ҰРЫН ЖАҒДАЙДАН ҰПАЙ ЖИНАУ

ҰРЫН ЖАҒДАЙДАН ҰПАЙ ЖИНАУ

ҰРЫН ЖАҒДАЙДАН ҰПАЙ ЖИНАУ
ашық дереккөзі
182

Елімізде болуы мүмкін төтенше жағдайлар туралы хабарды кез келген БАҚ-тың таратуға құқығы жоқ. Үкімет қабылдаған жаңа құжаттар осыны негізге алады. Бұл еліміздегі кез келген мәселеде халықты үрейлендіргіш, яғни «айқайға аттан қосқыш» кейбір бұқаралық ақпарат құралдарына ащы сабақ.

Апта басындағы үкіметтік отырыста Министрлер кабинеті төтенше жағдайлар мәселесіне баса назар аударды. Мәселен, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, Қазастандағы стратегиялық нысандар мен қауіпті аймақтардағы төтенше жағдайлар туралы халыққа хабарлаудың заманауи тәсілдері енгізіліп жатқан көрінеді.

«Көксарай су реттегішінде бөгеттің барынша жауапты учаскелерінде мониторинг құралдары енгізілген. Медеу мен Шымбұлақтың №9 көшкін жинағышында қар көшкінінің жай-күйін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ол көшкін жүргенге дейінгі тәулікте нақтылаған сипаттағы ақпарат береді», – деп мәлімдеген министр мырза АҚШ, Қытай, Корея, Ресей және Беларусь елдерінің тәжірибесін үлгі етті. Осы орайда аталған министрлік отандық кәсіпорындар базасында төтенше жағдай туралы хабарландыру жасайтын жаңа құрылғылар өндірісін жолға қою мәселесін қарастыруда. Божко мырза Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде төтенше жағдайлар болған кезде хабар алу мүмкіндігі жоқтығын көлденең тартады: «Статис­тика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2012 жылдың басында ауыл халқының саны 7,5 млн. адамды немесе халықтың 45 пайызын құрайды. Дегенмен қазіргі қолданыстағы орталықтандырылған құлақтандыру жүйесі бастапқыдан-ақ бейбіт және соғыс кездерінде ірі қалалар мен өнеркәсіп нысандарына қызмет көрсетуге арналған әрі ауылдық елді мекендерді қамтымайды».

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қызметкерлері әсіресе Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ сынды мұнай және газ кен орындарына жақын орналасқан елді мекендердің тағдырына алаңдайды. Өйткені аталған аймақтарда өндіріске қатысты төтенше оқиғалар орын алғанда жұртшылықты дер кезінде апаттан құлақтандыратын мүмкіндік жоқ: «Заманауи өмір шындығын ескерсек, мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек деп санаймын», – деді Владимир Божко.

Сонымен қатар үкіметтік отырыста ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай төтенше оқиғалар кезінде ресми түрде нақтыланған ақпаратты халыққа жедел тарататын мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының тізімі жасалғанын айтты: «Халыққа төтенше жағдайлар бойынша өкілетті органдар ұсынатын ресми нақтыланған ақпараттар ғана жеткізіледі. Ол тікелей республикалық, ең алдымен мемлекеттік БАҚ арқылы таратылады, сонымен қатар жергілікті органдардың көмегімен өңірлік БАҚ арқылы беріледі. Бұл орайда барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық ресурстар қолданылады. Бұл әлеуетті аудиторияны шамамен 98 пайызға қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі мен «Bnews» ақпарат агенттігі қолданылатын болады». Министрдің айтуынша, төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік БАҚ басшыларымен бейресми ақпараттарды таратпау бойынша келісім жасалған көрінеді: «Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар берген ресми ақпараттарды халыққа шұғыл жеткізу үшін тәулік бойғы режимде байланыста болатын республикалық журналистік пул құрылды». Ресми түрде расталып, бекітілген хабардың таратылуы төтенше жағдай алған кезде көңілдері онсыз да алаңдаулы халықты одан сайын үрейлендірмеу үшін жасалынып отыр. Мұндайда «айқайға аттан қосқыш» кейбір БАҚ-тың оңай олжа табуда халықтың емес, жеке мүддесін көздейтіні де жасырын емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары