ЖАСАНДЫЛЫҚТЫ АЙЫПТАҒАН АДАМДАР

ЖАСАНДЫЛЫҚТЫ АЙЫПТАҒАН АДАМДАР

ЖАСАНДЫЛЫҚТЫ АЙЫПТАҒАН АДАМДАР
ашық дереккөзі
238

Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына тоқсан жыл толып отыр. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан оралған соң ел басқару ісіне белсене кірісті. Шаруашылық көрсеткіштерінің көтерілуімен өзі де қызмет бабында жоғарылап өскен. Бүгінде Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ерен істері ел игілігіне айналып, есімі мақтанышпен айтылуда. Тағдырдың талай қиын сәттерінен өткен ол зейнетке шыққан соң қолына қалам алып жазумен айналысты. Бірнеше кітаптың авторы. Жуырда Асқаров атындағы қоғамдық қор қызметкерлері оның бұрын жарияланбаған күрішші Жақаев пен шопан Қуанышбаев жайында жазғанын редакцияға тапсырған еді. Төменде оның сол еңбегін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Өткен өмір жолымды ой елегінен өткізе келе, бізді басқаратын белгісіз күштің алдында бәріміз де бірдейміз деген тұжырымға тоқталдым. Мысалы, Ыбырай Жақаевтың есімі Қазақстанға ғана емес, дүние жүзінің көптеген елдеріне белгілі болған. Ыбырай Жақаев күрішші-селекционер, күріш сияқты аса маңызды дақыл өсірумен айналысты. Күріш негізінен Қазақстанның Қы­зыл­орда облысында өсіріледі, Шымкент, Алматы және Талдықорған облыстары да аздап егеді. Күріш егіп жүргендердің қай-қайсысы да оның өте нәзік, күтімді көп қажет ететін дақыл екенін айтады.

Ыбырай Жақаев қарапайым еңбеккер болды. Арғы тегінен бері шаруамен айналысты. Онымен бірге өскен адамдар диқан-атаның терең ақылды, табанды, әділ болғанын айтып отырады. Тек өзін ғана, өз пайдасын ғана ойлайтын адамдар бар ғой өмірде. Ыбырай Жақаев жан-жақты ойлайтын, ертеңгі күнге көз жібере алатын адамдар тобына жатты. Ол қарапайым күріш өсіруші диқан ғана емес, күріштен жоғары өнім алудың жолдарын талмай іздестірген нағыз селекционер еді. Ол сонау сұрапыл соғыс жылдарында тарыдан дүние жүзінде ең жоғары өнім алып, еліміздің экономикасына аса мол үлес қосқан атақты ақтөбелік тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің ізбасары болды.

Менің есімде Ыбырай Жақаевтың өмірінде болған бір оқиға түсіп отыр. Бұл 1962 жьлы, шамамен қыркүйек айында болған еді. Ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Юсупов Исмаил болатын. Дәл сол кезде Сырдарияның бір тармағын байлап, жалпы көлемі 6 миллиард текше метр су сыятын Шардара бөгені салынып жатқан. Бірде мұнда митингі өткізілді. Ол митингіде Юсуповтың өзі де, басқалар да сөйледі. Сөз кезегін Юсупов Ыбырайға бере тұрып, ‘’қысқа сөйлеңіз” деп ескертті. Сонда Жақаев: “Сіз мені ыңғайсыз жағдайға қалдырып тұрсыз. Мен сөйлеймін деген жоқ едім. Мен көп сөйлей алмаймын…” деген-ді. Бұл қарапайым еңбеккердің тарапынан Юсуповқа көрсетілген қарсылық еді. Бұл алдыңғы қатарлы еңбеккерге деген басшының көзқарасындағы жасан­ды­лықты айыптау болатын.

Ыбырай Жақаев өмірінің ақырына дейін құдайдың құтты күні бар уақытын күріш алқабында өткізді. Бұған қандай денсаулық, қандай рухани қуат керек десеңізші. Оның қаншама адамды асырағанын ойлайықшы. Егер әр адам тап осылай еңбек етсе, біз әлдеқашан бай елдер қатарына қосылар едік. Ерен еңбегі үшін Ыбырай Жақаев екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Ол кісінің Шымкент қаласындағы дендрарийге отырғызған шынары 900 жылдан астам өмір сүретін болады, ал оның өз есімі халық зердесінде одан да ұзақ сақталуы мүмкін. Ыбырай Жақаев сынды өндіріс жаңашылдарын орыстар, грузиндер, өзбектер, әзірбайжандар және басқа халықтар арасынан да көптеп кездестіруге болады. Академик Мальцев, өзбек Хамрақұлов, қазақ Қуанышбаев Отанға шын берілгендіктің үлгісін танытты. Шаруалар арасынан шыққан бұл кісілер еңбектегі қаһармандықтың, адамгершіліктің шынайы үлгісіне айналды.

Соғыстан кейінгі кезеңде көптеген жолдастардың аты шыға бастады. Солардың бірі — екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев болатын. Ол көптеген жылдар бойы Мойынқұм ауданында “Көктерек’’ кеңшарында аға шопан болып жұмыс істеді. Мен Жазылбекті 1947 жылдан бас­тап білемін. Ол кезде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім, ал оның асырап алған баласы Көктерек аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. Сол кезде ол көптеген шопандардың бірі еді. Олардан ешқандай айырмашылығы жоқ-ты, бірақ айтарлықтай жастау болатын. Орта бойлы келген, мығым денелі, көп сөзге жоқ еді. Ауыр жылдар еді, бүкіл ел бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан, материалдық-техникалық базалар қайтадан жасалып жатты, ауыл шаруашылығын, әсіресе мал шаруашылығын, жедел қарқынмен көтеру жолындағы күрес кең қанат жайды. Бүкіл Қазақстан бойынша қой санын өсіру жолындағы жарыс қыза түсті. Міне, сонда ол қой шаруашылығында бастама көтерушілердің бірі болды. Малшылардың, әсіресе шопандардың, еңбегі жеңіл емес. Қазақтарды ата-бабасынан бері қойшы болған деуге болады. Иә, бұл – шындық. Бірақ революцияға дейінгі қой шаруашылығы мен социализм еліндегі қой шаруашылығын, мал шаруашылығын жүргізудің түрлері мен әдістері жағынан салыстыруға болмайды. Бүгінде мүлде өзгеше өндірістік қатынастар мен өзгеше өндіргіштік күштер қалыптасқан. Сондықтан адамдар да өздерінің міндеттеріне басқаша қарайды. Біздің елімізде мал шаруашылығының, оның ішінде қой шаруашылығының мүлдем өзгеше базада дамығанын айта кету орынды. Ол жекеменшікке орын қалмаған социалистік материалдық базада дамыды. Бұрынғы уақытта қойшылар малдың иесіне, жекеменшік қанаушыларға бар еңбегін сарп ететін. Социалистік өндірістік қатынас жағдайында әр еңбеккердің орны қоғамдағы жағдайымен және оның қоғам алдындағы міндеттерімен айқындалады. Шындығында, әр еңбек озатының істерінен кеңес адамдары еңбекке деген жаңаша көзқарасты көреді. Ол коммунистік көзқарас деп аталды. Олар үшін “мынау — менікі, анау — сенікі’’ деген сөз жоқ, алыс-жақын деп айырып жатпайды, олар ортақ іске, социалистік қоғам үшін еңбек етіп жатқандарын біледі. Міне, солардың бірі – Жазылбек Қуанышбаев болды. Ол – өмірдің қиын мектебінен өткен адам. Қаншама ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті десеңізші! Бір-ақ нәрсе айқын да, ашық, Отанның гүлденуі үшін көп істер атқарылды.

Адамдар, адамдар, адамдар! Иә, адамдар! Былайынша таңданатындай ештеңе жоқ сияқты. Жоқ, олай емес! Әрбір адам былайғы жұртпен қарым-қатынаста бола отырып, өмір мектебінен өтеді. Ол өзінің айналасындағы адамдардан күнделікгі әрі үздіксіз сабақ алады. Өйткені әр адам әр түрлі. Біреулер өр көкірек, менмен, біреулер – адамгершілігі мол, қарапайым, дарқан жүректі келеді, ал кейбіреулер басбұзар, көргенсіз болады. Олардың қоғамдағы жағдайы әр түрлі, әлеуметтік деңгейі де бірдей емес. Міне, осындай ортада өзіңнің орныңды таба білуің керек. Қиын міндет. Бірақ бұл міндетті өзің шешуің керек. Иә, өзің ғана! Біздің бәріміздің жолымыздың басталуы ұқсас. Балалар бақшасы, мектеп, институт және еңбек ұжымы. Қайда болса да адамдар өздерінің мұң-мұқтажымен, талап-тілегімен жүреді. Біз адам тәрбиесі туралы айтқанда оның өмірінің барлық кезеңін еске аламыз. Кез келген адам өзінің ортасынан, оның ықпалынан ешқашан да оқшаулана алмайды. Ол ортаның ықпал-әсері адам бойына сіңеді. Міне, сондықтан да адамның қалыптасуын оны қоршаған ортасынан оқшау қарай алмайсың. Иә, бұл шындығында солай…

Серіктес жаңалықтары