БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ БЕРЕРІ МОЛ

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ БЕРЕРІ МОЛ

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ БЕРЕРІ МОЛ
ашық дереккөзі
468

Жалпы сурет салудың тарихы кеше басталған жоқ. Біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтарда алғашқы адамдық қауымдар сурет сала білген. Адамның сурет салу дағдысы ерте кезден пайда болған. Археологтардың тапқан суреттері мен петроглифтері соның бұлтартпас дәлелі және өнердің бұл саласында үлкен жетістікке қол жеткізген. Замана ағысынан қалмай, тарих беттерінде өзіндік із қалдырып, дами түскен сурет салу өнері бүгінге дейін сақталып келді.

Ендеше сан ғасырлық тарихы бар өнердің бүгінгі жағдайына тоқталмас бұрын, мектеп бағдарламасында қалай оқылып жүргеніне сәл тоқталайық. Қазіргі таңда бейнелеу өнерінің оқу құралдарында оқушыларға бейнелеу өнерін құрайтын терминдерді, ұғымдарды, заңдылықтарды оқытудың мазмұны, формалары және әдіс-тәсілдері қалай беріліп жүр?

Қазір бастауыш сыныптан бастап бүлдіршіндер бейнелеу өнерін оқиды. Арнайы оқулықтың арқасында белгілі бағыт, заңдылықтар мен тапсырмалар реттеліп, оқушы жасына сәйкестендірілген. Тіпті табиғаттың кейбір суреттерін осы оқулықтан көшіріп сала береді. Бұл дұрыс па деген сауал туындайды. Оқушыларды табиғат аясына жиі алып шығып, оқулық бетіндегі жауыр суреттерді емес, өзінің ауласы мен айналасын қағазға түсіруді жиі қолданса, бүлдіршіннің қоршаған ортаны қандай көзбен көретіні сайрап шыға келер еді. Өйткені біздің басты мақсатымыз оның сурет салу өнерінен тыс өз ойы мен пайымын жетілдіру емес пе? Осы тұрғыда ежелгі Мысырдың бейнелеу өнерінен сабақ беру тәсілдерін мысалға алайық. Тарихи мәліметтерге қарағанда, Ежелгі Мысырда мектепте суретті сызумен бірге оқытқан. Мектепті бітірген жасөспірім дала алаңын сызып өлшеуге, үй ішінің жоспарын салып, каналдың сызбасы мен суретін бейнелеуге тиіс болған. Мұнан сурет салудың жалпы білім беретін мектептерде пән ретінде оқытылу үлгісін Ежелгі мысырлықтар қалады деуге де болады. Балаларды сурет сауаттылығына оқыту барысында олар әртүрлі заттарды иероглиф жазуы сипатында бейнелеуге аса көп мән берген. Олардың оқыту мен тәрбие жүйесі қатаң тәртіпке негізделді. Ежелгі Мысырда бейнелеу өнеріне баулу қоршаған ортаны танып білуге емес, схемалар мен белгілі канондарды көшіруге құрылды. Суретті оқыту барысында суретші педагогтар оқушыны табиғатты оқып үйрену мен бақылауға үйретуге емес, заттар формасын бейнелеудің белгілі шаблондық ережелерін жаттап алуға негізделді. Міне, бейнелеу өнерінің негізгі мақсаты да осы. Оқушының болашақта әрбір нәрсені өз атымен атап, пішінін жасауда нақтылығын қалыптастыру.

Шет елдердегі бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің қазіргі жағдайына жалпы сипаттама бере отырып, ұйымдастыру жағынан көптеген мектептердегі іс-әрекет талап деңгейінде екендігін айту қажет. Бұл әсіресе, кабинеттерді жабдықтау, оқушыларды жоғары сапалы бояулармен, қағазбен, қылқаламмен, қаламмен т.б қамтамасыз ету жағын білдіреді. Бұл жөнінде Жапония, АҚШ, Франция, Англия, Италия елдерін ерекше атауға болады. Сонымен бірге бұл жағдай ел масштабындағы барлық мектептерге емес артықшылығы бар мектептер жоспарын қанағаттандыру шеңберінде орындалатындығын айту орынды. Суретті, кескіндемені композицияны оқытудың жеке мәселелері соңғы онжылдықтарда тоқтатылып өнердің теоретиктері мен практиктері бірінші орынға эстетикалық тәрбие мәселелерін қойды. Балалар шығармашылығының мамандары халықаралық форумдарда әдістеменің жеке мәселелерін арнаулы талдаудың пәні ретінде қарастырған жоқ.

Германия, Польша, Чехословакия, Ресей, Өзбекстан, Азербайжан, Тәжікстан елдерінде бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі түбірімен қайта құрылуда, ол өмірдің жаңа міндеттеріне байланысты жаңа әдіснамалық негіздерге сүйене отырып дамуда.

Бұл орайда айтарымыз, туған өлке өнерімен жасөспірімдерді жүздестірудің тәрбиелік ықпалы зор. Халық шеберлерімен, зергерлермен, суретшілермен кездесулер ұйымдастыру ісі де оң нәтижелер берері сөзсіз. Шеберлердің жасаған бұйымы, туындысы туралы әңгімесін тыңдау, баланың қызығушылығы мен ынтасын арттыра түсетіні мәлім. Бұл тәжірибенің барлығы сайып келгенде жас жеткіншектерге қоршаған орта мен табиғатты, қоғам өміріндегі объективті шындықты ұғындыруға бағытталады. Солай еткенде ғана балалардың қандай да бір өнер туындысын жасауға деген ынтасы толық қолдау таба алады. Осының нәтижесінде жасөспірім талапкердің көркемдік таным талғамы кеңейіп, шығармашылық енбекке деген құштарлығы арта түседі.

Бейімбет ОСПАНБАЕВ

Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары