БАҒА ТАҒЫ ӨСІП БАРАДЫ
БАҒА ТАҒЫ ӨСІП БАРАДЫ
Динара ДҮРМӘН
Әдеттегідей күз маусымы жаңалыққа толы уақыт. Егінге орақ түскен кезде, азық-түлік пен жанармайдың шарықтап кететіні үйреншікті жайт. Биыл бұған энергия, судың бағасы қосылатын сияқты.
Үкімет отырысында су бағасын көтеру жөнінде әңгіме болды. Бұл мәселенің қозғалғаны күні бүгін емес. Тіпті кеше ғана елімізге арнайы іссапармен келген өзбек басшысы Ислам Каримов те екі елдің су тапшылығы мәселесіне бой алдыратындығын ашық айтқан. Ол ол ма, Алматы қаласы төңірегінде жылу энергиясының тарифі 1-қыркүйектен бастап 9 пайызға қымбаттаса, қыркүйектің 10-ынан Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясының бағасы 8,6 пайызға өсті. Бұған дейін қала тұрғындары тұтынылған қуат көзінің 1кВт. сағатына 13 теңге 6 тиын төлесе, енді ол 13 теңге 34 тиын болады. Бұл қосымша құн салығын қосқандағы көрсеткіш.
«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС басқарушы директоры Болат Құлатаев: «Үкіметтің қаулысы бойынша, стансалар 2016 жылға дейін өз бағаларын өсіруге мүкіншілігі бар. Электр энергияны беру және тарату мекемелерінің бір жылда бір рет өсіретін заң бойынша құқы бар. Соған қарай біз де өсіруіміз мүмкін», – деп мәлімдеген болатын.
«Табиғи монополия субъектілерінің қаражатты мақсатты және тиімді пайдалануын бақылау жүйесі туралы» мәселені назарда ұстаған Елбасы Индустриялық форум телекөпірі кезінде энергетиктерді қатты сынға алып, олардың өздері қалаған жоғары тарифтерді бекітіп алатындығын айтып: «Одан түскен табысты инвестициялық бағдарламадан басқа істерге бағыттайды. Яғни жауапты орган арсыз монополистердің пайдақорлық істеріне қарсы пәрменді шаралар қабылдап, олқылықты жоюы қажет», деген-ді.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов монополистерге қатысты 351 тексеріс жүргізіліп, 8 миллиард теңгеден астам айыппұл салынғандығын жеткізді. Осыған орай заңнамада осындай субъектілердің өздерінің реттелетін қызметтерінің тарифтерін, инфляциялық дәліз аясында, өз бетімен өзгертуі мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Бұл қадам монополистердің барлығын бірдей бақылауға Агенттіктің күші жетпейтіндігімен түсіндіріліп отыр. «Шара еңбек ресурстарымызды қайта бөлу есебінен анағұрлым ірі табиғи монополия субъектілерінің қызметін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Мұрат Оспанов.
Осыған байланысты республиканың 8 өңірінде суға тұтыну көлемдері бойынша екі деңгейлі сараланған тарифтер енгізілді. Алдағы уақытта 2-деңгейлі саралаудан 3-деңгейге көшу, сондай-ақ осы тариф деңгейлері арасындағы айырмашылықтарды орта есеппен 20-дан 50 пайызға дейін өсіру жоспарлануда. Бұдан былай әр қазақстандық үшін енді мемлекет ай сайын судың белгілі бір көлемін ғана тұтынуға бөледі. Бірақ та суды есептеу аспаптары жоқ үнемсіз тұтынушыларға қарағанда, суды есептеу аспаптары бойынша үнемді шығындайтын тұтынушылар үшін қызмет ақысының күрт қымбаттауы болмайтын көрінеді. Министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мәселен, оңтүстікте орташа жалақы 62 мың теңге болса, сумен жабдықтаушы кәсіпорындарда 38 мың теңге екен. «Оның үстіне, жабдықтарының тозуы 60-70 пайызға жеткен. Қазіргі тарифпен даму мәселелер шешілмейді. Сондықтан тарифті көтеру қажет», – деді Экономикалық және сауда министрі.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов отырысқа арнайы графикалық материал дайындап әкеліпті. Онда еліміздің су бағасы батыстың озық елдерінен артта екендігі көрсетіліпті. Оның айтуынша, Италия, Ресей сияқты елдерде тариф үш есе, ал Польшада бізден төрт есе жоғары көрінеді.