КӘСІП ҚЫЛЫП КИІКТІ АТҚАН...

КӘСІП ҚЫЛЫП КИІКТІ АТҚАН...

КӘСІП ҚЫЛЫП КИІКТІ АТҚАН...
ашық дереккөзі
898

Еліміздің кең байтақ дархан даласын ежелден мекен еткен түз тағыларының бірі – ақбөкен екендігі қазақ халқына атам заманнан белгілі. Олардың тыныс-тіршілігі халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен және тағылымды тарихымен әрі тағдырлас, әрі тамырлас екендігін ерекше атап айтуға болады. Сондықтан да, қазақ халқының ақбөкен жайлы аңыз-әңгімелері, нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, өлең-жырлары мен сөз тіркестерін көптеп кездестіруге болады. Ақбөкенді халқымыз кейде «ақкиік», «жезкиік» және «киік» деп те атайды. Бұл атаулар ақбөкен түгінің, жыл мезгілдеріне сәйкес, түсінің өзгеруіне қарай айтылады. Қыс айларында ақбөкеннің түгі ақшыл түсті болып келетіндіктен «ақкиік» немесе «ақбөкен» деп аталса, жаз бен күз айларында түгі қызғылт-сары түске өзгеріп, бұл кезде «жезкиік» деп аталады.

Көктем туысымен еліміздегі ақбөкен­дердің оңтүстіктен солтүстікке қарай жаппай қоныс аударатыны белгілі. Осы мезгілде ақбөкендердің құнды мүйізіне құныққан қаскөйлер де өз істеріне белсене кірісіп, олардың мүйіздерін алу үшін жүйрік көліктеріне отырып, әрі мұздай қаруланып, ақбөкендер жайылып өтетін жерлерді аңдумен болатыны да көпке таныс жәйт. Қаскөйлердің қатыгездік әрекеттерінің нәтижесінде еліміздің кең байтақ жазиралы жазық даласын еркін жайлаған ақбөкендердің саны бір кездерде күрт азайып кеткен болатын. Ресми деректер бойынша 1960 жылдары еліміздегі ақбөкендердің саны 1 миллион 300 мыңнан асқандығы жайлы нақты мәліметтер бар. Ал 2003-жылы олардың саны күрт азайып, еліміздің барлық аймақтарында 21 мыңдай ғана бас ақбөкен сақталған. Осындай келеңсіз жағдайларды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №267 арнайы қаулысымен 2005-жылы 25-наурыздан бас­тап елімізде ақбөкендерді аулауға тыйым салынып, олардың санын көбейту және қорғау шаралары қолға алынды. Осындай игілікті шаралардың нәтижесінде елімізде ақбөкендердің саны бірте-бірте көбейе бас­тады. Бұл салада Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті мен «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандарының табандылықпен жүргізіп келе жатқан қажырлы еңбектерін айрықша атап өткеніміз абзал. Жақында ғана «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Бас директор міндетін атқарушы Ерзат Уәлиханұлы Алзақов мырзамен сұхбаттасудың реті түсіп, көңілімізде жүрген ақбөкен жайлы сұрақтарымызға жан-жақты жауап алуға мүмкіндік туды. – Ақбөкенннің тыныс-тіршілігі жайлы халқымыздың даналық түйінді тұжырымдары мен қанатты қағидалары туралы не айтар едіңіз? – Халқымыздың тарихы мен тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты екендігін ерекше атап айтуға болады. Тіпті «обал», «сауап», «киелі» және «қасиетті» деген сөздердің тікелей табиғатқа қатысты екендігін бірден аңғару қиын емес. Мысалы «киіктің киесі бар», «киік – киелі жануар» деген сөз тіркестерінің мәні тереңде жатыр. Өйткені ақбөкеннің халқымыздың өмір-тіршілігінде алатын орны ерекше, яғни оның бағалы еті, құнды терісі және шипалық қасиеті зор мүйізі мен тұяғы күнделікті өмірде кәдеге жарайтындығы баршаға мәлім. Мысалы, халқымыз ерте кездерде ақбөкен терісінен жауын-шашынға шыдамды астары бар «бөкен жарғақ» деп аталатын тыс киім тіксе, етін күнделікті тұрмыс-тіршілігінде сіңімді тағам ретінде пайдаланған. Ал мүйізінен шипалық қасиеті зор дәрі-дәрмектер жасау үшін шет елдерге сатып отырған. Ақбөкеннің тұяғын күйдіріп, оның күлін жараға және теміреткіге қарсы пайдаланған. Қанын сусамыр ауруына шипа ретінде қолданған. Бұған дәлел ретінде көрнекті жазушы Сәкен Сейфулиннің «Кей қазақ кәсіп қылып киікті атқан, Мүйізін пайда қылып шетке сатқан» – деген жыр жолдарын келтіруге болады. Сонымен қатар, ақбөкеннің тіршілігінде жыл мезгілдерінің ауа-райында болатын ерекше өзгерістерге байланысты айтылатын сөз тіркестерін де атауға болады. Мысалы «киіктің матауы», «құралайдың салқыны», «киіктің мойын жуары» сияқты сөз тіркестері ақбөкен мен табиғат құбылыстарының арасындағы болатын тығыз байланысты айқын аңғартады. – Елімізде соңғы жылдары ақбөкен санының күрт азайып кетуіне қандай жағдайлар әсер етті деп ойлайсыз? – Елімізде «өтпелі кезең» деп аталатын 1990-жылдардан бастап ақбөкеннің мүйізі үшін заңсыз аулау барлық аймақтарда жаппай орын алып, киелі жануарлардың саны жылдан-жылға күрт азая бастағаны белгілі. Бұл кезде бастан-аяқ қаруланған қатыгез қаскөйлер мен қарақшы-қасапшылар ақбөкендерді аяусыз қырып жойды. Сондықтан да, елімізде ақбөкендердің санының азаюына осы қаскөйлердің жауыздық іс-әрекеттері тікелей әсер етті деп нақты атап айту қажет. Елімізде ақбөкендердің санының күрт азаюына өлкеміздің түрлі аймақтарында орналасқан ядролық полигондардың да әсері болған деген пікрлер бар. Мысалы 1981-жылы Торғай облысының аумағында 180 мың бас ақбөкен қырылса, 1984-жылы Батыс Қазақстан облысында 250 мың бас ақбөкен және 1988-жылы Торғай облысында 500 мың бас ақбөкен қырылғандығы туралы дәйекті деректер баспасөз беттерінде жарияланған. Ал 2010 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында – 12 мыңдай киік қырылса, дәл осы өңірде 2011 жылы 400-ден астам киік қырылған. 2012 жылдың мамыр айында Қостанай облысы, Жангелді ауданына қарасты Сорша кентінің маңынан 543 киіктің өлексесі, Тосынқұм маңынан 8 киіктің өлексесі табылды. Бұл киіктер жұқпалы пастереллез ауруын қоздыратын микробтардың әсерінен қырылған деген қорытынды шығарылды. 2011 жылы Қостанай облысы, Жангелді ауданының аумағынан қаскөйлер атқан ақбөкеннің 85 өлексесі табылып, олардың 79-ның ақбөкен текелері екендігі анықталды. Бұл қаскөйлердің жауыздық әрекеті екендігін бірден байқауға болады. Өйткені ақбөкеннің текелерінде ғана мүйіз болады. Сонымен қатар, ақбөкен текелерінің азаюы да ұрпақтар санының азаюына әсер ететіндігі де белгілі. – Соңғы жылдары мемлекетіміз бен Үкіметіміз тарапынан ақбөкендердің санын көбейту, оларды қорғау саласында қандай шаралар қолға алынған? – Елімізде ақбөкендердің санын көбейту және оларды қорғау жөнінде мемлекеттік деңгейде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, ақбөкендерді заңсыз аулауға байланысты Үкіметіміз 2005 жылы және 2010 жылдары арнайы қаулылар қабылдап, ақбөкендерді қатаң түрде қорғау шаралары белгіленді. 2004 жылдан бас­тап ақбөкеннен алынатын өнімдерді шетке шығаруға мүлде тыйым салынды. 2002-жылы ақбөкен халықаралық Табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына жойылып кету қаупі төнген түр ретінде тіркелді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің № 290 бабына өзгерістер енгізіп, заңсыз ауланған, заңсыз сатып алынған, заңсыз сақталған, заңсыз сыртқа шығарып сатқан, заңсыз тасымалданған, жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерін және олардың өнімдерін заңсыз саудалаған адамдарға қарсы 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру және олардың пайдаланған қару-жарақтары мен көліктерін тәркілеуге үкім шығару нақты атап көрсетілген. Елімізде ақбөкендердің топтары негізінен үш аймақта (Бетпақдала, Үстірт және Жайық топтары) шоғырланған. Соңғы жылдары ақбөкендерді қорғауға тікелей қатысы бар «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының арнайы жануарларды қорғау мамандары қаскөйлерге қарсы аяусыз күрес жүргізуі үшін спутниктік байланыс құралдарымен, рациялармен, бейнекамералармен, жаңа «УАЗ» және «КАМАЗ» автокөліктерімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ақбөкендердің санын көбейту үшін Үкімет тарапынан бөлінетін қаржының мөлшері де жыл сайын көбейтіліп отыр және жыл сайын еліміздегі ақбөкендердің санын нақты анықтау мақсатында арнайы АН-2 ұшақтары пайдаланылып, санақ жұмыстары нәтижелі түрде жүргізілуде. Санақ жұмыстарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігіне қарасты зоология институтының ғылыми қызметкерлері мен біздің кәсіпорынның арнайы мамандары бірлесе отырып, тиянақты түрде жүргізіп келеді. Биылғы жылы ақбөкендердің жеке топтарының санын анықтау жұмыстары көкек айында жүргізілді. Атап айтсақ, Бетпақдала тобындағы ақбөкендердің санын анықтау – 8-26 көкек аралығында, Үстірт тобында – 11-17 көкек аралығында, ал Жайық тобының санын анықтау – 19-23 көкек аралығында жүргізілді. Биылғы жылғы санақтың жүргізілуіне ауа-райының ашық болуы да қолайлы жағдай туғызды. Осындай игі істердің нәтижесінде 2008-жылдардан бастап еліміздегі ақбөкендердің жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығын төмендегі кестеден байқауға болады (кесте): Қорыта келгенде, еліміздегі ақбөкендер санының жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы көңіл көншітеді. Дегенмен де, көпшілік арасында ақбөкендерді қорғау жөніндегі үгіт және насихат жұмыстарын жандандыра түсу керек деп ойлаймыз.
Әңгімелескен Рысбай СӘТІМБЕКОВ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

Серіктес жаңалықтары