ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҢА МЕКТЕПТЕ БАСТАДЫ
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҢА МЕКТЕПТЕ БАСТАДЫ
Білім күні – миллиондаған оқушының көңілін толқытатын, әрі салтанатты мереке. Бірінші сынып табалдырығынан аттағандар үшін бұл мерекенің маңызы тіпті ерекше.
Алғашқы қоңырау, алғашқы сабақ … Л. Бөкенова атындағы орта мектептің бастауыш сынып оқушылары 2012-2013 оқу жылының алғашқы сабағын уран өндіретін аймақтағы «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясының белсенді әлеуметтік қызметінің арқасында салынған жаңа мектепте бастады.
1 қыркүйекте көптен күткен, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Қыземшек кенті үшін айрықша оқиғаға айналған бастауыш сынып оқушыларына арналған екі қабатты ғимараттың ашылу салтанаты болды. Кенттегі жалғыз мектептің құрылысын «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясының операторы – «Қазатомпром-Демеу» ЖШС-і бір жыл ішінде салып бітірді.
2011 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу және кеңейту ісі басталды. Алдымен 600 орындық мектептің негізгі ғимаратын күрделі жөндеу қолға алынды. Мектеп асханасы, 2 спорт залы жабдықталды, спорт және бастауыш әскери дайындыққа арналған алаңдар салынды.
Екінші кезекте 400 оқушыға арналған екі қабатты қосымша ғимарат салу арқылы мектепті кеңейту жүзеге асырылды. Жалпы атқарылған жұмыс құны 526 миллион теңгені құрады. Жөндеу-құрылыс жұмыстарын бас директор М. Ш. Мүксимовтың жетекшілігімен «Сырдария Жоба Құрылыс» ЖШС-і атқарды.
Бұларға қоса, «Қазатомпром-Демеу» ЖШС-і жыл сайын мектепке көмек аясында Л. Бөкенова атындағы орта мектептің ғимаратын сақтау үшін шаруашылық тауарларын сатып алуға, коммуналдық қызмет үшін төлеуге және аз қамсыздандырылған отбасылардан 50 баланы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге көмектесіп келеді.
Қосымша мектеп ғимаратын пайдалануға беру салтанатына Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиев, Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймырзаев, Созақ аудандық мәслихатының хатшысы Мақсат Исаев, «Қазатомпром-Демеу» ЖШС-і бас директорының орынбасары Дәулетбай Ысмағұлов қатысты.
Оңтүстік Қазақстан облысы