АҢЫЗ БАБА АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТКЕ 75 ЖЫЛ ТОЛДЫ

АҢЫЗ БАБА АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТКЕ 75 ЖЫЛ ТОЛДЫ

АҢЫЗ БАБА АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТКЕ 75 ЖЫЛ ТОЛДЫ
ашық дереккөзі
457
Қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университеті – екі іргелі оқу ордасының біріктірілуімен құ­рыл­ған әйгілі оқу орнына. 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институтының көшіріліп келуінен кейін Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық инстиуты болып, одан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық институты болып жұмыс істей бастаған-ды. Сыр өңірінде әуелде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалы, одан кейін Ы. Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты болып жұмыс жүргізе бастаған оқу орны да республикаға, ол ол ма, КСРО-ға танымал оқу орыны болатын. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы № 256 қаулысымен аталған екі оқу орны біріктіріліп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Осылайша Арал теңізі мен Қаратау атырабы, бүкіл Сыр бойы, арғы жағы Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстандағы қазақ халқы жастарының жоғары білім алуына мол мүмкіндік туды. Университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми әлеуетін көтеру, университеттің кітапхана қорын қазіргі заманғы жаңа мазмұнды оқулықтармен, оқу-әдістемелік кітаптармен, сонымен бірге, мамандықтарға негізделген кабинеттерді, зертханаларды техникалық құралдармен жабдықтау оңай іс емес. Оқу ғимараттары, жатақханалары, асханалары, үздіксіз күрделі жөңдеуден өткізілді. Оқытушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде де бірқатар нәтижелерге қол жетті. Университетте экологиялық күрделі мәселелер басым Арал теңізі аймағына қажетті, зәру жергілікті мамандар даярлауда да бастамашыл игі іс-шаралар жүзеге асырылды. Университет ректоры Қылышбай Бисеновтің қазіргі заманғы әлем өркениеті деңгейіндегі ғылыми-теориялық білімі мен оқу ордасын басқарудағы іскерлігі, біліктілігі арқасында профессор-оқытушылар ұжымы мен олар оқытып-тәрбиелеп жатқан студенттер – бәрі де осы өңірдің материалдық және рухани мәдениеті салаларның өркендеуіне зор үлес қосуда. Мен осы іргелі оқу ордасында 1968–1972 жылдары білім алдым. Онжылдықты бітірген бойы Қызылорда қаласына ке­ліп, осы оқу ордасындағы филология фа­культетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» маман­дығы бөліміне түсу емтихандарын жақсы бағалармен тапсырып, конкурстан өтіп қабылданып едім. Мен қазір сол қайталанбас ғажайып жылдарды сағынышпен және зор мақтаныш сезіммен еске аламын. Білікті ұстаздар еңбек еткен филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөліміндегі шығармашылық хал-ахуал институтта оқып жүрген шәкірттердің де қаламгерлік талпыныстарына оң ықпал етті. Олардың бірқатары қазақ сөз өнері тарихындағы танымал ақын-жазушылар, ғалымдар. Мысалы, Сырбай Мәуленов (1939-1941 ж.ж. 2-курсқа дейін оқыған), Рахманқұл Бердібаев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Сағи Жиенбаев, Нәсіреддин Серәлиев, Садықбек Хангельдин, Сейіл Боранбаев, Танаш Дәуренбеков, Саид Баязитов, Адам Мекебаев (2 курс оқыған), Қанапия Дәрібаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Те­мірше Сарыбайұлы, Балашбек Шағыров, Бақыт Сарбалаев, Дәулетбек Тышқанбаев т.б. Филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер Гүлзай Смағұлова, Айнаш Шамшатова, Әнес Жақыпов, Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағамбетов, Талғат Сайрамбаев, Әбжаппар Әбілақов, аға оқытушы Нұртай Нұржановтың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен оқыған дәрістері, ғылыми-зерттеулерге, педагогикалық-әдістемелік шеберлікке баулыған тәлімгерлік-жетекшілік қызметтері – білім алған барша шәкірттерді қанаттандырды, нағыз жоғары білім иесі болу жауапкершілігін ұғындырды. Әсіресе, көрнекті ғалым-ұстаз Әуелбек Қоңыратбаевтың дәрістеріндегі әдеби-теориялық талдаулары түркітану, шығыстану, фольклортану, тарихнама, деректану, этнография, педагогика, психология, өлкетану, т.б. ғылымдар салаларымен сабақтаса өрілуімен баурайтын. Ұстазымыздың «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәндерінің барлығын да негіздеген зерттеу кітаптары, мақалалары – ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап қазіргі дәуірде де теориялық-методологиялық негіз болуда. Университет ректоры Қ. А. Бисеновтің қамқорлығымен Әуелбек Қоңыратбаевтың ғылыми-зерттеу еңбектері және әдеби-көркем шығармалары, публицистикалық мақалалары біршама толық жинақталған 10 томдық шығармалар жинағы жарыққа шығарылды. Сонымен бірге, профессор Әуелбек Қоңыратбаев атындағы оқу-әдістемелік кабинет-дәрісхананың ашылуы да Қызылорда облысында халқымыздың рухани өрлеуіне зор көңіл бөлінетінін білдіреді. Бұл тұрғыдан облыс әкімі Болатбек Қуандықов мырзаның тағылымды істеріне ел дән риза. Филология, бастауыш оқудың педагогикасы мен методикасы факультетін 20 жылдай басқарған, қазақ тіл білімі ғылымында өзіндік үлес қосқан Жүнісов Нұрлыбек Ерназарұлының атындағы кабинет-дәрісхана да университеттің қазақ тілі мамандығының оқытылуына оқу-әдістемелік ерекше мән беретін маңызы бар екендігін танытып отыр. Нұрекең ұстазымыз – ұлтының нағыз жанашыры-қамқоршысы еді. Оның «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімін тоталитарлық-шовинистік саясат құрбандығына ұшыратпай, сол кездегі Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары Лениншіл Рүстемовтің тікелей қолдауымен жабылып қалу қатерінен сақтағаны, Өзбекстан, Қарақалпақстандағы қазақтардың балалары үшін арнаулы орын бөлгізіп оқытқаны – ұлтын сүйген отаншыл азаматтың қайраткерлік еңбегі. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына дәріс оқып жүрген ұстаз-ғалымдар қатарын үздік бітірген түлектермен толықтыруды да Нұрлыбек ұстазымыз жүзеге асырды. Менің студент кезімдегі ғылыми-зерттеу жұмысына бейімділігімді алғаш байқаған ұстаздарым – Әуелбек Қоңыратбаев, Гүлзай Смағұлова. Семинар сабақтарындағы және семестрлік емтихандардағы жауаптарымды, әртүрлі әдеби кештердегі баяндамаларымды тыңдап жүрген ұстазым Әуекең «Сенен түбінде бір нәтижелер шығады!» – деп сенім-аманат тілегін үнемі айтушы еді. Ал алғаш рет студенттердің дәстүрлі-ғылыми конференцияларына баяндама жасау үшін «Асқар Тоқмағамбетовтің сатиралық шығармалары» тақырыбын берген, студенттерге жетекшілік жасаған Гүлзай Смағұлова апай еді. Сол ғылыми баяндамам республикалық конкурста жоғары бағаланып, грамотамен марапатталдым. Қазіргі кезде университеттегі «Қорқыт­тану» ғылыми-зерттеу орталығы (директоры – филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы) да іргелі жоғары оқу ордасындағы студенттерді оқыту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын сабақтастыра жүргізудің ұйытқысы болып отыр. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университеті әлемдегі көрнекті мемлекеттердегі (Ұлыбритания, Италия, Канада, АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Авс­трия, Қытай, Ресей, т.б.) университеттермен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ғылыми-зерттеу, шығармашылық байланыстарды мейлінше нығайтқан іргелі орда. Қорқыт Ата атындағы университет оқытушыларының, шәкірттерінің оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу және тәлім-тәрбиелік жұмыстарына Қызылорда облысы Әкімдігі тарапынан да үнемі қолдау жасалып келеді. Университетке қаланың орталық алаңындағы Бас оқу ғимаратының берілуі жоғары білім беру ордасына жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Тәуелсіздік туы желбіреген жаңа тарихымыздың өткен 20 жылы ішінде «Қазмұнайгаз» компаниясының арнаулы қоры арқылы университет магистранттары мен студенттерінің шетелдерде оқып, тәжірибегерлік маманданудан өтіп қайтуына да облыс әкімдігі тарапынан қаржылық қолдау ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімдігі университет спортшыларының халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуына да қаржылай қолдау жасап жүр. Спортшы студенттердің Афина, Бейжін, Лондон олимпиадаларына, республикалық жарыстарға қатысуына да барынша қолдау көрсетілді. Облыс Әкімі Болатбек Баянұлы Қуандықовтың өзі де аталған олимпиадалар өткізілген қалаларға барып, облыс спортшыларына жанкүйерлік қолдау жасағаны көпке мәлім. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетіндегі «Қорқыттану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының Бас редакторлығымен дайындалып, Астанадағы «Фолиант» бас­пасынан «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген 200 томдық та облыс әкімдігінің тікелей қаржылық қолдауымен жүзеге асқанын мақтанышпен айтуға болады. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті, Н.Ә.Назарбаевтың «Сыр – Алаштың анасы» деген тарихи бағалауына орай Сыр өңіріндегі ежелгі заманнан қазіргі жаңа дәуірімізге ұласқан рухани құндылықтарымызды ұлықтаудың жарқын көрсеткіші. Сыр өңіріндегі іргелі жоғары білім беру ордасының 75 жылдық тарихындағы қазіргі университет басшылығы жүзеге асырып отырған озық жетістіктердің тиянақты жүзеге асырылуында облыстың әкімшілік-басқару орындары қолдауының әлі де жалғаса беретініне сенеміз. Халқымыздың ұрпақтарын кемел келешекке даярлап жатқан ой еңбегі ұжымының шығармашылық жетістіктері лайым өркендей бергей!
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары