953
ТҮРКІ ИДЕЯСЫН ЕУРОПАЛЫҚ КӨЗҚАРАСПЕН ҰҒА АЛМАЙСЫЗ
ТҮРКІ ИДЕЯСЫН ЕУРОПАЛЫҚ КӨЗҚАРАСПЕН ҰҒА АЛМАЙСЫЗ
Жаһандану дәуірінде түркі халықтары өзінің ұлттық келбетін сақтап қала ма? Әлемдік өркениетке түркі ұлыстарының қосқан үлесі қандай? Ежелгі Аттиланың бүгінгі ұрпақтарын бір шаңырақ астына біріктірер ортақ идея бар ма? Түркі халықтары мәдениет қорының басшысы Ахмет Дағдұран мырзамен әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.
– Ахмет бей, өз еліңізден шалғайдағы Қазақстанда қызмет еткеніңізге он бес жылдың жүзі болыпты. Қазақ – түрік мәдени байланысы жолында үлкен істер атқарып жатырсыз. Ауылыңызды сағынбайсыз ба? – Ақ теңіздің жағасындағы Адана деген жерде дүниеге келгенмін. Бұл Түркияның оңтүстігіндегі көне мәдениет ордаларының бірі, тарихы тереңге кететін шаһар. Сейхан өзеніне 1600 жыл бұрын салынған тас көпір сол күйі тұр. Осы қалада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай былтыр өнер фестивалін өткіздік. Қазақтың ән-би өнері, ежелгі музыкалық аспаптарда орындалатын күйлері қала тұрғындарына паш етілді. Адананың қазақ мәдениетіне тікелей қатысы бар деуге болады. Менің бала кезімде әжелеріміз түрлі-түсті кілем тоқитын. Ол кілемді көрген қазақ баласы: «Ау, мынау қазақтың қалы кілемі ғой», – дер еді. Байырғы түрік пен қазақтың әдет-ғұрпында ұқсастық өте көп. Мәселен ұлттық сусын-айранның өзі неге тұрады? Әжем ұйытқан айранның дәмі әлі күнге аузымнан кетер емес. Ол ұлттық дәстүрдің шырқы бұзылмаған кез еді ғой. – Сіз қазақ халқына он мың жыл болды, ал басқа түркі халықтары қазақ жерінен тараған дегенді жиі айтып жүрсіз… – Қазіргі Қазақстанның жерінде осыдан он мың жыл бұрын қазақ халқы өмір сүрген. Басқа түркі халықтарының ата мекені де осы жер. Біздің ата-бабаларымыз 1000 жыл бұрын Тараздан шығып, Түркияға барып, мемлекет құрған. Бейбарыс сұлтан Мысыр мемлекетін билесе, Үндістанда Бабыр бабамыз билік еткен. Бірақ барлығының шыққан жері қазақтың осы дархан даласы. Бүкіл түркі халықтары қазақ жерінен тараған деуге негіз бар. Мәселен Қазақстандағы Таңбалы тасты зерттесе, кемінде 3-4 мың жылдық тарих шығар еді. Мәселе бізде түркі халықтарынан шыққан мықты түркологтардың болмауында. Біз әдетте түркіге қатысы жоқ ұлттың өкілдерін түрколог деп жүрміз. Еуропа ғалымдары түркілер туралы дұрыс мәлімет берген емес. Дүниежүзіндегі ірі өркениеттердің, сақтар мен ғұндардың тарихы осы қазақ жерінде жатыр. Сақтың тарихы қайда, олар қайдан шықты деп ешкім сұрамаса да болады. Сақтың тарихын бір ғана Есік қорғанынан білуге болады. Бірақ ол әлі толық зерттелмеді. Біз төл тарихымызды жақсы білмейміз. Мәселен Түркияда шумерлер өмір сүрген. Анадолыда түркінің 6000 жылдық тарихы бар. Соны зерттеген адам бар ма? Ол өлкелерді сақтар мен ғұндар да мекендеген. Түркияда алғашқы түркілермен бірге жасаған этрустар мәдениетінің жұмбағы көп. Этрусс жазуы енді-енді зерттеле бастады. Таңбалы тастары, археологиялық мұралары жаңадан табылып жатыр. Мысырдағы, Қытай мен Америкадағы пирамидаларға қарасаңыз, барлығы бір кісінің қолынан шыққан сияқты. Сол пирамидаларды түркілер жасағандығын дәлелдемек болған ғалымдар бар. Осындай мәселелердің бәрін зерделеп, түркілердің адамзат тарихындағы рөлін анықтау қажет. Меніңше, дүниежүзіндегі көптеген ұлттардың ата-бабасы түркі болуы керек. Көптеген халықтардың түркіге жақындығы анық білінеді. Мысалы, жапондар мен корейлерді өзімізің туысымыз деп айтуға болады. Салт-дәстүрімізде ұқсастықтар көп. Түркінің нақты тарихы дұрыс зерттелген жоқ. Біреу түркі тарихына 15 мың жыл десе, біреу 5 мың жыл дейді. Дұрыс-бұрысын анықтап, тереңірек зерттеу қажет. ХХІ ғасыр – түркінің ғасыры. Америкада Инк мәдениеті деген болған. Зерделей қараған адам олардың, қызыл терілілердің дәстүр-салт, жазу-сызуында, тілінде түркілермен жақындықтың барын аңғарады. Америка құрлығының байырғы тұрғындарының шыққан жері – Азия. Америкадағы үндістерді келімсектер қырып-жойды. Сол үндістердің жерінен көне жазулы мәтін табылған. Жазудың арасында астрономиялық карта бар екен. Біздің ата-бабаларымыздың жазуы, қағазы, баспаханасы, т.б. жазу мәдениетінің дамығандығын білдіретін дүниелері табылып жатыр. Біреулер «бұлай болуы мүмкін емес» дейтін шығар. Бірақ ойлап қараңызшы, жазуды білмейтін адамның қағазда не шаруасы бар, баспахана орнатуда не шаруасы бар? Демек, біздің бабаларымыздың жазу мәдениеті жоғары деңгейде болған. Дөңгелекті де тапқан түркілер. Атты алғаш мінген де түркілер. Азия, Еуропа, Америка, Африка болсын, дүниежүзінің кез-келген аймағына қарасаңыз, түркілерден қалған мұраларды көресіз. Түркілер арқылы басқа халықтардың мәдениеті дамыды. Мәселен, Еуропа Қытай мәдениетімен түркілер арқылы танысты. – Қазақ тарихын 500 жылдан асырмайтындар бар… – Қазақ тарихына кем дегенде 10 000 жыл. Сақ тарихын Алтын адамға қарап білеміз. Ал Алтын адамға 2000 жыл ма, әлде 5000 жыл ма, белгісіз.Өйткені толық зерттелмеген. Тастағы жазуларға қанша жыл екені, қашан жазылғанын ғалымдар білмейді. Тарих әлі күнге бұрмалануда. Мысалы, Қытайда түркі адамының мумиясы табылды. Оның тарихын қытайлар 4000 жыл деп шешті. «Қытай қылу» үшін, әрине. Егер 6 мың жыл десе, ол қытай болмай қалады, өйткені қытай тарихына 5 мың жыл. Орхон-Енисей жазуларын да шет ел ғалымдары бергі заманға тіреді. Оның тарихы 5000 жылдан да көп. Түркі тарихын түркі ғалымдары жазуы керек. – Түркологтардың дені Малов пен Бартольдқа сүйенуден ары аса алмай жүрген сыңайлы … – Мемлекет тарихты зерттейтін ғалымдарға көп қаржы бөлу керек. Әйтпесе, өзіндік зердесі жоқ, баяғы шет елдіктердің жазғанын қайталап жүре беретіндер ортамызда бар. Түркологтар бұрынғы Еуропа ғалымдары жазған кітаптарды қайталауды тоқтатса дұрыс болар еді. – Түркі ғалымдары төл тарихын таныта алмай жатқан жоқ па?! – Дұрыс айтасыз. Бізге алдымен тарихты зерделейтін институт керек. – Тарихты зерттеумен айналысатын институттар бар. Оларды аз деп те айта алмаймыз. – Ол мекемелерді мен институт деп айта алмаймын. Аударма институттар дер едім. Істері белгілі. Шет ел ғалымдарының жазған кітаптарын «көшіріп жазады». Оның үстіне оларға толық мүмкіндік жасалмаған. Мол қаржы бөлінбеген. Тек түркі тарихын зерттеумен айналысатын институт құрылуы керек. Әйтпесе, қазіргі тарихи инситуттар ғылыммен емес, өзгенікін аударып, көшірумен ғана айналысуда. Бұл тек Қазақстанға ғана емес Түркия, Әзірбайжан, т.б. түркі республикаларының бәріне қатысты мәселе. Таңбалы таста 10 000 сурет бар. Өзіңіз білесіз, адамзат тарихында жазу суреттен басталады. Демек, біздің ата-бабаларымыз тасқа суретті, таңбаларды түсіргенде ермек үшін емес, бізге бір нәрсені айту үшін жазды ғой. Ғалымдардың архивтегі құжаттарды пайдаланып, тарих жазуы әрине құптарлық. Бірақ нағыз тарих – көне жазуларда, таңбалы тастағы суреттердің сырын ашқан ғалым бар ма? Жоқ. Ал ол суреттер мен таңбалар мәңгі тұрмайды ғой, жаңбыр, дауыл, қар суы дегендей, жойылып кетуі әбден мүмкін. Күттірмей істелінуі керек істің бірі – осы Таңбалы тасты зерттеу. Ол таңбалардан тек түркінің ғана емес, әлем тарихы шығады деп ойлаймын. – Басқа Шығыс халықтарымен салыстырғанда түркілер мәдениетінің мәйегін бұзбай сақтады десек өтірік болар. Еуропалық өмір салты түркілерді толық меңдеп алған заман ғой. Киімімізден бастап, оқу жүйемізге дейін еуропалық үлгіде. Рухани тұрғыдан Еуропаның ығына жығылу әлсіздік пе, әлде мәжбүрлік пе? – Бүгінде әлем жаһанданып, халықтардың мәдениеті бір қазанның ішінде қайнап, ұлттар өте жақын араласуда. Түркі халықтары өзін-өзі сақтауы керек. Ұлттық мәдениет пен әдебиетті жаңғыртып, көтеруде қазақ елі үлкен істер атқарып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, ғасыр қойнауында қалған ұлттық киім, ән-би өнері қайта көрініс тауып, халықтың санасында ежелгі мәдениет жаңғырып жатыр. Түркі мәдениетін Еуропа мәдениетімен салыстыруға болмайды. Біздің ата-бабадан жеткен мұраларымыз ғаламат биікте тұрған дүниелер. Біздің құндылықтарымыз Еуропа, Америкада болған емес, болмайды да. Бас киімнің түрлеріне қарасаң, тігін өнерінің биік үлгісін көресің. Тақия, жаулық, сәукеле, тізе берсең өте көп. Қыз баланың тұрмысқа шыққанға дейінгі және шыққаннан кейінгі басына киетін, салатын дүниесі бір төбе. Он түрлі бұрымды айтсаңшы! «Ұлттық өнер ұмытылып қала ма?» деген ой мазалары сөзсіз. «Ұмыттық, санадан өшті» дейтіндер бар. Ата-бабаларымыз Үндістан, Түркия, Орта Азияда ірі мемлекеттердің негізін қалады. Оның белгілері әлі де сақталған. Үндістан, Пәкістан халықтарының тіліне мән берсек, көптеген қазақ сөздері табылады. Америкадағы қызыл терілілердің тілінде біз түсінетін сөз аз емес. Испания, Италия, Францияда түркімен байланысты тілдік ұқсастықтар өте көп. Мен Түркияға қазақтың өнерпаз жастарын жиі апарамын. «Томирис» биін жұрт қандай сезіммен тамашалайды десеңші! «Алтын адам» биіндегі киім көрер көзге қуаныш ұялатады, тарихи сананы жаңғыртады. Міне, шекарасыз өнердің күші. Егер біз ұлттық құндылықты жоғалтқан болсақ, тарих санамыздан өшкен болса, «Қара жорға» қайта туар ма еді? 3000 жыл бұрынғы ғұн сарайында орындалған көне би, қаншама ғасыр өтсе де сәнін бұзбаған күйі, қасиетін жоғалтпай жарыққа қайта шықты. Ақын-жазушылар, зиялы қауым ұлттық өнердің сақталуы, жас ұрпақтың санасына сіңуі, кеңінен насихатталуына қатысты батыл пікір, ұсыныстарын жариялап жүр. Бірақ бұл мәселеге келгенде Білім-ғылым, Мәдениет министрліктері ортақ жобалар жасап, бірігіп жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Түркі халықтарының мәдениеті белгілі бір мемлекеттің шеңберінде қалмауы тиіс. Дүниежүзілік деңгейде насихатталуына мән берсек ғанибет болар еді. Америкалықтар ұлттық аспаптарымызды көргенде таң қалады. 3000 жыл бұрынғы қобыз бен домбыраның үнінен тұтас оркестр әуені шыққанда таң-тамаша болғанына талай куәміз. Ұлттық мәдениет, дәстүр деген қазақтың қанында бар қасиет. Қазақтың ғана ма? – Негізінен қазақта сақталған десек болады. Қырғыздар да ұлттық мәдениетіне үлкен ықыласпен қарайды. Түріктер, әзірбайжандар, Балқан түріктері көп нәрсені ұмытты. Қазақ, қырғыз, түркі мен өзбектің қанына ұлттық қасиет жақсы сіңген. Түркия Еуропа мәдениетіне жақын болғандықтан талай дүниесінен айрылды. Қобыз белгілі аспап. Бірақ Түркияда оның үнін естімеген кісі көп. Түркияға домбырамен қоса жетіген, сазсырнай, сыбызғы, қобызды апарып, барынша көп халық даусын естісе дейміз. Біз қазақ халқына үлкен алғыс айтуымыз керек. Ұлттық өнерді сақтап қалғаны үшін. Түркілер этногенезис тұрғысынан басқа ешбір халықтарға ұқсамайды. Өзге халықтармен түркі тағдырын салыстыруға да болмайды. Дүниежүзі тарихында түркінің 18 империясы болса да, ешқайсысы империализм принципін ұстанған емес. Еуропада Осман империясы 700 жылдай дәуірлеп тұрды. Бірақ басқаларға түркі тарапынан басып-жаншу, зорлық-зомбылық жасалған жоқ. Қайта Осман империясының идеяларын Еуропа мемлекеттері реформалау кезеңінде тиімді пайдаланды. Түркі идеясы, философиясы өте кең ауқымды. Оны еуропалық, америкалық көзқараспен ұға алмайсыз. Француздан «Француздық белгің қайсы?» деп сұрасаңыз, айта алмайды. Ал біздің қырғыз, әзірбайжан, өзбек, татар, жалпы барлық түркі халықтары әрқайсысы өзінің ұлттық белгісін көрсетіп жүреді. Өз ұлты туралы айтып бере алады. Бірақ түркі халықтары басқамен салыстырғанда ассимиляция процесіне көп ұшыраған. Алтайдағы, Кипрдегі қыпшақтар қайда кетті? Ұрпақтары өсіп-өнбеді ме? Өсіп-өнді. Үндістандағы Бабыр сұлтан қарамағындағы ел қайда? Барлығы басқа ұлттарға сіңіп, ассимиляцияланды. Осындай мәселелерді есепке алсақ, түркі халықтарының жалпы саны 1 миллиард болар еді. Бірақ тарихи ақиқат өшпейді, күндердің бір күнінде, мейлі мың жыл өткенннен кейін болса да шығады. Мысалы, америкалық қызыл терілілердің түркіден шыққандығы ашылды ғой. ХХІ ғасыр – түркілердің ғасыры. Бұл бір жай ғана айтыла салған қисапсыз сөз емес. Он бес жыл бұрын Қазақстанға алғаш келгенде ешкім «Мен түркімін» демейтін. Қазір түркішілдік идеясының арқасында ұлттардың бірін бірі тану деңгейі өсіп келеді. «Мен қазақпын» деген сөзді қорықпай, батыл айтуға болатын заман туды. Барша түркі халықтарының түбі бір екенін бір-ақ сөз арқылы дәлелдеуге болады. Мысалы, наурызда «Ұлыстың ұлы күні» дейміз. Қазақ, әзірбайжан, түрік, қырғыз, барлығы осылай дейді. Біреулер наурыз парсы сөзі деп жүр. Бұл дұрыс емес. Наурыз түркінің өз сөзі, ежелгі заманнан келе жатқан мерекесі. Әлемдегі бейбітшілік түркілердің қолында. Түркілер бейбіт халық, ешқашан басқаға қастандық ойлаған емес. Түркістаннан шыққан біздің бабаларымыз Түркияда мемлекет құрды. Біз 1992 жылға дейін Орта Азияны Түркістан дейтінбіз. Оның ішіне Қазақстан да кіреді. Түріктің кейбір ауылдарында ер адамды датэ дейді. Алматыға келгенде бұл сөздің әйел адамға қарата айтылатынын білдім. – Жетісуда ер адамға қатысты да тәте сөзі қолданылған ғой. Әлі де қолданылады. – Жалпы тілге қатысты ғана емес, тарихи тұлғаларды жеке-жеке бөліп алған дұрыс емес деп ойлаймын. Барлық түркі сақтан тараған. Ахмет Йассауи бүкіл түркінің ғұлама атасы. Конференцияларда осындай ортақ аталарымыз туралы айтып жүреміз. Түркі халықтарының туыстық байланысы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Мысалы, 16 мемлекеттің басын қосып отырған ТҮРКСОЙ ұйымын атауға болады. «Тілде, пікірде, жұмыста бірлік» деген Исмаил атамыздың сөзі 60 пайыз жүзеге асты деп есептеймін. Осы идеяны 100 пайыз іске асыруымыз керек. – Латын әліпбиі идеялық тұрғыдан түркі халықтарының басын біріктіре ала ма? – Ортақ әліпби бізге өте қажет. Ежелгі заманда түркі халықтарында ортақ әліпби болды ғой. Кеңес Үкіметі Түркиямен арадағы байланысты үзіп тастау мақсатымен Одаққа латын әліпбиін енгізді. 1923 жылы Түркия латын әліпбиіне көшкенде Кеңес Одағы құрамындағы түркі ұлыстарымен қатынасу қаупі барын сезген Кеңес Үкіметі бұрын болмаған кириллица деген әліпбиді зорлықпен кіргізді. Қазір түркі республикалары латын әліпбиіне біртіндеп көшіп жатыр. Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан жазудың осы түрін толық қабылдады. Татарлар латынға көшу туралы Думадан рұқсат сұрады. Бірақ Дума рұқсат етпеді. Қытайда тілдері сан алуан қаншама ұлттар мекендейді. Олар бір-бірімен сөйлескенде түсінбейді. Жазу, таңба арқылы түсініседі. Бұл ортақ әліпбидің арқасы. Дүниежүзі бойынша түркі тұқымдастары 42 ұлтқа бөлінеді. Бүгінгі мәселе осы 42 ұлттың басын біріктіру. Мысалы, еуропалық Одақ сияқты ықпалды ұйым қажет. Бұл экономикалық жағынан да тиімді болар еді. Әлеуметтік даму жөнінен Америка, Еуропа елдерінен асып кетер едік. Бұл жалғыз лидердің мойнындағы шаруа емес. Бұл істе халықтар қажеттілікті сезіну керек. Бауырлардың басы біріксе, ата-бабаларымыздың талай асқақ арманы орындалар еді. Түркіге түркінің өзінен басқа ешкімнің жаны ашымайды. Америка түркі халықтарының бас қосуына, мәдени ұйымдар аясында ынтымақтасуына қолдау көрсетпейді. Мен он бес жыл бұрын Қазақстанға келгенде халық империализм әсерінен әлі арыла алмағанын көрдім. Орысша ойлап, айналаға орысша көзбен қарап, орысша сөйлейтін қазақтар өте көп болды. Қазақстанның қай өңіріне барсам да бәрі орысша сөйлейтін. Бүгінде қазақ халқы тіліне, ұлттық дүниесіне оралуда көптеген жетістікке қол жеткізді деп бағалауға болады. – Теледидарды ұлт мәдениетінің айнасы деп қабылдаймыз ғой. Қазақстанда теледидарды мүлдем көрмейтін кісінің өзі ойда жоқта темір жәшікке тап болса, міндетті түрде түрік сериалы жүріп жатқанын байқар еді. Шет мемлекеттерде айналымға түсіп жатқан сол сериалдарды көргенде ұлт туралы ұғым туатыны ақиқат. Түркиядағы кино өндірісінде ұлттық намыс қаншалықты есепке алынады? – Қазір шет елде көрсетіп жүрген түрік сериалдары Түркияның өзінде экранға шығарылмайды. Әлемнің телеэкрандарын жаулап алған сериалдарды түсірушілер ұлттық мәдениетті, шынайы тұрмысты көрсетуді емес, бизнесті мақсат етіп қойған. Сериалды шығарушылардың көзінде ақша бар. Түркияда тәрбиелік мәні бар, мағыналы фильмдер, сериалдар аз емес. Бірақ олар шет елге шығарылмайды. Мәселен, тарихи-танымдық түрік сериалдарын Қазақстан экранынан өз басым көрмеппін. Шет елдегі жабайы сериалдар, өкінішке қарай, Түркия туралы теріс пікірлер қалыптастыруда. Ұлттық рухтағы, тағылымды сериалдар шығару қажет деп есептеймін. Ахмет Йассауи, Мұстафа Шоқай, Төле би, Ахмет Байтұрсынұлы, көрнекті батырлар туралы сериалдар бізге ауадай қажет. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Түркия ортақ іске кіріссе құба-құп болар еді. Тек қазақ пен түрік қана емес, Америка, Еуропа елдеріне де шығаратын теле көрсетілімдерге зәруміз. – Өзіңіз басқарып отырған қор туралы айта кетсеңіз. – Қазақстан – барлық түркінің атажұрты. Түркі халықтарының мәдени ынтымақтастығына қолдау көрсететін бұл ұйымның Қазақстанның Оңтүстік астанасында он үш жыл бұрын дүниеге келуі заңды да. Алматыда халықаралық «Түркі әлемі» деген газет шығарамыз. Қор аясында Ғалымдар комитеті, Әйелдер комитеті, Балалар комитеті құрылды. Халықаралық конференциялар, фестивальдер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып тұрады. Румыния, Испания, Кипрге, Түркия қалаларына барып, қазақ өнерін насихаттадық. Түркия мен Қазақстан қалаларының бауырластық орнатуына септігіміз тиді деп ойлаймын. Екі ел университеттері арасында ынтымақтастық орнауына ықпал еттік. Әсіресе зиялы қауым мен екі ел жастарының бір-бірін танып-білуіне ұйытқы болып келеміз. – Әманда халықты алға жетелеп, жоғын жоқтап, барын түгендейтін ұлттық тұлғалары болады. Қазіргі заманда елге пайдалы еңбегі болмаса да, дақпырт жарнамамен жүрген, өзін қайраткер санайтындар да бар. Ондай жасанды тұлғалар Түркияда да көрініп жүр. Жазған кітаптары Қазақстанға да жетті. Бірақ оларды ешкім ел азаматы деп мойындамады. Ерен еңбек иелері сондай жасанды образдардың көлеңкесінде қалып, еленбей қалып жатады. Өзіңіз ұлттық тұлға дегенді қалай түсінесіз? – Жарнама арқылы өзін тұлға етіп көрсетуге ұмтылатындар бес-алты жылдан соң ұмытылады. Халыққа пайдалы еңбек етпегенді кім есіне алсын? Ұлттық тұлға – ежелгі замандағы ата-бабамыздан жеткен ұлы ұғым. Біз жүз, бес жүз немесе мың жылда пайда болған халық емеспіз. Тарихымыз он мың жылдың ар жағында жатыр. Біздің жолымыз – Ахмет Йассауи салған жол, ғылымымыз – Әл-Фараби, Махмұт Қашқари негізін қалаған ғылым. Махмұт Қашқари «Түркі сөздігін» болашақта әлем бір түркі тілінде сөйлейді деген ниетпен жасады. Ғалымның кітабы өз заманында араб елдеріне, Еуропаға түгел тарады. Ұлттық тұлға елінің болашағын ойлаған адам екенін осыдан көреміз. Кеңес Үкіметі құрамында болған жетпіс жылда түркі халықтары әдет-ғұрпынан толық ажырамады. Оны жойып жіберуге тырысқан идеология қанша күшті болса да, ұлттық сана сақталып қалды. Бұл ұлттық тұлғалардың арқасы. Мықты ақындар мен жазушылардың еңбегінің нәтижесі. Мен мысалы, қазақтың айтыскер ақындарын өте жақсы көремін. Әдебиет пен тарихты тереңнен қозғап, кеңінен насихаттап жүр. Бұрынғы ұлттық тұлғаларды Кеңес кезінде білу мүмкін емес еді. Бүгінгі таңда олардың еңбектері жарияланып, барша халыққа белгілі болды. Ұлттық тұлға санатындағы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы әлемнің ең бай тілінде жазылған шығарма дер едім. Бір әдеби кітапта мол сөздің көркем бейнеленуі басқа ешбір халықтың кітап қорында кездеспейді. Кешегі Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқайдың ізін басқан, ұлт рухын биікке көтерген тұлғалар баршылық. ХХІ ғасырдың түркі лидері — Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті түркі халықтарының басын қосу мақсатында ауқымды жобаларды ұсынды, алға үлкен мақсаттар қойды.
Әңгімелескен
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА