ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТАН БӘЙГЕ ӨТСЕ...

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТАН БӘЙГЕ ӨТСЕ...

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТАН БӘЙГЕ ӨТСЕ...
ашық дереккөзі
297

Алтайдан Атырау, Арқадан Сыр бойына дейін шашылған қалың қазаққа бәрі ортақ. Тұрмысы ортақ, түрі де, тілі де ұқсас, діні де бір, дәстүрі де бір. Мінезінен сәл-пәл ғана өзгешелік таппасаңыз жан-дүниесін бөле жарып қарау мүмкін емес. Барлығы шетінен тойға, қызықшылыққа құмар. Аста-төк дастарқан жайып, шалқыма күйін шертіп, әнін айтып, еңкейген кәріден еңбектеген балаға шейін той-думанға ынтығып тұрғаны.

Той-томалаққа, шашылып-төгілуге құмар қазақтың қайғылы қазаның өзін қызықшылыққа айналдырып жіберетін «мінезі» де бар. Үйлену, бесік той, сүндет той болса бір сәрі, атпалдай азаматтың немесе аяулы ананың, әкенің қайтыс болғанына арнап ас беру, ас бергені мейлі ғой, сол астың аяғында дүркіреген той секілді етіп ағайынға арнап көкпар беру, ондаған темір тұлпар, миллиондаған теңге тігіп, бата берген қариядан бет сипаған балаға шейін ат мінгізіп шашылу – осы күнгі бай-бағландардың өзара жарысына айналып кеткендей әсер қалдырады кейде. Бір қараған адамға әкенің немесе шешенің әруағы деген тек сылтау секілді. Асты желеу етіп, жылдар бойы жиған-терген атақ-абыройын, бедел-билігін, мал-дүниесін, ақша-сабанын қалың елге паш ету, мақтану, көрсету, шашылу, бір сөзбен айтқанда – ысырап.

Көктем шыға тоқсан тоғыз пайыз қазақтан құралған Отырар жерінде үлкен бір ас өтті. Ас деген жай ғана аты ғой, дүркіреген тойға бергісіз думан. Осы өңірде туып өскен, отызыншы жылдары ауыл мектебінде ұстаздық етіп, соғысқа қатысып, ардагер атанған, бүгіндері бақилыққа аттанған атаның 100 жылдығы мен оның көзі тірі кемпірінің 90 жылдығына арналған ас пен торқалы той қабат өтті. Өлім мен туған күнді қатар тойлайтын ұлтты көріп па едіңіз? Көрмесеңіз қазақтар тойлайды екен. Жылап отырып күледі екен. Бұл өзі өлгенді еске алу күні ме, әлде туған күн бе деп таң қалғанбыз сол кезде. Шабандоз жігіттердің басын қосып, оншақты көлік тігіп, көкпар берді. Ой не дейсің, атаның аруағы риза болсын, әжейдің ғұмыры ұзақ болсын дескен жұрт иен ет пен ас-ауқатқа қарық болды.

Естеріңізде болса өткен жылдары Елбасының өзі дүркіретіп той-томалақ өткізе берудің әбес тірілік екенін айтып, бұлай шашыла берсек неміз қалады деген сыңайдағы пікірін айтып, бай-бағландардың той жасағыш, «шашылғыш» мінезін аямай сынап еді. Тіпті, енді бұдан кейін шектеу қоятынын да айтқан. Бірақ, жайшылықта Елбасының ауызынан шыққан сөзді өздеріне пайдалы қағып ала қоятын бай қазақтар Президенттің бұл жолғы шектеуіне пысқырған да жоқ сияқты. Бәз баяғы шашылу, ақшасының, дүниесінің көптігін көрсетіп, қалың жұртты «аһ» дегізу толастамай отыр. Қайта күннен күнге көбейіп барады.

Санамалап қайтеміз, біздікі осындай ысырапшылдықты күнде көріп, куә болып жүрген соң айтылған ойлар. Байдың ақшасын қызғанғанымыз емес, тек сол ақшасын «ақ-адал жолмен таптым» дейтін кәсіпкер аға-әпкелеріміздің бір күндік қызықшылыққа бола қолда бар дүниесінің бір бөлігін төге салатын «қызық-қызық» мінезіне кейде күйініп, кейде күліп қалатынымыз болмаса. Осындайда дейміз ғой, қаражатын қайда шашарын білмей жүрген байшыкештер есіл дүниесінің бір екі тамшысын үйсіз-күйсіз жүрген қалың қазақтың жоқ-жітік жастарына тамызса, ауыл-ауылдағы жұмыссыздықтың кесірінен еңсесі езілген ерлердің екі қолына бір күрек беріп, жұмыспен қамтып жатса, жетімді көріп жебей жүрсе, білім алсам, елге пайдам тисе дейтін еңбекқор ағайынға, ауыр дертті арқалап, емделуге теңге таппай жүрген мүсәпірлерге қол үшін берсе сауаптың үлкеніне кенелер еді ғой. Амал не, жомарттың қолын жоқтық байлайтын қоғамда өмір сүрудеміз. Дәулеттілер тойдың қызығына батып, кедей байғұс сол тойда ауызының аздап майланғанына риза болып өтіп жатқан қайран уақыт-ай…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары