ҚАЙТА ҚАУЫШҚАН ҚОС АҒАЙЫН
ҚАЙТА ҚАУЫШҚАН ҚОС АҒАЙЫН
Өткен аптада Өзбекстан президенті Ислам Каримов елімізге арнайы атбасын бұрды. Бұл оның Қазақстанға ұзақ жылғы үзілістен кейінгі іссапары. Олай дейтініміз, өзбек басшысы соңғы рет 2008 жылы ғана келген екен.
Мәртебелі қонақты Астана әуежайынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды. Өзбек президенті бұл кездесуді көптен күткен бе, екі күндік сапар барысында біраз түйткілді жайттың арқауын ағытты.
Өзбекстан Қазақстан үшін географиялық тұрғыда көрші, саясатта стратегиялық серіктес мемлекет. Қос мемлекетті ортақ тарих, дін мен діл, ел мен жер біріктіреді. Ал әлемдік геосаясаттағы екі елдің аймақ қауіпсіздігі, есірткі мен лаңкестікке қарсы күрес әрекеті, сондай-ақ трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдалану жәйі қазақ пен өзбектің ортақ мәселесі болып табылады.
Елбасы әуелі әріптесін қыркүйектің 1-інде өткен Өзбекстанның Тәуелсіздік мейрамымен құттықтай келе: «Қазақстан сіздермен ең тығыз байланыстар орнатуға әрқашанда ашық және соған шын ниетті! Мен екіжақты байланыстарды барлық қатынастарда кеңейтудің және тереңдетудің әрдайым сенімді жақтаушысы болдым және болып қала беремін. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Өзбекстан халқы экономикада, әлеуметтік-қоғамдық саясатта, білім беру және мәдениет салаларында салмақты, орасан зор жетістіктерге жетті. Біз Өзбекстанның дәуірлеуіне, өркендеуіне қуанамыз және өзбек бауырларға бейбітшілік, әл-ауқат және гүлдену тілейміз! Ең негізгісі, ел болып, мемлекет болып құрылды, шекарасы бекітілді. Екі елдің арасындағы тыныштық сақталды. Сан ғасырдан тамырлас, тағдырлас екі халықтың арасындағы ең басты құндылық – тыныштық», – деп атап өтті.
Стратегиялық мүддесі ортақ екі ел арасындағы сауда айналымы 2 миллиард долларды құраған. Қазақ тарапы Тәшкенге мұнай, тонналап бидай, руда тасымалдайды, ал олардан жылына 114 миллион тонна табиғи газ алып отырмыз. Одан бөлек бірлескен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, соңғы кезде алыс-беріс біршама күрделеніп кеткен. Егер жарты жылда тауар айналымы 925 миллион доллардан асса, соның 605 миллионы – Қазақстанның өзбекке өткізгені, ал 320 миллионы – Өзбекстанның бізге саудалай алғаны. Бұл импорттың 11 пайызға төмендегенін айғақтайды. Осыған байланысты екі ел басшысы алдағы уақытта өзара тауар айналымын екі есеге арттыру туралы құжаттарға қол қойды. «Біз 2015-2016 жылдары бұл көрсеткішті екі есеге өсіруге ниеттіміз» деген Н.Назарбаев қос тараптан өзара сатып алатын тауарлардың аталым-номенклатурасын кеңейтуге күш салынатындығын жеткізді.
КАРИМОВ КӨРШІЛЕРДІ
СЫНҒА АЛДЫ
Өзбек басшысы Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің арасына 20 жылдан бері сызат түсіріп жүрген су мәселесін тілге тиек етті. Каримовтың шамына тиетіні аймақтағы су ресурсының 90 пайызына қожалық етіп отырған қырғыздар мен тәжіктердің «менмендігі» екен. «Сырдарияның жоғары сағасында орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстан суды энергия көзі ретінде пайдалануға бел шеше кіріскен. Тіпті келіспестен гидроэлектростанцияларын да салып жатыр. Құрылыстың қаншалықты негізді болғанына халықаралық сараптама жүргізілуі тиіс. Әйтпесе оның зардабы орасан болады. Ал өзеннің етегіндегі Өзбекстан мен Қазақстан су тапшылығын тартуда. Өкінішке қарай, көршілеріміз Сырдария мен Әмударияның трансшекаралық өзен екенін ұмытып кеткен сыңайлы», – деді Өзбекстан Республикасының президенті. Сондықтан да Ислам Каримов құрылыс бастамас бұрын алдын ала сараптама жүргізіп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін баса айтты. «Бұл Рогун және Қамбар ата жобалары бір мезетте 70-80-ші жылдары жасалған болатын. КСРО құрамында өмір сүрдік, біздің барлығымыз гигантоманиямен зардап шектік. Дегенмен уақыт өзгереді, кемінде 40 жыл өтті. Бүгінде нормативтер мен стандарттар мүлдем бөлек. Бұл күндері гидротехникалық құрылғылар түбегейлі басқа негізде салынуы тиіс. Оған неге сараптама жүргізбеске?», – деді. Оның сөзіне қарағанда, Қамбар атада 275 метрлік бөгет, ал Рогун ГЭС-інде 350 метрлік бөгет салуға шешім қабылданған көрінеді.
Әріптесінің трансшекаралық өзендерге қатысты мәлімдемесін тыңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бітеу жараның бетін тырнағысы келмеді ме, ешқандай жауап қайырған жоқ. Шын мәнінде, трансшекаралық өзендер – өзекті мәселе. Сырдария мен Әмудария сағасында отырған тұтастай халықтың тағдыры қос өзенге тікелей тәуелді. Сондықтан, сумен күнелтіп отырған жағадағылардың жағдайы теңдей, әрі тиімді шешілгені абзал. Бұл жөнінде Елбасы: «Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан төменде отырып, көбіне-көп су тапшылығын сезінеміз. Дарияның ұшар басында отырған елдерге сәлемімізді жеткіземіз. Өзеннің төменгі бөлігінде отырған елдерге су жетпей жатыр. Мұны әр адам сезініп отыр. Су – миллиондаған адамның тағдыры. Бұл мәселені бірлесіп шешеміз деп сенемін», – деп өз ойын білдірді.
БИІК МӘРТЕБЕЛІ КЕЗДЕСУЛЕР НЕГЕ АЗ?
Негізі қазақ-өзбек қатынастарының тәуелсіздіктен бергі кезеңінде Ислам Каримовтың Қазақстанда өтетін түрлі деңгейдегі кездесулерге бірнеше рет келмей қалғаны рас. Осы жолы Астанаға арнайы сапарлатқан ол құралақан емес, біраз түйткілді мәселені арқалап келген. Себебі Ислам Каримовты Орта Азияға экстремистік топтардан күшейген қауіп қатты алаңдата бастапты. Екі жылдан соң Ауғанстаннан АҚШ әскері шығарылса, аймақтағы ахуалдың оңай болмайтындығын да күрсініспен жеткізді. Оңаша және кеңейтілген құрамдағы кездесуде тараптар төнген қатермен, әсіресе, заңсыз есірткі саудасымен бірлесіп күресуге уағдаласты. Сондай-ақ, президенттер сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өзара қатынасқа қазіргіден де соны серпін беру қажеттігіне да айрықша тоқталды.
Араға төрт жыл салып келген ол ағынан жарылып, бұдан кейін де жиі кездесіп тұруға шақырды. «Біз кездесудің қолайлы сәттерін жіберіп аламыз. Сондықтан жиі жүздесіп, пікірлесіп ақылдасып отырған дұрыс. Өйткені арадағы проблемалар қордаланып қалады. Оны әу баста шешпесе кейін түйінін тарқату қиындап кетеді ғой. Егер де толықтай алғанда, Орталық Азия өңірі мен оның төңірегіндегі ахуалдың шұғыл өзгеріп отыратындығын ескерсек, бұл кездесу екі есе талап етіледі, әрі өзекті», – деді.
Бауырлас екі елдің басшылары өзара татулық жөнінде екі жақты келісім шарттарға қол қойды. Биыл қараша айында тәуелсіз екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады екен. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық қарым-қатынастың жиырма жылдығын бірігіп тойлауға ұсыныс білдірді.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ