ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚҰРЫШ БІЛЕКТЕРІ

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚҰРЫШ БІЛЕКТЕРІ

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚҰРЫШ БІЛЕКТЕРІ
ашық дереккөзі
241

Астана төрінде айқасқа түсті

Қазақ күресі – ұлттық спорттың қайнар көзі. Қазақ күресі – ұлттық идеяның нақты көрінісі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирін ұйымдастырушылардың көздегені де осы мақсат. Біз осымен екінші мәрте өткен «Қазақстан Барысы» турнирін тамашалап отырып, ұлттық күресімізді қазақ халқын әлемге кеңінен танытатын спорт түріне айналдыра алатынымызға көзіміз жетті.

Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек. Сенбі күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі үлкен думан ордасына айналды. Былтыр қазақ күресін тамашалауға келген қаншама көрермен сыртта қалса, бұл жолы бәрі де емін-еркін сыйып отырды. Оның үстіне биылғы турнирге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қомақты жүлде қорын тіккені мәлім. Ұлттық спорттың сайысына арнайы қатысқан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев жүрекжарды лебізін білдіріп, балуандарға сәттілік тілесе, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Елбасы ұлттық рухты асқақтатып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін, барша жұртты салауатты өмір салтына бастайтын байрақты бәсекеге қатысқан барлық палуандарды құттықтай келе, «Қазір елімізде 33 мыңнан астам спорт кешені салынып, жұмыс жүрізілуде. Лондонда өткен ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарында зор жетістіктерге жеттік. Еліміз спорттық бәсекелерді ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтады. Былтырғы Қысқы Азия ойындары осының айқын дәлелі. Сондықтан «Қазақстан Барысы» секілді ауқымды жарыстарды өткізуге барынша қолдау жасалуы керек. Сайыпқыран ерлерге сәттілік тілеймін!» – деген.

Әне-міне дегенше, қазақ күре­сінен «Қазақстан Барысы» атағынан үмітті балуандар да ортаға шығып, жеребе бойынша бозкілемде кіммен белдесетінін анықтады. Кілдің тасындай іріктелген 34 балуан бір-бірімен белдесіп, күштісі ақтық сынға жолдама алып, әлсізі ойыннан тыс қала берді. «Күш атасын танымас» деген ұранмен өткен турнирге «Қазақстан Барысы-2011» турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл мен Олимпиада ойындарына қатысушы Ержан Шынкеев те қатысып, күш сынасып көрді. Алайда, Ұлан Рысқұл бұған дейінгі тілшілерге берген сұхбатында аяғында жарақаты барын, емделіп жүргендігін айтқан болатын. Бәлкім, содан ба екен, «Қазақстан Барысы» атағын қорғап қалуға тырысқан Ұлан Рысқұл батысқазақстандық Арман Әбеуовтен жеңіліп қалды.

Негізінен ақтық мәреге жеткен жам­былдық Бейбіт Ыстыбаев пен Шығыс Қазақстан облысының тумалары Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров та алғашқы турнирде оқ бойы озық көрінген балуандар. Олар бұл жолы да бабында екен. Қалың көрермен балуандардың күштілігіне, ептілігіне былтыр да ерекше тәнті болған. Бір жыл бойғы жемісті жаттығудың нәтижесінде Қажымұқан, Балуан Шолақтың ізбасарлары жеңіс тұғырына көтеріліп, лайықты бағасын алды.

Айтулы доданың басты үміткерін ұтқан Батыс Қазақстан облысының апайтөсі Арман Әбеуов ширек финалда «Шығыс Барысымен» күш байқасты. Тартысты белдесуде Айбек Нұғымаров жарақат алса да, жасымады. Қаны қызып, өршелене түскен ол ерлік көрсетіп, қарсыласын шаң қаптырып кетті. Бұл жеңіс Айбектің үшінші орынға таласуына жолдама берді. Қарсыласы қарағандылық «Көкбөрі» лақап атымен шыққан, ХХХ ойындарда дзюдодан топ жара алмаған Ержан Шынкеевті жеңіп, «Қола белбеу» мен 10 мың АҚШ долларына ие болды.

Ал қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің делебесін ақтық бәсеке қоздырды. Финалға шыққан Бейбіт Ыстыбаев пен шығысқазақстандық Шалқар Жоламанов та осал емес. Қос балуан бір-бірімен жақсы таныс, бір-бірінің қыр-сырына қанық. Бірақ та «Тараз арланы» – Бейбіт Ыстыбаев жан алысып, жан беріскен белдесуде қарсыласынан айласын асырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жеңімпаз атанған түйе балуан Бейбіт Ыстыбаевқа «Қазақстан Барысы» алтын белбеуі мен 150 мың АҚШ доллары, алтын тайтұяқ және «Астана Моторс» компаниясының арнайы сыйы – темір тұлпардың кілті берілсе, оның бапкері Елдос Далабайға 50 мың АҚШ доллары табыс етілді. Сөйтіп, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, 2011 жылғы республикалық турнирдің күміс жүлдегері Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы-2012» атағын иемденді. Ал күміс белбеуді тағынған Шалқар Жоламанов 30 мың АҚШ доллары, оның бапкері Қанат Сүлейменов 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Ең жас палуан ретінде көрермен көзайымына айналған Рустам Жұмаевқа 10 мың доллар берілді.

Бұдан кейін қалайша қазақ күресі кенжелеп қалды деген пікірге сене қоясыз. Әлбетте, еліміздің түкпір-түкпірінде көрінбей, аты шықпай жүрген «Түйе балуан», «Пiл балуан», «Өгіз балуан», «Сұңқар балуан» атағына лайық азаматтар көп. Оларды халық алдына жарқыратып шығару үшін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің маңызы ерекше. Болашақта да қазақ күресіне арналған турнир мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, жалғасын тапса әлі талай балуандарды тәрбиелеп шығатынымызға дау жоқ. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың пікірінше, ауылдарда қазақ күресінің деңгейін көтеру керек. «Қазақ күресі – ұлттық спорт түрі. Сондықтан біз оның дамуына жауаптымыз. «Қазақстан Барысы» турнирі аталмыш спорт түрінің дамуына ықпал ету керек. Қазақ күресі облыстарда жақсы дамуда, ал ауылдарда бұл салада әлі тапжылмай жұмыс істеу қажет», – деген Елсияр Қанағатов қазақ күресінің алдағы уақытта Азия ойындарының бағдарламасына енетіндігін үлкен сеніммен жеткізді. Көпшіліктің де тілегі осы.

Күш атасы – Қажымұқан сусындап өскен қазақ күресімен қалай мақтансақ та жарасады. Бүгінгі спорт әлеміндегі жеңістеріміздің бір ұшын осы төл күресімізден табамыз. Батырлардың елі атанған сахара далада бұла күші бойына сыймаған балуандар жайлы деректер де көп. Сол батырлық тарихымызды жандандырып, бүгінгі ұрпақтың рухын көтеру және қазақ күресін дамытуға бағытталған «Қазақстан Барысы» жобасы ұлттық спортымыздың қайталанбас сұлулығын танытқан жоба екендігіне дау жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары