Алтынбек СӘРСЕНБАЕВ: КЕДЕЙШІЛІКТЕН ҚҰТҚАРУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – ДЕМОКРАТИЯ

Алтынбек СӘРСЕНБАЕВ: КЕДЕЙШІЛІКТЕН ҚҰТҚАРУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – ДЕМОКРАТИЯ

Алтынбек СӘРСЕНБАЕВ: КЕДЕЙШІЛІКТЕН ҚҰТҚАРУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – ДЕМОКРАТИЯ
ашық дереккөзі
217

Күні кеше арамызда күліп-ойнап, жайраңдап жүрген жанның бір күндері естелікке айналарын кім ойлаған? Жәй ғана өксікті естелік емес, өзгелер ой-санасын, дүниетанымын, өмірлік принциптерін сонымен салыстыратын тұғырлы тұлғаға айналуы тағдырдың жазуы. Қазақ тарихында, тәуелсіз еліміздің қиын-қыстау күндерінде жастығына қарамай көшбасшылық деңгейге көтерілген арлы азамат, сұңғыла саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев арамызда қазір жоқ болса да, өзін толғантқан ойлары, ұстанған принциптері, мемлекетшілдігі және әрқашан қазақ ұлтының мүдделерін жеке бастың қам-қарекетінен жоғары қоя білуі оның есімін еліміздің тарихында алтын әріптермен жазып қалдырды. Алтынбектің арқауы алтын ұстанымдары әлі күнге маңыздылығын жоғалтқан жоқ. «Түркістан» газетінің ойлы оқырмандарының назарына марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың шоқтай қызу ойларының бір шоғырын ұсынып отырмыз.

Редакциядан

… Әділ де принципті шешімдердің мезгілі келіп жетті деп ойлаймын. Біздің әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауға тиіспіз. Билікте жүру – ешкімнің басты мақсаты болмауға тиіс. Саясаткердің басты мақсаты ұлттық мүдде мен халықтың ең зәру талап-тілектерімен сәйкес, үйлес болуы керек. Саясаткерлер жауапкершілікті әрі азаматтардың сенімін ақтай білуге тиіс.

***

…ЕҚЫҰ ешуақытта дәстүрді өзгертуге, тілді айырбастауға, өмір сүру үлгісін өзгертуге шақырмайды! Олар біздің еліміздің азаматтарының биліктің қыспақ-қысымынсыз өмір сүруін, билікті бұрмалаушылықтарсыз қалыптастырып, оны заңдық институттар арқылы қадағалап отыруымызды қалайды. Кезінде бізбен бірге бір одақтың құрамында болған Литваны мысалға алайықшы. Президент Паксас заңды аттап, шетелдік бір бизнесменге азаматтық алып бергені үшін отставкаға кетуге мәжбүр болды. Осындай саяси жүйені қалыптастырған Литва халқының қандай сайлаудан кейін де тыныш, жайбарақат ұйықтауына болады. Өйткені заңды бұзған адам, мейлі ол кім болса да, міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Олардан біздің неміз кем?

***

…Әрбір жүйе айналып келгенде өзін-өзі қайталайды деген заңдылық бар. Ал арсыз сайлау жүйесі бар тиімсіз әрі дімкәс саяси жүйе нені қайталай алады? Оның үстіне, бұл сайлауды сол баяғы Балиева мен облыс әкімдеріне жүктеп қойса! Бұл тауыққораны түлкіге күзеткенмен бірдей емес пе?!

Дәл мәжіліс сайлауы сияқты өткізілетін болса, әкімдерді сайлаудың қандай қажеттілігі бар? Бірде-бір балама кандидат газет бетіне, телеэкранға шыға алмайтын болса, ол сайлаудан не қайыр? Кімнің қандай шешім қабылдайтынын, кімнің жеңіске жететінін жұрттың бәрі алдын-ала білетін болса, әкімдер тағайындаған сайлау комиссиялары жұмыс істейтін болса, заң бұзылған жағдайда сотқа да шағымдана алмайтыныңды білсең, ол сот атқарушы биліктің аузынан шыққанды орындайтын болса, сайлауды өткізгеннен не пайда? Билік өзінің жойқын күшін паш етуі үшін өткізе ме сайлауды?

Сондықтан да біз мұның барлығына көзбояушылық деген баға беріп отырмыз. Билік саяси плагиатпен емес, мемлекет құрудағы аса маңызды мәселелерді шешумен айналысуы керек. Ең алдымен сайлау жүйесін жетілдіруден бастауы тиіс.

***

…Қазір билікке де, оппозицияға да сая­си ойын ойнауды доғаратын кез келді. Себебі, қазір біз жекелеген саясаткерлердің кеудемсоқтығымен емес, 15 миллион халық тұратын мемлекеттің тағдырымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ешкімнің тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана халықтың тағдырын, олардың балалары мен немерелерінің кемел келешегін қыл үстіне қоюға қақысы жоқ. Қанша дегенмен, тәуелсіздіктің 13 жылдығы жай нәрсе емес, үлкен бір тарихи белес. Енді өз әрекеттерімізге байыппен көз жүгіртіп, жауап­ты шешім қабылдайтын кез келді.

***

…Бүгінгі таңда түрлі-түсті төңкерістер Батыста жоспарланып, Ресейге қарсы бағытталған деген қасаң пікір қалыптасқан. Мұны сарапшылар, БАҚ-тардағы жария­ланымдар арқылы «ойнатады». Орасан зор қаражаттық және медиаресурстар іске қосылуда. Бір қуаныштысы, осы аяда болса, одан гөрі прагматикалық пікірлер де естіле бастады. Сыбайлас жемқорлық пен авторитаризмге малынған «одақтас» режимдерді құтқару Ресей мүддесіне қайшы келетіндігі және оның имиджіне нұқсан келтіретіндігі күннен-күнге айқындала түсуде. Іс жүзінде не болып жатыр?

***

…Ұлт. Ұлттық идея. Ұлттық мақсат-мүдде…

Мұның бәрі – өте күрделі әрі терең мәселелер. Дей тұрғанмен, біраз ой бөлісіп көрейін…

Италияның саяси қайраткері Массимо Д.Аурельо ХІХ ғасырда былай депті: «Италию мы уже создали, теперь нам надо создать итальянцев». Ал поляктың саяси қайраткері Пилсудский: «Не нация создает государство, а государство – нацию» дейді. Бұл пікірлерде терең мән жатыр. Әсіресе, біз үшін. Демек, ұлтты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Мемлекеттік саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемлекеттік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді. Мұны 1960-70 жылдары тәуелсіздік алған Африканың көптеген елдерінен көруге болады. Сондықтан да ұлт тағдырын мемлекет жүргізіп отырған саясаттан еш бөліп алып қарастыруға болмайды.

Қазір тәуелсіздік алғанына 15 жыл болған Қазақстандағы халқымыздың тағдырын жеке бөліп алып қарайтын болсақ, біздің алдымызда шешілмеген үш мәселе тұр. Ең біріншісі – әрине, тіл мәселесі.

***

… Он бес жылдың ішінде Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік сипатқа ие бола алған жоқ. Қазір осы тіл мәселесі ұзақ жылғы үнсіздіктен кейін қайта-қайта қозғалып, қоғамдық ортада үлкен пікірталас туғызып жатыр. Кеңес заманында қазақ тілінің омыртқасын опырып, бұғанасын үзіп, оны қалай жарымжан еткенімізді тәптіштеп, өткен күнге өкпе айтып қарап отырудың реті жоқ. Алдымен өзімізге «Қазақ тілін дамыту үшін, оны толыққанды мемлекеттік тіл ету үшін не істеу керек?» деген сұрақ қоюымыз қажет. Біз қазір, әсіресе, ұлттық интеллигенция мен журналистер көп күшімізді тіл туралы дау-дамайға арнап, пікірталаспен уақыт өткізіп жатқан сияқтымыз.

***

… Демек, қазақ халқы ауылда тұрып, ауылда қалыптасты. Оларды қалаға белгілі бір шектеулер арқылы біртіндеп жіберу қазақ тілін ассимиляцияға түсірудің амалы еді. Мысал үшін, 100 мың адамның 1 мыңы қалаға көшіп келді делік. Осы келгендер толық орыс тіліне көшіп болғаннан кейін ғана келесі мың адам қалаға жіберіліп отырды. Ал қалалардың барлығында орыстілді мектептер, орыстілді қарым-қатынас. Ауылдан келген бір лек тілінен айрылғаннан кейін барып, олардың орнын келесі лек басып отырды. Егер сол кезде қазақтар қалаға жаппай көшіп келсе, онда тілді де өздерімен бірге ала келер еді. Оларға мұндай мүмкіндік жасалған жоқ. Осы саясаттың салдарынан қазақ халқы өнеркәсіпте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. Мұның екі зияны болды. Біріншіден, технологияны игеруден артта, комбаин мен «ГАЗ-53»-тің айналасында қалып қойды. Екіншіден, материалдық жағдайы төмен болды. Себебі, қазіргі жағдайды былай қойып, КСРО-ның кезін алып қарасақ, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағылардың табыс айырмашылықтары жер мен көктей болатын. Қазақ халқы бұйығы ауылдарда қалуы салдарынан, өз мүддесін жоқтайтын ықпалды саяси күш ретінде қалыптаса алмады.

***

…Өкінішке қарай, қазір тек қалтасы қалыңдарға арналған элиталық үйлер ғана салынып жатыр. Егер қазақ халқы қалаға лек-легімен келіп, қоныс теуіп, тұрмысын түзеп жатса, бұлар өздерімен бірге тілді де ала келеді. Ал қазақ тілі қалаға келді деген сөз – оны мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде шешуші қадам жасалды деген сөз.

Өзіңіз-ақ ойлаңызшы, грузиндер, әзірбайжандар, армяндар, Балтық бойы халықтары өз тілдерін неге сақтап қалды? Себебі, оларда қалыптасқан қала халқы болды. Тбилисидің – 90, Ереванның – 95, Бакудың – 80 пайыз халқы жергілікті ұлт өкілдерінен тұрды. Сондықтан, оларда мемлекеттік тіл сақталып қалды.

Қазақ ұлтының алдындағы үшінші үлкен мәселе – экономикалық әлеуетті арттыру жайы. Қазақ халқының басым бөлігі көбіне шөлейтті, қалалардан шалғайда орын тепкен, жерінің құнары төмен өңірлерді қоныстанған: Арал, Семей, Ақтөбе, Атырау, Созақ және тағысын тағылар.

***

…Бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. 15 жыл ішінде қазақтың тұрмыс-тіршілігінде көп өзгеріс болмағаннан кейін қазақ ойшылдары да, зиялы қауымы да, баспасөзі де демократиялық процесске еркін араласа бастады. Бұл – қазақ баспасөзіндегі ең үлкен оңды құбылыс. Екіншіден, бізде әрқашан қазақ және орыс баспасөзін бір-бірімен салыс­тыру әдісі бар. Бұл дұрыс та шығар, өйткені кез келген нәрсе салыстырумен өлшенеді ғой. Өткенімізге сәл назар аударайық. Мәселен, тоталитарлық кезеңде орыстілді баспасөзге тек саяси адалдық жөнінен ғана бақылау болды. Ал қазақ басылымдарын бұдан әлденеше ауыр цензура батпаны басып тұрды. Бұлар саяси мәселені былай қойғанда, өзінің ұлтына қатысты, ұлттық ойды дамытатын бірдеңе жіберіп қоймады ма екен деп екі есе қырағылықпен бақылап отырды. Қазақ тілінде газет шығару, қазақ ұлтының ой-арманын айту күдік тудыратын әрекеттердің қатарына жатқызылды. Тіпті «Қайрат» футбол командасының құрамында неге қазақ жоқ деген сұрақты қою үшін Ғабит Мүсірепов сияқты Еңбек Ері, не болмаса атағы зор қайраткер керек болатын. «Ұлт тілінің жағдайы қиын» дегенді айтқызбас үшін қазақ баспасөзін зіл батпан салмақ басып тұрды. Ақселеу Сейдімбековтер кезінде «Білім және еңбекті» қалай шығарғандарын жазса, көздің жасын сүртіп отырып оқуға тура келер еді. Осы себепті біздің баспасөзде белгілі бір бәсеңдіктің болғаны рас. Қазақ журналистикасы «үшінші сортты» журналистика ретінде қабылданды, оларға экономика, халықаралық саясат тақырыптарында, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жөнінде жазу міндетті деп есептелінген жоқ. Қазақ журналистикасы ауылдағы малшының, егіншінің жай-күйі сияқты белгілі тақырыптардың шеңберінде қамалып қалған-ды. Біз сол шеңберден шықтық. Енді ол қалыптасып, орыс журналистикасымен иық теңестіру үшін біраз жыл керек. Қалыптасу, жетілу кезеңінен өтуі керек. Біз қазір қазақ баспасөзінде елдің ең бірінші қажеттілігі – күнкөріс мәселесін, яғни, экономиканы, Қазақстандағы компаниялардың жағдайын, төлемдердің түрлерін нақтылап, нарыққа сараптама жүргізіп, жүннің, еттің, мұнай-газ бен металдың бағасында қандай өзгерістер болуы мүмкін деген болжам жасауымыз керек. Сонда қазақ басылымында өмір сүруге көмектесу функциясы пайда болады. Сонда қазақ басылымының да жағдайы жақсарады.

***

… Қызметке ерте араласқанымнан болар, менің көп адамға көмегім тиді. Көп адамға қолғабыс жасадым. Бірақ, мен олардың бірде-біреуіне «Менің қарауымда бол! Менің қасымда бол! Менің айтқаныммен жүр! Менің дегенімнен шықпа! Өйткені мен кезінде саған жақсылық жасап едім ғой…» деген емеспін. Демеймін де. Егер біз осылай ойлайтын болсақ, онда артта қалғанымызды көрсетеміз. Біз өткен тірліктерді еске түсірумен емес, елге, қоғамға пайдалы істермен айналысуымыз керек. Өткенді қоздату – өресіздіктің белгісі.

***

… Қазақты кедейшіліктен құтқарудың жалғыз жолы – демократия. Мен Семейдің бір газетіне осылай деп сұхбат бердім. Себебі, қазақ халқының несібесі – мұнай мен газды, одан түскен табысты Қазақстан халқына әділ бөлудің бірден бір жолы – тек демократиялық құрылым. Басқадай құрылым жағдайында мұны орындаудың мүмкін еместігіне көзіміз жетті. Сондықтан, қазақ халқының тамағының тоқ, кимінің бүтін болуына тек демократия ғана мүмкіндік жасайды.

***

… Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда қазақ баспасөзі үшінші сортты газеттер болатын, екінші сорт та емес, үшінші сорттағы! Өйткені ол кезде қазақ баспасөздері тек шопандар туралы, сауыншылар туралы, диқандар туралы және солардың еңбектегі ерліктерін жазатын ғана басылым болып қалыптастырылды. Мәселен, тарихты тереңдете жазуға мүмкіндік бермеді, әлеуметтік мәселелерді ол кезде орыс баспасөздерінің өзі әрең-әрең жазатын, саяси мәселелер жөнінде аузына құм құйылған болатын. Сондықтан, біздің қазақ баспасөзі бір шопан туралы айту үшін, жарты беттік материал жазатын, өйткені, күннің қалай шыққанын, оның қалай құлағанын, сол кезде таудағы қарағайлар сыбдырлады ма, сыбдырламады ма…енді жазатын шындық болмаған соң, журналист шіркін не істейді? Газеттің бетін толтыру керек, сосын әдеби шеберлігін көрсетуге тырысады. Міне, осындай әдіспен қазақ баспасөзін үшінші топтан асырмай қойды. Ал кейіннен демократиялық бостандық берілген кезде, өкінішке орай, біздің қазақ халқының басым көпшілігі ауылдарда тұрады, демократиялық реформа мен экономикалық реофрма қатар келді де, ауылдықтар газетке жазылмақ былай тұрсын, нан тауып жеулері қиын болып кетті. Осы себеппен, яғни негізгі оқырмандары әлеуметтік жағдайлары кенжелеп қалған ауыл тұрғындары болғандықтан, қазақ басылымдары көтеріле алмай қалды. Кез келген газет қай жерде дамиды, ол нарық болған кезде, газетті сатып алатын оқырмандар пайда болған кезде, оқырманның қалтасына ақша біткен кезде дамиды…

***

…Пара алуды тыю тек айлық көтерумен шешілмейді. Бірақ айлықты көтеру – сәл де болсын азайтады. Себебі, біріншіден айлығы өзіне-өзі жетіп тұрса, онда «жұмыстан айрылып қаламын ба?» деген қауіп туындайды. Екіншіден, айлық көп болған жағдайда, ондай орындарға шынымен ғылымға ниеті бар адамдар көбірек барар еді. Қазір күнкөріс үшін ғылымға ниеті бар жандар бизнесмен, басқа да кәсіптермен шұғылданып кетті ғой. Ал ғылымды сыйлайтын адамдар – әділетті болуға тырысады. Себебі, ғылымның өзі ақиқатқа алып баратын жол ғой.

***

…Қазақ халқының урбанизациясы – өте көкейтесті мәселе. Тағдырлы мәселе. Өздеріңіз де білерсіздер, кеңес кезеңінде қазақ халқын қалаға орналастырмаудың мемлекеттік шаралары қабылданған болатын. Мәселен, қалаға келіп тұру үшін бес жылдық уақытша тіркеуде тұруыңыз керек. Содан кейін ғана тұрақты тіркейді. Тұрақты тіркелсеңіз ғана, үйдің кезегіне тұра аласыз. Одан соң, он-он бес жыл күтіп, үйді не бірінші қабаттан, не соңғы қабаттан әзер алатынсыз. Және өндіріске қазақтарды жұмысқа алмайтын. Оқуға түсе алмаған қазақтың жастары жылдар бойы үйсіз-күйсіз, тіркеусіз қаңғып жүріп, амалсыздан ауылға қайтатын. Осының салдарынан қалалардағы қазақ халқының саны, оның ішінде Алматы қаласында 20 пайыздан асқан жоқ. Кейбір қалаларда 3-4 пайызға да жетпейтін. Негізінен, жақсы тұрмыс – қалада. Білім алу, денсаулық сақтау, демалу, тіпті өз-өзіңді дамыту үшін де қалада тұрудың көп артықшылықтары бар. Демек, ұлттың сапасын жақсарту үшін қазақ халқын қала халқы ету керек. Бұл үшін мемлекеттік бағдарлама жасау қажет. Ауылда тұратын халықтың материалдық жағдайы нашар. Материалдық жағдайы нашар халықты қалаға қоныстандыру – үлкен проблема. Олар өз қаражатымен қаланың тұрғын үйлерін сатып ала алмайды. Мемлекет ұлт алдындағы өз жауапкершілігін ескере отырып және қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайда қала мен ауыл халқының өзіндік балансын дұрыс ретке келтіру үшін қалаларда шағын әрі арзан үйлер салу керек.

***

…Қазақ тілін саудаға салушылық көп. Бірақ тіл үшін нақты қызмет атқарып жатқандар жоқ. Ал мемлекеттік тілдің мүддесін қорғап сөйлеген азаматтардың бетін қайтару, меніңше, дұрыс саясат емес. Біз өз тілімізді қорғау үшін, өз тілімізді дамыту үшін көрші елдерге жалтақтамауымыз керек. Себебі, олар да өз тілін дамытуда бізбен санасып отырған жоқ. Қазақ халқының алдындағы қазіргі ең үлкен проблема – кедейшілікті жою болса, рухани саладағы ең басты проблема – тіл мәселесі. Осыларды шешуге күш салуымыз керек.

***

…Демек, сол зиялы қауым өз-өзіне баға беріп отыр. «Менің жазғандарым, менің айтқандарым, менің өмірлік шы­ғармашылығым украиндардың кино­режиссерлерінен, олардың журна­листерінен әлдеқайда төмен», – деп отыр. Зиялы қауым өзін-өзі жоққа шығарып отыр, ондай болса. Бұл – олардың «Менің қосқан рухани дүниеммен тәрбиеленген ұрпақ әлі топас, біз украиндардың ширегіне татымаймыз» дегені. Ондай зиялылар өзіне-өзі некролог жазсын.

Ал өз басым біздің халықтың сана-сезімі, рухани өресі украиндардан кем деп есептемеймін. Олар да біз сияқты. Олар да біз сияқты Кеңес өкіметінде 70 жыл өмір сүрді. Оның алдында Ресей империясының қоластында болды. Десек те, украиндардың бір ерекшелігі бар. Мәселен, бүкіл халық боп бүгінгі күні қарғап-сілеп отырған бұрынғы президент Л.Кучма осыдан екі жыл бұрын «Украина – Ресей емес!» деген кітап жазды. Енді өзі жаза қоймаған шығар. Кучманың сол кітабын соңына дейін оқып шықтым. Кітапта ол украин халқының орыстан бөлек халық екенін дәлелдеп шығады. Автор бүкіл тарихи оқиғаларды қамтып, орыстың, поляктың, литвандардың арасындағы соғыстарда украиндардың өзін сақтап қалғанын жазады. Ұлт ретінде. Леонид Кучма өз кітабын былай деп қорытындылайды: «Бізді коммунистер орыстың ауылда тұратын, сало жейтін інісі сияқты көретін. Украиндар – орыстың інісі емес, бөлек халық. Менің міндетім – соны дәлелдеу». Олар мұны дәлелдеді.

***

…Демократиясыз қоғам – тұрақсыз қоғам. Тұрақтылық дегеніміз – қоғамдағы барлық пікірлерді ұштастырып, соның жүйесін тауып отыру. Бұл тек демократиялық жолмен келеді.

***

…Бальзактың сөзімен айтсақ, бюрократия – көрінбейтін тұлғалардың қолымен жасалатын алапат күш. Бұл оқиға менің де көзімді ашты, ешқашан, ештеңеге таңдануға болмайтынын тағы бір рет түсіндім. Бюрократияның соншалықты агрессивті бола алатынына тағы бір рет көз жеткіздім. Бюрократия агрессивті кейіпке енгенде, президенттің саяси шешімін елеп-ескермеу былай тұрсын, оның саясатына қасақана қарсы шығып, беделін түсіру де түк болмай, мемлекет басшысының кейбір келіспеушіліктерін де құлақтарынан асырып жібере ме деп қалдым.

***

…Біз Қазақстанда 15 миллион халық тұрамыз. Шетімізден дені сау, жетілген, көзіқарақты ұлттың өкілдеріміз. Сондықтан да, өзімізді бізден дәрежесі әлдеқайда төмен елдерге қарай сүйреудің реті жоқ, керісінше, «есіктегі басымызды төрге сүйреп», өзімізді бізден жоғарғы даму сатысындағы халықтардың қатарына қосуға талпынуымыз керек. Негізгі мақсат та, негізгі мүдде де осы төңіректе болса ғана, бізде даму болады. Ал енді таққа мұрагерлікке келсек, егер «таққа мұрагерлік» басқарудың ең тиімді жолы болатын болса, дүниежүзі елдерінің монархиядан бас тартып не әуресі бар? Ол заман әлдеқашан келмеске кеткен. Билік саяси көзқарастардың тартысынан туындауы керек.

***

…Қазақ баласы екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Не ауылда жұмыс табылмайды, не қалада береке таппайды. Қалаға келгендегі көретіні – өгейлік. Бастарында бас­панасы жоқ, әркімнің босағасын тоздырып жүргені. Өрімдей-өрімдей ұл-қыздарымызды тағдырдың тәлкегіне өз қолымызбен салып отырған сияқтымыз. Сейфуллин мен Саин көшелерінің бойын жағалатып, одан қалса, «жетім бұрышты» сағалатып қойдық. Осылайша, соңғы он-он бес жылдың ішінде білім-білігі төмен, болашағы бұлыңғыр буын дүниеге келді.

***

…Өкпешіл адам – өлмеші саясаткер. Мен солай деп санаймын. Шеттетілгендер мен өкпелегендердің ғана саясаткер болатын уақыты келмеске кетті. Саясатқа баянды бағыт, белсенді ұстаным, ойлы көзқараспен ойланып келетін уақыт пісіп-жетілді. Өкпешіл адам айналасындағы құбылысты ешуақытта объективті түрде бағалай алмайды. Өкпе-ренішін бірінші кезекке қойып, өзінің жеке субъективизмінің құрбандығына айналады. Ондайлармен бәсекеге түсу де оңай. Ал менде өкпе-реніш болмақ емес, сондықтан да, мен біраз адамдарға олар ойлағаннан гөрі әлдеқайда қиын қарсылас бола алам ғой деп есептеймін.

***

…«Әрбір адамның тағдыры оның мінезіне байланысты» дейді Ф.Аттар. Ал мінезді қалыптастыратын не нәрсе? Меніңше, мінезді қалыптастыратын – мәдениет. Ішкі мәдениет. Ішкі мәдениеті кемшін адам ешуақытта шындықты айта алмайды. Үлкен мәдениетті игерген адам әманда шындықтың жағында болады. Өйткені, шындықты айтпау – үлкен мәдениетсіздік.

***

…Қазір ұлттық құндылықтарды ұсақ-түйек саясатқа араластыру көбейіп кетті. Саясатқа араласа бастағандар Иассауидің басына баруды «сәнге» айналдырды. Иассауи – мәңгілік, саясат – уақытша. Біз осыны түсінуіміз керек. Саясат деген – ол кісілердің рухының жанында түкке тұрғысыз дүние. Басқаша айтқанда, Қожа Ахмет Иассауи саяси партиялардың «пиар» жобасы болмауы керек.

***

…Әдеби ортамен ұзақ жұмыс істедім ғой. Әр жазушының дүниетанымы жеке-жеке категория болғандықтан, бұл саланы басқару оңайға соққан жоқ. Атақ мәселесі, кітап шығару мәселесі… Мен айтар едім, егер Қазақстанда әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне ең жоғарғы атақ беру керек болса, «Халық қаһарманын» Мұхтар Мағауинге беру керек. Себебі, тоталитаризмнің тұсында «өткеніңді ұмыт, кеңестік дәуірге қызмет ет» деп жан-жақтан күштеп жатқанда, бұл кісі өзінің басын қауіп-қатерге тігіп жүріп, халқымыздың әдебиет тарихын үш ғасырға әрі жылжытты. Көне дүниенің мұралары үшін басын қатерге байлады. Бұл – үлкен ерлік. Сол үшін жеке басында көп қиындықтар болды. Мағауиннің осы ерлігі тәуелсіздік алған он төрт жылдың ішінде де аса еленбей келе жатыр.

Дайындаған

Едіге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары