ЖЕТІСУҒА КӨГІЛДІР ОТЫН ЖЕТКІЗІЛДІ
ЖЕТІСУҒА КӨГІЛДІР ОТЫН ЖЕТКІЗІЛДІ
Жуырда Алматы облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы өңірді табиғи газбен қамтамасыз ету туралы келіссөздерді жалғастырды. Жиын барысында облыстық елді мекендерді газдандыру бағытында жұмысты үйлестіру меморандумына қол қойылды.
2010 жылдың наурыз айында Алматы облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның арасында газбен қамтамасыз ету желілерін дамыту жөнінде біріккен іс-шаралар меморандумына қол қойылған болатын. Осы бағытта 2007-2015 жылдарға арналған «Алматы облысын газдандыру өңірлік бағдарламасы» бекітіліп, өңірлік газдандыру сызбасы дайындалды. Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылдан бері Іле ауданының 7 елді мекенін газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ 2010 жылдан бастап Алматы-Байсерке-Талғар магистральды газқұбырының құрылысы екі кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша 2 жарым миллиард теңгенің жұмыстары игерілсе, екінші кезеңге бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді.
Өткен жылдан Алматы-Талдықорған магистральды газ құбырының жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жобаның аяқталуы 2015 жылға жоспарланып отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде облыс орталығы Талдықорған қаласы мен 180 елді мекенді, 709 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Бас директоры Серік Сұлтанғали:
– Қазақ елінің, қазақ жерінің тарихында бірінші рет өз газымызды өзіміз пайдаланып, халқымыздың қажетіне жаратқалы отырмыз. Алдағы жылдары Алматы облысының тұрғындары табиғи газды пайдаланады деп сеніммен айтуға болады. Ал, біздің жоспар бойынша 2020 жылға дейін халықты көгілдір отынмен 80 пайызға дейін қамтамасыз ету үшін тек «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 100 миллиард теңге жұмсалады.
Түркімен мен өзбектің газын Ресей және Еуропа елдеріне жеткізуден тапқан, Қарашығанақ кен орнын игеруден түскен табыстар осындай игі шараларға жұмсалады. Алматы облысынан өзге аймақтарға да газ тартылу жаппай жүргізілуде. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның бас директоры Серік Сұлтанғалидың айтуынша, 2020 жылға дейін Алматы облысының барлық ауданы газбен толықтай қамтамасыз етіледі. Әсіресе Райымбек, Панфилов, Ұйғыр, Алакөл аудандарының халқы табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алады.