ҚУАҢШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰРҒАҚ ҮМІТ

ҚУАҢШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰРҒАҚ ҮМІТ

ҚУАҢШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰРҒАҚ ҮМІТ
ашық дереккөзі
599

Биылғы қуаңшылық шаруалар қауымын тығырыққа тіреді. Жаз бойы тамшы тамбай, алқаптардың кенезесін кептірген құрғақшылық алынуы тиіс астық көлемін күрт азайтты. Жылда кірісінен шығысы көп болатын диқандар мемлекеттен тағы да көмек сұрап отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің жауапты хатшысы Евгений Аманов биылғы егін орағы кезінде 13 млн. тонна астық жиналатынын мәлімдеген болатын. Алайда Қазақстанның шаруалар одағының өкілдері бұл көрсеткішті кем дегенде 2 млн. тоннаға азайту керектігін айтады: «Мұның себебі министрліктегілер ақпаратты бір жарым-екі апта бұрын берген еді. Ол кезде шаруалар өздері діттеген межені айтқан. Алайда гектарынан 5 центнер алғысы келгендер 3 центнерді қанағат тұтуда. Оның үстіне, жиналып жатқан дәндердің қауыздары бос». Негізі министрліктегілер астық көлеміне қатысты көрсеткіштерді жиі өзгертуге мәжбүр. Өйткені жаздың басында шенеуніктердің «гектарына 7-8 центнер болады» деген болжамы арада екі ай өткенде 5 центнерге өзгерді.

Соңғы күндері егін алқаптарының жауын-шашыннан құрғамауы да шаруалар қауымына қиын тиді. Жаңбыр тамшыларын ауырсынған егіннің дәндері қауыздарынан жерге шашылып, астық қамбаларға дымқыл күйінде құйылуда. Бұл дәнді-дақылды сақтауға кететін шығын көлемін арттырған. Диқандардың басым бөлігіне гектарына 4-5 центнерден астық алу мүмкін емес.

«Жығылған үстіне жұдырық», жаздағы қуаңшылық кезінде егіні күйіп кетіп, шығынға шаш-етектен батқан диқандар мемлекет тарапынан берілетін көмекке зәру. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер шаруаларға көрсетілетін көмектің берілетін жолдары мен өсімдік шаруашылығы саласындағы сақтандыру тетіктерін қарастыруда. Қазақстан шаруалар одағының төрағасы Әуезхан Даринов: «Тамыздың басында-ақ ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, егін түрін сақтандыруға қатысты мәселені баяндағанмын. Бір ай бойы егін алқаптарын, ол жақта болып жатқан жайды өз көзімізбен көрдік. Шаруашылықтардың көпшілігінде егін 100 пайызға күйіп кеткен. Яғни Өзара сақтандыру қауымдастығы диқанға гектарына 3700 теңге төлеуі тиіс. Алайда мұндай сома оларда жоқ. Біз мәселен гектарына 700 теңге төлейміз, төлемді келесі жылға, тіпті екі жылға кейін қалдыруды сұрап, оларды келісімге шақырамыз. Өзара сақтандыру қауымдастығын сотқа тарту немесе мүлкін тәркілеудің ешқандай пайдасы жоқ. Шыққан шығынды мұндай жолмен қайтара алмайсыз. Егер қауымдастық жұмысын жалғастыра берсе, келесі жылы сақтандыруға қатысты жағдайлар туындамауы мүмкін. Ал Қауымдастық биылғы кеткен шығынды қайтаруға қауқарлы болмақ», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай тетік кез келген шешімді ұжым боп қабылдайтын Өзара сақтандыру қауымдастығына ғана қатысты. Ал жекеменшік сақтандыру компанияларында бұл басқаша. Бірақ олардың екеуіне де мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет: «Мемлекеттен алынған қаражат түгел шаруаларға жұмсалады. Егер мемлекет шыққан шығынның 50, 60 тіпті 70 пайызын қайтаруға көмектессе, біз диқандарға гектарына 700 емес, 1000-1500 теңгеден төлей аламыз. Біз әрбір теңгені қайда жұмсағанымызды ашық көрсетеміз». Фермерлер одағының басшысы пайызсыз бюджеттік несие таратыла бастаған көршілес Ресейді мысалға келтіреді. РФ үкіметі құстар мен шошқаға жем-шөпті сатып алу, саны кеміп бара жатқан ірі мүйізді қараны сақтап қалу және егіні бітік шықпай, шығынға ұшыраған шаруаға дән, минералдық тыңайтқыштар сатып алу үшін 6 млрд. рубль бөлген. Оның себебі жазғы қуаңшылықтың салдарынан Ресейдің 17 аймағында егін ысырап болғандықтан, шаруалар мемлекеттен қаржылай көмек сұраған. Бірқатар БАҚ-тың хабарлауынша, РФ ауылшаруашылығы министрлігі сақтандыру төлемдерінің 50 пайызын мемлекет өз міндетіне алатынын мәлімдеген көрінеді. Ресми деректерде сақтандырылуы тиіс алқаптың көлемі 13 млн. гектардан асады деп көрсетілген. Ал астығы күйіп кеткен алқаптың жалпы аумағы 110 000 гектар, яғни сақтандырылған алқаптың 10 пайызына тең.

Шаруалардың қордаланып қалған проблемаларына келгенде оларға берілетін несие туралы айтпау мүмкін емес. Сорақысы сол, аймақтардағы жергілікті атқарушы билік өкілдері мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдауға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанынан бейхабар көрінеді. Мәселен шаруалардың көпшілігі алған несиелерінің мерзімін ұзарта алмай әлек. Ауылды жерлердегі шенеуніктер Үкімет қабылдаған бұл шарадан хабарсыз, фермерлерден естіп, аң-таң болысып жатыр дейді. Әлбетте мұның бәрі жүйелі түрде жұмыс істей алмай отырған ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің кінәсі емес пе екен?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары