ӘННЕН – РЕПЕТ, СӨЗДЕН –БЕРЕКЕТ КЕТТІ
ӘННЕН – РЕПЕТ, СӨЗДЕН –БЕРЕКЕТ КЕТТІ
Әнебір жылы қолыма (ұмытпасам атауы «Музыкальная эстетика западноевропейского средневековья и Возрождения» болу керек) бір кітап түсті. Сонда қытайдың Сюнь-цзы деген оқымыстысы: әр елдің ән-күй (музыка) өнеріне сипат бере келіп: «Ән-күйі салмақты, сазды халық ауызбірлігі мықты, адамгершілігі мол, парасатты болып келеді. Ал ән-күйі даңғыр-дұңғыр, адамның есін алып, делебесін қоздырып, тыңдаушыларын желіктіріп тұрса, ондай музыкаға (ән-күйге.-М.К.) елтіген ел бірте-бірте кісіліктен, адамгершіліктен жұрдай болады, сөйтіп олар жақсылық атаулыдан мүлде алыстап, жақсылықтан жат, әркім қарабасын күйттегеніне, ішкен-жеген күйкілігіне мәз ұлтқа айналады, бұл – өте қауіпті, – дейді. Ең соңында бұл ойшыл: «Музыка – адамдарды, елді басқарып, уыстан шығармай ұстап отырудың ең мықты, сыннан өткен құралы» деген ұйғарым айтады.
Оны оқып болып, сол Сюнь-цзының әулиелігіне қайран қалып, жағамызды ұстадық. Себеп пе? Себебі, осы көрегеннің әсіресе, екінші ұлттың музыкасы – даңғаза, тыңдап отырған адамның есін алып, делебесін қоздырып, желіктіретін музыкасының кесапаты туралы айтқаны келіп, бүгінде бүкіл Еуропа елдерінің еркек-ұрғашысын ахлағи азғындықтың (моральдық азғындықтың!) небір түрін жасауға жеткізіп, енді оның уыты қазақ еліне кеңінен жайылып кеткені болып отыр. Қазіргі қазақ әні егер оларды ән деуге тұратын болса, өзінің ұлттық әуезінен, ұлттық ажар-көркінен жұрдай болған, не бастан-аяқ ұлып, не ыңылдап тұрып алатын, немесе екі иығын жұлып жеп, басын түйе басып кеткен жыландай ирелеңдеп, аласұрып бақырып-шақырған бірнәрсеге айналды. Және солардың бәрі «жұлдыздар» деп аталады. Бүгінгі қазақтың ән өнерін, орындаушылық өнерін не жарығы, не жылуы жоқ сол жыпырлаған «жұлдыз» атанғандар майлы етке үймелеген құрттай қаптап, басып алды. Шөп те – ән, шөңге де – ән, диуана да – әнші, делқұлы да – әнші, шын әнші де – әнші. Бәрі бірдей! Және бүкіл телеарна атаулының журналистері басқа тірліктің бәрі тәмам болып, 2050-жылдың да жоспарын орындап тастағандай қашан көрсең, сол «жұлдыз», «жұлдызшалармен» сұхбат, кездесу өткізіп отырғанын көресің. Сұхбаттарының түрі: «үйленгенсіз бе?», «неше балаңыз бар?», «қыздар сізге көп ғашық болады ма, «зайыбыңыз қызғанбай ма»», көлігіңіз қандайдан әрі аса алмайтын, түкке керегі жоқ дәйіс сөздер ғана. Содан жаңағы «жұлдызша» өзінің бір-екі клип түсіргенін, алдағы уақытта «Құдай қаласа, тағы бір клип түсіру ойында» екенін, оған қаражат табу керек екенін айтып кетеді. Тыңдап отырсаңыз, солар шетінен әнді де өзі шығарады, өзі орындайды, тіпті, сөзін де өзі жазады екен. Қазір қазақтың белгілі-белгілі ақын-жазушыларын, білдей-білдей тұлғаларын білмейтін қазақ осы «жұлдыздар» мен «жұлдызшалардың» аты-жөнін жатқа біледі. Міне, бүгінгі теледидар мен радионың сиқы қандай екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Тағы бір қызық: Әлгі «жұлдыздар» сахнаға шығып, микрофонды жұтып қоярдай аузына тақап қойып, ирелеңдеп әндетіп тұрғанда залда отырған үп-үлкен кісілер (әсіресе, әйел жыныстылар) қосыла теңселіп, ырғалақтап отырады. Тіпті біреулері отырып, енді біреулері түрегеп қисалаңдай бастайды, яғни, билеп тұрмын деп ойлайды. Бірақ өздері әлгі айтылып жатқан әннің не сөзін, не әуезін білмейді. Осыны көріп отырып тағы да Сюнь-цзыдың «есіңді алып еліктіріп, делебеңді қоздыратын, кісіліктен, адамшылықтан жұрдай қылатын музыка» туралы жаңағы айтқаны тағы да есіңе түседі. Әйтпесе, ән де, оның сөзі де, оны орындап тұрған әнші де тыңдаушысын бірде балдай тәтті ләззатқа бөлеп, бірде ормандай қалың ордалы ойға қалдырып, жас адамды небір асқақ арманның асуына жетелесе, қарттың қайдағы-жайдағысын еске салып, сай-сүйегі сырқырағандай күйге түсіретін сиқырлы да дүрия дүние емес пе? Баяғы Ақан мен Біржанды, Мұхит пен Батақтың Сарысын, олардың бержағындағы Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтардың, күні кеше дерлік дүниеден озған Амангелді Сембиндердің әруағын қозғамай-ақ қойыңызшы, осы күні көзі тірі Сембек Жұмағалиев, Мақпал Жүнісова, анау Айгүл Қосанова, Рамазан Стамғазиев, Бекболат Тілеуханов, Сәуле Жанпейісова, Толқын Забироваларды-ақ алып қараңызшы. Солар салған сазды әуен, ұлттық нақыш енді көп ұзамай мына құмырсқадай қаптаған «жұлдызшалардың» ызы-шу, қым-қуыт, мән-мағынасыз репеті жаман әнінің, бас-аяғы да, ортасы да жоқ сандырақ сөзінің топанына көміліп, бұратола жойылып кететін түрі бар-ау деген ой жаныңды жей бастайды.
Біз айтып отырған, айтқалы отырған пікірге қазіргі «жұлдыздар»: сен өнер зерттеуші, музыка зерттеуші емессің, сен не түсінесің деп Дүрсе қоя береріне күмән жоқ екенін де білеміз. Олардың өздерінің көпшілігінде музыкалық сауат жоқ, не шала сауатты екенін бүгінде қалың жамағат та біліп болды. Ол ол ма, қазір сазгер, композитор атанып жүргендердің көпшілігі күні кеше ауыл-аймақтың, аудан орталықтарының той-томалақтары мен отырмақтарында (қазір оны орысшалап «вечер» дейді) әләуләйға салып, үйіне бір-екі шөлмек ішімдік пен тиын-тебен алып қайтып жүргендер ғана болатын. Айтпақшы, сазгер дедік-ау, әнебір жылы Бейбіт Оралұлы деген композитордың бір журналистке берген сұхбатында саз, сазгер деген сөзді бұл өзі балшық, саз деген ғой деп күлкі қылуға тырысқанын да оқыдық. Түркі халықтарында ән, әуенді саз деп айта береді, әзірбайжан, түрік және басқаларында саз деген музыкалық аспап әлі бар. Ендеше, өз халқының өнерінің түп атасынан бейхабар осындайлар сол халықтың жан сезімін тебірентерлік ән жазады дегенге сене аласыз ба? Осы күні композитор атанған бұл жігіттің бірсыпыра әншілер айтып жүрген әндерінің өзі құлақ құрышын қандыруға қаншалықты жарамды екенінің өзі бір әңгімеге арқау болар еді.
Әнебір кездері «31-арнадан» Нұрлан Еспанов деген жігітті жүргізуші ретінде ғана қабылдайтынбыз. Сөйте тұра, оның қандай мәселе көтеріп, қасындағы сұхбаттасына қандай сауалдар қойып, нені білгісі, нені айтқызғысы келіп отырғанын түсіне алмай дал болатынбыз. Кейінірек білдік, ол да композитор екен. Бір хабарда, қателеспесек, ол өзін 200-ден астам ән жазған адаммын дегенін естіп, қайран қалдық. Бірақ өзіміз де жастайымыздан өнер сүйіп, бірлі-екілі саз аспаптарында ойнаған, тәуір ән естісек дереу құлағымызға құйып алатын көптің бірі болсақ та оның өзі айтқан 200-ден астам әнінің ең болмаса 2-3-еуін білмейтініміз қалай деп тағы қайран қалғанымыз бар. Сөйтіп жүргенде, оның «Қос қарлығаш» деген өлеңге жазылған әнін тыңдадық. Әп дегеннен айтайық, сірә, бұл сазгердің өзі айтқан 200 әнінің ішінде әлпейімдеуі, яғни, жібі түзулеуі осы шығар дейміз. Әннің сөзі де осы күні әлде қатты мас, әлде «басы кетіп қалған» адамның елірмесіне ұқсас сөздерді айтып «ән салып» тұрмын деп ойлайтын «жұлдыздардың» сөздеріне қарағанда тәп-тәуір. Ол
Бір күн келіп алмастырып бір күнді,
Көктем келіп, айналамыз құлпырды.
Қос қарлығаш тыным таппай, тағатсыз
Жөндеп жатыр ескі ұясын былтырғы.
Қос қарлығаш көктемге
Сағындырып жеткенде,
Қандай сезім жетеледі
Тағып алып ақ тұмар
Ерте өшкен үмітімді қайта жақтыңдар,– деген сияқты жартылай сюжетке құрылып, уақиға адам сезімімен жанастыра (параллелизм) жазылған. Әрине, біз астын сызған келіп деген сөз екі жолда екі мәрте қайталанып, «тыным таппай» мен «тағатсыз» деген бір ұғымды беретін сөздер қатар тұрғаны болмаса өлең мағынасыз да емес. Бірақ дәл осы өлеңнің әнінде оған сәйкес сыршылдық, мұңшылдық, сезімталдық бар дей алмайсыз. Ән ойлы-қырлы, кедір-бұдырлау жолмен велосипед теуіп, не жүрісі жайсыздау қолбала аттың үстінде қорт-қорт селкілдеп, әндетіп келе жатқан адамды еске түсіреді. Орындаушысы да («Нұр-Мұқасандық») солай селкілдейді де тұрады. Жалпы топ деуге де, ансамбль деуге де, дуэт деуге де келмейтін, біреуі домбыра, екіншісі микрофон ұстаған осы «Нұр-Мұқасанның» бүкіл орындайтын әндерінің неліктен бәрі бір қазанға қуырылып алған бір-бірінен аумайтын бауырсақтай бір әуен, бір үн, шетінен желдірме, шетінен бірнәрседен қалып баратқан адамдай асығыс-үсігіс екені түсініксіз. «Нұр-Мұқасандағы» қолына домбыра ұстап тұрған жігіттің бір қолы домбыраның пернелерін жағалап, екінші қолы қос ішекті қаққылап тұрғаны болмаса айтылып жатқан әнге қандай әр беріп тұрғанын түсіне алмадық. Түсіне алмағасын, едәуір музыкалық сауаты бар екі-үш адамға осы сұрақты қойғанымызда «қазір солай болды ғой» деп күлді де қойды. Тағы бір азамат «е, жалғыз өзі концерт қоя алмайды ғой, сосын қасына әйтеуір біреуді қосып алу керек» деді де, ол да «қазір солай болды ғой» деп күлді. «Нұр-Мұқасан» мейлі «Қос қарлығаш», «Сен жоқ жерде», мейлі «Неткен өмір», «Бәрі есімде» дейсіз бе, әйтеуір қай әнді орындаса да орындаушының не үнінде, не бет-әлпетінде, не сахнадағы қимылында еш өзгеріс жоқ. Баяғы бір теңселу, баяғы бір ырғалу, баяғы бір денені былқылдату. Бұл жігіт, тіпті, «жыламашы шырағым, күңіренген қобыздың бұрамашы құлағын, Ұмыт болып мына күн, Сейіледі мұнарың» деген үміт пен күдік, реніш пен жұбаныш аралас адам сезімінің ең бір соқтықпалы сәттерінде де баяғы бір бұралаң би, баяғы бір мәз-мәйрам күйінен тынбай аяқтап шығады.
Егер өлең адам-пенденің өлшеулі де кесімді келте ғұмырындағы көрген-білгенін, тоқыған-түйгенін, бақытқа балқып, шаттыққа шомған, қайғы мен қасіреттің қара бұлты басына үйірілген сәттерін көркем сөзбен, қырық құбылған қанық бояулы өрнекпен сыртқа шығару тәсілі десек, оның әні соған сәйкес оның ажарына – ажар, көркіне – көрік, келбетіне – келбет қосатын еншілес – егізі дер едік. Сол өлең мен ән қосылып тұтас бір дүниеге айналып, оған оның орындаушысының да үн десең үні, түр десең түрі және әрбір қимылы, сол сәттегі бет-пішіні саймасай келіп тұрса, бүкіл әлем сенімен сырлас, сенімен мұңдас ғажайып бір әлемге айналып, арабтарша айтқанда тыңдарманын түп-түгел керемет бір «кәйфке» түсірер еді. Амал не, осынау өте киелі де қасиетті өнердің бүгінде әбден қадірі кетті. Оған өнерді бүгінде кім көрінген күнкөрістің, ақша табудың көзіне айналдырып алғаны үлкен себеп болып тұр. Бұл қасіреттің тағы бір себепкері телеарналар десек, еш қателеспейміз. Қазір Қазақстан телеарналарында қазақшадан орысшаға берілген уақыт бірнеше есе көп. Ал қазақшаға берілген аз ғана уақыттың көбі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «күпінің битіндей қаптаған» әлгіндей не даусы жоқ, не сахнаға көрік берер түрі жоқ, өзінің де, әнінің де өң-түсі жоқ біреулермен сұхбаттасумен, солардың ән деуге келмейтін әләуләйімен өтеді.
Бір қызығы солар ән айтып тұрғанда олардың сахнадағы тұрысы мен жүрісіне, белі кеткен қасқырдай ирелеңдеуіне дейін бірінен-бірі аумайды. Шетінен делебесі қозып, у ішкен әлдебір жануардай өз-өзінен тыпырлап жатқан біреулер. Бұл аз болғандай олар қазір қара сөзді де ән қып айта береді. Онысы көбіне, «сен қайда жүрсің, мен саған ғашық болдым», «ғашық боп қалдың ба?», «осы әнді арнадым», «келші сүйейін», «қош боп тұр» деген сияқты не ауру, не сау деуге келмейтін адамның сөзі.
Әрине, заман, қоғам өзгерген сайын ән де, әнші де өзгеретін шығар. Соған қарап, тыңдарманның да талғамы не биіктеп, не құрдымға құлдырайды екен. Қазір қазақтарға осы күнгі ең мықты әнші кім десең «Мұзарт» немесе «Жігіттер», «Үркер» деген сияқты топтардың бір-екі мүшесін, тіпті, Сейфуллин Жолбарысты атауы мүмкін. Егер әділіне, нағыз биік талап деңгейіне жүгінер болсақ, осы топтағылардың да біразы әрі кеткенде баяғы аудандық мәдениет үйінің, автоклуб әншілерінің деңгейіндегілер ғана. Қазіргі тыңдармандар Мәдина Сәдуақасова:
Бақытым да бағым сенсің,
Айта берсем әнім сенсің,
Махаббатым жанымдасың
Күн болып нұр төгейін
Гүл болып еркелейін.., – деген өлең емес өлеңді ыңылдатып, ызылдатып айтып тұрғанда бірі қопаңдап, бірі теңселіп, ақырында ызы-шу, қым-қуыт қол соғады. Ойлап қарасаңыз, біз мысалға келтірген бес жолда титімдей мән, мағына бар ма? Осыны жазған адам осы өлеңге дені сау қыз елтіп, беті бері қарамайтынын да білмей ме екен? Осының бәрі ән шығарушының да, орындаушының да, тыңдаушының да жалпы біздің эстетикалық таным, талғам дегеннен әбден алыстап, рухани мешеулікке бұратола бет бұрғанымыздың нышаны емес пе ? Бұл өзі бүгінгі тыңдарман қазақтың да, әнші қазақтың да, сазгер қазақтың да интеллектуалдық деңгейі қаншалықты «дәрежеде» екенін қаттырақ айтсақ қаншалықты құлдырап кеткенін анық көрсетіп тұрған жоқ па?
Жақында үш қыздан тұратын «Ерке» деп аталатын топ пен «Жігіттер» деген топтың «Ләйлім шырақты» орындағанын, оларға дүрілдетіп залда қол соғып отырған қазекемдерді көріп, осы күдігіміз ұлғая түсті. Бұл алабұртқан ақындық сезіммен, атқақтай соққан ақпейіл жүрекпен, ең бір үздіккен үрзада, кіршіксіз пәкизат көңілмен ынтық болған, бірақ басқаның бақыты болып кете барған Ләйліге Ақан сері бейбақтың бүкіл жан дүниесі бебеулеп отырып шығарған әні. Сөзінің өзі ең бір қатыгез деген кісінің де кеудесіндегі жұдырықтай жұмыр етті бір шым еткізбей қоймайтын мұң мен зарға толы. Осындай зарлы әнді орындап тұрған «Жігіттер» мен «Еркенің» әншілері неге сонша екі езуі екі құлағына жетіп, неге сонша қуана күлімдеп, неге бірі бұратыла, бірі секіре билеп мәз-мәйрам болып тұрғанын бір Құдайым білмесе, ешкім біле қоймас. Әлде бұлар онсыз да өмірі өксумен келе жатқан Ақан серіні Ләйлімнің аңыратып тастап кеткеніне қуанулы ма? Әлде мына заманда сахнаға шыққаннан-ақ тек бас салып секіріп, ирелеңдей беретін парасатсыздық пен парықсыздық бүкіл «жұлдыз» атаулының ауруына айналды ма? Бұлардың «ән салып тұрмыз» деп ойлап тұрған сол сәтін Ақан сері бейбақ көрсе не күйге түсер еді. Ал бүгінгі қазекемдер сол сәтте залда отырып, соларға дүрілдете қол шапалақтап, біреулері отырған орнында теңселе билеп рахатқа батты да отырды. Ау, «…Жел тимесе жан тимес деп жүргенде, қол ұстасып жатпенен кеттің жырақ» деп, бірде «осылай ма еді ей, қалқа-ау, айтқан сертің, Жүрегімді жандырды-ау ғашық дертің. Ләйлім, ләйлім, ли, ләйлім», – деп, біресе
Аққу едің таранған айдындағы
Кеттің ұзап қанатың жайдың-дағы», – деп күңіреніп отырған, мына жалған дүниеге тек азап шегу үшін келген-ау дерлік Ақан серідей жаны жаралының қайғысына қазақтың өрімдей әнші қыз-жігіттері мен ақсақал-қарасақалы аралас тыңдаушысы сонша қуанғаны несі?
Ерболат Құдайбергенов деген әлде әнші, әлде әуесқой биші жігіт «Мен қазақпын» (сөзі Ж.Молдағалиевтікі) деген ұлт ұранындай өлеңді ысылдап-пысылдап, бірде қырылдап секіре орындағанын көргенде «е-е, жаңа заман мәнеріне салған түрі ғой, өзінше» – деп күліп қоя салғанбыз.Алайда, ол Мұқағалидың: «Мен нағыз махаббатты армандаймын.
Оны мен жоғалтып та алғандаймын,
Ақ қаздар арасынан аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын», –деген ащы зарлы өлеңін айтқандағы түрін қараңызшы. Құдды, базарға барып, қалтасындағы бүкіл тиын-тебенін ұрлап кеткен ұрыны қалың жұрттың ішінен аласұра іздеп жүрген біреуден аумайды. Сонда ән мен оның сөзінің мәдениеті, орындаушы мен сахна мәдениеті дегендер қайда қалды? Соған дуылдатып, қол шапалақтап отырған тыңдармандар талғам дегеннен хабары бар жандар ма?
Қазір қазақтың дәстүрлі әндерін, халық әндерін эстрадаға салып, тіпті, ағылшын мәнеріне салып ара-тұра, «үу-у-у» деп ышқынып қойып, өзгертіп айту да қатты белең алып кетті. Бұл да сауатсыздықтың, жалаңаш еліктеудің бір түрі. Өйткені, бір ұлттың әсіресе азиалықтардың әнін батыстың әуеніне қанша бұрмалағанмен, ол екеуі бір-бірімен ешқашан қиюласып кете алмайды. Екеуі екі әлемнің адамдары, екі әлемнің әндері. Мөлдір Әуелбекова деген әнші бар. Осы қыз қасындағы құрбысымен қазақтың «Әдемі қыз» деп аталатын классикалық, теңдесі жоқ ғажайып әнін батыстың әуен деуге де келмейтін үзік-үзік, арасында бір қызық үн шығаратын мәнеріне салып айтқанын көргенде қайран әнге жанымыз ашып жылағымыз келді. Бір жағынан «әжептәуір ән еді, пұшық құрғыр қор қылды» деген мәтел есімізге түсіп, қынжылдық. Осындайда Мөлдірге де, оның продюсері Баян Есентаеваға да басқа да батысшылдар мен орысшылдарға: айналайын өздерің кім болсаңдар да еріктерің, бірақ қазақтың ұлттық рухани байлығын былғамаңдаршы деп ескертіп қойсақ та артық болмас еді.
Сол қазекеңнің әншілері үлкені бар, кішісі бар бүгінде жарыса ағылшынша ән салуға шықты. Солар өзі айтып тұрған әннің бір сөзіне түсінбесе де, оның мән-мағынасынан, тарихынан мүлде бейхабар болып тұрып та көзін жұмып қойып, не көкке қарап көзін ақшитып, алақанын жайып, не жерге қарап мұңайған болып өзін-өзі сонша әуреге салып, ағылшынша әндетіп тұрғанын көргенде әрі оның ойсыздығын, тайыздығын, сөйте тұра еліктегіштігін, ағылшынша айтсам басқалардан артық болып көрінуім мүмкін-ау деген арзан дәмесін байқап әрі аяйсың, әрі ұяласың. Олай дейтін себебіміз, Құдай адам баласын жаратқанда әр ұлттың әнін де, тілін де, күйініші мен сүйінішін де әртүрлі қып жаратқан. Олардың қуануы да, жылауы да әртүрлі. Тіпті, сенің мұңға, қайғыға батып айтып тұрған әніңе ағылшындар күлуі бек мүмкін. Немесе керісінше. Бұл бір. Екіншіден, оларға сенің ағылшынша ән салғаныңның түкке керегі жоқ. Егер олардың алдында сен өз тіліңде, өз ұлтыңның әні мен күйін орындасаң, олар соған көбірек ден қойып тыңдайды.
Ұзын сөздің қысқасы, бүгінгі қазақ ән өнері еріккен біреулердің ермегіне, енді біреулердің күнкөрісіне, тіпті баю тәсіліне айналып, ең бері дегенде теледидарға шығып танымал атануына ғана септігін тигізетін, ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағысына айналды. Бұл біле-білген адамға батыстың бүлдіргі саясаткерлері мен өздерін-өздері мәдениеттанушы деп атайтындары ойлап тапқан, жаулап алудың жаһандану (глобализация) деп аталатын жаңа түрі өршіп тұрған заманда біз сияқты басшылары да, қосшылары да басқаның қаңсығын таңсық көретін ұлттың аман-есен сақталуына үлкен қауіп төндіретін белгі. Ендеше әзірше қолымызда тұрған ұлттық мәдениетімізді, оның ұлттық бет-ажарын, ұлттық мазмұны мен маңызын аман сақтап қалуды күн-түн естен шығармай, сол үшін жан-жақты күресуіміз керек. Бұл құндылығынан, бұл байлығынан айрыла бастаған ұлт өзінің ұлттық санасынан, ұлттық намысынан айрылады. Ал ұлттық санасы мен ұлттық намысынан айрылған ұлттың алдында құрдым ғана тұрады. Яғни, жер бетінен жойылып кетеді. Сақ бол, қазақ, абайла, ағайын!
журналист