңгімелерін жиі еститінбіз. Қиыншылықты бастарынан көп өткерген ағаларым әділдік дегенде алмас қылыштай жарқылдайтын. Базарбек ағамыздың қытығына тисең, кім болсаң ол бол, бастық па, басқа ма қарамайтын, тас-талқан ететін, сөйлегенде түбін түсіріп, жеріне жеткізіп, тұқыртып сөйлеп, қарсыласын төпеп тастайтын. Әділдік, адалдық үшін жан беруге бар ағаларымыздың үлкені Нұрекең болатын. Бұл кісі үнемі күліп, әзілдеп отыратын, үлкендік жасайтын. Көп нәрсеге басу айтып отыратын оның ақсақалдығы мол еді. Мұстафа Матаев – ғалым, ұстаз, әке, ата. Осылардың барлығында ол төменде емес, төбеде отыр. Осы аталғандар жолындағы оның өмірі өзгелерге өнеге, үлгі. Аспай-ақ, таспай-ақ, желмаяның жүрісіндей жайлы жүріспен, «ақырын жүріп, анық басқан» ағамыздың басқаларға үйретерлігі мол. Өмір-тақтайдай жазық емес, кедір-бұдыры көп күрделі құбылыс. Осыдан сүрінсе де құламай, иілсе де бүгілмей келе жатқан ағамыздың сексен жылдығы– өзінікі ғана емес, бәріміздікі, еліміздікі.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары