ҚАРАБАҚ ЖАНЖАЛЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ҚАРАБАҚ ЖАНЖАЛЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ҚАРАБАҚ ЖАНЖАЛЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
ашық дереккөзі
212

Әзірбайжандар мен армяндар арасындағы жер дауы бүгінде ұлтаралық қақтығысқа ұласқан. Әзірбайжан сарбазын тұтқыннан босатқан Будапешт сотына қарсылық шарасы ретінде Армения Венгриямен дипломатиялық қатынасын үзді.

Бүгінде жер дауы ушыққан армяндар мен әзірбайжандар арасында дипломатиялық қатынас орнатылмаған. Ұзақ жылдар бойы екі ұлттың арасына жік салған дау жуырда тағы өршіді. «Даудың басы» сарбаздар арасындағы керістің соңы қайғылы жайтқа ұласуы. Анығында, 2004 жылдың ақпанында NATO-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» атты бағдарламасы бойынша Будапештке келген әзірбайжан лейтенанты Рамиль Сафаров пен армян лейтенанты Гурген Маркарян арасында болған егес­тен кейін Сафаров армян әріптесін балталап тастаған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғаған Будапешт соты 2006 жылы өмір бойы торда отыру жазасын кескен. Бірақ арада біраз жыл өткенде әзірбайжан билігі венгрлер жерінде тұтқында отырған әскерін елге қайтаруға қол жеткізіп, көп кешікпей-ақ оған кешірім жасалынды. Бұл шешімге наразы болған Армения Будапештпен арадағы дипломатиялық қатынасын үзіп тынды. Сарбазын кешірген әзірбайжан билігінің шешіміне алаңдаушылық танытқан АҚШ ресми Будапешт пен Баку тарапынан заңсыздыққа жол берілгенін мәлімдеді. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Томми Витор: «Қылмыскерге кешірім жасау аймақтағы онсыз да ширыққан ахуалды өршіте түсуі мүмкін» деген. Осы оқиғадан кейін Венгриямен арадағы дипломатиялық қатынасын шұғыл түрде тоқтатқан Армения президенті Серж Саркисян: «Бұл жай ғана өлім емес, ұлтаралық қақтығыстан туындаған өлім. Еуропалық Одаққа мүше елдің оны ақтап алғаны өте жаман», – деп мәлімдеді. Бірақ бұл мәлімдемені теріске шығарған Баку өз тарапынан ешқандай заңсыздықтың болмағанын көлденең тартады.

Венгрия әділет министрлігінің өкілі Орсоль Хорват Сафаровқа қатысты мәселеде жат жерде сотталған тұтқындарды Туған жеріне қайтаруға мүмкіндік беретін Страсбург конвенциясына иек артылғанын көлденең тартты. Бұл орайда әзірбайжан билігі де осы Конвенцияға иек артып отырғанын айта кету керек: «Рамиль Сафаровқа Әзірбайжан Конституциясы мен заңдарына сәйкес және тұтқындалған азаматтарды қайтару туралы конвенция ережелерін ескере отырып, кешірім жасалынды. Аталған Конвенция кез келген тарапқа заңды күшіне ие Конституция мен басқа да заңдық құжаттар шеңберінде тұтқындалушыны кешіруге, амнистиялауға немесе жаза мерзімін қысқартуға құқық береді» (Әзірбайжан президенті әкімшілігінің өкілі Фуад Алескеров). Осылайша, еліне келген бойда президент Ильхам Әлиев тарапынан кешірім жасалған Рамиль Сафаровтың шені майорлыққа дейін өсіріліп, әскери қызметіне қайта кірісті.

АҚШ-тың наразылығына қарсы жа­уап берген Венгрия премьер-министрінің жанандағы сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшы Петер Сзижжато да Венгрия сотының халықаралық құқықтық ережелерге сүйене отырып, заң шеңберінде ашық түрде әрекет еткенін жеткізді. Осылайша екі ел арасындағы дипломатиялық текетіреске себеп болған дауды тоқтатуға күш салды. Будапешттің саяси базынасын Армения қалай қабылдайтыны әзірге белгісіз. Белгілісі, Ереван Будапештпен арадағы дипломатиялық қатынасын жаңартуға асықпай отыр. Есесіне армяндар мен еуропадағы армяндар мүддесін жақтайтын бұқаралық ақпарат құралдарында Әзірбайжан мен осы іске қатысы бар кейбір еуропалық елдерді қыжыртқан материалдар легі толастар емес. Ал әзірбайжандар елінде керісінше, армяндарға кінә артқан мақалалар басым. Олар: «Карабахты әзірбайжандарға бейбіт жолмен қайтаруға кедергі жасаған лаңкестерге батыр атағын беріп, тіпті көшелер, мемлекеттік мекемелер мен мектептердің атын атауда. Жер дауына байланысты түріктер мен әзірбайжандардың қанын судай шашқандарды Ереван заң түрінде жазалауға мүдделі емес» деп жазса, кейбір БАҚ-та «барлық армян лаңкестері еуропалық және америкалық соттардың арқасында бостандыққа шықты. Олардың тек біреуі ғана – қанішер әрі халықаралық лаңкес Монте Мелконян ғана шын мәнісінде әділ жазасын алды. Оны Карабахта жер жастандырған – әзірбайжан сарбазы Ибад Гусейнов» дейді. 1989 жылы Франция сотының шешімімен түрмеден босатылған Мелконян армяндардың АСАЛА лаңкестік ұйымының жетекшісі еді әрі 1981 жылы Париждегі Түркия елшілігін күшпен басып алып, бірнеше адамды кепілдікке алғаны үшін заң жүзінде «халықаралық лаңкес» деп танылып, өмір бойы темір торға тоғытылған болатын. Француздар сотының қайырымдылық жасауы арқасында Арменияға қайтарылған тағы бір халықаралық лаңкес – Варужан Карапетян бар. 1984 жылы француздардың Орли әуежайында ұлты армян басқа да лаңкестермен бірге жарылыс жасаған Карапетян сол кезде 8 адамды өлтіріп, 55-сін жаралаған еді. Өмірінің соңғы күніне дейін қамауда отыруы тиіс Карапетянды түрмеде 17 жыл өткізгеннен кейін, яғни 2001жылы Франция еліне қайтуға рұхсат береді. Карапетянға сол кездегі президент Роберт Кочарян ол ұшақтан түспей жатып рақымшылық жасап, мемлекеттік марапат тағайындалған көрінеді. Әзірбайжан басылымдары таратқан ақпараттарға сүйенсек, Карапетян ешқашан Армения азаматы болмаған есесіне, АСАЛА халықаралық армян лаңкестік ұйымының Франциядағы бөлімін басқарған. Лаңкеске кешірім жасалғанда АҚШ та, еуропалық басқа елдердің ешқайсысы да наразылық танытпаған, Ереваннан ресми түрде мәлімдеме жасауды талап етпеген. Қанішерлерге қайырымдылық жасау мұнымен шектелмейді. 1984 жылы түрік дипломаттарын жаппай қырған Гурген Яникян өмір бойы түрмеде отырудың орнына бостандыққа шығарылады. 1921 жылдың 15 наурызында «Армяндардың тарихи батыры» атағына ие болған қанішер – Согомон Тейлерян Берлинде Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі Талаат пашаны атып өлтіреді. Алайда сол жылы Берлинде өткен сот Тейлерянды ақтап шығып, оны бостандыққа қоя берген. Соның арқасында Сан-Францискода ұзақ жыл бойы тұрған Согомон 1960 жылы қартайып, көз жұмады. Тарихи деректерге көз жүгітрсек, армян лаңкестерге қатысты жазалау тек КСРО кезінде ғана жүзеге асырылған көрінеді. 1977 жылдың 8 қаңтарында Мәскеудегі метрода 3 рет жарылыс жасаған үш армян лаңкесі – Акоп Степанян, Завен Багдасарян, Степан Затикян ату жазасына кесіледі. Ондаған жазықсыз жанды ажал құштырғандардың түрмеге қамалмай, бірден жер жастандырылғаны – сол кездегі темірдей тәртіптің ықпалы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары