ҚАТЕ ОҚУЛЫҚТАР ЖАСТАРЫМЫЗДЫ ЖАҢЫЛДЫРАДЫ

ҚАТЕ ОҚУЛЫҚТАР ЖАСТАРЫМЫЗДЫ ЖАҢЫЛДЫРАДЫ

ҚАТЕ ОҚУЛЫҚТАР ЖАСТАРЫМЫЗДЫ ЖАҢЫЛДЫРАДЫ
ашық дереккөзі
220

Ж.Боранбайдың «Түркістан» газетінде жариялаған «Жалпақшешейлікпе, жауапсыздық па?» деген мақаласы бей-жай қалдырмады

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласының қалың жұртшылық арасында қызу талқыланып жатқанын білеміз. Президентіміздің барша халқымызды ортақ еңбек қоғамына шақыруын және соған жұмылдыруын халық түсіністікпен қарап, зор қолдау білдіруде. Елбасымыз халқымызды Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жұмылдыра отырып, халқымыздың жағдайын жақсарту мақсатында үкіметке, парламентке, «Нұр Отан» партиясына, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Білім және ғылым министрлігімен қоса еліміздің тұтқасын ұстап отырған басқа да министрліктерге 20 нақты тапсырма берді. Бұл 20 тапсырманың ішіндегі менің арнайы тоқталғым келіп отырғаны жастарымызға қатысты айтылған 13-ші тапсырмадағы: «2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді көздесін, Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізсін, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын.

Орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын» деген қадау-қадау тапсырмалары болып отыр. Президентіміздің «Қазақстан тарихы» пәніне қатысты айтқан сын-пікірлері өте орынды деп есептейміз. Қазіргі кезде Қазақстан тарихы кім көрінгеннің қолжаулығына айналды. Ақшасын төлеп, өздерінің шала сауатты кітаптарын шығарып жатқандар қаншама. Бұндай дүниелердің білім сапасына тигізіп жатқан зияны шаш етектен. Осындай білім сапасына зиянын тигізіп жатқан «еңбектер» жөнінде жазушы Ж. Боранбай «Түркістан» газетінде (12 шілде, 2012 ж.) жарияланған «Жалпақшешейлік пе, жауапсыздық па?» деген мақаласында өте орынды көтерген.

Егер біреу жекеленген белгілі бір тақырыптарда зерттеу жүргізіп, өз ойын айтса, оның өз пікірі дер едік. Кез келге оқулық, оқу құралы жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, тарихшы оқытушыларға және жоғарғы оқу орындарына түсуші талапкерлерге арналған деп берілгеннен кейін оның арқалаған жүгі ауыр, атқарар қызметі өте жауапты болады. Сондықтан оның авторына, оған рұқсат берген жауапты мекемеге, пікір білдірген мамандарға да қойылатын талап та жоғары. Оқулық, оқу құралдары өзім білемдікпен кез келгеннің шығаратын дүниесі емес. Ол кафедраның, университеттің ғылыми кеңесінің, одан кейін барып Білім және ғылым министрлігіндегі оқулық пен оқу құралдарын сараптаудан өткізіп, арнайы рұқсат беретін ғылыми-әдістемелік бөлімнің рұқсатынан кейін ғана жарық көруі тиіс. Олай болмаған жағдайда қателіктерге толы, жас ұрпақты шатастыратын дүмбілез «дүниелерге» қарық боламыз. Бұның айқын көрінісі Е.С. Қуандықтың 2009 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулығы. Оқулықпен бізде танысып шықтық. Ж. Боранбайдың мақаласында айтылған жәйттер нағыз шындықтың бетін ашып көрсетеді. Дардай профессор атағын иеленіп жүрген жанның «оқулығы» осындай болса, тарих ғылымы жетіскен екен. Бұлай демеске шара жоқ. Е.С. Қуандықтың «оқулығында» қателіктердің өріп жүруі оның өзім білемдікпен ешқандай да ғылыми ортада талқылаудан, сараптамадан өткізбей өз бетімен шығаруының салдары. Алдағы уақытта бұндай өзім білемдікке жол бере беретін болсақ, Президентіміздің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында айтылған: «оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттық қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктіретін», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды.

2012 жылы «Алтын белгі» медалін алуға үміткерлердің талайы нақ осы отандық тарих жөніндегі «өкінішті» сұрақтардан «омақасқаны» көп жайды аңғартады» деген сын пікірін түзей алмайтынымыз белгілі. Президентіміз мәселені орынды қойып отыр. «Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлерге арналған» оқулықпен дайындалған талапкер өзіне қажетті білім емес, басына үйдей пәле тілеп алатыны анық. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа қашан ұшқанын, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы қашан берілгенін және де басқа үлкен тарихи даталарды білмей жастарымызды шатастыратын, тарихи тұжырымдарға баға беруде өрескел қателіктер жіберетін «профессордан» не сұрауға болады? Талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеу емтихандарды кезінде Қазақстан тарихы пәнінен көп қателіктерге ұрынуы Е.С. Қуандық сияқтылардың «оқулық» сымағының «жемісі» және айқын көрінісі. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі оқу процесінде қолданылатын оқулықтарға, оқу құралдарына аса мән беріп қарағаны жөн. Өз бетімен «оқулық» жазып, жас ұрпақты адастырып, олардың дұрыс білім алуына елеулі зиянын тигізіп жүрген авторлардың ешқандай сын көтермейтін сымақтардың жауапсыздық іс-әрекеттеріне тыйым салатын мезгіл де жетті.

М. ЖАРАСОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары