АРҒЫМАҚ КӨҢІЛ АРЫМАС…
АРҒЫМАҚ КӨҢІЛ АРЫМАС…
Өтпелі кезеңде қаламгер атаулы әрқилы тағдыр кешті. Қандай тағдыр кешсе де тәуелсіздік үшін аяғына дейін күресіп келе жатқан да қаламгер қауымы. Жан азабына түсіп жазатын шығармасына қаламақы ала алмаған сәттері «Осы біздікі не? Тәуелсіздік сөзін айтқан біз. Қаламақыдан қағылғаннан басқа содан не таптық? Мынау ағайын әзірбайжандар Жазушылар одағын да бағзыша жасақтап, жазушыларын тәуелсіздік жаршысына айналдырып, қаламақысын бұрынғыдан көбейтпесе, азайтпай, жақсы ұстап келеді емес пе?» – дегендей сан ойларға берілетінін қайтерсің?! Ә, айтқандай әуел баста «жаңару» жөні осылай деп, «қаламақының керегі не, осы?» – деген лепес жазушылар аузынан шығып еді-ау… Енді ойлап отырса, өзі шыққан бұтақты өзі қырқып тастап отырғаны екен-ау… Өкінер. Өлердей өкінер. Амал қанша? Алайда бір сәт «Тәуелсіздік тура бағытпен нығайып келе ме?» – деп те ойлануға хақысы бар қаламгер қауымының. Өйткені, олар қоғамның алдын болжай отыратын құдай дарын берген қауым. Дегенде қаламгер қауымына Құдай сабыр да берсін деп тілейік. Иә, өтпелі кезеңде қазақ қаламгерлері де әрқилы тағдыр кешті. Айталық, жазушы Еркінбай Әкімқұлұлы. Ол соңғы жиырма жыл ішінде шырқап биікке де шықты, абайламай «құлап» етекке де түсті. Тағдыр тауқыметін аз тартпады. Өмірдің өр-өрісінде жүрмін деп жалған кісілікке бой алдырған, ең-еңісіне түстім деп қайғы-мұңға ойын шалдырған жері тағы жоқ. Бағзы қоңыр табиғаты. Қандай жағдайға да қарамай шығармашылық ізденісті қаңтарып көрмепті. Осы орайда біз қаламгер табиғатына шым бойлап көргіміз келді.
…Қаламгердің бір кейіпкері көктемгі қарғын суындай тасыраң, талкүбідей айнымалы адамдарды ұнатпайтынын айтады. «Қыз күнделігі» аталатын туынды кейіпкерінің осындай толғанысын оқып отырғанда жазушы Еркінбай Әкімқұлұлының өзінің кісілік болмысы көз алдымызға елестеп тұра қалды. Кейіпкері – авторына ұқсаған. Ол заңды да. Өйткені жақсы ма, жаман ба, кейіпкер – жазушы жанының жаратылысы. Әлгіндей, тұрақты табиғат, кісілік табиғи мінез алдымен Еркінбай-жазушыға тиемел. Бәлкім ақжорға ақын Ғафу Қайырбековтің оған арнаған өлеңінде:
«Қайда қызмет атқарса, Алалықпенен жаны қас. Адалдықты тапқанша Арғымақ көңілі арымас,» – дейтіні де сондықтан шығар. Әйтпесе, қаламы мінезіне, мінезі қаламына жараспас қаншама әріптестер бар, арамызда?! Қызметімен қаламын «көркейткісі» келетін, жазған-сызғанын бұлдап айналасына қыр көрсетіп дүрдиіп жүретін жандар қаншама?! Асылы, кісі кім болғанда да уақытша жер басып жүрген құдай жаратқан пенде екенін ұмытпауы керек қой әсте. Әңгіме, жазушы Еркінбайдың адами табиғатынан, кісілік болмысынан туындап кетіп жатыр-ау.
Е.Әкімқұлұлының әкесі майданда мерт болған. Көңілдегі шерлі балалық бүршікті, бозбалалық бұла сезімді алғаш өлеңде өрнектеген ол өз дарын қуатын журналистикада, әдеби сында байқап көрді. Ақыры прозадан байыз тапты. Бұл күнде қалыптасқан прозашы, мойындалған жазушы.
Еркінбай қаламынан туған қай жанр туындысын алсаңыз да адалдықты ту етіп жүрген асыл жанды кейіпкерлерге тап боласыз. Сырт тұлғасы, түр-келбеті мейлінше қарапайым ол жандар армандарын адамзат бақытына ұштастырып жүретін, көңіл желкені көтеріңкі романтик жандар. Анау қайыната, қайынене болайын деп тұрғанда тағдыр қоспай жалғызы – Жанары дүние салып, қайғы шегетін Сағын мен Мағирашты әке, шеше тұтатын Заңғар /«Жанарым, жарық дүнием»/, мөлдір таза көңілмен құлай сүйген Іңкәрін өмір бойы суымай ыстық сезіммен сүйіп, тіршілікте үйленбей, сүр бойдақ өтіп келе жатқан Асқар /«Перизат сезім»/, кертартпа ортаға жаңашылдығымен сыймай жүрген ұстаз Мұңайтпасты жан-тәнімен қолдайтын шәкірттер /«Қош бол, альбом»/, үлкен өмір жолын алаяқ Мәден Айболовичпен күресумен бастайтын Әсем /«Қыз күнделігі»/, әкесі өліп, анасы тірідей тастап кеткен Асқарбек /«Немере»/ бәрі де өмірді таза жүрекпен сүйетін, адал ойлап, тіршілікті ақ кешіп келе жатқан жандар. Бәрі де өмір есігін жаңа ашқан жастар. Бұлар өмірде тау бұзып, тас қопара қойған жоқ. Бірақ, олардың қай-қайсысы да өз ішіне өзі үңіліп, ойланып-толғанып, қасында жүрген жандардың қуанышына адал тілекпен ортақтасып, қайғысына бар жан жәбірімен қайғырып қарайды. Сондай адалдығымен, табандылығымен ол кейіпкерлер оқырман жүрегіне жол табады. Бұғанасы қатпай жатып өмір ауыртпашылығын кешіп келе жатқан әлгі кейіпкерлерге бір түрлі іштартып тұрасың жазушы шығармасын оқып отырғанда. Кезінде В.Катаев, В.Каверин сынды орыс жазушыларының шығармаларын оқып отырғанда желкені керілген кеме үстінде кетіп бара жатқандай әсерде болатын едік. Кейіпкерін сағыныштан құйып, романтикалық леппен жарату – асылы әлем әдебиетінде бұрын болған, бүгінде жұмсақ лиризмнен жанды психологизмге ұласып бара жатқан әдеби мәнер десе жарасады.
Иә, әдебиетте мәнер деген мәселе бар. Е.Әкімқұлұлы өмірдегі қарапайым оқиғаны ала отырып, кейіпкерінің ішкі жан-дүниесіне үңіліп, содан өміршең ой туындатып жазады. Елеусіз көріністен – елеулі ой маздату шеберлік кепілі. Шығарма сүйегін шындықтан алып, оны шыншылдықпен жеткізе біледі. Шыншылдық шынайылыққа бастайтын мәнер. Шыншылдық – күллі өнер дүниесінің өлшемі, өнерпаз атаулының арманы. Өмірдегі шындық өз алдына, оқырманға керегі өнердегі шындық. Ұлы суретші Айвазовскийдің «Тоғыз балды толқын» аталатын ғажап картинасы бар. (Ол да бейнелеу өнеріндегі романтикалық дүние.) Теңіз тексерушілер сол картинаны зерттеп келіп жібергенде, шын мәнінде «тоғыз балды» толқын бейнеленген болып шығады. Міне, ғажап! Кейін ұлы суретшіге осы картинасы үшін «құрметті адмирал» атағы берілді ғой. Бұл – өнер тарихындағы бір тәжірибе. Ал бар өнерпаз біткен Айвазовский принципін ұстану тіпті де шарт емес. Әр «кәллада» бір қиял. Әр пенденің өз діті – «патша көңілі». Көркем өнерде шындықты сол өзінің «патша көңілімен» бейнелейді. Арғы жағында оқырман қалай безбендейді? Ол өз алдына герменевтикалық мәселе. Тақырыпқа қайта оралсақ, Е.Әлімқұлұлы шындықтан жаралған шығармасын романтикалық лепке бөліп береді. Шындық шуағы және романтикалық леп… бұл екеуін жымын білдірмей табиғи үйлестіру үшін жазуға сыршылдық қажет. Е.Әлімқұлұлы көбіне шығарманы бірінші жақтан «Мен» арқылы жазуында осындай сыр бар. «Жанарым, жарық дүнием», «Қыз күнделігі», «Қош бол, альбом» шығармалары бірінші жақпен жазылған дүниелер. Жазушы кейіпкерлері көбіне «күнделік» жүргізеді. Мұндай формаға орыс әдебиетінде В.Каверин құмар болатын. Ал, қазақ әдебиетінде күнделік-сыр арқылы көркем шығарма жазу Сәбит Мұқановтың «Адасқандарынан» басталған ғой. Жиырмасыншы жылдардың аяғында туған «Адасқандар» жас жазушы есімін алдындағы аға буынмен бір қатарға шығарды. Оқырман қоғадай жапырылып, ,жазушы шығармасына шөліркей бас қойды. Жазушы мәртебесі көтерілді. Бұл – бірінші жақтан жазылған шығарманың сыршылдыққа бейімділігінен еді. Е.Әкімқұлұлы қазақ әдебиетіндегі осы дәстүрді сәтті жалғастырып келе жатқан жазушы. Сыршылдық – жазушының бірінші жақпен жазылатын шығармаларына ғана тән ерекшелік емес, күллі шығармашылық тағдырына тән қаламгерлік мәнер. Үшінші жақтан, дербес тұрып жазылған шығармаларына да сыршылдық тән. Кейіпкерлері оқырманмен сырласа кетуге дайын тұрады. Бәлкім, балалық шақта бастап, сосын тастап, бүгін қайта «бастап» жүрген ақындықтың «шарапаты». Қалай болғанда да сыршылдықтың жазушыға жәрдемге келер сәті осы болса керек. Көңілдегі ақындық көркем прозаны жебейтіні, желейтіні әдебиетте бағзыдан бар. Сыршылдық қайнары – көңілдегі ақындық. Жазушы шығармаларының кейіпкер мен оқырманның рухани одағындай, өзара түсінісе сырласуындай болып шығатын себебі де осында!
Е.Әкімқұлұлы кеңестік кезеңде қалыптасқан жазушы. Айтары болмаса, қолына қалам алмайды, сірә. Бұл тұрғыдан келгенде, жазушы шығармаларының ортақ өзегі – ізгілік дер едік. Жазушы кейіпкерлері адамға жақсылық жасауға дайын тұрады. Заңғар басыр болып қалғанда жанынан табылатын Айсәуле мен Жанарға кісі қызықпауы мүмкін бе, сірә? Мұңайтпас мұғалімді кежір директорға бермей, жан сала қорғап жүрген шәкірттер көңілі ше? Жазушы кейіпкерлері жақсылық үшін, адалдық үшін күресіп жүретін өршіл өжет жастар. Мұратқа жетпеспіз, жеңбеспіз деп сірә да ойламайды. Байлығы – жастығы, «максимализм» асыл мұраты. Алғы күнге арманмен аттап барады. Мұндай жастар керек пе әдебиетке? Әлбетте! Біз қоғам өркениеті жайында көп айтып жатамыз. Ал өркениетке жету үшін қоғам ізгіленуі керектігін ұмытып кете береміз. Ал қоғам ізгіленуі – сол қоғамды құрайтын әрбірімізге байланысты екенін естен шығарып аламыз.Адамзат баласы, соның ішінде қазақ елі бастан небір қиындықты, неқилы трагедияны бастан кешті. Соның бәрінде оны тығырықтан тек күрескерлігі ғана алып шыққан жоқ қой. Әйтпесе бүгінгідей дүниебейілдігі алып шыққан жоқ қой тығырықтан. Тығырықтан алып шыққан нәрсе сол халықтың жанындағы жақсылық, ізгілік, бір-біріне деген мейірім-шапағат. Мейірім-шапағат орнын дүниеқорлық басқан бүгінгі күні «вещизм» иектеген қоғамды қатыгезденіп кетті демеске әддіміз қайсы?! Жазушының көкөрім жас романтик кейіпкерлері біздің әрбірімізге қажетті жауапкершілікті, біздің әрбірімізге қажетті күрескерлікті ескертіп тұрғандай болады. Еркінбай Әкімқұлұлы өз шығармасын қарапайым адам тағдырына құрады, жеке адамның тал бойындағы ізгілікті жан-тәнімен талмай жырлайды. Демек, қаламгер ойынша, жеке адам ізгілігі арқылы қоғам ізгіленеді. Ізгілік жоқ қоғам мемлекет ретінде өркениетке қалай жетпек? Мүмкін емес қой. Олай болса кеңестік кезеңде жазыла тұра Еркінбай шығармалары «өмір сәні – озық мораль» деп дабыл қағуымен бүгінгі күнге, ізгілік іздеуімен ертеңгі күнге қызмет ете береді екен.
Көркем шығарманың жаны – характер. Жазушының характер ашуы да қызық. Бір кейіпкері мінез-құлығына орай «Апасный келін» аталады. Осы бір ауыз мінездеуде бірсыпыра сыр жатыр. Қай нәрсені де жанамалай отырып сыздықтатып жеткізу – жазушы дағдысы. Мына бір диалогқа зер салайықшы:
«Асқарбектің есіне дүкенші Өрікбайдың көк есегі түсіп еді.
Ата, – деді Жақыпқа қарап, – Серікбайлардың көк есегі жөтеледі…
Серікбай дегені Өрікбайдың баласы. Асқарбекпен бірге оқитын. Бұрын-соңды есектің жөтелгенін көрмегендіктен бе, Асқарбекке қызық сияқтанған.
Мына сөзге Жақып шал кеңкілдеп күлді.
Темекі шегеді дағы, – деп тағы да біраз уақыт өзінен-өзі мәз боп отырды. – Мәгәзінші болған соң Өрікбай темекіні аясын ба?..
Атасының сөзіне енді Асқарбек күлді. «Есек темекі шеге ме?» – деген.
Есекті мал қатарына қосады ма, Өрікбай бүгін… Қыс бойы далада қалған соң, жөтелмегенде қайтеді?..»
Аталы-немерелі екі жанның шуақты юморға шомылған әңгімесі арқылы Өрікбайдың кім екенін шамалаймыз. Ата ғұмырды бала ғұмырға малмен жалғап келе жатқан қазақы психология үшін мінез ашу, адамның кісілігін бағалауда да сол мал деталь ретінде қызмет ете алады екен.
Қаламгер қай тақырыпқа қалам тартса, сол кезең шындығына шым бойлауға тырысады. «Құрман» – бұдан екі-үш ғасыр бұрынғы тарих, әулие атанған жан жайында. Шығармада жазушы кейіпкері өмір сүрген кезең шындығын ашу үшін тарихи сипаттарға барады. Сөйтіп адалдық, ата күту, ұрпақтар жалғастығы жайында қазақы түйінге келеді. Маңдай терін сыпырып жүріп еңбек етпей табылған мал кім-кімге құт болмақ? Құрман айналасындағы жарамсыз жандар іс-әрекетінен осыны көреміз. Адалдық, арлылық – әсіресе, дүние қуған бүгінгі жастарымыз ұмытпауға тиісті қасиет. Жазушының Құрман есімді кейіпкері бүгінгі жастарға «арды алға ұста, адалдықтан айныма!» – деп айта алады. Аталған шығармада аңыздық сарын бар. Ғасырлап бодандықты бастан кешкен елдің азаматтық тарихы айы, күнімен көрсетіліп жазыла бермейді. Дәйектей нақты жазылмаған соң адамзат тарихындағы, жеке тұлға табиғатындағы небір асыл тарих аңызға айналып халық жадында қалады, ұрпақтан ұрпаққа өнеге шашып бүгінге жетеді. Сондықтан болуы керек біздің қазақ қаламгерлері аңыздық тақырыпқа іштартып тұрады. Жиі барады. Кейбірі аңыз ізімен жүріп шежірешілдікке берілсе, енді бірі аңызды тарихи шындықпен нәрлендіріп пайдаланады, тағы бірі адами-философиялық ойын аңызды басқыш, көркем форма ретінде ұстана отырып шығарма жазады. Осының қай-қайсысы да өзін ақтаған, қазақ әдебиетін кеніш олжаға кенелтіп келе жатқаны хақ. Еркінбайдың «Құрманында» да аңыздық сарын бар. Уақыт елегінен сұрыпталып өткен аңыз-әпсананы Еркінбай тарихи сипатпен, реалистік бояумен әрлеп бере білген. Аңыз бойынан тапқан рухани азықты ұрпақ бойына рухани уыз етіп құя білген.
Жазушы ауыл өмірін жақсы біледі. Қазақы тіршілік оның шығармаларына құнар бітірерлік, қасиет дарытарлық асыл қайнар сынды. «Құрманда» өткен өмір, ата-баба кешкен тарих, сол кезең тіршілігі табиғи көрінсе, «Қыз күнделігі» тұнып тұрған этнографизм. Шығармада қазақы құдандалықтың кісі жадынан шығып, ұмыт болуға айналған қилы-қилы қатпарлары ашылады.
Еркінбай Әкімқұлұлы ұзақ жыл баспасөзде қалам ұштады. Оның өткір журналистік мақалалары да оқырман жұртшылық есінде болса керек. Жастар газетінде қызмет атқара жүріп, жастар өмірін терең зерттеді. Содан да болар бұған дейін көбіне Еркінбай негізінен көркем шығармаларына жастар өмірін арқау етті. Расында да жастардың мынау қоғамнан өз орнын табуынан қиын ештеңе жоқ. Жазушы өз шығармаларымен жастарға сол қиындықты жеңуге қолқабыс жасады деп білеміз. Жазушының қай шығармасы да оқырманды бейтарап қалдырмайды. Ойландырады, толғандырады, ізгілікке үндейді.
Әсіресе хикая жанрында жақсы жеміс беріп келе жатқан жазушының «Немере» аталатын шығармасы өзгелерінен сәл оқшау тұр. Онда әкеден өлідей, шешеден тірідей айрылған Асқарбектің қарт ата мен әже бауырында өсіп келе жатуы, баланың анасын сағынып күту, күйзелу сезімдері табиғи беріледі. Мынау қоғам, күрделі өмір жайында байсалды ой байқатқан туынды. Жастық кешуін өткізіп, енді аталық жасқа жеткен жазушы ойы толыса келе өмірге өзге бір қырынан қарағысы келетін әрекет бар осы шығармада.
Жазушы соңғы жылдары деректі, деректі-ғұмырнамалық шығарма жазуға ден қойды. Қайталанбас қайраткер Өзбекәлі Жәнібек, ғажайып сазгер жайында жазған шығармалары осындай пікірге бастайды бізді. Әрине, Ерекең айтулы екі азаматпен де өмірде, көзі тірісінде сыйлас жүрген, Шәмшідейін ән патшасымен арасы ашылмас дос болған жан. Сондықтан тақырыпқа асықпай-аптықпай, зерттей келді деуге болады. Сөйте тұра, әдебиетте әр жанрдың өз талабы болатыны тағы да шындық.Оның үстіне өмірде көрген-білген жайлардың жетегінде кету де шын жазушыға абырой әпере бермес. Аса мәртебелі, «көркемдік жинақтау» деген мәселе бар. Тіпті деректі туындының өзіне керегі осы көркемдік жинақтау! Еркінбай аға өзі өмірде сыйлас, тіпті сырлас өмір сүрген қос сала саңлағының өмірінен шығарма жазуда бұл жайды ескере бермеген секілді. Шәмші Қалдаяқұлы жайындағы шығармасы жазушының ән лабораториясына ене жазуымен есте қалса, есесіне Өзбекәлі Жәнібек жайындағы деректі кітабында кейіпкерінің қайраткерлік құпиясын аша алмапты. Өзекеңнің замандастары естелігі шығармаға табиғи кіріге бермейді. «Өзбекәлі Жәнібек» бізге жаңалықты ештеңе ұсына алған жоқ. Оны бүгінгі мынадай мерейлі күні жасырып керегі не? Қалам қуатынан туған туындылардың баршасына ықыласты болуы сыншы үшін шарт емес. Өйткені Еркінбай аға қуаттан тайған қаламгерден емес. Біз бұл пікірді қазақ мемуары, деректі-ғұмырнамалық әдебиет жайында тұңғыш арнайы зерттеу кітабын жазған («Баянғұмыр», «Арыстар мен ағыстар» 6-том) сыншы ретінде жанр табиғаты тұрғысынан келіп айтып отырмыз.Жазушы аталған шығармаға алда қайта оралар болса құба-құп.
Жаңа белеңде тұрған жазушы ізденіс аясын әзір тарылтқан жоқ. Көркем прозадан деректі-ғұмырнамалық шығармаға, ғұмырнамалық туындыдан қайыра көркем прозаға ойыса еңбектенуі дәмемізді оятады, үмітімізді жебелейді.Талап қойыңқырап сөйлеп отырған себебіміз де сондықтан. Оның үстіне әлі сиясы кеппеген «Араша» хикаясы шығармашылық арнасын арналандыра түсер деп нық сенеміз. Өмірде түрлі кермелерге тап болып, бірсыпыра теперіш көруіне қарамастан Еркінбай Әкімқұлұлы айналасына адал көзбен қарап, ақырын жүріп, анық басумен келе жатқан қаламгер. Олай болса арқалы ақын Ғафу Қайырбеков айтқандай, арғымақ көңіл арымас. Көңілді налаға бермей, өмірде көлденең кездескен анау-мынау тәш-пүшті жеңе еңбектеніп, өмірді құштарлана сүйер болса сөз өнерінде тындырары да аз болмас, сірә!
Құлбек ЕРГӨБЕК