354
«МӘМБЕТОВ КОМАНДАСЫНАН» ШЫҚҚАН майталмандар
«МӘМБЕТОВ КОМАНДАСЫНАН» ШЫҚҚАН майталмандар
Қазақ театр өнері өткен ғасыр үшін Әзірбайжан Мәмбетовке қарыздар десек, артық айтқандық емес. «Театрды түсінде көретін» талантты актерлер үшін де режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің орны бөлек. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Иә, Әзірбайжан Мәмбетов талантты режиссерлеріміздің бірі Һәм бірегейі. Ол қазақ көрермендерін бүгінгі театр өнерінің асыл нәрімен сусындатуда сүбелі еңбек сіңірген шебер суреткер» деуі тегін емес.
Қазақ театр өнерінде қолтаңбасы қалыптасқан майталман апа-ағаларымыздың көбі өздерінің өнердегі орны туралы айта бастаса болды, әуелгі сөзді Әзірбайжан Мәмбетовтен бастары хақ. Қазақ театр өнерінің кемелденген, тасыған, алтын ғасырына айналған тұсы Әзірбайжан Мәмбетовпен тұспа-тұс келеді десек те, артық емес. Өйткені ол театрды жан-тәнімен сүйді. Театр өнері жолында бар ғұмырын сарп етті. Өнерді сүйді, өнерді қадір тұтты. Өнер атты киелі әлемнің есігін ашқан сәттен бастап-ақ, өнерге қызмет ете білді. Ол талантты режиссер ғана емес, көреген азамат та еді. Оның көрегенділігінің арқасында бүгінгі мүйізі қарағайдай ағаларымыз мен апаларымыз театр атты тылсым дүниенің есігін қақты. Өнер атты құдіретке сүңги білді. Жас жеткіншектің бойындағы дарынды тани білу үшін де талант керек шығар. Осы орайда, Әзірбайжан Мәмбетовтың асқан дарындылығын мойындай білген абзал.
Қазақ театр өнеріндегі алып тұлғаларымыз Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова және т.б. театр саңлақтары Әзірбайжан Мәмбетов қойған спектакльдер арқылы жасындай жарқырады.
Болашақ режиссер 1932 жылдың күзінде қазіргі Волгоград облысы, Палас ауданында, Савенко селосында дүниеге келді. Ресей Федерациясына қарасты аймақ болғанымен, режиссер дүниеге келген ауыл Орал облысы, Жәнібек ауданынан аса қашық та емес еді.
Дарынды режиссер бала кезден-ақ өнерге құмар болып өсті. Домбыраның үніне елтіген баланың дарынын байқаған анасы Ханипа екі баласын қалайда Алматыға жеткізуді ойлаған екен. Кейінірек Ханипа ана Аққағазы мен Әзірбайжанын алып, Алматыға қоныс аударады. Бұл сұрапыл соғыс жылдары болатын. Әкелері соғысқа аттанып кеткен. Аналары қос құлынын жетектеп, Алматыға келген соң, Әзірбайжанын хореографиялық училищеге оқуға түсіреді. Әпкесі Аққағаз болса, Мәскеудлегі Бүкілодақтық кинематографиялық институттың актерлік бөліміне оқуға түседі. Інісінің өнерге деген талпынысын байқаған апасы оған жиі ақыл-кеңесін беріп отыратын.
Соғыс жылдарында Алматы кино мен театр өнерінің орталығына айналды. Мәскеуден, ТМД елдерінен келген өнер шеберлерімен өткізілетін түрлі бас қосулардан режиссер бір сәтте қалған емес. Ол өзінің өнерге деген алғашқы қадамын осылай бастады.
Әзірбайжан Мәмбетовтің театр өнерін өлердей сүюіне бұл оқиғалар септігін тигізбей қоймады. Әрі соғысқа аттанған әкесінен келген қаралы қағаз ана мен баланы есеңгіретіп кетті. Көп ұзамай, өкпеден тиген ауыр науқастан анасы да көз жұмды. Жалғыз бауыры Мәскеуде. Режиссерге қиындықпен жалғыз алысуға тура келді. Әке мен ананың қазасы жеткіншекке оңай болған жоқ.
Кейінірек Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында жүргенінде Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» пьесасын қойды. Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін елге әйгілі еткен де осы туынды болатын. Ол туралы режиссер өзінің естеліктерінде: «Алғашқы жұмыстарымның бірі – Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасын» қойғанда сол ауыр жылдар, анамның ажалмен арпалысқан қиын сәттері көз алдымда тұрды үнемі. Анам Ханипа мен Толғанай басындағы қайғыны табиғи ұштастырып, өз басымнан кешірген қиналыс шақтарымды, сол күндерден жадымда қалған эмоциялық жан күйзелістерін қойылымның жалпы ауқымына сыйғызуға барымды салдым. Балаларынан, күйеуі Сыбанқұлдан айрылған Толғанайдың көз жасын көл етіп, бетін тырнап жылауға да, ботасынан айрылған аруанадай аңырауға да еркі бар еді. Бірақ жылап-сықтап, еңіреп жатуға уақыт ырық берді ме? «Ана – Жер-Ана» қойылымының оптимистік рухта, оқиғаларының жедел қарқынды, монументальді, эпикалық түрде шешілуіне сол көргендерімнің көп септігі тиді» деген екен.
Қазақ театрының да дүрілдеген тұсы осы шақ. Толғанайдың рөліне екі бірдей алыпты таңдаған да режиссердің өзі. Бірі – Сәбира Майқанова болса, екіншісі Фарида апа Шәріпова еді. Екеуінің де есімі елге танымал бұл актрисалар Толғанайды өз бетінше, өз шама-шарқынша алып шықты. Екі бірдей алыптың сомдаған образдары театрда әлі күнге аңыз боп айтылады. Фарида Шәріпова көзі тірісінде басылымға берген сұхбаттарының бірінде былай толғаған екен: «Театрға келгеніме үш-төрт жылдың айналасы, енді ғана Жәмила, Рахимаш рөлдерін алып жүрген кезім. «Ана – Жер-Анада» Әлиманнан «дәметіп» жүргенімде Әзекең «Толғанайды ойнайсың» деді. «Ойнамаймын, мен неге кемпір болуым керек, дайын емеспін» деп туладым. Жылап-сықтап, тіпті ауырып қалдым. Бір жұмадай театрға баспай қойдым. 55 беттік пьесаның 35-40 беті Толғанайдың монологы. Үйде жатып алып, уайымдағаным сонша, бас алмай оқи беріппін. Сонда жаттап алған болуым керек, бірден мизансценаға шығып кеттік. Спектакль бір айдың ішінде дайын болды. Әзекеңнің көрегенділігі сонда болуы керек. Сәбира апа екеумізден екі түрлі бейне жасады. Ескі көзқараспен қараса, «Ана – Жер-Анада» Сәбира апайды әбден ойнатып, бір жылдан кейін мені шығарса болар еді ғой. Ал 1964 жылы Толғанай болып 7 ақпанда Сәбира апай, 8 ақпанда мен сахнаға шықтық. Мұның жауабын Әзекеңнің осы спектакльге байланысты бір сұхбатынан тапқандай болдым. «Я хотел видеть неувядаемую молодость» дейді режиссер. Қойылымға Ш.Айтматов келеді дегенде қорыққаным-ай… Сахнаға шығып келе жатырмын, сүйенген таяғым дір-дір етеді… Еліне барғанда, қырғыздар «қалай болды» деп сұраса, «Кішкене ғана келіншек (Жап-жас әйел дегені ғой) ғажап ойнады» деп айтып барыпты. Содан мені қырғыздар «кішкене келіншек» деп атап кетті. Белгілі журналист Ф. Бегенбаеваның бір бағдарламасында Ш.Айтматов: «Мен Шәріпованың рөлін көрген сайын ильхам аламын. Ол ұлы актриса» деген екен», – деп ағынан жарылады.
Көргендердің айтуынша, Сәбира Майқанованың Толғанайы бір төбе де, Фарида Шәріпованың Толғанайы бір төбе болған деседі. Бұл да режиссерлік шешімнің мықтылығында болса керек. Одан кейін де Әзірбайжан Мәмбетовтің қолтаңбасымен талай-талай спектакльдер тұсауын кесті. Осындай мықты спекталкьдердің арқасында қазақ актерлерінің есімдері айдай әлемге танылды. Актерлеріміздің КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған тұсы да осы кез.
Фарида апай режиссер туралы: «Кейін ойланып қарасам, сол кездері Әзекең біздерден екі-үш немесе төрт-бес жас ғана үлкен екен. Әзекеңнің «қорғаны» мықты болды, өйткені шыққан өмір мектебі де, өнер мектебі де мықты еді. Спектакльге кіріспес бұрын көп ойланып толғанатын. Қазақ театрына жақсы прозаны сахналау дәстүрін әкелген Әзекең «Қан мен терді» де көптен толғаған болуы керек» деп жазады.
Режиссердің қолтаңбасы қалған спектакльдер туралы таңды таңға ұрып айтатын актерлер көп. Көрнекті актер, қазақтың біртуар ұлы Асанәлі Әшімов режиссер ағасы жөнінде: «Кейде қиналған кезде Шәкен, Асқар Тоқпановтардың ақылы жетіспей тұрады. Бүгін оған Әз-ағада қосылды. Оның туындылары қашан да аншлагқа айналатын. Ал актерларының бірден бағы жанып, атақ-даңқы шартарапқа жайылатын. Бір ғана мысал. Әз-аға қойған «Қан мен тер» КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ие болды. Тағы бір мысал. «Ана-Жер-Анада» Фарида Шәріпова басты рөлді ойнады. Ол тұста 27 жасар жас актер 65 жастағы кейіпкерді сомдады. Шебер режиссер мен дарынды актердің есіл еңбегі еш кетпеді. Қойылым да, актер де мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды» деген екен.
Қазақ театр өнерін үш кезеңге бөліп қарастыруға болар. Ол: Әзірбайжан Мәмбетовке дейін, Әзірбайжан Мәмбетовтен кейін және Әзірбайжан Мәмбетовтің кезеңі. Бұл кезеңнің ішінде режиссер ретінде озық, оқшау тұрғаны да Әзірбайжан Мәмбетовтің тұсы болар, бәлкім.
«Осы академиялық театр ұжымында, оның тыныс-тіршілігімен жете таныс қауым арасында «Мәмбетов командасы» дейтін ұғым бар. Қазіргі шенеуніктер сияқты Әзекең ешкімді де сырттан ертіп келген жоқ, өз «командасындағы» адамдарды осы жерден тапты. Қара шаңырақтың қабырғасын қаласқан аға ұрпақтың өкілдерімен де, театрдың есігін жаңа ашқандармен де тіл табысып, өзінің жаңашыл идеяларын жүзеге асыратын қауымның басын біріктірді. Біздің замандастарымыз Нүкетай, Фарида, Асанәлі… мен дегендей, бәріміздің атымызды атай бермейік, сол «Мәмбетов командасында» болдық.
Ұлы ұстаз туралы ойлағанда, оның еңбекқорлығы мен талапшылдығы көңілге орала береді. Ол не нәрсені қолға алса да, иін қандырмай тоқтамас еді. Үлкеннен де, кішіден де, атақтыдан да, жайдан да аянбай тер төгуді талап етер еді» деген екен көрнекті актер, сахна майталманы Сәбит Оразбаев.
«Мәмбетовтің командасынан» шыққандардың көбі елдің аузына іліккен, театр өнерінің майын ішкен майталман шеберлер. Олардың әрқайсысы да театр өнерінде шоқтығы биік тұлғалар. Әзірбайжан Мәмбетов шебер режиссер ретінде оларды тани білсе, актерлер де өз кезегінде режиссердің ойындағысын дөп басып, тани білді. Соны сахнада көрсете алды.
Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлік болмысынан бөлек, азаматтық қасиетін де жоғары бағалайтындар көп. Әйгілі Желтоқсан оқиғасы кезінде режиссер бұғып қала алмады. Желтоқсан желі режиссердің нәзік жүрегіне өшпес жара салды. Қызыл жендетке жем болған жастарға болысам деп жүріп, өзі де «ұр да жық» шибөрілерден тепкі көріпті. 86-ның құрбаны болған Әзағаның миы шайқалып, басы жарылды. Сол ызғарлы күндерден қалған дерт Әзағаңды ұзақ жылдар бойы жанын азапқа салды.
Режиссер өзінің бір естелігінде ызғарлы Желтоқсан туралы: «Басымнан тарс еткен дыбысты естідім. Қан кетті. Есімді жисам машинада жатыр екем. Әйтеуір тірі қаппын» – деген екен. Жанын азапқа салған сол жылдарда жастармен бірге соққы жеп, азаматтық көрсеткен режисердің бұл ерлігі ұзақ уақыт бойы қазақ жұртының есінде сақталары сөзсіз.
Ол өзінің режиссерлік қызметін 1957 жылдан бастады. Ал 1965 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері болып қызмет атқарған екен. Ол отандық мәдениеттің классикасына айналған «Ана – Жер-Ана», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қан мен тер», «Қаракөз» секілді аса көрнекті спектакльдерді театр сахнасына шығарды.
Ә.Мәмбетовтің кино саласындағы еңбектері бір төбе. Режиссердің қолтаңбасымен «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ғасырлар пернесі», «Абай» секілді тамаша еңбектер қазақ кино өнерінің алтын қорына енді.
Мемлекет басшысының шақыртуымен 1999 жылдан бастап режиссер еліміздің жаңа елордасының рухани және мәдени бейнесін қалыптастыруға бар күш-жігерін салып, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрын басқарды. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін осы театрды дамытуға күш-жігерін арнады. Қазақстанның өнері мен мәдениетін дамыту жолындағы оның қалтқысыз қызметі Елбасымыздың жоғары бағасына ие болды. 2000 жылы Әзірбайжан Мәмбетовке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, ол «Отан» орденімен марапатталды.
«Уақыты келгенде, жоғары оқу орындарында «Мәмбетовтану» пәні оқытылар» дейді екен режиссер әзілдеп. Сахна саңлағын танып-білу бүгін басталмағаны белгілі. Мәмбетовтану баяғыда-ақ бастау алған. Бір кездері сыншы Асқар Сүлейменов «ұлтына да, өзіне де, өнерге де опасыздық жасамаған Әзекең» деп бағалаған екен. Қазақтың асқар таудай ұлының берген бағасы режиссер осы сөзді өзінің құлпытасына жазып қоюды аманаттапты.
Шын мәнінде, Әзірбайжан Мәмбетов сияқты алыптың «ұлтына да, өзіне де, өнерге де опасыздық» жасамағанының куәсі театр тарихында жазылып қалған спектакльдері.
Гүлзина Бектасова