АРАНДАТУШЫ ФИЛЬМНІҢ ӘЛЕГІ

АРАНДАТУШЫ ФИЛЬМНІҢ ӘЛЕГІ

АРАНДАТУШЫ ФИЛЬМНІҢ ӘЛЕГІ
ашық дереккөзі
204

Исі мұсылман қастерлейтін Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с.) қаралаған америкалық фильмнің соңы бірнеше мемлекетте лаң салып, тіпті адам өліміне әкеп соқты. Уақыт өткен сайын өрши түскен наразылық шараларына АҚШ қыңқ етер емес.

Бүгінде ғаламтор арқылы бүкіл әлемді дүрліктірген америкалық «Innocence of Muslims» («Мұсылмандардың пәктігі») фильміне қатысты Ислам Ынтымақтастық Ұйымының төрағасы ретінде Қазақстан ресми мәлімдеме жасады. Апта басында өткізген брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Алтай Әбибуллаев: «Біз интернетке орналастырылған және бүкіл мұсылмандардың діни сезімдерін қорлайтын роликті айыптаймыз. Мұндай арандатушылық дін өкілдері арасында зорлық пен араздықты қоздыруға әсер етеді. Өркениетаралық диалогтың және сенімнің орнығуына кері әсерін тигізеді. Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңесінің төрағасы ретінде біз мұндай іс-әрекеттер діни төзімсіздіктің пайда болуына әкеп соғады деп санаймыз. Және де әлемнің бірқатар елдерінде дипломатиялық өкілдіктерге жасалған шабуылдарды да қатаң айыптаймыз. Біз барлық мемлекеттерді дипломаттардың дербес құқықтарын қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға және әлемдегі дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын қорғауды қамтамасыз етуге шақырамыз», – дей келе, исі мұсылман қастерлейтін пайғамбарымыз Мұхамедке (с.ғ.с) тіл тигізген туындыны қатаң сынға алды.

«Мұсылмандардың пәктігі» 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған лаңкестік әрекетке жауап ретінде Америкада түсірілген. Бастамашылардың бірі – кезінде қасиетті Құран Кәрімді өртеуге тырысқан атышулы пастор Терри Джонс. Интернет арқылы Голливудта тұсауы кесілген осы фильмнің үзіндісін араб тіліне аударып беруінің астарында арандатушылық жатқаны анық. Өйткені үстіміздегі жылдың маусымында жарыққа шыға сала Жер шарын дүр сілкіндірген осы фильмнің кесірінен бірқатар мұсылман мемлекетінде АҚШ дипломатиялық миссияларына қарулы шабуыл жасалып, соңы өлім-жітімге дейін ұласты. Мысалы Ливияның Бенгази қаласында қарулы топ АҚШ елшілігіне граната лақтырып, оқты қарша жаудырған. Осының салдарынан елшімен бірге бірнеше қызметкер қаза тапты. Йеменнің астанасы Санада наразы топ америкалық елшілік орналасқан ғимаратқа баса-көктей кіріп, бірнеше көлікті өртеп жіберді. Мұндай лаңнан Египет те сырт қалған жоқ. Каирде антиисламдық фильмге наразылық ретінде өткізілген шеруде қауіпсіздік қызметі мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Судан мен Бангладештегі наразылық тіпті өршіп тұр. Халықаралық сарапшылардың көпшілігі наразылық күшейген мемлекеттердің биліктері дер кезінде ресми түрде мәлімдеме жасап, Ақ Үйге ескерту жасамағандықтан, адамдар өз беттерінше әрекет етуге, яғни дипломатиялық нысандарға шабуыл жасауға көшті деген пікірде.

Өкінішке қарай, исі мұсылманның қы­ты­ғына тиетін мұндай әрекеттер бұдан бұ­рын да орын алған. Мәселен 1888 жылы француз ақыны Анри де Борние Мұх­хамед Пайғамбарды (с.ғ.с.) келеке еткен қойы­лы­мын сахналамақшы болғанда Осман им­периясының сұлтаны Екінші Абдулхамит Франциядағы елшісі арқылы дипломатиялық жолмен кедергі жасаған. Осының нәтижесінде арада екі жыл өткенде Францияның бүкіл театрларында бұл қойылымға тыйым салыныпты. Өз елінде сәтсіздікке ұшыраған пьесаны Борние Ұлыбритания, АҚШ пен Италия­да қойғысы келеді. Бірақ атағы жер жарған империяның қаһарынан қаймығатындықтан, ол мемлекеттер де ақынның әрекетіне үзілді-кесілді тыйым салған. Сондай-ақ, 2005 жылғы пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қорлаған карикатуралық жанжал, голландиялық сая­сат­кер Геерт Вилдерстің «Фитна» фильмі төңірегінде туындаған дау, тағы бір голландық режиссер Тео ван Гогоның мұсылмандарды қорлаған тағы бір туындысынан кейін болған қайғылы жайт, яғни оның ажалы т.б. бар.

Діни сарапшылардың пікірінше, сабырды ашуға жеңдіретін кейбір мұсылман бау­ыр­ларымыз батыстықтардың «қалжыңын» кейде көтере алмай қалады-мыс. Оның соңы – берекесіздік, қайғылы жайт. Өйткені Батыс­та көбінесе діни мәселеде әзіл айту, сынап-мінеу аса қауіпті емес, тіпті Құдайдың рөлін комедиялық жанрда сомдайтын көркем туындылар бар. Ал ислам әлемінде керісінше, қастерлейтін ұғымдарды келеке ету – ауыр күнә.

Америкалық саясаттанушы Сэмуэль Хантингтон 1993 жылы жазған «Өркениеттер қақтығысы» деп аталатын кітабында қақтығыстар ең алдымен діни мәселелерден басталатынын көлденең тартқан. Өкінішке қарай, діни дауларды тудыруға қатысты жайттармен тікелей айналысатын мүдделі топтардың өкілдері әлемдік саясатқа да елеулі ықпал етуге қауқарлы. Бірақ бұл жолғы даудың орны ерекше сияқты. Өткен аптада қоғамға іріткі салатын фильмді Интернет арқылы көрсетуге бірнеше мемлекет тыйым салды. Мәселен Ресейдің Бас прокуратурасы АҚШ-тағы осы мәселеге қатысты қозғалған тергеу амалдары аяқталғанша ға­ламтор арқылы көрсетілмейтінін мә­лім­­­деді. Сонымен қатар Ауғанстан билігі исламға қарсы дүниені көрген ауғандар елде лаң салуы мүмкін деген қауіппен YouTube порталын жауып тас­тады. Дәл осы шешімді көп кешікпей Пәкістан мен Үндістан да қабылдаған. Наразылық шараларынан Еуропа да шет қалмады. Австралия, Бельгия, Франция мен Ұлыбританиядағы мұсылман қауымдастықтарының өкілдері шерулер өткізіп, исі мұсылман қауымының қытығына тиген фильмді қаралады.

Қазіргі кезде басы дауға қалған фильм­де басты рөлді сомдағандардың бірі – Анна Гурджи (Гиоргобиани): «Фильм режиссері Накула Бэссли Накулаға алданып қалдым. Маған Мұхаммед Пайғамбардың өмірі туралы картина екенін айтқан жоқ, Джордж есімді жігіттің қалыңдығын сомдадым. Маған Джордждың аты Мұхаммед Пайғамбарға өзгертілетінін айтпады», – деп ант-су ішіп отыр.

Жер шарына (ежелгі Таяу Шығыс территориясына) құлайтын құйрықты жұлдыздан басталатын фильм оқиғасы сол аумақта өмір сүретін түрлі тайпалар арасындағы «қасиетті» саналған құйрықты жұлдыз үшін күрес туралы өрбиді. Бюджеті өте шағын болған шығармадан Гурджиге күн сайын тигені 75 доллар көрінеді. Бүгінде жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған 21 жастағы актриса үйінен шықпай отыр: «Түні бойы көз ілмей шығамын. Көзім бір құрғаған емес. Фильмнің жарнамалық беттерінде менің суретім ілулі тұр. Масқара фильмді көргендер мені де көреді. Өзім католичка болғандықтан мұсылмандар исламға қарсы деп, мені өлтіріп кетуі мүмкін», – дейді. Бастапқыда «Шөл дала сарбазы» атты фильмге кас­тинг ұйымдастыратындықтарын айтқан түсіруші топ осылайша бірнеше адамды жарға жыққан. «Мұсылмандардың пәктігі» атты фильмнің режиссері, бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталған америкалық Накула Бэссли Накуланы Калифорния тергеушілері жауапқа алуда. Исі мұсылманның қытығына тиген туынды үшін емес, сынақ мерзіміне қатысты ережені бұзғаны үшін.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары