«КЕМБРИДЖ ТӘСІЛІНЕН» не күтеміз?
«КЕМБРИДЖ ТӘСІЛІНЕН» не күтеміз?
…Міне, тағы жаңа бір оқу жылы келді. Биылғы оқу жылы түбегейлі өзгерістер мен жаңалықтарға толы болып отыр.Сөйте тұра, соңғы жылдары жиі ауызға алынатын оқытудағы «Кембридж тәсілі» дегеніміздің не екені қарапайым көпшілікке мүлдем түсініксіз жайт. Соңғы кездері қолға алынып отырған өзгерістерден не күтуге болады? Бұл өзгерістердің мақсаты не, қандай нәтиже әкеледі? Мұның бәрі ашық айтыла қойған жоқ, айтылғанмен қоғамның ол жайында хабары тіптен мардымсыз. Осыған орай «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының аға оқытушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Омарова Ләззат Сұлтанбекқызымен сұхбаттасқан едік.
– Білім беру саласындағы реформалар мен өзгерістің көптігінен көз тұнады. Соңғы жылдары білім беруді күрделендіргеніміз соншалықты қарапайым адамдар қарапайым мектепті де түсінуден қалып барады. Бүгінгі мектептің алдында тұрған мақсат-мүдделер туралы не айтар едіңіз?!
– «Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет» – делінген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2010 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында.
Елбасымыз бұл пікірін жақында ғана Лондонда 2012 жылғы өткен жазғы Олимпиада ойындары басталар шақта Кембридж университетінің ұстаздар қауымымен арнайы кездесуінде, сондай-ақ Ақмола облысын аралаған сапарында Көкшетау қаласына орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымымен кездескен кезінде де қайталады. Алдағы кезде де Англия мен Қазақстан арасындағы білім мен біліктілік саласы бойынша тығыз байланыстың бұдан былай да өркендей беретіндігіне үлкен сенім білдірді. Шын мәнінде, қазіргі кезеңде қоғамның өркендеп өсуі білім жүйесінің сапасын жақсартуды, жаңа технологияларды кеңінен қолдануды, жаңа формациядағы ұстаздар дайындау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуді, нарық экономикасына бейімделген, бәсекеге қабілетті білімді де білікті мамандар дайындауды негізгі стратегиялық межеге жатқызады. Бұл мақсаттар еліміздегі білім беру жүйесінің алдына жаңа инновациялық, технологиялық әдістерді қолдануды игеру, оқытудың жаңа модельдерін іздестіру және оны үнемі жетілдіріп отыру міндеттерін күн тәртібіне ендірді. Осы бағытта Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуы үшін шетелдік тәжірибелерді зерделеп, енгізу талабы туындап отыр. Әлемдік білім кеңістігінің даму тарихы, оның әр кезеңдегі айқындалған тенденциялары әр халықтың өркендеуінің, қоғамдағы прогрессивтік өзгерістердің біліммен байланыстылығын, білім саласының өзгермелі өмірдегі аса маңыздылығын дәлелдеп отыр. Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттық және мәдени қарымы білім сапасының күйін, оның прогрессивтік даму тарихын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, егемен Қазақ елінің білімі мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функциональды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға құмбыл, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Қазіргі талаптың басты міндеті – педагог мамандардың кәсіби құзырлығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әдістерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре білу болып отыр. Осы мақсатта республикамызда бұрын-соңды болмаған мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың 3-ші деңгейі бойынша 3 айлық курс іске асырылды. Бұл Бағдарламаны іске асыру үшін алдымен Астана қаласында қаңтар-ақпан-наурыз айларында еліміздің түкпір-түкпірінен ең білікті ұстаздар деп танылған 300 адам даярлықтан өтті.
Бір өкініштісі, қазақ халқының тарихында мұндай қысқа курстар аз болмаған. Елді жаппай сауаттандыру кезінде Сталиннің талабымен қысқа қысқа курстар жер-жерде көптеп ашылды. Ал Ұлы Отан соғысында да қысқа курсты бітірген жап-жас офицерлер қол бастады. Көбі трагедиямен аяқталғаны тарихтан мәлім. Тағы да қысқа курстар… Бұл Бағдарлама нендей мақсаттарды көздейді? Біз неге дәстүрлі оқыту үрдісінен бас тартуға тиіспіз?
– Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс. Оқытудағы «Кембридж тәсілінің» теориялық негіздерінде түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйелерінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсіліне басымдылық берілген. Бұл оқытудың басты бағыты – ойлауды дамыту болып табылады. Яғни, оқушы өзінде бар білімді түрлі дереккөздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдермен біріктіре отырып іске асырады. Осыған дейін біз дәстүрлі оқыту үрдісін іске асырып келгенбіз. Өткен ғасырдың басында-ақ американ педагог-психологі Джон Дьюи жоғарыдағы «дәстүрлі» білім беруді енжарлықпен білім алу үдерісі ретінде сипаттады және өзара әрекеттің немесе сыни қатысудың төмен деңгейін ғана қажет ететін жаттап алу әдісі деп сынаған.
Ал осыған дейін біздер қолданып келген «дәстүрлі оқыту» қандай оқыту? Ол – қазіргі мұғалімнің 45 минуттағы іс-әрекеті. Мұғалім кіреді, сабақ сұрайды, сабақ түсіндіреді. 4-5 оқушыны бағалайды, қалғандары сол қалпында қалады. Бұл жердегі мұғалім тарапынан берілген дайын білімге оқушылар өздігінен ары қарай дамыту, іздену, ойласу, атсалысу, салыстыру, пікір алмасу, пікір таластыру т.б. жайлар қолға алынбайды. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Сондықтан көбіне санада механикалық есте сақтау арқылы алынған білім ойлаудың төменгі деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Ары қарай терең ойлану үрдісі іске асырылмайды. Ал сындарлы («конструктивті») оқытуда керісінше, мұнда басты басымдылық оқушыға беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнды ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Бұл жерде «Маған айт, мен оны ұмытамын, көрсет, мүмкін, есімде сақтармын, мені қызықтыр, мен сонда түсінемін» деген қытай мақалының түпкі мағынасына терең бойлауға тура келеді. Ғалымдар оқыған, естіген, көрген т.б. әрекеттерден гөрі адамның өзі өзгелерге түсіндірген білім көп есте сақталатынын айтады. Алайда барлық оқыту үдерісін ұйымдастырып, көшбасшылық жасайтын мұғалім болғандықтан, бағдарлама ең алдымен, мұғалімге қарай бағытталады. Өйткені мұғалімдер ойлау қабілеттері жоғары деңгейде дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, онда алдымен өздерінің де терең ойлау қабілеттерін дамытқан жөн. Сонда ғана бір жақты, «тек менікі дұрыс» деген сенімнен гөрі, жаңашыл идеяларға деген көңіл көкжиектері ашылып, жаңаша қалыптасуы мүмкін.
Бағдарламаның басты жаңа бағыты – іс-әрекет арқылы зерттеу болып табылады. Ағылшын ғалымдары теориялық білімдерін міндетті түрде мектептерде қолданып, оның дұрыс-бұрыс жақтарына терең талдау жасап отырады екен. Осы бағытта әрбір жаңашыл мұғалімнен өзі сабағында қолданған жаңа тәсілдердің дұрыс-бұрыс жағын терең талдап, зерттеу жүргізу талап етіледі. Ағылшын ғалымдарының дені мектепте дәріс беретін қарапайым мұғалімдер екен, осыдан кейін біздің елдегі кейбір мектеп көрмеген ғалымдар теориясының тәжірибемен мүлдем қабыспай жататындығы әбден ойландыруы тиіс деп есептейміз. Сондай-ақ, осы Бағдарламаның кейбір тақырыптарына қарап отырып, терең толғануға тура келеді. Құндылықтар мен ұстаным, мәдениет дегеніміз не, мәдениетаралық оқушыны қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту сияқты тақырыптар үлкен философиялық тұжырымдарға жетелейді.
Қорыта айтқанда, бұрын оқу үдерісі кезінде бар салмақ мұғалімге түсетін. Ол белгілі шеңберде жұмыс жасайтын. Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгереді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға,ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек.
– Айтып отырған іс-әрекеттің бәрі оқушылар білімін бағалауға да басқалай өзгеріс әкелуге жетелеп отырғандай көрінеді?
– Дұрыс айтып отырсыз. Біз осы кезге дейін жиынтық бағалауды қолданып келдік. Ал ағылшындарда бағалаудың «формативті» түрі басым қолданылады екен. Бұл бағалау «Оқыту үшін Бағалау» немесе «ОүБ» деп аталады. Бұл бағалауда оқушының барлық мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқушыны ынталандыру арқылы ары қарай оқытуға жетелеу. Яғни бірден жиынтық баға қоймай, материалдың игерілмей, қамтылмай қалған тұстарын нақты көрсетіп, толықтырып қайта оқуға бағыттау. Біздің мұғалімдердің арасында осы кезге дейін «Саған «+4» немесе «саған – 5» деп айтылатын ауызша бағалау жиі кездеседі. Формативті бағалау осындай «+4» беске және «– 5»-ті де толық беске жеткенше жетелеу, яғни бала білімін одан ары жетілдіре түсу болып табылады.
– «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы көп жылдардан бері білім беру саласына ерекше назар аударып келе жатқаны баршаға белгілі. «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің: «Біз осы 20 жыл ішінде көптеген қиын-қыстау сәттерден өттік. Бірақ жетістіктермен тоқталып қалмауымыз қажет. 2015 жылы табысты мемлекеттер қатарына қосылуымыз керек. Біздің мүмкіндігіміз оған жетеді. Тек ынтымақ аясында жұдырықтай жұмылып, өз міндеттерімізді абыроймен атқара білсек болғаны», деген сөздері оның айқын дәлелі. Елімізде бұрын-соңды болмаған мынадай күрделі Бағдарламаны жүзеге асыру оңай іс емес екендігі де белгілі, осы бағытта басшылық жасап жатқан кімдер?
– Бұл Бағдарламаны насихаттаудың аса қажеттілігі жайлы Елбасы жиі айтып жүр. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелеріне жеткізу, насихаттау, енгізу мақсатында Астана қаласында өткен жылдың соңында Педагогикалық шеберлік орталығы құрылды. Аз уақыт ішінде аса күрделі қыруар істерді жүзеге асырып, осы бағдарламаның жүзеге асуына атсалысып жатқан басқалай да көптеген білім ұйымдары бар. Қазіргі таңда барлық облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері мен Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Осы бағытта жұмыс істеуге барлық деңгейдегі мұғалімдердің біліктілігін арттыратын мекемелер жұмылдырылған. Аз мерзімде іске асырылған осыншалықты қыруар жұмыстарды «Егеменді елдің, келер ұрпақтың болашағы, келешегі білімде жатыр, ол үшін білімді, білікті ұстаздар керек» деген идеяның нәтижесі деуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ж. БАҚҚОНДЫҰЛЫ