СОДЫРЛАР САЙРАН САЛУДА

СОДЫРЛАР САЙРАН САЛУДА

СОДЫРЛАР САЙРАН САЛУДА
ашық дереккөзі
213

Түріктер еліндегі лаңкестік әрекеттердің себебі неде?

Бір айда бес жүзден астам содырды жер жастандырған Анкара қырық мыңнан астам адамның өліміне себепкер болған партияны жер жастандырғандарды ауыздықтай алмай келеді. Бұл түріктер еліндегі лаңкестік әрекеттердің жиілеуіне себеп.

Апта басында Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Ердоған соңғы бір айдың ішінде Түркия қауіпсіздік қызметі Күрдстанның Жұмысшылар партиясына (КЖП) мүше 500-ден астам сарбазын ажал құштырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің оңтүстік-шығысына орналасқан Хаккяри қаласында соңғы он күнде 123 көтерілісші қаза тапқан. Олардың жаппай ажал құшуы КЖП тарапынан түрік нысандарына шабуылдарды жиілетуінен. Өйткені түрік билігі жауапкершілікті КЖП мүшелеріне артқан көптеген жарылыстарда ондаған түрік жауынгерлері мен бейбіт тұрғындар (араларында балалар да бар) көз жұмды. Мысалы жуырда ғана Газиантеп қаласында болған жарылыстың салдарынан қаза тапқан 9 адамның төртеуі – балалар. Анкараның ресми мәлімдемесіне қарамастан, КЖП бұл жарылыстың жауапкершілігін өз мойнына алудан бас тартты.

1984 жылдан бері Қазіргі Түркия, Ирак, Сирия мен Иранға тиесілі жерлердің белгілі бір бөлігінен Күрдістан мемлекетін құруды қалайтын және аталған елдерден тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалауға ресми түрде рұхсат беруді талап еткен КЖП мүшелері өздерінің жасырын әрекеттерін партия көсемі Абдулла Оджалан 1999 жылы қамауға алынғаннан кейін бастапты. КЖП тарапынан ұйымдастырылған қарулы қақтығыстар мен жарылыстар 40 мыңнан астам адамның ажалына себепкер болды. Ресми Анкара, АҚШ пен Еуропалық Одақ лаңкестік ұйым деп санайтын Күрдстан Жұмысшылар Партиясының мүшелері өліспей беріспеуге бекінгендерін құрылғалы бері ашық мәлімдеумен келеді. Сорақысы сол, өздерін өлімге қиған күрд жанкештілерінің арасында әйелдер де бар.

Түркия билігінің пікірінше, елдің шығысындағы қарулы қақтығыстардың жиілеуі Сириядағы берекесіздіктің салдарынан. Анкара Дамаскіге «Өз жерінде КЖП лаңкестерінің еркін әрекет етуіне жағдай жасап отыр» деп бірнеше рет айып тақты. Ал сириялық билік елдің солтүстігіндегі кейбір аймақтарға қатаң бақылау орнатқанын, осылайша лаңкестік әрекеттерге жол бермеуге тырысып жатқанын айтады. Бірақ шыққан нәтиже шамалы. Бүгінде кез келген жайтты ұрыс-керіс пен жанжалға, кейде тіпті қарулы қақтығысқа ұластыруға мүдделі КЖП көктемде Наурыз мерекесін тойлағанда да Түркияның бірқатар қаласындағы берекесіздікке себеп болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Оджаланды түрмеден босатуды талап етіп, Түркияның туын өртегенде де түріктер елінде тулар толқыған. Мемлекеттік рәмізді қорлағанын сын­ға алған премьер Реджеп Тайип Ердоған туды бірнеше күн бойы өз үйінің терезесінде желбіретіп қойған. Өздерін әділетсіздіктердің құрбаны ретінде көрсеткісі келетін КПЖ мүше­леріне үнемі қарсылық білдіретін Ердоған: «Күрдтер – Түркиядағы басқа азаматтармен терезесі тең ұлт. Сондықтан халықаралық ұйымдарға шағымданып, елді іштен ірітуге тырысуды доғарыңдар», – дейді. Бірақ әзірге оған құлақ асатын КПЖ жоқ. Өкініштісі, қарулы қақтығыстар салдарынан көз жұматындар саны көбеймесе, азаяр емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары