587
ҚАЙЫР СҰРАУ КӘСІПКЕ АЙНАЛЫП БАРА МА?
ҚАЙЫР СҰРАУ КӘСІПКЕ АЙНАЛЫП БАРА МА?
Қоғамдық көліктің көмегіне жиі жүгінетін адамдар біз айтқалы тұрған жайтпен жақсы таныс болуы мүмкін. Себебі бұл көріністі барлық қоғамдық көліктен байқауымызға болады. Үсті-басы кір-қожалақ, бес-алты жас шамасындағы баланың көлікке баса-көктеп кіріп, құранды зуылдатып оқи жөнелуіне ешкім таңқалмайды. Көліктегі адамдардан тиын-тебен жинап, кез келген жерден түсіп, өз жұмысын келесі көлікте жалғастырады. Көпшілік жолаушылар қайыр-садақа беріп, бет сипайды. Бұл қаншалықты дұрыс?
Әлгіндей балалар үшін қайыршылық, садақа сұрау кәсіпке айналып кеткені жасырын емес. Тіпті бұл іс біздің ата-бабамыздан қалған дәстүр деп өз істерінен еш қымсынбайды да. Алайда он екі мүшесі сау адамның қайыр сұрауы амалсыздық емес, жалқаулық десек болар. Ауадан ақша жауып жатса, білек сыбанып еңбек етудің не қажеті бар?! Бұл әрине жалқау жанның көзқарасы. Қоғамның әрбір саласына түбегейлі өзгерістер әкелген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайыршылық дертінің алдын алу жолын да қоса қарастырған. Қайыршылыққа әбден салынған адамдарды ол жолдан қайтару үшін небір амалдар қолданған. Осы тұста бір мысал келтіріп өтсек.
Әнес бин Мәліктің (р.а.) айтуынша, бірде Алланың елшісіне әлдебір адам қайыр тілеп келеді. Пайғамбарымыз одан үйінде не бар екенін сұрайды. Қайыршы жалғыз төсенішінің жартысын астына жайып, қалған жағын жамылып жататынын, оған қоса су ішерлік бір ыдысқа ғана ие екенін айтады. Алланың елшісі әлгі мүліктерді тездетіп алдыртып, екі дирхамға сатқызады. “Бір дирхамына отбасыңа тамақ, екінші дирхамына ара сатып аларсың”, – дейді. Қайыршы орындайды. Пайғамбарымыз ағаш аралап, отын сатып күн көруге кеңес береді. Жарты ай өтеді. Қайыршы Алланың елшісіне келіп, он дирхам табыс тапқанын қуана хабарлайды. Пайғамбарымыз ол ақшаға киім-кешек пен азық-түлік алуға ақыл қосып, адал еңбек етпектің қандай түрі болсын, қиямет күнінде маңдайыңа басылар қайыршылық таңбасынан әлдеқайда қайырлы екендігін, тіленшілік тек ешбір амалсыз, ешқандай шарасыз қалғанда ғана жасалатынын ұғындырады.
«Жалпы қайыр сұрау үш кісіге ғана рұқсат етілген:
Әбден кедейліктің қамытын киген адамға;
Өлтірілген адамның құнын өтеушіге;
Жанды қинаған, ем қонбайтын ауруға душар болған адам өзінің қажетінше қайыр сұрауына болады.
Хадистен анық байқағанымыздай, еңбекке жарамсыз, мүгедек, денсаулығында кінәраты бар адам егер өзіне қарайтын адамы жоқ болса, оған мемлекет тарапынан көмек берілмесе, тек қажетіне қарай өзгелерден қайыр-садақа сұрауына болады. Ал қайыршылықты күнкөрістің жолына айналдырған адам үлкен обалға қалады. Ондай кісілерге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қатаң ескертуі бар: «Кімде кім дүниесін көбейту мақсатында адамдардан мал-мүлік сұраса, ол адам тек өзіне жалындаған оттың бір бөлшегін сұраған болып шығады. Енді ол азын да, көбін де сұрай берсін».
Көліктерде, әсіресе автобустың ішіне кіріп, тізерлеп отырып алып ешбір ретсіз, жүйесіз құран оқи жөнелетін қайыршылардың іс-әрекеттері еш дұрыс емес. Оларды зер салып тыңдасаңыз, оқыған құранынан мың бір қате табасың. Құраннан хабары бар адам болмаса, көпшілік оны байқамайды. Құранның шынайы қасиеті елге жетпей, Құранды не үшін, кімнің ризалығы үшін оқығанын білмей дал боласың. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайыршылықтың қақпасын ашқан адамға Алла тағала кедейліктің қақпасын ашады деген болатын», – дейді Жамбыл облыстық орталық мешітінің имамы Әбдіжаппар Әмір мырза.
Адамның бойында тазалығы жоқ, дұрыс оқылмаған құран үшін қайыр-садақа берудің еш қажеті жоқ екеніне жоғарыда келтірілген мысалдардан көзіміз жетіп отыр. Кейінгі кезде тіпті үлкен кісілердің ішімдікке салынып, бір шөлмек үшін алтын басын қор етіп, қайыр сұрағанына талай куә болдық немесе кішкене ақша жетіспей тұр еді деп жалынғанын көріп ызаланасың. Иә, оңай табысқа жүгініп жүрген он екі мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс адамдар бүгінгі қоғамда көбейіп бара жатқаны шындық. Жалғыз тілегіміз, барлық адамдар тіленшіліктің күнә екенін біліп, еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін ұғынса екен.
Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ
Тараз қаласы