КӨКЕЙІМНЕН ДАЛИЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ КЕТПЕЙ ҚОЙДЫ
КӨКЕЙІМНЕН ДАЛИЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ КЕТПЕЙ ҚОЙДЫ
Бұл бір тамаша кеш болды. Қазақ өнері төрелерінің санатындағы жезкөмей әнші Жүсіпбек Елебековтің қара шаңырағында әдемі бір сырлы кештен алған әсерім ерекше. Ерекше болатын да жөні бар, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай ағаға алғаш рет атқосшы болып баруым. Арагідік әңгімеге араласқаным болмаса, негізінен сұрақ қойып отырған Тұрсын аға да, жауап беруші – бүгінде жүзге таяп қалса да, бетінен нұры төгіліп отырған әдемі актриса Хабиба Елебекова.
– Марқұм Жәнібек пен Рымғали бастап, қазақтың мықты ақындарының бірі де бірегейі Несіпбек бар, бәріміз талай кештерде әңгіме-дүкен құрған жарықтық Жүсекеңнің қара шаңырағы ғой бұл,– деп Тұрсын аға Жұртбай өткен бір сәнді де мәнді күндерін, қатарластарын мұңая есіне түсіріп өтті.
Бір сәт құлағыма Жәнібек көкемнің жағымды даусы, аудиторияны сілтідей тындыра лекция оқып тұрған Рымғали ұстаздың қоңыр үні келгендей, жанымды жайсыздау бір күй билеп алды. «Қазақтың небір жайсаңдары мен тектілері бірінен соң бірі кетіп жатыр, қара жер белі қайыспай қалай көтерер екен» деп Қадыр ақыннан кейін көп ұзамай мәңгілікке шығарып салған Тұманбай ақынның соңғы сапарында әлдебіреудің дауыстап осылай жылағаны көз алдыма келе қалды. Иә, өзімді селт еткізген есік қоңырауы болмаса, кім білсін ойға шомып қашанғы отыра берерімді…
Маған да таныс босаға, таныс шаңырақ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Хабиба апаммен сырлы бір кешті өткізгем. Қазақ мәдениеті мен өнерінің көш басында тұрған қадірменді ақсақалдарымыздың бірі – Жүсіпбек Елебековтің шаңырағы. Талай марқасқалар отырып сыр-сұхбат құрған, дәмдес болып бас қосатын қасиетті дастарқан сол күйі айқара жайылып тұр. Үстел жағалай отыра қалдық. «Мына жерде үнемі мен отыратынмын»,– деп Тұрсын ағатай «өз орындығына» жайғасты.
Бүгінгі әңгіме – Елебеков емес, оның ғұмырлық жары болған, балаларының асыл анасы, актриса Хабиба Елебекованың туған әпкесі, тағдыр-талайы талайларға үлгі боларлық Далила жайлы өрбіді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Хабиба апай, ең алдымен өзіңіздің шыққан әулетке тоқталайық.
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Әкем Қарақбайдың әкесі Секербай, ал Секербайдың әкесі Арқада аты аңызға айналған, кешегі Абылайханның тұсында ғұмыр кешкен Ханқожа батыр. Ал анам Жәкіш атақты Құсбек төренің немересі. Құсбек Бақты тауының ішінде өзіне арнайы құстың ұясындай ғана бөренеден жасалған екі бөлмелі үй салдырып, сонда кенже баласы Қоңыртөре тұрған. Қоңыртөреден менің анам туады. Бала күнімде түп нағашы атам Құсбектің жатқан көрпе-жастығына талай аунағанмын. Бұл жағынан шыққан жерім мен нағашы жұртым да жаман емес, текті әулет болған.
Әсіресе, әкем керемет кісі еді. Ақынжанды, әншілігіне қоса аң аулап, құсбегілікті серік еткен жан екен. Туған жерім – Қарқаралы. Қазіргі «Томар» совхозының маңайы. Ол кезде Қарқаралы, Семей деген үлкен округтар ғана болған, басқа қалалардың аты да, заты да жоқ. Тіпті, театр, кино да жоқ. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі төмен, жағдай нашар. Күн көріс қиын. Бірен-саран малды байлардың маңайындағылар болмаса, тіпті тойып тамақ ішпейтін, барды-жоқты бір заман. Сонда не істеу керек, халықтың көңіл-күйін серпілтетін, өміріне өзгеріс енгізу керек сияқты деген ұғым көкірегі ояу, сауатты азаматтарды ұйқыдан оятқандай әсер етеді. Ойласа келе, ел-елден келген талантты адамдардың басын қосып, театр ашылады да, алғаш режиссер болып Хадиша Бөкееваның күйеуі Садуақас Мусин барады. Сонда Хадишаның емшекте баласы бар, Қарқаралыда туған-тын. Бұл – 1934 жылдар. Олар бірнеше ай ғана тұрды да, кетіп қалды. Ал Қаллеки (Қуанышбаев Қалибек) мен Жүсекең апта сайын Қарқаралыға барады екен. Алғаш «Малқамбай» деген комедияны сахналағанда маған Хадиша деген рөлді берді. Дайындықтан кейін мені шақырып алып, «қай ауылдың баласысың» деп сұрады. Мен «Секербай» ауылынанмын дедім. «Ойбай-ау, Қарақбайдың қызысың ба, Далиланың сіңілісі екенсің ғой »,– деп құрақ ұшты да қалды.
Сол жолы Қалаеки «мына Жүсіпбек бойдақ, осыған сені алып беремін, бізбен бірге кетесің. Алматыға алып кетемін, театрға орналасасың»,– деді. Үндемедім. Қалжыңы шығар деп қабылдадым. Секербаймен бірге туған Тындыбайдың баласы Дәулетбайдың Семейде Азамбай деген үлкен бір наубайхананың бастығы, ауқатты танысы бар екен, сол арқылы Семейге барып оқысам деген ой көкейімнен кетпейді. Әлгі Қаллекидің сөзінен кейін Жүсіпбек : « Ертең біз Баянға барамыз, онда үш күндей болып, кері қайтар жолда сені ала кетеміз, дайын бол» деді. Тағы да үндемеймін. «Тимеймін» деп те айтпаймын. Елдің ішін «Жүсіпбек Хабибаны алып кетеді екен» деген қаңқу сөз кезіп кеткен. Содан қаланың сыртында жақын құрбым тұратын-ды, аналар кетіп қалсын деп соның үйінде тығылып жатып алдым. Шаякин дегендер бар ғой осы күні, сол Шаякиннің Шайағзан ( София молда дейтінбіз) деген баласы жаз бойы біздің үйде болатын. Әкемнің ағасының Құрбан деген баласы екеуі ала жаздай бүркіт баптап , қыс түсісімен аңға шығатын-ды. Солар арқылы тауып алыпты. Жүсіпбек тіпті маған дауыс көтеріп ұрысады. Оған да үндемеймін. Қойшы, әйтеуір, солардың ізінен еріп кеттім ғой… Есіл-дертім Семейге жетіп алсам, жаңағы туысқандарымда қалып қоямын деп ойлаймын ішімнен. Жүк машинасына мініп алдық, қасымда Қаллекидің Жамал деген өзімнен үш-төрт жас кіші қызы бар. Жол-жөнекей Жүсекеңнің туысқандарының үйіне тоқтайтын болдық. Жүсекеңді «сары ұл» дейді екен. «Ойбай, сары ұл келіншек әкеле жатыр екен» деп қой сойып, дастарқан жайып тастапты.
Бала кезімнен қойдың басын жақсы көруші едім. Үйге қандай қонақ келсе де, қой сойылып, алдарына бас тартылатын тұста марқұм әкем мені қолымнан ұстап алып: « Ал, қонақтарым, мына қой өздеріңізге арналып сойылды, десек те менің Хабим қойдың басын жақсы көреді, рұқсат болса…» деп бір жапырағын ұсынады да, басты маған беретін. Менің соншалықты ерке болғаным, бір әулеттен,он жеті адамнан жалғыз қалғанымның себебі, әкем жарықтықтың осындай махаббаты шығар сақтап қалған деп ойлаймын. Әлгі үйде де келін екенім есімнен шығып, Жамалмен бастың құлағына таласып жылап қалсам керек. Жүсекең күлді де қойды. Не керек, Семейге келдік, ешқайда шығарған жоқ, бірден Алматыға кеттік…
Хабиба апай өткен күндерді санасында тағы бір жаңғыртып алғысы келді ме, біраз үнсіз отырып қалды. Содан соң әңгімесін басқа арнаға бұрып, қайтадан бастап кетті.
– Өзім жайлы емес, Жүсіпбек жайлы да емес, алғаш жеке басының бостандығы үшін күрескен, өзінің жүрек қалауымен сүйген жарына қосылған үлкен әпкем Далиланың тағдырын біреу білсе, біреу білмейді. Ал өзіміздің ел жақта аңызға бергісіз тағдыр болған. Тоқсанның жетеуіне келдім, кеудемде жаным тұрғанда, тілім сайрап,көзім көріп тұрғанда сол туралы айтып кетсем деген арман күндіз-түні маза бермей келеді. Өйткені ол да қазақ өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі болған еді.
Тұрсын Жұртбай: – Онда әңгімемізді негізгі тақырыпқа қарай ауыстырайық, сонымен Далила кім?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Әкем Қарақбайдың ұл балалары тоқтамаған, Күләнда, Далила, Харира және кенжесі – мен, төрт қызбыз. Үш ұл болған екен, қайтыс болған. Содан кейін кіші шешемізді алыпты. Одан Рымбай деген жалғыз бауырым болды.
Кешегі қырғын ашаршылықта бір-бірінен адасып, таба алмай, зұлматтың кесірінен тым-тырақай көшкен елмен бірге Далила екі шешесімен Рымбайды алып, орыстың Кемерова деген қаласын паналайды. Сондағы босқындармен бірге үлкен бір лашықты ортасынан кенеппен бөліп, бөлек-бөлек бөлме жасап тірлік етеді. Сол жақта жүріп қайтыс болады.
Өзі сұлу, өзі әнші Далила жорналшы да болған. Өлең жазатын ақындығы тағы болған. Ұлдары бірінен соң бірі қайтыс бола берген соң, зәрезап болып қалған әкем Далиланы ұл балаларша еркін өсіріпті. Ол да құс салатын, аң аулайтын, әкесіне үнемі атқосшы болып, ер балаша киініп еріп жүреді екен. Ұзын бойлы, талдырмаш, ақ маңдай, қиылған қас, сұлулықтың символындай болған деседі. Оның сұлулығына, осындай еркін ерке қылығына қызығып, көру үшін ауыл-ауылдан ағылып келген жігіттердің санына саусақ жетпейді екен…
Сөйтіп жүргенде Арқадағы атақты Мұздыбайдың оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу Құсайын деген ұлы көріп, ғашық болып қалады. Бес ұлы бес ауыл болып отырған байдың ұлдары шетінен сен тұр, мен атайын сал-серілікпен бірге, жаңаша білім алған сауатты болса керек. Далила да өзі оқыған, кербез де керім жігітті сүйіп қалады. Бірақ, қай заманда да тосқауыл болған атастырып, қалың малын алдына сала жүретін қазақтың салт-дәстүрі бұлардың да алдынан шығады. Өйткені, шашты Сыпатай деген байдың қайтыс болған ағасының жалғыз ұлына Далиланы атастырып, қалың малын беріп те қойған екен. Ал, атастырылған соң сол әулеттің жесірі болып саналатын ғұрып тағы бар. Амал жоқ, екеуі хат арқылы хабарласып, бір-біріне ғашықтық сезімдерін білдіріп, сырттай ғана сырласып жүрсе де, «ел құлағы елу» деген, екеуінің махаббат сезімдері жайлы әңгімелер ел ішінде еміс-еміс естіліп қалып жатады. Екі жастың құштарлығы жайлы сөз тарап кетеді де, ол әлгі байдың әулетіне де жетеді. Содан қыздан айырылып қалмау үшін, тезірек келіндерін түсіріп алу үшін қайтадан сөз салады. Ол кезде «қол ұстатар» деген той болады екен. Ауылды дүрліктірмейін дей ме, әйтеуір олар кешті келесі бір ауылға ұйымдастырады. Ауыл үлкендері қараша үйде отырады да, жастарға қалың қарды тазалатып, сегіз қанат үй тігеді. Әрине, жоқшылық заман – жарығы ілмиген майшамды бірнеше жерден қоюға тағы да қол қысқа, жалғыз шамның жарығы не болсын?!. Осылай қара көлеңке үйде ән салынып, жігіттер мен қыздар қолдарына кезек-кезек домбыра ұстап, мәре-сәре болып отырады. Ал, Далиланың бар ойы – Құсайында. Бір мезгілдерде жақын жеңгесімен сыртқа шыққан ол сырлас, мұңдас, өзі сенетін Дәулетбай деген немере інісін шақыртып алады да: «Шеш киіміңді, екеуміз ауысамыз» дейді. Әпкесінің сырына қанық бозбала бір сөзге келмей шешіне бастайды. Ол да әдемі, бойшаң сұлу, қыз сияқты нәзік екен.
У-шу саябырсыған кезде пысықтау бір жігіт: «Осы Далиланың үні шықпай қалды, даусын естімедік қой. Осы отырған Далила емес-ау»,– деп қалыңдықтың қасына келеді. «Иә, Далила емеспін»,– деп Дәулетбай басындағы құндыз бөркін жұлып алады. Ел дүрлігіп кетеді. Ал қыз болса ауылға қашып келеді. Өзінің қасқа ат деген тұлпарына мініп, ауылдағы ең сыйлы, ең елеусіз Жолдасбай деген қарияның үйіне келіп тығылады. Таң атқасын Құсайынмен қашып кетпекші болады. Ол замандарда қазақ қыздарының тағдырына енді-енді араласа бастаған «Қызыл отау» деген сот ұйымдастырылған, ауыл милициясы арқылы соған жүгінеді. Құдалар тым-тырақай қаша жөнеледі. Бірақ қалыңға кеткен малдарын ойлап, іштерінен күйіне бастайды. Қыздың әкесінің оны қайтаруға шамасы жоқ.
Әкем өте жақсы, ақылды адам еді. «Дәкенімді жасынан сері, еркін, ерке өсірдім. Бетінен қақпадым. Ер балаша тәрбиелеп, кімге, қашан ұзатуды да ойламаппын. Жолы болсын, сүйгенімен бағы ашылсын. Өзім қиыншылықтан шығармын, қарызымнан құтылармын» деп қызына батасын береді.
«Қызыл отаудың» еркіндік қағазы қолына тиген Далиланы біраз уақыт қауіп-қатерден қорғау үшін Қарқаралыда ақтармен шайқас кезінде милицияны басқарған, у шашқандай ерлік көрсеткендіктен Уғар атанып кеткен Жәнібеков деген өте сыйлы, абыройлы кісі болған, соған тапсырады. Сол үйде жүргенде Далила Құсайынға : « Сені сүйемін. Сүйетінімді жасырмаймын. Оны өзің де білесің. Бірақ әкем кедей, аналардан алған қалыңды қайтара алмайды. Соны төлеуің керек. Сонда ғана мен саған тиемін» деген хат жолдайды. Хатты ала салысымен Құсайын араағайындықта жүрген өзбектің алдына малды санап беріп, Далиланың қалыңға берген қарызынан құтқарады. Сөйтіп барып, екі ғашық қосылады.
Бұл, тек Арқа, Сарыарқада ғана болған оқиға емес, бүткіл қазақ қоғамында қарапайым қазақ қызының өз тағдыры үшін, өз болашағы үшін күрескен тұңғыш оқиға болғандықтан, жергілікті газет-жорналдар шулап жазады. Одан кейінгі жағдаяттар кітапта айтылған ғой…
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Айта беріңіз, Далиланың одан кейінгі тағдыры не болады?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Адам баласының төрт құбыласы тең болып, бақыттан басы айналған, сол бақыттың құшағында мәңгілікке аттанғаны некен саяқ-ау. Сол сияқты Далила да жан жүрегімен қалаған Құсайынға қосылғанымен, екеуі жұптасып, бақытты болған жылдары тым-тым қысқа болады. Құсайынға тиеді де, Сыпатайға қалыңмалын түгелдей қайтарады. Атақты Мұздыбайдың баласы ғашығы үшін, өзін сүйген, өзі сүйген қызы үшін аянып қалмайды. Менің әкем де қарап жатпайды. «Мен Дәкеніме қарсы болған жоқпын, оның үстіне менің мойнымдағы қарызымнан құтқарды. Енді отауын, дүние-мүлкін берейік»,– деп шақырту жібереді.
Бұл – 1924 жыл. Онда мен алты жаста екенмін. Қасымда ересек кісілермен бірге шақыруға мен де барамын. Әпкем біз барғанға қуанып қалды. Қайтар жолда суы ащы болса да, емдік, шипалық қасиеті бар Ащыкөл деген жерде жалғыздан жалғыз бір қосқа тоқтадық. Кездескендердің бәрі Далилаға қаумалай амандасып жатады. Бәрі таниды. Танымайтындары шырамытып, одан қала берсе атын естігеннен кейін келіп тілектерін айтысып, қауқылдасып жатқан жұрт. Сол жерде бір бейтаныс жігіт келіп: «Ағаш аяқ» деген жаңадан ән шығыпты. Соны Далила келіп тыңдасын» деген сәлемді жеткізеді. Менің кішкентайдан өте алғыр, қақпақұлақ екенімді жақсы білетін әкем Далилаға қосып мені де жібереді. Ойын баласымын, көбелек қуып далаға қаша беремін ғой баяғы. Содан әпкем қолымнан ұстап жібермей: «Мына әнді үйреніп, әкеме айтып барамыз, мұқият тыңдап отыр»,– деп жұмсақ жымияды.
Қос толы жұрт. «Ағаш аяқ» шырқалды. Ән қандай, әуен қандай! Бала болсам да әлгіні үнсіз тыңдап, жүрегіммен қабылдауға тырысып мен отырмын. Ішімнен бұрыннан білетін әуен сияқты ыңылдап, қосылып та қоямын. Әпкем болса жанары мөлт-мөлт етіп, мұңая тыңдап қалыпты. Жүрегіне жақын қабылдағаны сонша, әнге еніп, мүлдем бірігіп кеткендей. Баяу тербеледі. Нәзік те талдырмаш белі майысып, билеп отырғандай әсер етеді маған. Бала көңіл қызығып қараймын. Дәл сол сияқты бойжеткім келеді. Дәл сол сияқты ән салсам деген әсершіл желікке еріп отырып, әннің аяқталғанын сезбей де қалыппын. Тыңдап отырғандар шу ете қалысты. Әнді орындаған көркем жігіт маңдайының терін аппақ жейдесінің жеңімен жеңіл сүртіп өтті де, қолындағы домбырасын кеудесіне қыса ұстаған күйі отырып қалды. Кейіннен білсем, сондағы әнді алғаш біздің елге таратқан әнші жас жігіт – Жүсіпбек екен ғой… Одан кейін ауылға жетіп, дуылдаған кішігірім той өткені, тойдан кейін үлкендердің батасымен екі жастың жүк тиелген түйелердің соңынан бет алғаны бүгінге дейін санамда сайрап, көз алдымда тұр. Қыздың жүгі тиелген түйелер анда-санда бастарын кекірейте, ауыздарындағы аппақ көбіктері езулерінен ағып кетіп бара жатқаны есімде. Көз алдымда.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Далиланың театрдағы жылдары туралы еске түсіріңіз?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА:– Иә, бірін айтып, біріне кете беремін. Бұл да болса қартайғандықтың белгісі болар. Құдайдың мұнысына да шүкір, тоқсанның жетеуіне келдім. Бір әулеттен, он жеті адамнан жалғыз қалғанымда, Жаратқан осы жағынан ескерейін деген болар.
Жүзге келіп, мынандай әңгіме айтуға, соның бәрін есінде сақтағанына тәубә дейтін болар деп күбір ете қалғанымызға құлағы елең ете қалған әжеміз:
– Немене түрім жаман болып отыр ма,– деп шашы- басын түзеп, орындығын қозғалақтап қойды.
– Жо-жоға, өте әдемісіз,– дедік қосарлана. Дірілдеген саусағымен көзін сүртіп тастады да, әңгімесін қайта жалғастырды.
– Сонымен, 1925 жылы Сарыарқаға жер-жерден өнерлі, қабілетті жастар жинала бастайды да, 1926 жылы театр құрылады. Таланттылардың көбі Арқадан, ал оңтүстіктен тек Құрманбек қана алынады. Бүкіл Қарқаралыдан Қалибек пен Құсайынды таңдаған ғой. Далила да осы топта.
Тұрсын Жұртбай: – Зәрубай, жынды Омар бар емес пе?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Олар соңынан келгендер.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Оған дейін Құсайын қандай қызмет атқарған?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Бай Мұздыбайдың баласы оқыған, білім қуып жүрген ғой.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Далила қандай рөлдерде ойнады?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Алғаш «Еңлік-Кебекте» Далила Еңлікті, Құсайын Кебекті сомдады. Екеуі де тамаша сахналаған. Ол театр тарихында жазылып қалды. Одан кейін театр Қызылордада болған жылдарында Далиланың денсаулығы сыр беріп, сахнаға да көп шыға алмаған. Сөйтіп жүріп елге қайтып келеді. Келеді де ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінде қызмет істейді. Ол Кеңес үкіметінің де енді-енді аяғынан тік тұра батаған кезі. 1926 жылы жаңадан құрылған Ұлттар советінің ІІ сьезінен кейін Мәскеуде Советтер Одағына мүше мемлекеттердің көркемөнерпаздарынан құралған үлкен концерт ұйымдастырылады. Біздің ауданнан Сәкен Сейфуллин бастаған зиялы топтың іріктеуімен сол концертке Далила қыз баратын болады. Сөйтіп, қазақтың қара домбырасымен Үлкен театр сахнасында қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп, тыңдаушының құлақ құрышын қандырған тұңғыш қазақ дәстүрлі әндерінің орындаушысы да сол – Далила сұлу болған деседі.
Сол екі ортада кәмпеске басталды да, Мұздыбайдың мал-мүлкі кәмпескеленіп, туған-туыстары ұсталып кетті. Ал Құсайын мен Далиланы Мәскеуде болғаны, Ленин мавзолейінде суретке түскен құжаттары құтқарып қалады. Оның артынан отыз екінің зұлматы келеді. Елдің бәрі босып кетеді. Бірінің етін бірі жеген, тіпті туған баласының етін жеген деген деректерді тарихтан біліп, оқып жатырмыз ғой. Халықтың аштықтың азабына төзе алмағандары осындай жағдаяттарды да басынан кешкен. Тұқым-тұяғымен құрып кеткендері қаншама?! Үлкен бір әулеттен бір ғана тұяқ қалғандары да бар. Сәкен ақын айтқандай « тар жол, тайғақ кешкен» заман болды ғой…
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Балалары, артында ұрпақ қалмады ма?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Жоқ. Халил деген, одан Алтай өңірінде жүргенде көрген ұлы Алтайы да жастай қаза болып кетті. Құсайын тірі.
Мен ойлаймын, Далила аштан өлген жоқ, қайғы-қасіреттен, ішқұсалықтан өлді. Терең ой түбіне жетті. Бұл – тағдыр. Тағдыр болғанда да қандай сұмдық тағдыр десеңші?! Қазақ халқының көрмеген сұмдығы жоқ шығар. Әкемнің Мұхтар деген кенже інісі біздің қолымызда болып еді. Тәңірберген, Хафиза, Мафиза деген үш перзенті, әйелі Дәмелі мен өзі де аштықтың құрбаны болды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Сонда Далила жетекке еретіндерін ертіп, Кемероваға келгенде Құсайын қайда болды?
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Құсайын да сонда болған. Ашаршылық басталғанда жан-жақтағылар елге оралмай ма, сонда Құсайын Қарағандыға қайтып келген.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Ерлі-зайыптылар қалай екеуі екі жақта болады. Бұл жерде бір гәп бар сияқты…
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Бірге болған ғой. Қайтыс болғаннан кейін елге қайтады. Кейін Құсайынды көрдім, әңгімелестім. Ол марқұм бертін қайтыс болды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: – Бұл тағдырды бұрын неге айтпадыңыз. 1978-79 жылдары Қаллеки жайлы деректер жинап жүргенімде осы үйде талай болдым ғой…
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА: – Мен өзі жастау кезімде тұйықтау, көп нәрсеге мән бермейтін, көп сөйлемейтін, тіпті мақаулау болдым-ау. Ал, кейіннен, жасым ұлғайған сайын артымдағыларға білгенімді айтып кетейін деген мақсат қойдым. Әсіресе, Далиланың тағдыры соңғы жылдары көкейімнен кетпей қойды. Қағазға түссе ел оқиды. Ел оқыса, біреуі болмаса біреуі тағы да іздер, қажетсінер деген ой болған. Саған қайта-қайта маза бермей жүргенім де сол, Далила жайлы бір жұқа болса да кітап жарық көрсе, соны қолға алсаң, менің аналық батамды алар едің.
Хабиба апайдың қайта-қайта 32-нің, ашаршылықтың зұлматтарына тоқтала бергені менің де есіме үлкен енем Үміт пен қайын әпкем Рабиғаның айтқан бір хикаясын түсірді. Жол бойы сол бір көрініс көңілден кетпеді.
Баяғыда, актриса айтқан қуғын-сүргін жылдары Сарысудың бойымен жиған-терген малын, аяқ жетер жерге ұста деген атағымен мәлім Смайыл көкеміз жан баласынан әйелін ғана жетектеп қашып келе жатады. Жем іздеген қорқау қасқырдай жалаңдаған адамдарға кездеседі жолай. Аттың үстіндегілердің көзі ең алдымен ұстаның керзі етігі мен күмістен жасалған белдігіне түссе керек. Оңайлықпен бермесін сезген олар апыр-топыр алыса кетеді. Екі иығына екі кісі мінгендей алып көкеміз ( Рабиға әпкемнің әкесі) жеңіле қоймайтынын білген әлгілер жап-жас әйелінің білегінен шап беріп ұстап алады да, өткір қанжарды тамағына тірейді. Жанталасқан тірлік, көз алдында бауыздалып қанға боялып жатқан әйелі киіз үйдегі ошақтың астында көмілген күміс пен жер астында кептірілген ет бар екенін айтып үлгереді. Қансырап жатқан әйеліне жан ұшыра ұмтылған күйеуіне де бірнеше рет пышақ сілтеген әлгілер көзден ғайып болады. Ол заманда өлген малдардың етін тұздап, кептіріп, осылай жердің астына көміп сақтайды екен. Бірнеше күннен кейін есін жиған ұста сыртқа шығып ақтарылып жатқан ішегін әйелінің орамалымен буып, қарға адым жерге он күнде әрең жетеді. Әйелі айтқан жерден әлгілерді тауып, жол жөнекей ұсталығымен тамақ тауып жеп, туғандарына қосылады. Сондағы жап-жас әйелдің өліп бара жатқандағы соңғы сөзі де ерінің амандығы, еліне, жеріне аман сау жетуі болғаны қайран қалдырады…
– Көрер жарығымыз бар екен, кейін Сұлушаш кемпірге қосылып, біз өмірге келіппіз,– дейді көздері жасаурай қалған қайын әпкем Рабиға.
– Бірнеше жылдардан кейін әлгі керзі етігі мен күміс белдігін ауылдың базарында бір кісінің үстінен көріп қалады да, әлгіні қалың елдің көзінше ұрып жығып, тартып әкетеді… Көкем өте батыр кісі еді, жарықтық,– деп енем бір күліп, бір жылап отырып әңгімелеп еді..
Иә, қай заманда да мұсылман әйелдерінің, оның ішінде қазақ әйелдерінің тағдыр-талайы оңай болмаған. Көрер қызығынан гөрі азапты шыжығы мол ғұмырына, тағдырына сонда да ешқашан арыз-шағым айтып көрмеген қазақ әйелдері әулет абыройы мен ерінің ар-намысын,одан қала берді ұрпағының өсіп-жетілуін өзінің аса мәртебелі міндеті санап, оған асқан жауапкершілікпен білек сыбана кіріседі. Ол жолда, бұл тірлікте оған тіпті өзінің жан жолдасы, балаларының әкесі де ілесе алмауы әбден мүмкін. Осынау ұлы көштің, әрине, ауыр көштің, салмақты көштің керуені тек қана сәнді болса игі… Ал, «бес саусақтың бірдей еместігі», «баланың өзін туғанмен мінезін тумайтыны» тағы бар дегендей, бұлжымас қайталанып отыратын даусыз қағидалар да сорлы аналардың нәзік мойнында екені тағы да бар.
Ал, қарапайым тірлік кешіп, от басы, ошақ қасында ғана емес, қоғамның қақ ортасында жүріп те ер-азаматтармен бірдей қызмет атқара білетін қайсарлығымыз тағы да таң қалдырады. Осындай қым-қиғаш тағдыр-талайлардың ішінде Далила сияқты қазақ қыздарының болуы да заңдылық дейміз де…
жазып алған
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ