ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДАЛА САЗЫ
ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДАЛА САЗЫ
«Ұлы дала сазы»… Дархан дала төсінде түбі бір түркі халықтарының біте қайнасқан рухани болмысы, дәстүрлі дала сазы Астана төрінде қайта асқақтады. Түркі әлемінің мәдени орталығына айналған елорда сахнасы осынау құрметке өзінің қашанда лайық екенін тағы бір дәлелдеді. Осылайша Сарыарқаның төсінде Қазақстаннан өзге Ресей, Қырғыз, Өзбек, Моңғол, Түркімен, Қытай және тағы басқа елдерден келген дәстүрлі орындаушылар дала сазының дара үнін паш етіп, дәстүрлі ән өнерінің қай халыққа болмасын құдіретті әрі қасиетті екенін көрсетті.
Астана түбі бір түркі халықтарының рухани орталығына айналып отыр. Бүгінгі жаһандану жағаға жармасқан ғаламда тарихы бұрмаланып, тегінен ажырап, теңселіп бара жатқан халықтардың бас біріктіріп, өз құндылықтарын қызғыштай қорғау қажеттілігі сезіліп отыр. Кешегі түркілердің бірігуін аңсаған Мұстафа Шоқай мен Мағжан Жұмабаевтың Алаш арыстарының арман-тілектері бүгінгі тәуелсіз ел өмірінде шынайылықпен жүзеге асуда. Оған дәлел Астана төрінде ұлты бөлек дегенмен, тілі жақын, жері бөлек дегенмен, салт-дәстүрі жақын елдердің ерекше болмысын паш еткен дәстүрлі дала сазы еді.
Елордаға жиналған халықаралық дәстүрлі орындаушылар түркілерге ортақ «Күлтегін», «Ойсыл қара», «Қозы-Көрпеш» жырларын әр тілде, түрлі нақышта орындады. Фестивальдің басты мақсаты – бүгінде әлемдік музыка өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан қазақ және түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын насихаттай отырып, айтулы шараның мән-маңызын арттыру болып отыр. Бұл орайда, екі жылда бір рет өткізіліп отырған дәстүрлі дала сазы фестивалі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Айтулы шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай:
«Түркі дүниесі мәдениетінің әр жанры бір-бір ғылым, тарих. Егер соны көздің қарашығындай сақтасақ, келер ұрпаққа жеткізсек, ол біздің азамат ретінде, түркі жұртының патриоты ретінде атқарған айтулы жұмысымыздың жемісі болар еді. Кеше ғана ТҮРІКСОЙ-ға мүше елдердің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялары мен комитеттерінің үшінші кеңесі өтті. Онда да түркі халықтарының мәдениеті жөніндегі мәселелер талқыланды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, шын мәнінде Қазақстанның мәдениетіне, түркі мәдениетіне әлемнің назары ауып, үлкен қызығушылық таныта бастауда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ өнерін, оның ішінде дәстүрлі өнерді дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Сол бастаманы біз одан әрі дамытуға міндеттіміз. Түркі жұртын біріктіріп отырған осындай өнер сайыстары көбейе берсін», – деді өз сөзінде.
Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ
Астана