Мәскеуде Елбасы туралы кітаптың тұсауы кесілді

Мәскеуде Елбасы туралы кітаптың тұсауы кесілді

Мәскеуде Елбасы туралы кітаптың тұсауы кесілді
ашық дереккөзі
283

Мәскеуде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға ТМД және бірқатар Еуропа елдері дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары қатысты.

400 беттен тұратын жинақ Ресей­дегі Қазақстан Елшілігінің бастамасы бойын­ша жарық көрді. Үш бөлімнен тұра­тын кітапта ресейлік жетекші көсем­сөзшілердің, халықаралық журна­лис­тердің Нұрсұлтан Назарбаев туралы очерктері, Ресейдің ірі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің Қазақ­стан Президенті туралы пікір­лері топтастырылған. Мәскеу төрін­де кітапты таныстырған Қазақ­стан Республикасының Ресей Федера­циясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин: «Мені Ресейдің мемлекеттік, ғылыми және мәдени элитасы өкілдерінің Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулері туралы әсер­лерін жазып беру туралы ұсы­нысқа келісім беріп қана қоймай, сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің саяси көшбасшылығы фено­менін ой елегінен өткізудегі көп­қыр­лылығы таң-тамаша қалдырды», – деп атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның көшбасшылық факторы стан­дартты саяси үлгі шеңберінен асып кеткен, ал мұның өзін бірегей тарихи феномен деп қабылдаған абзал. Мұнда тұлғалық кескін-келбетке, көшбасшылық стиль мен өзгермелі тарихи жағдайларға да орын бар. «Қазақстан Республикасының Прези­денті тәуелсіздіктің алғашқы күр­делі кезеңінен кейін өзінің басқа­ру стилін өзгертті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы жаңаша қасиеттерді қажетсінетін өзге қауіп-қатерлермен бетпе-бет келді. Бұл Мемлекет басшысының өзгеруіне ықпал етті. Алғашқы кезеңде Елбасы экономикалық жүйені басқаруда тәжірибесі мол беделді өңірлік саясаткер болса, екінші кезеңде болашаққа енді ғана қадам басып келе жатқан тәуелсіз қоғамның көшбасшысына айналды», – деді Марат Тәжин.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көш­басшылығының жаңа қыры соңғы онжылдықта, яғни, әлем сая­сат­керлері мен экономистері ғаламды жай­лаған дағдарыстан шығу үшін «не істеу қажет?» деген сауалға жауап іздеп жүрген кезеңде анық көрінді. Марат Тәжин Қазақстан Президентінің дағдарысқа терең теориялық түсініктеме берген санаулы саясаткерлердің қатарынан орын алғанын айта келе, Мемлекет басшысы қабылдаған батыл әрі қатаң шешімдерінің нәтижесінде Қазақстанның өзге әлем елдерімен салыстырғанда дағдарыстан аз шығынмен шыққандығына тоқталды. Ал әлем елдерінің дағдарыстан кейінгі дамуы көшбасшылардан жаңа басқару жүйесін талап етеді. Ал бағалау өлшемдері тағы да өзгеріп, алдыңғы қатарға негізгі үш ерекшелік шығады. Әуелі, саясат­кер­лердің зияткерлік деңгейінің жоға­рылайды. Екіншіден, ұлттық инно­вациялық жобаларды қалып­тас­тыру мен жүзеге асыру, саяси және экономикалық таңдаулы топ­тар алдындағы кең ауқымды тапсыр­ма­ларды қою қабілеттілігіне иелік ету. Үшіншіден, экономикалық көрсет­кіштердің маңыздылығына қара­мастан, болашақта шынайы көш­бас­­шылық қоғамда болып жатқан саяси, экономикалық, этни­калық және дінаралық үдерістер арасындағы теңгеру шеберлігін талап етеді. «Жалпы айтқанда, қазіргі көшбасшыдан ең маңызды үш қасиет талап етілуде: интеллект, жаңашылдық, теңгерімділік. Ал Қазақстанның көшбасшысы аталған үш қасиетке де ие», – мәлімдеді Қазақстан Елшісі.

Елбасына арналған кітапқа Все­волод Богданов, Владимир Губарев, Рафаэль Гусейнов, Валерий Симонов, Юрий Батурин, Кирилл Привалов, Леонид Млечин, Николай Долго­полов секілді Ресейдегі ең ірі басылымдардың басшылары, жоға­ры дәрежелі марапат иелері мен бедел­ді сыйлық жеңімпаздарының ой-пікірлері енген. Аталған публи­цистерді журналистикадағы орасан зор еңбектерімен қатар «Ресейдің алтын қалам иесі» атты атақтары да біріктіреді. Олардың кейбірі Нұрсұлтан Әбішұлымен жеке таныс болса, енді бірі Мемлекет басшысынан сұхбат алып, оның жарқын өмірбаяны мен көпқырлы қызметін кәсіби зерттеумен айналысқан. Автор­лар­дың туындыларынан Қазақстан Президентіне деген жылы лебіз, шынайы тілектестік пен ерекше құрмет байқалады. Тұсауы кесілген кітап туралы ой бөліскен РФ Феде­рация Кеңесінің мүшесі, Халық­аралық істер жөніндегі комитет төра­ғасының бірінші орынбасары Виталий Игнатенко:

– Бұл кітап мықты елге, ға­рыш­ты бағындыруға, ұлттық дипло­ма­тияның дүниеге келуіне, ядролық сынақтардан және осы қарудан бас тартуға, болашақ мегаполис – Астананың бой көтеруіне және Еуразия экономикалық кеңістігінің қалыптасуына, ең бастысы, мың жылдықтар аралығында өркендеген көпұлтты қазіргі заманғы Қазақстан секілді ғажап халықаралық көрінісінің пайда болуына тер төккен тұлғаға арналады, – деді.

Жинаққа енген «Президент», «Дип­ломат», «Реформатор», «Поли­гон», «Космодром», «Союзник», «Земляк» сынды очерктерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қыр­лылығы көрсетіліп, Президенттің көш­бас­шылық қызметіндегі ең күрделі кезеңдеріне терең публицис­ти­калық көзқарас берілген. Ресей Журна­листер одағының төрағасы Все­волод Богданов ресейлік алтын қалам иелерінің Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлерін айту туралы ұсынысты ізгі ниетпен, үлкен жігерлілікпен қабылдағанын айтты. «Кітапқа енген очерктер бір үлгімен жазылған жоқ. Авторлар қазақ халқының көшбасшы ұлының өмір­дерегін өз пайымдаулары бойынша түсініп, қорытынды жасады. Бұл кітап Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның саясаты мен еліне, халқына деген Мәскеуден жолданған көзқарас», – деді Всеволод Богданов.

Ресей Жазушылар одағының хатшысы Рафаэль Гусейнов «Президент» атты очеркінде қазақстандық ұлт көшбасшысының жарқын саяси қадамдары мен шешімдеріне баса назар аударған. Автордың пікіріне сүйенсек, Елбасының Кеңес Одағы құлаған кезде дұрыс ұстанымды қабылдау шеберлігі және тәуелсіздікті жаңа алған мемлекетті құрудағы көрнекті табыстарға қол жеткізу іскерлігі, Семей ядролық сынақ полигонын жабуы, «Байқоңыр» ғарыш айлағын Қазақстанның меншігінде сақтап қалуы, Еуразия экономикалық одағын құру туралы бастамасы, елде тұрақсыздану әрекеттерін болдырмауы Қазақстан үшін табысты қадам болған.

Қазақстан Президентінің сырт­­­қы саяси қызметін зерттеумен айналысқан Кирилл Привалов Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше дарындылығы мен дүниежүзілік қауым­дастыққа танымал болуының арқасында Қазақстанның аса қажетті халық­аралық байланыстар құрып, ұзақ мерзімді ұлттық сыртқы сая­сат­ты қалыптастыруға қол жеткіз­ге­ніне тоқталды. Ал Леонид Млечин «Реформатор» очеркінде Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің Төрағасы лауазымына тағайындалған сәтінен бастап Тәуелсіз Қазақстанның басшысы ретінде саясаткер болып қалып­тасуының негізгі кезеңдерінің бәрін сараптамадан өткізеді. Млечин «егер сол шешуші жылдары Горбачев Назарбаевты КСРО-ның вице-президенті немесе одақтық үкіметтің басшысы етіп тағайындағанда шын мәнінде не болар еді» деген сұраққа жауап береді. Мұның біртұтас елді сақтаудың мүмкіндігі болуы ықтималдығын айтады.

Өз кезегінде Владимир Губарев «Полигон» атты мақаласын Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастама­сына арнайды. «Ол – үлкен мемлекет­тер басшылары арасында барлығы да шақырған, бірақ ешкім де осы уақыт­қа дейін атқармаған істі жүзеге асырған жалғыз Көшбасшы. Шешім қабылдау оңайға түскен жоқ және осы жайындағы болашақ тура­лы толғанысты ол өзінің айна­ласын­дағылармен ғана емес, ең алдымен өзімен жүргізді. Дәстүрлі шектелушілікті ысырып тастауға, ешкім де өте алмайтындай көрінетін соншама биік кедергілерді еңсеруге тура келді», – деп жазады Губарев.

Жазушы, «Российская газета» бас редакторының орынбасары Николай Долгополов «Одақтас» атты очеркінде Нұрсұлтан Назарбаевты Ресейдің басты досы деп атап көрсетеді. Оның жазуынша, Еуразиялық одақ болашаққа жасалған үлкен серпіліс болды. «Ал оны көре, түйсіне білу көп адамға берілмеген еді. Тек қана аса зор дарынға ие таңдаулылар ғана мұндай қасиетке ие. Мұндай көре білу қасиеті Назарбаевта бар. Мен Нұрсұлтан Әбішұлы ойластырған және ұсынған барлық істі жаңа жол салу деп атаған болар едім», – дейді автор.

Жинаққа Ресей Президенті Владимир Путин, Ломоносов атын­­дағы Мәскеу Мемлекеттік Универ­­ситетінің ректоры Виктор Садов­ничий, Халықаралық қа­ты­настар жөніндегі Мәскеу мем­лекеттік институтының ректоры Анатолий Торкунов, режиссер Никита Михалковтың Қазақстан көшбасшысына берген бағалары жарияланды. Сонымен қатар, РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, ТМД-нің Атқару хатшысы Сергей Лебедев, бұрынғы Кеңес Одағы Үкіметінің басшысы Николай Рыжков, Татарстанның және Ингушетияның тұңғыш прези­дент­тері Минтимер Шаймиев және Руслан Аушев, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық бойынша арнайы өкілі Михаил Швыдкой, «Еуразиялық Іскерлік Кеңесі» үйлестіруші кеңесінің төрағасы Олег Сосковец, Ресей ғылым­дар академиясының президен­ті Владимир Фортов, ғарышкер Валентина Терешкова, ВГТРК-ның бас директоры Олег Добродеев, «Интерфакс» агенттігінің басшысы Михаил Комиссар, белгілі эконо­мис­тер Абел Аганбегян және Руслан Гринберг, жазушы Анатолий Ким, пианиношы Денис Мацуев және әнші Александр Градский, әртістер Олег Табаков, Геннадий Хазанов сынды белгілі тұлғалардың пікірлері де енгізіліпті.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы жеке пікірлері мен бағалауларын авторлар өздерінің стилінде жазып шықты. Соның нәтижесінде Ресей қоғамының белгілі тұлғаларының пікірлерімен толықтырылған «Жасампаз» деп аталған жинақ ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының ұжымдық суреті ретінде жарық көрді.

Сондай-ақ, бұл кітапқа Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған тікелей жолдау­хаттар мен 75-жылдығымен құттық­таулар да кірді. Құттықтау хат авторларының қатарында Ресей Парламенті палаталарының спикерлері Валентина Матвиенко мен Сергей Нарышкин, Қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Еуразия­лық экономикалық комиссия төрал­қа­сының төрағасы Виктор Христенко, ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа, Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Башқұртстан басшысы Рүстем Хамитов, Дағыстан басшысы Рамазан Абдулатипов бар. Мерейтойға орай құттықтау хаттарын ұшқыш-ғарышкер Алексей Леонов, суретші Зураб Церетели, «Аргументы и факты» газетінің бас редакторы Николай Зятьков, РФ СІМ Дипломатиялық ака­демиясының ректоры Ев­ге­ний Бажанов, «РОСНАНО» компа­ния­сының басшысы Анатолий Чубайс, Ресей муфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, атақты ресейлік әртістер Юрий Григорович, Александр Калягин, Валерий Гергиев, Юрий Башмет, Владимир Спиваков, Сергей Шакуров, композитор Игорь Крутой, спортшылар Елена Исинбаева және Ринат Дасаев та жолдаған. Жинаққа топтастырылған отыздан астам құттық­таулардың ішінде бұрынғы Кеңес Одағының президенті Михаил Горбачевтың хаты ерекше орын алған: «Алдағы жылдарда да өзіңнің болашақты көре білу секілді қасиетіңді таныта бересің деген сенімдемін. Бұл – саясаттағы даналықтың басты мәселесі. Сенің барлық достарың, Ресейдегі және басқа да елдердегі Қазақстанның көптеген достары бұған шынайы түрде қуанады. Ал Қазақстанның жетістіктері басқалар үшін үлгі болады».

Тұсаукесер рәсімінде сөз кезегін алған Виталий Игнатенко: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қазіргі уақыттағы дүниежүзілік саясатта ең танымал көшбасшылардың бірі. Оның Қазақстанның дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Қазақстанның мықты ел ретінде қалыптасуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жетістігі деп айтуға болады», – деді. Виталий Игнатенконың Мемлекет басшысы туралы айтқан орамды ойы салтанатты шараға жиналғандардың түпкі ойын дәл тапты. Одан кейін Ресей баспалары дүниежүзілік ассоциациясының президенті Виталий Игнатенко, Еуразия экономикалық комиссиясының Коллегия мүшесі (министрі) Татьяна Валовая, РФ Мемлекеттік Думасының ТМД, еуразиялық интеграция және қандастармен байланысу істері жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий, «ЛУКОЙЛ» компаниясының президенті Вагит Алекперов және Әзірбайжан Республикасының Ресейдегі елшісі Полад Бюльбюль-оглы да қазақстандық ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы туралы шынайы пікірлерімен бөлісті.

Ұлт көшбасшысына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевты РФ Журналистер одағының «Ерекше еңбегі үшін» атты ең жоғары наградасымен марапаттау рәсімімен аяқталды.

Әсел ӘНУАРБЕК

IMG_5498

IMG_5450

Серіктес жаңалықтары