ДЭН СЯОПИН

ДЭН СЯОПИН

ДЭН  СЯОПИН
ашық дереккөзі
890

Қазіргі Қытай тарихында халқына адал қызмет еткен ерекше тұлғалар бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Дэн Сяопин. Өткен ғасырда елдің тұралаған экономикасына реформа жасап, тұрақты дамуға жеткізуде ол сіңірген еңбек ұшан-теңіз. Санаулы жылдар ішінде халқының саны бір миллиард үш жүз миллионға жуық аспан асты алып елді азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп, тіптен кейбір түрлерін экспортқа шығартудағы экономикалық жаңашылдығы бүгінде басқа елдерге де үлгі болып отыр.

Дэн Сяопин 1904 жылы 22 тамызда Қытайдың оңтүстігіндегі Сычуан провинциясындағы Пайфан ауылында өмірге келді. Әкесі Дэн Вэньмин сіңірі шыққан тақыр кедей болатын. Анасы ерте қайтыс болғандықтан әкесі Дэн Вэньмин екінші рет үйленеді. Дэн Вэньмин үлкен ұлы Дэн Сяопинді Цунцинадағы мектептің дайындық курсына береді. Ол мектепте үздік оқушылар қатарында болды. Болашақ «реформа архитекторының» әкесі қанша кедей болса да, саясаттан тысқары жүрмесе керек. Ол шаруалардың «Еріктілер» құпия қоғамына белсенді мүшесі ретінде күреске араласып отырған. Оның «ту ұстаушы» деген жанама аты бар. Ұлттық революциялық рухта тәрбиеленген Дэн Сяопин он алты жасқа толған шақта ықпалды адамдардың қолдауымен Францияға оқуға жіберілетіндердің тізіміне ілігеді. 1920 жылдың желтоқсанында Франция кемесі «Портос» Марсель айлағына келіп тоқтады. Кемеден еуропалық жолаушылармен бірге бір топ қытай жастары да түсті. Бұл коммунистік бағыт ұстанған жандар болатын. Солардың арасында орта бойлы, ашаң өңді жігіт Дэн Сяопин өзгелерден ерекше көрініп тұрды. Мұнда ол Қытай социалистік жастар одағына мүше болып қабылданды. Коммунистік газеттер мен үнпарақтар шығарып, тарату жұмыстарында белсенділік танытты. Ол осылай оқып жүріп те саясатпен етене айналыс­ты. Ай сайын үйінен келетін қаражат пен үкіметтің жіберген стипендиясы күнделікті қажеттілігіне жете бермейтін. Сабақтан соң кез келген жерде жұмыс істеп жүрді. «Рено» автозауытында қара жұмыс істеді, жылу орталығында от жағушы болды, ресторандарда даяшының да міндетін атқарды. Дэн Сяопин 1924 жылы Қытайдың Еуропа бөлігіндегі Коммунистік партиясына мүшелікке өтті. Сол жылдары Чжоу Эньлаймен бір бөлмеде тұрып, айрылмастай дос болды. Кейін Чжоу оны саяси күрес барысында бірнеше рет қиын жағдайлардан аман алып қалған. 1926 жылы 20 қаңтарда Франция үкіметі әрқалай сылтаулармен көптеген Қытай коммунистерін елден шығарып жіберді. Солардың ішінде Дэн Сяопин де бар еді. Оған Франциядағы Қытай жастар ұйымының жетекшісі Хо Лучиге қастандық жасауды ұйымдастырған деп айып таққан. Полиция оның пәтерін тінтіп, газеттер мен кітаптарын, сондай-ақ ол жастанып жатып оқып жүрген Н.Бухариннің шығармаларын тәркілейді. Дегенмен Франциядағы жылдар қоғамды саралап, өз жолын таңдауға көп көмегін тигізіп, кәсіпқой революционерге айналдырды. Оны партияның шешімімен Берлин арқылы Кеңестер Одағына өткізіп, Мәскеудегі Сунь Ятсень атындағы коммунистік университетке қысқа мерзімді оқуға жіберген. Мұнда одан басқа да қытай жастары білім алып жатты. Бұл кезде Еуропадағы революциялық қозғалыстар басылып, ал Қиыр Шығыста өрши бастаған шақ еді. Кеңес үкіметі мен Коммунистік интернационал сондағы өзгерістерге үлкен мән беріп, қолдау көрсетумен болды. Бірнеше айдан соң яғни 1926 жылдың қыркүйегінде елге оралған Дэн біраз уақыт Чан Кайши басшылық еткен гоминдандық Хуанпу әскери училищесіне сабақ береді. Кейін ішкі Қытайға ауысып, қалың саяси оқиғалар ортасында жүріп, тәжірибе жинақтайды. Азаматтық соғыс кезінде Қызыл армия қатарында жүріп, бірнеше ұлы жорықтарға қатысқан. Елді жапон басқыншыларынан азат ету жолындағы күресте бірнеше рет ұтымды әскери тәсілдерімен көзге түседі. 1929 жылы ҚКП күшпен таратылған соң алыстағы Гуанси провинциясына барып, кеңестік қозғалысты ұйымдастырумен айналысады. Ол он жыл бойына Қытай Қызыл армия қатарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 1943 жылы қытай-жапон соғысының алтыншы жылында 8-ші армияның штаб бастығы қызметін атқара жүріп, алғаш рет ҚКП негізгі жетекшілері қатарына өтеді. Көп жылдарға созылған азаматтық соғыс пен халықтық революциядан кейін 1949 жылы 1 қазанда Қытай Халық Рес­публикасы тарих сахнасынан орын алды. Республиканың алғашқы жылдары Дэн Сяопин партия жетекшісі Мао Цзэдунның беделін ел ішінде көтеруге барын салған. Коммунистік партияның басшылары Мао Цзэдун, Чжоу Эньлай, Пэн Дэхуа және Чжу Дэмен тығыз қоян-қолтық байланыста жүріп еңбек етті. 1951 жылы ҚКП-ның 30 жылдық мерекесіне қарай мерзімдік басылымдарда жариялаған мақаласында ол: «Қытай революциясының жеңісі және партияның халықпен тығыз байланысы Мао Цзэдун жолдаспен тікелей байланысты екенін қытай коммунистері толық мойындайды. Олар төраға Маоға өздерінің қорғаушысы ретінде қарайды»,– деп жазған. 1954 жылдың басында Дэнді Пекинге шақыртып, жауап­ты қызметтерге тағайындалған. Қытай Халықтық саяси кеңесі төрағасының орынбасары және Қаржы министрі қызметі қосымша жүктелді. Алайда ол министрлік жұмысты ол бір жыл ғана атқарады да Мемлекеттік жос­парлау комиссиясының құрамына алынады. Сондай-ақ ол ҚХР-ның бірінші конституциясын дайындау комиссиясына мүшелікке қабылданып, өзінің құнды пікірлерін қосқан. Бұл халық арасында ол туралы ел ішінде мемлекеттің жоғары басшылығына лайықты жан деген пікірдің қалыптаса бастаған кез. Ал 1954 жылы мамырда Дэннің еңбегі тамаша ұйымдастырушы ретінде жоғары бағаланды. ҚКП Бас хатшылығына тағайындалып, ОК-тің бөлімдері жұмыстарын қадағалады. Яньанда өткен ҚКП-ның VII сьезінен кейін Мао Цзэдун ҚКП төрағасы ретінде барлық билікті өз қолына алған. Осы жылы елдегі коммунистік партия мүшелерінің қатары 10 миллион адамға дейін өсті. Партияның көп салалы жұмыстарында тәртіп қатайтылып, ел алдында тұрған күрделі міндеттерді атқаруда қалың көпшілікті жұмылдаруға күш салынды. Қай кезде де Дэн Сяопин өте маңызды рөл атқарып, Мао Цзэдун басшылығын барынша қолдап жүрді. Елде 1958 жылы үлкен серпіліс болды. Революция рухымен оянған халық Кеңестер Одағының көмегімен бірінші бесжылдық жоспарын зор табыстармен орындап шықты. Алда өндіріс көлемін тез әрі барынша арттырып, «Ұлыбританияны қуып жетіп, басып озу» мақсаты тұрды. Алайда бұл үлкен серпіліс «халық коммунасын» өмірге әкелсе де, еңбекті ұйымдастыруда әскери-бюрократиялық тәсілді күшейтіп жіберген. «Халықтық комунада» еңбекке саны мен сапасына қарап ақы төлеу болмады. Адамдарды теңестіріп, үй шаруашылығындағы ұсақ малдар, құстар қоғам меншігіне өткізіліп, үй жанындағы учаскелік жерлер жойылды. Соның салдарынан олардың «Үш жыл аянбай еңбек етсең, мың жыл бақытқа бөленесің!» ұраны жұртты қайраңда қайырлап қалған кемедей күйге түсірді. 1962 жылығы өнеркәсіп өнімдері өткен 1961 жылмен салыстырғанда екі есеге төмендеп кеткен. Астық жинау 1952 жылғы көрсеткіштің маңына да жолай алмай қалды. Елде аштық қаупі төніп тұрды. Бүгінде Қытай басшылары сол елуінші жылдардағы волюнтарлық тәжірибеге сын көзімен қарауда. Бірақ сол кездегі Мао Цзэдунның ұсынған бағытына кім-кімнің де қарсы шығуы аса қиын еді. Сондай қиын жағдайда Дэн Сяопин көсемнің «басшылық ұсыныстарына» сын көзбен қарап, елдегі пісіп-жетілген проблемаларды шешуге нақты жағдаймен санаса отырып кірісуді ұсынған. 1962 жылы Қытай экономикасы тығырыққа тірелген кезде ол «халықтық коммунаны» дұрыс құруды ұсынады. Мемлекеттік жерді арендаға беріп, ауылшаруашылығы ұйымдарының өзін-өздері басқаруды және нарықтық дамуда басы артық тауарды ерікті түрде сату тәсілдерін енгізген. Екі жылдан соң Дэн Сяопин ҚХР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Чжоу Эньлаймен бірге «төрт модернизацияны» ұсынады. Атап айтқанда, өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын, ғылым мен қорғанысты арттыру. Алайда «мәдени революция» жылдары саяси бір бағыттық жүйесі күш алып, саяси прагматизмді қолдайтындардың көпшілігі қуғын-сүргінге ұшыраған. Сол сүргіннен Дэн Сяопин сырт қалған жоқ. Хунвэйбиндердің баспасөздерде: Дэн Сяопин партияның Бас хатшысы ретінде атқарған жұмыстары қызметіне сәйкес емес; жеке басқа табынуды сынып-мінеуі төраға Маоның беделіне нұқсан келтірді; 1961 жылғы Мао Цзэдунның ауылшаруашылығы конференциясындағы «Мысықтың түсі қара ма, ақ па, маңызды емес. Ең бастысы тышқанды жақсы ауласа болғаны» деген идеялық ұранын келемеж етті; жұмысшы топтарының көмегімен «мәдени революцияның» алғашқы жаппай қозғалысын басқысы келді, деген айыптары жарияланып жатты. Билікке талас жағдайында Дэнге таңылған мұндай саяси айыптар «мәдени революцияның» ұшынып тұрған кезінде үлкен қылмыс болып табылған. Алайда мемлекет қайраткері Лю Шаоциге қарағанда оның жазасы жеңілдеу болды. Ол қатал жазадан құтылу үшін өзін-өзі сынауға мәжбүр болды. Сынаушылардың өзін қызметіне сай емес деп айыптауымен келісетінін білдірді. 1966 жылдың желтоқсанында хунвэйбиндер ұйымдастырған «Лю Шаоци мен Дэн Сяопин бастаған буржуазиялық штабқа қарсы күрес» атты үлкен жиында ол өзінің көзқарасы мен ісі Мао Цзэдун идеясымен ұштаса бермейтінін мойындайды. Ол өз сөзінде: «Менің көпшіліктен қол үзіп қалғаным Орталық Комитеттің маған сенім артқан функциясына лайық емес екендігімді көрсетті. «Мәдени революция» кезінде жіберген қателіктерім, менің ұсақ буржуазиялық және интеллигенттік идеологиямның талап деңгейінде құрылмағанын да көрсетті». Дэн осылай дей отырып, қайта құрылғысы келетінін мәлімдеді. Ол осылай жорта мойындамағанда бәлкім өмірімен де қоштасуы мүмкін еді. Алайда оның бұл мәлімдемесі тұтқыннан құтқара алмады. Ал отбасы хунвэйбиндердің еркінде болды. Партия Бас хатшысының ұлы Дэн Пуфан сол кезде Цинхуа университетінің студенті еді. 1968 жылы оны хунвэйбиндер ұстап алып, әкесін қайдан табуға болатынын сұрап, аямай азаптаған. Хунвэйбиндер Дэн Пуфанды қанша ұрып-соқса да ол әкесінің қайда екенін айтқан жоқ. Қатты ашу-ызаға бой алдырған азаптаушылар ақыры оны үйдің үшінші қабатынан лақтырып жібереді. Содан денесінің төменгі жартысы жансызданып қалады. Ол бір ауруханадан екінші ауруханаға көшіп, дәрігерлерге қанша емделсе де оң нәтиже бермеген. Дэн Сяопин отбасының басқа мүшелері – үш қызы мен ұлы алыс провинциялардың біріне қайта тәрбиеленуге қоныс аударылады. Олар бірнеше жылдан соң ғана Пекинге оралды. «Мәдени революция» кезінде Дэнді қолдаған бұрынғы басшылар үй қамақта ұсталып жатты. Олардың көпшілік алдына шығуына тыйым салынды. Хунвэйбиндер үйлеріне бұзып-жарып кіріп, ұрып-соғып, мүліктерінің ойран-асырын шығарып жүрді. Алайда Дэн Сяопинді тұтқындау туралы бұйрық бергеннің кім екені күні бүгінге дейін белгісіз. Бұл уақытта Қытай азаматтық соғыс қарсаңында тұрған. 1967 жылдың қаңтарынан бастап-ақ билік партия мен мемлекеттік органнан «революциялық комитетке» көшті. Оны кейде армия ашық түрде қолдап тұрды. Осының салдарынан қарулы күш те, хунвэйбиндердің әртүрлі ұйымдары мен цзаофанейлер де жеке дара бөлшектеніп кеткен. Провинцияларда әскери қақтығыстар орын алды. Жаппай тұтқындау шаралары жүргізілді. Қоғамда армия рөлі кең өріс алды. Қытай мен Кеңестер Одағы арасында жанжал да шиеленіскен кез. Дэн Сяопин әйелімен бірге 1966-дың күзінен 1973-дың ақпанына дейін оңтүстіктегі Наньчан қаласында айдауда жүрді. Қалаға жақын жердегі Цзиньцян трактор зауытында жұмыс істеді. Қызының естелігіне қарағанда, әкесі темір жонушы, анасы майда бөлшектер дайындаушы болған. Елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс қуғын-сүргінге түскен білікті саяси тұтқындарды босатуға мәжбүр етті. Содан бастап Дэн Сяопин айдаудан оралып, саяси сахнаға қайта шықты. Әуелгіде ол ҚХР Мемлекеттік кеңесінің төрағасының он екі орынбасарының бірі ретінде сайланды. Ал 1975 жылдың қаңтарында партия төрағасының орынбасары және Халық-азаттық армиясы бас штабының бастығы қызметіне тағайындалған. Ол еңбекке қарай бөлу мен өндірісте материалдық бағалау принциптеріне негізделген «төрт модернизация» бағдарламасы жүйесін қайта кіргізуді батыл қолға алады. Алайда Маоның әйелі Цзян Циннің ықпалындағы бір бағыттық жүйе прагматик Дэннің ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермесе керек. Нәтижесінде ол үшінші рет саяси шыңның биігінен қайта құлаған. Оның үстіне 1976 жылы студенттердің Тяньаньмынь алаңындағы қарсылық қозғалысы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, Дэн сая­си аренадан тағы кетуге мәжбүр болды. «Прагматиктер» Мао Цзэдун қайтыс болған соң ғана толық жеңіске жетті. Дэн Сяопин КПК ОК 1977 жылғы шілде пленумында Жоғары Кеңес төрағасының орынбасары қызметіне бекітіліп, Қытай Халық-азаттық армиясы бас штабының бастығы, ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Мемлекет пен партияның екінші басшысы ретінде Дэн өзінің «төрт модернизация» бағдарламасын жүзеге асыруға табанды түрде қайта кіріседі. Тәжірибелі қайраткер бұл жолы жаңа тәсілді жүзеге асыруды алдын ала ұйымдастырған. Оның бастамасымен «мәдени революция» бойынша қылмыстық іс қозғалып, содан соң екі жақты бағыт ұстанған ҚХР төрағасы Хуа Гофен қызметінен айрылды. Ол 1981 жылдан бастап, ең жоғары басшылық орнында отырмаса да, мемлекет пен партия билігін толық өз қолына алады. Өмір ағымы теңгермешілдік пен «казармалық коммунизм» жақтаушыларымен көп жылдарға созылған саяси тартыста Дэн Сяопин ұсыныстарының дұрыстығын дәлелдеп берді. 1981 жылы оның тікелей қатысуымен өткен ҚКП ОК-нің кезекті пленумында «ҚХР құрылған уақыттан бері ҚКП тарихындағы бірқатар мәселелер бойынша шешімдер» деп аталынған маңызды құжат қабылданды. Бұл құжат ондаған жыл ішінде елді тұралатуға апарған «мәдени революция­ны» түбірінен жоққа шығарған. Мао Цзэдунның өмірінің соңында жіберген қателіктерін түзетіп, оның Қытай революциясы ісіне сіңірген еңбегіне әділ баға берілген. Дэн Сяопиннің бастамасымен жаса­лынған экономикалық реформа «гайге» деп аталынды. Шын мәнінде бұл Қытайдағы екінші экономикалық революция. Оның өмірінің соңғы кезінде отбасында 16 жан болды. Ол ұл-қыздары мен немерелерінің ісіне ешқашан да араласқан емес және оларға қызметін пайдаланып көмек көрсеткен де жоқ. Қытайда ондай өмір жолын ұстанған жан кемде-кем. Атақты реформатор 1997 жылы бақилыққа аттанды. Қазар оның есімін Қытай халқы әрдайым мақтанышпен атауда. Дэн Сяопиннің мақсаты елдің қоғамдық өмірі мен экономика саласын түбегейлі қайта құру еді. Ол мұны жетпісінші жылдан бастап сексеніші жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырды. Әуелі азық-түліктің қайнар көзі ауыл шаруашылығына баса назар аударды. Отбасылық мердігерлік тәсілді енгізудің арқасында шаруалар өз өнімдерін нарықтық бағамен сатуға мүмкіндік алып, басқа да кәсіпкерлікпен айналысуға қол жеткізді. Содан соң өнеркәсіп орындарына шаруашылық есепті ендірген. Солармен қатар шетел капиталына жол ашып, «арнайы экономикалық аудандар» құра бастады. Одан әрі мемлекет қызмет көрсету, туризм, техника жөндеу және көмекші құралдар шығарумен айналысатын ұсақ және шағын бизнеске рұқсат етілген заңдар шығарған. Осындай игі істердің нәтижесінде ел бұрын соңды болмаған экономикалық жетістіктерге қол жеткізді. Ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімі әр адамға шаққанда 10, кейде 14 пайызға дейін көтерілген. Ең бас­тысы елде бұрыннан келе жатқан азық-түлік жетіспеушілігі де толық шешілді. Дэн Сяопиннің саяси көзқарасына жіті үңілген жанға оның ел дамуына капиталистік баламаны кіргізбегені анық көрінеді. Оның басты идеясы «Қытайды социалистік жолмен модернизациялау» болды. Осы стратегия бойынша ол өндірісте, ауыл шаруашылығында, сауда-саттық жүйесінде нарықтық дамуды сара жолға қойды. Ол тұрақты түрде батыс инвестициясына «ашық есік» жариялап, олармен саяси қарым-қатынасты барынша күшейтті. Дэн Сяопин кезінде Кеңестер Одағының басшысы Михайл Горбачевтің «қайта құру» саясатын жоғары бағалаған. Кеңестер Одағы тараған соң Ресейдегі саяси басшылықтың ауысуына ұстамдылықпен қарады. Ол: «Егер Қытай социализм жолынан тайғанда, онда ел жартылай феодалдық және отар елге айналуы мүмкін еді» дейді. Қазір оның бағытын ұстанған саясаткерлер нарықтық экономика мен шаруашылықты жоспарлы түрде басқару принципін бір-бірімен байланыстыра ұстанып, елдің саяси және идеологиялық өмірінде коммунистік партияның ықпалымен жүруде.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары