КІШІЛЕР «ЖӘКЕ» ДЕУШІ ЕДІ

КІШІЛЕР «ЖӘКЕ» ДЕУШІ ЕДІ

КІШІЛЕР «ЖӘКЕ» ДЕУШІ ЕДІ
ашық дереккөзі
473

Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы қыркүйектің 12-де елуге толар еді. Еліміздің ардақты ұлы, ол – біреуге қамқор аға, қадірлі жар, сүйікті әке. Осыған орай аяулы азаматтың кенже келіні Жанар Жақсылыққызының естелігін жариялап отырмыз.

Аға жайында жеті жылдан бері көп­­ естеліктер жазылды. Әлі де жазыла берері ақиқат. «Біздің Алтынбек» кітабындағы аға жайлы достары, туыстары, ел қайраткерлері және т.б. көптеген жандардың жазған естеліктерін жиі оқимыз. Ағаның қайраткерлігі, еліне аз ғана өмірінде жасаған еңбектері, қазақты алға жетелесем деген арманы барлық кездерде айтылып жүр. Мен де шамам келгенше аға жайлы бір үзік сыр жазғым келді. Зейнеп Ахметова апамыз өзінің кітабында атасымен бірге суретке түспегеніне өкінетінін жазып еді…

Менің де осындай өкініштерім жетерлік, Аға. Бұл өмір өкініш пен сағыныштан тұратынын, мәңгілік ешнәрсе жоқ екенін түйсігімізбен түсінсек те, уақыт дегеннің қадірін білмей қалып жүреміз. Сағы­ныштың түр-түрі болады ғой.­ Жоғалтқан адамыңа деген сағы­ныш ол мәңгілік өмірмен бірге кететін сағыныш екен. Ағамен бірге туыс-бауырдың арасындағы қарым-қатынасымызды, күнделікті тіршіліктің қамымен ғана, ағаны көргенде амандасып, хал-жағдай сұрасып, келіндік ізетпен ғана жүре бергеніме қазір көп ойланамын. Мүмкін ағамыз бізді сол кездерде еңбек етіп, жоғары биіктерден көргісі келген шығар. Осы әулетке келін болып, ұрпақ тәрбиелеумен жүргеніме бірде «шүкіршілік» етемін. Қазақта «бауырың бүтін болсын» деген ұлағатты сөзді бекер айтпайды екен. Бауырыңды жоғалтқанда орны толмас сағыныш жүрегіңде орнайды екен. Бірақ ағаға деген бәріміздің сағынышымыз басылар емес.

Ағаның еліне жасаған еңбегі, қай­раткерлігі туралы жазылып жа­тыр. Ал менің жазғым келгені – отбасындағы аға, балаларымыздың «Жәкесі». Мойын бұрғызбайтын қыруар шаруалардан шаршаған кездерінде, кейде аяқ астынан үйге соғатын. «Шатпақтарды сағынып кеттім», – деп күлімсіреп үйге кіріп келетін. Балалар алдынан бірін-бірі итермелеп жүгіретін еді. Бірін көтеріп, бірін құшақтап, арқа-жарқа болатын. Кішкентай балалардың тілін тауып, еркелетіп, балалармен ойнағанды жақсы көруші еді. «Осыларды бір иіскесем, шаршағаным басылып біраз уақытқа «проблемаларды» ұмытуға тырысамын» дейтін. Үлкен ұлымызды «атасының баласы, біздің Сұлтан нағашыларын да ренжітпей екі жаққа да тартыпты». Қызымыз туылғанда «япошка» деп еркелететін. Қыз баланы ерекше жақсы көріп, сыйлайтын. Ағаның тұңғышы дүниеге келерде, қыз болса екен деп, Салтанат абысыныма айтқаны да есімде. Тілегеніндей қыз бала болды. Атамыз ағаның қызының атын Шолпан деп бір-екі жылдан кейін біздің қызымызды Айман деп атады. Аға Шолпан мен Айманды бір-бірінен бөлмеді. Екеуін егіздің сыңарындай етіп өсірді. Мен ағаның қыз балаға деген ерекше ықыласын өзінің анасына деген зор махаббатынан ба деп ойлаймын. Ағаның анасына деген ілтипаты өзгеше болатын. Әр отбасында қанша бала болса да бір бала анаға жақын болады ғой. Сол сияқты бұл әулеттегі он баланың ішінен ағаның анасына деген махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қай жерде жүрсе де, алыс сапарларда, шет жерлерде болғанның өзінде күніне бір рет хабарласып тұрғанына қаншама рет куә болдым. Асыл ағаның көп қасиеттерінің ішінен үлгі алатын бір ерекшелік осы еді. Анамыз сөйлегенде, ол кісі өткен тарихты өте жақсы айтатын, аға мұқият тыңдап, жүзіндегі нұрлы қуанышты жасыра алмайтын. Кейде атамыз қызғанып қалушы еді. Аға сондай бір кездерде жарқылдай күліп, әкесінің де көңілін аулайтын. «Қартайғанда үлкен кісілер де бір бала сияқты ғой» дейтін.

2003 жылдың қаңтарында ұлымыз дүниеге келді. Марқұм анамыз «осы­ кішкентайдың атын Жәкесі қой­сын, алыс­та жүр ғой, шырағым», – деп­ атамызға қарады. Балаларының, не­ме­релерінің есімдерін өзі қойып жүрген атам біраз тосылып қалды. Атамыздың өзі ол кезде 89-ға келген кезі болатын. «Жарайды, Жұманова, сенің айт­қа­ның болсын», – деді. Ол кісі кейде­ анамызды фамилия­сымен атайтын, мүм­кін сол кездегі үлкендердің бірін-бірі еркелеткендігі шығар. Жолдасым да анамыздың ті­ле­гін ризашылықпен қа­былдап, ол кез­де аға Ресейде ел­ші­лікте болатын, бірден қоңырау шал­ды. Ағаның жү­регінің кеңдігін, кіші­пейілдігін, қара­пайымдылығын қаншама рет көріп жүрсем де, сол кездегі ағаның тағы да бір ізеттілігіне қайран қалдым. Қоңырау шалғанда, нәрестемізді естіп қатты қуанып, құттықтап, есімін өзіңіз қоярсыз дегенімізде, «атасы рұқсат берді ме», деп сұрады. Ертесіне өзі қоңырау шалып Шерхан немесе Алмас, – деген есімдер ұнаса біреуін таңдарсыңдар», деді. Аға біреуін айтып осылай болсын десе де біз ешқашан қарсы келмес едік. Өзі­нің ізеттілігімен таңдауды бізге берді. Ал біз «Шерхан» деген есімге қуана келістік. Жәкесінің қойған есімі деп, Шерхан баламызға айтып отырамыз.

Әулетімізде ағаны кіші балаларға «Жәке» деп атауды үйреттік. Ағаға деген аяулы құрмет шығар. Теледидардан, газет беттерінен ағаның суреттерін көргенде балаларымыз «Менің Жәкем», деп таласатын. Көпке дейін бізге де «Жәкеміз» алыс са­пардан келіп қалатындай күтіп жүрдік. Бірге жүрген жолдастарын, курстас достарын көргенде әл­і­ де көмейіме өксік тығылып, са­­ғыныштың сары мұңы кеудені кернейді. «Мазасын алмайық, шаршап жүр ғой», – деп көп мазаламауға тырысатын едік. Бүгіндері «неге сол кездері ұзағырақ әңгімелеспедік, неге қасында көбірек болмадық» деген сұрақтарға жауап таба алмаймыз. Неге «Шерхан» деген есім­ді­ қалады екен, мүмкін Шерхан Мұртаза атасына ұқсасын деген шығар. Бұл сұрақты да қоя алмадық.

Сағынышымен жүрегімізді сызда­тып, жанымызды сары мұңға бө­леп, тағы бір күз жетті. Аға ор­тамыздан кеткелі бергі бұл же­тін­ші күз. Бұл маусымды ерекше са­ғы­натынымыз, сағына отырып егі­ле­тініміз – күздің алғашқы айы, қыр­күйектің 12-сі – ағаның туған күні. Өзінің туған күнін атап өтуге қар­сы болатын. Ал қайсы үйдің ба­ласы болмасын, әулетіміздегі кіш­кентайлардың бәрінің туған күн­дерінде бір сағат болсын уақыт тауып міндетті түрде келіп, құшақ-құшақ сыйлықтарымен балаларды қуантып жүретін…

Ердің жасы елуге толар шағы еді.­ Әрқашан жарқылдап жүретін ағамызға енді гүлдерімізді қуанып бере алмаймыз.

Біз Алладан ағаның артында­ қал­ған ізбасары, ұлы Бекжанға ұзақ өмір тілейміз. Атын өшірмей, шаңы­рағын биікке көтеретін ұлы, қызы, адал жары аман болса екен дейміз. Құран бағыштап, шоқ гүлдерімізді алып, үнсіз ғана, іштей сырласып Кең­сайға барамыз.. .

Жанар ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары