632
«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?
«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
Дәулетғалиев, Мүсірепов, Алтынбеков жолдастар өз кінәларын мойындай отырып, бір кемеде болған Қуанышевтің Өлкелік партия комитетінде сөйлеген сөзімен келіспейміз деп мәлімдей келіп: «…Оның сөзі партияға қарсы лекеровтік-ұлтшылдық нұсқаумен үндес және біздің құжатта баяндалған мәселелерден тіптен де алшақ жатыр», – деп одан неге ат-тондарын ала қашты? «БК(б)П Өлкелік комитетіне, Голощекин жолдасқа. Өлкелік комитет бюросы қаперіне мына төмендегілерді жеткізуді Сізден өтінемін. Ағымдағы жылдың 4 шілде күні өткен бюродан кейін бірқатар жолдастардың сөйлеген сөздерінен соң және өзімнің жекелеген басшы жолдастармен пікір алысқаннан кейін, сондай-ақ Өлкелік комитеттің соңғы құжатымен (қаулысымен) танысқаннан кейін, мен бір шешімге келдім. Мен партия жолына емес, махрово-оппорунистік жолға түскен екенмін. Мен оппортунистердің ұйығына батыппын. Өлкелік комитеттің лениндік бағытын (барлық мәселелер бойынша) тексеру жолына түсіп, Өлкелік комитет басшыларына орынсыз шабуылдап, тек «жолға түсті емес-ау» тексерумен тікелей айналыса отырып, басшылыққа жөн-жосықсыз тиісіппін. Менің қателігім – біздің жетістіктерімізді бағаламай, кемшіліктерімізді асыра көрсету және қиыншылықтар алдында дау-дақпыртқа ұрынған өзімнің сөздерімнен-ақ көрініс беруінде. …Менің барлық қателігім – Өлкелік комитет бюросында біздің елдегі жағдайды жете түсінбеушілігімізден болды деп ақталғанымызбен, партия ұйымынан жасырын ұстау әрекетімізден және біздің Өлкелік комитетке титтей де шындықты жазбаған мәлімдемемізден және тағы басқа да жайлардың қабаттаса жүруінен болды. Жоқ, біз бәрін де анық түсіндік. Бірақ партиялық тұрғыдан емес. Менің барлық айтқандарым, жұрт алдында сөйлеген сөздерім және жазған құжатымыз тап жауларына қарсы күресіп, барлық қиыншылықтарды жеңіп шығуда емес, партия мен партияның жекелеген мүшелерін, жұмысшылар мен колхозшыларды әлсіздендіріп, бай мен кулактарды және ұлтшылдарды қаруландырған махрово-оппортунистік тұрғыда болғанын түсіндім. Мен жұртты жұмылдырумен емес, таратумен айналысыппын. Өз қатемді басқадан емес, маған ауылдағы кемшіліктер туралы көпірме көп сөздер арқылы келген кулак-ұлтшылдық идеологияның ықпалымен, ұлтшыл элементтермен (Лекеров) жақындасып, достық байланыста болуым арқылы және жекелеген фактілерге сын тұрғысынан қарамау арқылы жеткенінен көремін. Менің осы қателігімді түсінуге көмектескен Өлкелік комитет оны түзетуге де көмектеседі деп сенім артамын. Мен қол қойған хаттағы жіберген қателіктерімді іс жүзінде бар күш-жігерімді салып түзетуге тырысамын. Қуанышев 12.VII. 32 жыл». Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті президиумының мүшесі және энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышев теке сақал Голощекиннің алдында осылай етбеттей жатып, ақталады деп кім ойлаған? Дәулетғалиев, Мүсірепов, Алтынбековтің онымен келіспеуінің мәні де осында жатса керек. Қуанышевтің мойындауы өздеріне де қатысты болған соң Голощекиннің алдында жағдайларының тым қиындап кетері кәдік. Қуанышев шыбын жаным қайтсем аман қалады деп барлық кінәсіне Әзімбай Лекеровті жазғырыпты. Оны ұлтшыл-элементтер қатарына жатқызып, Голощекиннің жебелі садағын өзінен соған қарай бұрса не шара. Тек бір Қуанышев болса мақұл-ау, басқалары да хатқа қойылған қолы жоқ Лекеровті сұқ саусақтарымен көрсетіп, оған қара бояуды баттастыра жаққандары қандай адами қасиетке жатады? Батырға да жан керек. Бауыздалып жатқанда қой екеш қой да тұяқ серпиді емес пе. Ол неге үнсіз қалсын. «БК(б)П Өлкелік комитеттің бюросына, БК(б)П мүшесі Лекеров Ә. Мәлімдеме Топтың белгілі құжаты жөнінде Өлкелік комитет атына мынаны мәлімдеймін. Құжат маған белгісіз және оны құрастырғанда қатысым болған жоқ. Авторлардың Өлкелік комитет секретариатында ауызша сөйлеген сөздерінен мен мынандай әсерді бастан кештім. 1. Сөз жоқ құжат тұғырнамалық мәнге ие. 2. Қазақстанның қазіргі жағдайы және болашағы біржақты күңгірт түспен көрсетілгендіктен, көзге адамды торықтыратын көңілсіздік көріністерін әкеледі. Иә, осы екі жағдайды да айыптауға болады. Құжатпен жете таныс еместігім мені көтерген мәселе бойынша жан-жақты қамти сөйлеу мүмкіндігімнен айырып отыр. Егер Өлкелік комитет қажет деп тапса, мен кез келген уақытта мұны жасауға дайынмын. Мен секретариат мәжілісінде құжаттың ауыл жағдайы айтылған бөлігіне қатысты сөйледім. Сол секретариаттан кейін Өлкелік комитет тарапынан маған ауылдағы олқылықтарды түзетуде барлық мүмкіндігі болған шараларды және қайта көшіп келгендерді орналастыруды бұдан бұрын қолға алғандарын жеткізді. Осыдан кейін мен бұл мәселе қаралып бітті деп санағанмын. Басшылық құрамдағы жекелеген жолдастарға айтқан сыным сөзсіз қателік болған екен. Мен оларды жеке-жеке сынға алсам да, алайда сол сындарым ақиқатында қоғамдық саяси сипат алып кетеді деп ойлағаным жоқ. Иә, бұл факті де айыпталуға лайықты. Бұл істе менің жеке ұйымдастырушылық рөлім болғанын мүлдем жоққа шығарамын. Солай бола тұра мен ауылдағы қиын жағдайға байланысты хатқа қол қойған жолдастармен жекелей сөйлесу кезінде ауылдың мүшкіл жағдайын өткір сезініп, соған байланысты наразылығымды айттым. Бұл жөнінде ұзақ ойланудан кейін мен оларға ықпал етіп осы жолға салып жібердім бе деген тұжырымға да келдім. Мен бұл кінәмді толық өз мойыныма аламын. Осы фактілердің бәрі жиылып келіп, менің ауылдағы орын алған жағдайды большевиктерше сезіне алмағанымды көрсетеді. Сөз жоқ, бұлардың бәріне менің өткендегілерімнің әсері болды. Осыларға байланысты өзімнің өткенімді және мінез-құлқымды кінәлай отырып, алдағы уақытта дұрыс жолға түсемін деп уәде беремін. Лекеров 14. VII. 32 жыл». Лекеровтің құжат құрылымына қатысым жоқ деп отырғаны оған қол қоюшылармен алдын ала келісімдерінен туындап отырғаны анық. Сол келісім бойынша Дәулетғалиев, Мүсірепов, Гатауллин, Алтынбеков, Қуанышев қандай жағдайда да Әзімбай Лекеров туралы ауыз ашпауға шарт жасасқан. Сондықтан да Лекеров бесеуіне еш шүбәсіз сенім артып, мәлімдемесін сол келісімді ұстана отырып жазғаны анық. Ол секретариатта мәселенің ауыл шаруашылығына қатысты сөз айттым дейді. Соған қарағанда өлкелік газеттерге жариялаған мақалаларындағы өзара сын үрдісімен Өлкелік комитет жұмысына айтқан сынды қайталағаны кәміл. Лекеров жекелеген басшыларды әжуалап сынағанынан да бас тартқан жоқ. Мойындай отырып, оның қоғамдық сипат алып кеткенін жасырмады. Ең бастысы ол мәлімдемесінде Өлкелік комитетке жіберілген хатқа қол қойған бесеудің өзін «ұлтшыл» етіп көрсетіп, құрбандыққа шалып жіберсе де, солардың бірінің атын атап, кінә артпаған. Өзін ғана кінәлаумен шектелгені мәлімдемесінен тайға таңба басқандай көрініп тұр. Адамның адами қасиеті басына іс түскенде, тағдардың қиын кезеңдерінде танылады. Осы тұрғыдан келгенде бесеу кім, Лекеров кім деген ойға батасың. Диктатор Филипп Голощекиннің қулық-сұмдығына құрық бойламайтын нағыз әккінің өзі екені жымын білдірмейтін ісінен көрініс беріп жатты. Қазақстанды басқарған алты жылдың ішінде ұлттың сөз ұстар талай марғасқаларын «ұлтшыл» атап, республикадан шеттетіп жіберді. Әрқалай айлакерлік тәсілмен біріне бірін айдап та салды. Нұрмақов, Қожанов, Сәдуақасов секілді білікті басшылардан солай құтылды. Ол 1932 жылдың 4 шілдесінде өткен Өлкелік партия комитетінің бюросында бесеудің хатын талқыға салып, соған байланысты бесеуге Лекеровті қоса кінәлап, мойындатып қана қойған жоқ. Сондай-ақ, олардың Лекеровке жала жапқан мәлімдемелерін алып қалумен шектелмей, енді қайтып бастарын көтертпейтіндей етуді және тағы біреулер осындай хатты Сталиннің атына жазып жібере ме деген күдікпен басқаларға сабақ етуді ойластырған. Голощекин оларды 1932 жылдың 15 шілдесінде Өлкелік партия комитеті мен Тексеру комиссиясының біріккен мәжілісінде талқыға салды. Мінберге көтерілген Голощекин қолындағы бесеудің хатын парақтап тұрып: «…Хат иелері менің осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда 40 миллион мал басы бар болғанын алға тартып, қазір сол мал аштан қырылып, бар-жоғы 8 миллионы ғана қалғанын көрсетіпті, – деп хаттың жеке-жеке бөліктеріне тоқталып, соңғы жағына көз жүгіртті. – Қазақ аудандарында көрініс алған ашаршылық пен адам өлімі, мал басының жаппай қырылуы үнсіз қалып отыр. Бұл күрделі мәселе партия белсенділерінде кең талқыланып, бюрода және Өлкелік комитеттің IV пленумында қаралуы тиіс». – Ол залда отырғандарды шола қарап, ағымдағы жылдың өндірістегі табыстарын, ауыл шаруашылығын коллективтендірудегі жетістіктерін тілге тиек етіп, қатқыл үнмен хатқа қол қойғандарды біраз тұқыртып алды. Мінберден Алтынбеков Өлкелік комитетке жазған мәлімдемесін қайталап шықты. Содан кейін сөз алғандар Дәулетғалиев, Қуанышев, Мүсірепов бұрынғы жазған мәліметтерін қайталап, қателіктерін мойындап, бәріне Лекеровті кінәлі етіп, өздерін партия мүшелігінен шығармауды өтінді. Сөз кезегінде Әзімбай Лекеров: «Біз Мемлекеттік комитетте екінші бесжылдықтың жоспарына кірісерде, өткен бесжылдықтың қортындысын жасадық. Иә, өнеркәсіп жағынан көрсеткіштер жаман емес. Ал ауыл шаруашылығында алға қойылған міндеттер орындалмаған. Халық саны мен мал басы күрт азайған. Ауылдардың аштықтан өлмегендері көршілес республикаларға, Қытайға жер ауып кеткен. Осының бәрі Өлкелік комитеттегі басшылардың Орталық Комитеттің шешімдерін орындау барысында жіберген қателіктері деп ойлаймын. Мен хаттың ауыл шаруашылығы жөнінде жазылған бөлігін толық құптаймын. Егер ауылдың жағдайын тез арада түземесек, ауылда тұрып жатқан қазақтарды аштықтан жаппай қырып аларымыз хақ. Қазақтардың тіршілік көзі мал. Сол малын тәркілеген соң аштыққа ұрынып жатыр. Ауыл шаруашылығына келгенде Өлкелік комитеттің ұстанған бағыты мен саясаты дұрыс болмады. Бұл туралы мен бұрын да айтқанмын. Республикада ешқандай да «кіші Октябрьді» жүргізудің қажеті жоқ еді. Өйткені қазақ жерінде капитализм орнамаған, социализмге феодалдық қоғамнан бір-ақ өтті. Сондықтан мешеу елдің дамымаған таптарымен қандай да бір революциялық күресті жүргізудің қажеті жоқ болатын. Халықты екі тапқа бөліп, бірінің соңына бірін салып, қойғаннан ешкім де ұтқан жоқ. Ұтылған тек социализм құрылысы ғана. Меніңше, басшылар дұрыс шешім қабылдау үшін, Филипп Исаевич, әуелі сіз бастап, облыстарға шығып, аудандарды аралап, халықтың күйзелген жағдайын өз көзіңізбен көргеніңізде, қазақ халқының ұлттық ерекшелігімен танысқаныңызда республика мұндай ауыр жағдайға ұшырамаған болар еді. Өкінішке қарай олай болмады». Лекеров енді шегінерге жер жоқ екенін білген тәрізді. Ауыл шаруашылығындағы қиын жағдайды, жаппай аштықты осы бюрода шындап қозғамаса, мәселе еш қозғалыссыз қала беретінін, іштей біліп, Голощекиннің жасамақ болған «Кіші Октябрі» қазаққа аштықтың қасіретін әкелген қателігін бетіне басып, өз ойын батыл, әрі ашық айтқаны көрініп тұр. Голощекин: «Владимир Ильич Қазақстанға келмей-ақ немесе Грузияға бармай-ақ Октябрь революциясын басқарып, іске асырды. Бұрынғы патшалық Ресейдің қай жерінде болмасын социализм жеңді». Голощекиннің Лениннен үлгі алған түрі. Кабинеттен шықпай-ақ бұратана халықты оңай басқаруға болады деп ойласа керек. Лекеров: «Филипп Исаевич, Октябрь революциясы мен нақтылы социализмді теңеуге болмайды. Ана жақта қоғам капитализмнен социализмге ауысты. Жұмысшы мен шаруаның диктатурасы орнады. Бұл үлкен саясат. Ал мұнда басқа экономика: аш-жалаңаш халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, тамақтандыру қажет». Ресей капитализм сатысында біраз өркениетке жетті. Лекеров оларды әлі де феодализм сатысында өмір сүріп жатқан халықпен салыстыруға болмайтынын, мұндағы социализм орнатудың жөні мүлдем бөлек екенін ескертіп, қателік халықты аштыққа ұрындырғанын, енді соларды аман алып қалу жағын алға тартқан. Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Құрамысов: «Біз Өлкелік партия комитетінің басшылығымен бірінші бесжылдықты аяқтадық. Жеткен жетістіктеріміз аз емес. Бір ғана Түрксібтің өзі неге тұрады. Бес жылдық жоспар үш жылда аяқталды. Осының өзімен Өлкелік комитет халықты күрделі құрылысқа ұйымдастыра алатынын көрсетіп берді. …Құрылысшылар ағаштан соғылған барактарда, жерден қазылған күркелерде тұрып-ақ көпірлерді салғанда қажетті тастарды ондаған, жүздеген шақырымдардан арбамен тасыды. Нәтижесінде мыңдаған адам жұмысқа тартылды. Оңтүстік пен солтүстіктен тартылған теміржол желілері Айнабұлақта түйісіп, алтын қазық қағылған кездегі халықтың қуанышында шек болған жоқ. Жүздеген үйлер, бекеттер мен деполар салынып, қаншама адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Міне, Өлкелік комитеттің жұмысы! Мұндай мысалдарды Лекеров жолдас көрген жоқ. Өкінішке қарай республикада болып жатқан осындай игі шараларды көріп тұрып, Мүсірепов жолдастың қалай Лекеровтің үгітіне көніп кеткеніне таңым бар. Филипп Исаевич жолдас Қазақстанға келеген бойда-ақ Октябрь революциясының болмағанын айтқан еді. Оның бұл пікірімен партияның Орталық Комитеті де келісіп қолдаған. Мұнда таптық күрес жүру керек болатын. Оны ұйымдастырдық. Өйткені жаңа қоғам орнату үшін бұрынғы қоғам қажетсіз элементтерден тазартылып, қайтадан жаңартылуы керек. Социализмді орнату үшін таза жұмысшы мен шаруадан тұратын қоғам керек. Ал аштыққа ұрынғандар – көшіп кеткен жалқаулар. Жұмыс істейміз десе колхоздарға кіріп, еңбек етіп, тамақтарын тауып жесін. Мысалы, Қарағанды, Түрксібте жұмыс істеймін дегендерге жұмыс табылады. Лекеров мұны білмеген, білсе де білуге құштарлық танытпаған. Үкімет басшыларының бірі бола жүріп, Өлкелік комитеттің атқарған жұмысын жоққа шығарғаны үшін мен оған «қатаң сөгіс» жариялауды ұсынамын. Әзімбай Лекеров бұған дейін уездерді, губернияларды басқарды. Ауыл шаруашылығын жақсы біледі. Өнеркәсіптен де хабары бар. Өйткені ол Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, Халық комиссарлар лауазымында да болып, Халық комиссарлар кеңесінің мүшесі болды. Лекеров педагогикалық институтта кафедра меңгерушісі, профессор. Сондықтан хаттың авторы тек Лекеров. Қазақстан экономикасын Лекеровтен артық білетін мұнда жан жоқ. Тағы қайталап айтамын, хаттың авторы тек Лекеров. Ал Дәулетғалиев пен Алтынбеков Коммунистік институтта істейді. Сондай-ақ Ғатауллин мен Мүсірепов Қазақ мемлекеттік баспасының қызметкерлері. Қуанышев Жоспарлау комитетінде энергетикалық сектор меңгерушісі ғана. Сіздер қалай ойлайсыздар, осылардың ішінен экономиканы кім жетік біледі? Лекеровтен басқа ешкім де. Сондықтан мен бұл хаттың авторы тек Лекеров қана деп қайталап айтамын. Бұлардың бір қателігі алғашқы келіскен сөздерінде тұра алмағандары дер едім. Міне, хатқа қол қойған бесеу менің атыма жазылған осы хат соңында «Біздің хатымызды орта партия активі атынан қабылдап, «жоғары лауазымды» адамдардың бұған ешқандай қатысы жоқ деп біліңіздер» деген. Бұдан нені аңғаруға болады? Олардың «жоғары лауазым» деп отырғандары – Лекеров. Олардың соны қорғаған түрі бұл. Ал хатқа Лекеровтің қатысы бар екенін өздері де айтты. Тек Лекеров қана олармен алғашқы келіскен шартын ұстанып, осы кезге дейін тән алмай тұр. Ол осы бюрода да өз қатесін мойындағысы жоқ». Голошекин кадрлар таңдауда қателеспеген. Өзіне қарсыластарын, ақыл-парасаты мен білім-біліктілігі жоғары халықтық сөз ұстар азаматтарды қызметтен ығыстырып, айтқанын екі етпей орындайтын Құрамысовтай жандайшаптарды маңайына жинай білген. Иә, Лекеров жас болса да басшылықтың бірнеше сатысынан өткен, әбден ысылған азамат. Сондықтан да ол ел іші жағдайын Құрамысов айтқандай білмейді емес, өте жақсы біледі. Ал Құрамысовтың өз міндетін білмейтіні «…Аштыққа ұрынғандар, көшіп кеткенде – жалқаулар» деген өрескел сандырағынан өресінің соншалық төмендігі осы сөздерінен байқалады. Алайда оның «…Бұлардың бір қателігі алғашқы келіскен сөздерінде тұра алмады» дегені дұрыс. Хатқа қол қойған бесеуі бірігіп, бір ауыздан Голощекинге қарсы тұрғанда үлкен күш еді. Голощекин: «Хатқа қол қойғандар арасынан тағы кімді жаза алады десек, ол Мүсірепов. Алайда ол Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасында бас редактор. Жазушы, осы уақытқа дейін коммунистік идеологиядан ауытқымаған. Мүсіреповтің республика экономикасымен айналысатын уақыты жоқ. Бас редактордың жұмысы басынан асып жатыр». Әрине, кінәсін бірден мойындап, ығына қарай жығылып жатса, Голощекин оған неге қатты келсін. Халықтық жазушы халық қамын ойлап, Лекеровке кінә артпай, соның жағында болғанда ғой шіркін дейміз-ау біз. Үміт ақталмаса амал қанша. Комиссия мүшесінің бірі: «Хат жазушылар Өлкелік комитеттің алға қойған бағытымен жөнді таныс емес. Ал социализм орнату үшін маркстік-лениндік теорияны жақсы меңгеріп, іс жүзінде пайдалана білу керек. Осы жағынан келсек, хатқа қол қойғандар да, Лекеров те әлі жетіле қоймаған. Егер соны игерсе, мұндай жолға түспес еді. Қалай айтқанда да осы топтың ұйымдастырушысы Лекеров екені анық. Өйткені хатта көрсетілген цифрлар құпия, оны қарапайым адам білмейді. Тек коммунист Лекеров қана біледі. Сондықтан мен Лекеровті партия қатарынан шығаруды ұсынамын». Әзімбай Лекеров маркстік-лениндік теорияны меңгермек түгілі солардың шығармаларын қазақ тіліне аударушылардың бірі. Маркстің «Капиталын» неміс тілінде оқып, Нұрмақов пен Рысқұловқа оның орыс тіліндегі аудармасының ауытқып кеткен жерлерін ескертіп, түзетулер енгізген. Бесеудің хатындағы құпия цифрларды берген Лекеров және ұйымдастырушы да сол деуінің қисыны бар. Өлкелік комитеттің бір мүшесі: «Біз коммунистердің ісін қарасақ болды ылғи да оған күйе жаққымыз келеді де тұрады. Міне, енді бәріміз Лекеровті жығып сап, тұрмастай етіп соққыға алып жатырмыз. Сөйлегендердің бәрі де Лекеровті кінәлап, басқаларын ақтап алуға тырысуда. Олар бала емес қой. Республикадағы жағдайды әр жерден оқып, естіп жатыр емес пе. Иә, Лекеров экономика саласында республикадағы жағдайдың бәрін біледі. Сондықтан хатқа қол қойғандардың бәріне де сын тұрғысынан баға берген жөн. Партия тарапынан сөгіс алғандарды қызметтен төмендетіп, жұмыстан босатып, ісін сотқа беру де бар. Лекеров республикаға белгілі талантты маман, өз ісіне жетік әрі адал істейтін жан. Міне, менің қолымда Лекеровтің «Экономическая жизнь» газетіндегі «Буржуазные идей на страницах планового журнала» деген мақаласы бар. Мақала ағымдағы жылдың он екінші ақпанында жарық көрген. Содан бері өткен үш-төрт ай бедерінде Лекеровтің партияға деген көзқарасы мүлдем өзгере қалған жоқ шығар. Бұл мақаласында ол Қазақстанның социалистік аграрлық-индустриялық республикаға айналып келе жатқанын, оның КСРО-ның түсті металлургия, көмір өнеркәсібі, дәнді дақылдар фабрикасы екенін атап жазыпты. Қазақ мәдениетінің формасы ұлттық, мазмұны социалистік болып даму үстінде деген. Қазақстанды мысалға ала отырып, қоғамның өндіргіш күші және өндірістік қатынастар, жоспарлы экономика және ауыл шаруашылығының ілгерілеуін теориялық жағынан тамаша талқылап берген. Мұндай терең мағыналы теориялық мақалалар республикада жоқтың қасы. Ол Қазақстандағы санаулы революционерлердің бірі. Сондықтан мен оған жаза қолданғанды жөн көрмеймін». Бұл кім болды екен? Хаттамада неге оның аты-жөні ашып жазылмаған? Кім болса да, арына қарап, әділін айтқан жан. Осы бір жанға қарап, басшылықта да Лекеровтің қадірін білетін және оны бағалай алатын жан да бар екен-ау. Бірақ көп көптігін жасап, бар айыпты Лекеровтің иығына артып жатқанда «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шыққан» ба? Өлкелік комитеттің Тексеру комиссиясының төрағасы: «Жолдас Лекеров Өлкелік комитеттің кейбір шешімдерімен келіспей тексеру жасағысы келетін коммунист. Республиканың астанасы Қызылордада болған кезде де республика басшыларымен Нұрмақовтың үйінде кездесіп, Өлкелік комитеттің бюро мүшелеріне өздеріне оңтайлы коммунистерді өткізбек болғанын білеміз. Біз Лекеровтің Мәскеуде оқып жүрген кезінде кімдермен кездесіп, республикадағы мәселелерді талқыға салып, өз беттерінше қалай істеу керектігін кеңесіп жүргендерінен хабардармыз. Лекеров Өлкелік комитеттің бағытына да осы бюро мәжілісінде өз көзқарасын ашып айтып берді. Менің хаттың авторы Лекеров болғанына еш күмәнім жоқ. Басқалары көмектерін ғана тигізген. Мен коммунист Лекеровке «қатаң сөгіс ескертумен» жариялансын деген ұсыныс айтамын». Лекеров Мәскеуде оқып жүргенде Нұрмақовпен, Рысқұловпен кездесіп, Қазақстандағы коллективтендіру жұмысының дұрыс жолмен жүргізілмей жатқандары туралы пікір алысып жүргені рас. Голощекиннің жандайшабы соларды меңзеп отыр. Әзімбай Лекеров: «Мен өзімнің бұрынғы айтқандарымда тұрамын. Өлкелік комитет республика ауылдарында аштықтан қырылып, мекен-жайларын тастап кетіп жатқан аш-арықтарды, босқындарды тоқтату үшін шұғыл шараларды қолданбады. Колхоздарды техникалармен қамтамасыз етіп, колхозшыларды жұмыспен қамтамасыз ете алмады. Хатқа қол қойғандар менің айтқаныма көніп кеттік деп жатыр. Олай болса мен қатемді мойындаймын. Маған керегі республиканың экономикасы өсіп, ауыл шаруашылығы өркендеп, халықтың жағдайы жақсарғаны. Басқа ештеңенің де керегі жоқ». Ұлтын шын сүйген ол өз сөзінде табандап тұра білді. Басына ұлтшылдық айыбы тағылып жатса да алған бетінен қайтпай Өлкелік партия комитетінің жұмысын осылай сынға алды. Бесеуі бірдей құрбандыққа шалып тұрған соң, өзінің хатты ұйымдастырушы әрі жазғанын да ер азаматша мойнына алды. Осылай басшылыққа бұрын да ұлт мәселесінде күдікті көрінетін ол осы үлкен жиында да өзінің «ұлтшылдығын» анық танытты. (Біріккен бюро мәжілісіндегі сөйлеушілердің үзінділері Ш.Қалиакбаровтың «Семей таңы» газетіндегі материалдарынан алынды. А.К.). БК(б)П Өлкелік комитетінің бюросы мен Тексеру комиссиясының бірлескен мәжілісінің №21 Хаттамасы. 15 шілде 1932 жыл. Тыңдалды: Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков, Қуанышев және Лекеров жолдастардың мәлімдемелері туралы. Қаулы етті: Ағымдағы жылы жат құбылыстар, тап жаулары байлар мен кулактар және олардың идеологиялық жетекшілері Кеңес өкіметіне қарсы үгіт пен іс-әрекеттерін күшейтудің салдарынан, көрші аймақтардағы қазақ шаруашылығы күрт төмендеп кеткен. Бұрын партияның сара жолынан ауытқушылық әрекеттері байқалмаған, партияның жекелеген мүшелері – Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков және Қуанышев жолдастар дақпырт сөздерге ұрынып, көңіл-күйлерін босаңсытып алғандықтан солардың ықпалына берілген. Олар өздерінің алаң көңілдерін орнықтыру қаракетімен оңшыл-оппортунистік, ұлтшылдық элементтердің (Лекеров) ықпалына түсіп кеткен. Бұл олардың 24 маусым күнгі өзара біріккен кеңестерінде сөйлеген сөздерінен және олардың 4 шілдедегі Өлкелік комитетке жазған құжаттарынан көрініп тұр. Қазақстандағы социалистік құрылыстың орасан зор табыстары мен ұлт саясатының барлық жетістіктерін толық жоққа шығарып, Өлкелік партия комитеті жүргізіп отырған барлық бағытты сынап, тек кемшіліктерді ғана ауызға алып көрсететін Сәдуақасов пен Қожановтың ұстанымдарында тұрғандары анық. Өлкелік партия комитеті бюро мүшелерінің 4 шілдеде болған жиналысында аттары аталынған бұл жолдастарға олар жазылған құжат бойынша ашық жағдайда түсіндіру жұмыстарынан соң, бұл жолдастар өздерінің қателіктерін тереңнен түсініп, өздерінің түсінік-мәлімдемелерінде жіберген қателіктерін шындап, ашық түрде мойындағандарын Өлкелік комитет қанағаттанарлық деп бағалайды. Олардың бұл мәліметтерін қанағаттанарлық деп тани отырып, аттары аталған жолдастарға Өлкелік партия комитетінің басшылығымен өздері жат құбылыстардың ықпалдарында болған көңіл-күйлерімен іштей белсене әрі олармен ымырасыз күрес жүргізе отырып, қиыншылықтардан қорықпай, жеңіп шығып, Қазақстандағы социалистік құрылысты іс жүзінде жүзеге асыратын жұмыстар жүргізуді ұсыну қажет. Лекеров жолдастың бұрынғы партияға қарсы ауытқушылығынан түзелуіне Өлкелік партия комитеті тарапынан ұзақ уақыт шыдамдылық танытып келді. Лекеров жолдас Қызыл профессура институтын бітіріп келесімен аса жауапты қызмет Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалғанына қарамастан алғашқы күннен-ақ Өлкелік партия комитеті басшылығының жұмысын жоққа шығаратын және сәдуақасовшылардың дұрыстығын дәлелдейтін ағымдағы жылдың барлық теріс фактілерін жинаумен болды. …Өткен 4 шілдедегі Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков және Қуанышев жолдастар тапсырған құжаттың идеологиялық құрылымы Лекеров жолдасқа тікелей қатысты. Лекеров жолдастың өлкелік газеттерде жарияланған мақалалары Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Кахиан жолдастың тарапынан сынға ұшырауы оның марксизм-ленинизм ағымының кездейсоқ бұрмалаушылығы болып табылмайтынын, керісінше лениндік ілімге қарсы, партияға қарсы тойтарыс берген ұстанымын көрсетеді. Оның бұдан басқа да Өлкелік партия комитеті хатшыларын сынай отырып, сонымен бірге Сәдуақасов пен Қожановты мақтауы Өлкелік комитеттің және партияның Қазақстанда жүргізіп жатқан жұмыстарына қарсы топшылдық күресуді жаңарту элементі болып табылады. Лекеров жолдасқа қатаң сөгіс жариялансын. Оның құжатты талқылау барысында берген мәлімдемесіне қарай Лекеров жолдасқа алдағы уақытта өзінің адалдығын дәлелдейтін жұмыспен көрсетуді ұсына отырып, егер ол осы әрекетін қайталайтын болса, Өлкелік комитеттің осы қаулысында көрсетілген нұсқауы бойынша бұдан да қатаң партиялық жаза қолданылатыны ескертіледі. Гатауллин жолдастың осында болмай қалуына байланысты оның мәселесі іс-сапардан оралғанша кейінге шегеріледі. Ал Бархиевтің арызы бойынша Гатауллин таратқан өсек-жала Өлкелік комитет қарауына тапсырылсын. БК(б)П Өлкелік комитеттің хатшысы Голощекин». Бюро соңында көпшілік дауыспен Лекеровке «қатаң сөгіс», ал хатқа қол қойғандар Алтынбеков, Гатауллин, Дәулетғалиев, Мүсіреповке жәй «сөгіс» жарияланды.