80 ТЕҢГЕНІ КЕЛЕШЕКТЕ САҒЫНАТЫН СИЯҚТЫМЫЗ
80 ТЕҢГЕНІ КЕЛЕШЕКТЕ САҒЫНАТЫН СИЯҚТЫМЫЗ
Алматы қаласында жолақы бірден 60 пайызға қымбаттады. 50 теңгеден 80 теңгеге қарғыған жолкіре қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салды. Бірақ жұрттың көбі «шықпа жаным, шықпа» деп күн көріп жүр.
Алматыда жолақы бағасы осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2008 жылы 50 теңгеге өскен едi. Одан кейiн баға жанармай құны өссе де көтерiлген жоқ. Айталық, 2008 жылы жолақы 40 теңге болса, көпшiлiк тұтынатын Аи-92 жанармайының бағасы 91 теңге еді. Одан соң жолақысы 50 теңгеге көтерiлгенде жанармайдың аталған маркасының бағасы 102 мен 106 теңге аралығын сақтап тұрды. Ал қазiр жолақы 80 теңге де, Аи-92-нiң бағасы 106 теңгенi құрап отыр. Сонда жолақы қандай себеп-салдарға байланысты қымбаттады?
Бір қызығы, қала тұрғындары «Ойпырмай, 80 теңге тым көп қой. Тым болмаса, 60 теңге жасамады ма?» деп ішінара айтса да, қоғамдық деңгейде қарсылық білдіре алмады. Неге? Сонда, біз ертең жолақы 100 теңге болады десе де, мәу демейміз бе? Бір өкініштісі, мегаполис басшылары да, қала депутаттары да қара халықты сауынды сиыр көретін сияқты. Күн сайын әрлі-берлі жүріп-тұрудың өзі кәдімгідей шығын. Айналып келгенде, зардап шегетін біз – қарапайым халық.
Мейлі, қанша жерден шырылдасам да, жолақының бағасы түсе қоймас. Алайда, қоғамдық көлік жүргізушілері неге жол жүру ережесін білмейді? Кейде тіпті аялдамаға да тоқтамай, бір-бірімен жарысатынын қайтесің. Мына заманда ешкім ерігіп жүрген жоқ. Уақыт тапшы кез. Соны біле тұра, сені айдаладан тастап кетеді. Күлесің бе, жылайсың ба? Бұл жүгенсіздік емей немене?
Жолақы қымбаттаған кезде қоғамдық көлік тасымалдайтын мекеме өкілдері бағаға сай, қызмет көрсету сапасы да өседі деп аузыздарын толтыра айтқан. Әуелгіде «Е-е, онда дұрыс екен» дедік. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ, «баяғы жартас, сол жартас». Қызмет сапасының жоғарылағаны қайсы? Меніңше, жол ережесіне бағынбайтын жүргізушілерге қатаң шара қолданатын уақыт жетті.
Жақында болған жантүршіктірерлік оқиға осы сөзіме дәлел. Алматының іргесіндегі елді мекендерден қалаға қатынайтын автобустардың біріндегі жолаушы қас пен көздің арасында мерт болды. Көлік кептелісінен қашып, ойқастап жүрген автобус есіктерін ашық қалдырған күйі жүйткіген. Бірде жылдам, бірде баяу келе жатқан жүргізуші автобустағы аузы-мұрны тола жолаушыларды ұмытқаны соншалық, есік аузында тұрған жасы үлкен ағаның далаға қалай ұшып кеткенін білмей қалған. Көлік ішіндегі иін тірескен халықтың екпінімен сыртқа бір-ақ ытқып шыққан жолаушының басы жол бойындағы бардюрға тиіп, әп-сәтте жазым болды.
Көлік тізгінін ұстаған жүргізушілер жолаушылар өміріне неге бей-жай қарайды? «Қызмет сапасын қадағалайтын арнайы топ құрылып, айдалада ағаш тасып жүргендей ойнақтайтын автобустардың тәртібін қолға алады» дегенді естіп едім. Әзірге бұл топтың жұмыс нәтижесі көрінбек тұрмақ, алғашқы нышандары да байқалмайды.
Айтпақшы, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің блогына Алматы қаласының тұрғыны хат жазып, қаладағы қоғамдық көлікте жүруді Эстония астанасы Таллин қаласындағыдай тегін ету туралы ұсыныс жасапты. Таллин қаласының әкімшілігі тұрғындардың қозғалыс мүмкіндігін арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту мен көлік тығыны мәселесін шешу мақсатында осындай қадамға барған. Бұл мәселе Алматы қаласына да таңсық емес. Бірақ та жолақыны 80 теңгеге көтерген Алматы қаласы әкімшілігі «қоғамдық көлікте тегін жүруді түстеріңде ғана көресіңдер» дейтін шығар. Бір айта кетерлігі, Премьер-министр бұл ұсынысты Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырзаның назарына ұсынды. Ал мұның мүмкін еместігін алға тартқан Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Әсет Төлеушов: «Алматы қалалық мәслихатының отырысында жолаушылар тасымалының шығынын есептегенде халыққа жол жүру ақысы 90 теңгеден келген еді. Дегенмен халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, 80 теңге қылған едік. Қазір жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер ешқандай пайда көріп отырған жоқ. Жол жүру ақысын көтерген қаржы қоғамдық көлікті жаңартуға, жанармайға, сынған техникаға кетіп жатыр», – деп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Сонда бұл 80 теңге түк емес дегені ме? Қазірдің өзінде қызметі нашар қоғамдық көлік иелері 90 теңгені қалай ауызға алады? Оған лайықты қызметі қане? Жолақы қымбаттаса да, жолаушыны тасымалдап жүрген сол баяғы салдыр-гүлдір, тозығы жеткен автобустар екенін көріп жүрміз. Кейбірінің орындықтары да түгел емес, енді бірінің алқам-салқамы шыққан. Соны біле тұра, қызмет сапасы туралы әңгіме айтады. Бұған кім сенеді?
Уәлихан ҚАНАЕВ