«КҮН КӨСЕМНIҢ» ТҮБIНДЕ

«КҮН КӨСЕМНIҢ» ТҮБIНДЕ

«КҮН КӨСЕМНIҢ» ТҮБIНДЕ
ашық дереккөзі
209

Бес жыл бойы айтып келе жатқан наразылығы мен ұсыныстарын тағы да айтты тiл жанашырлары. Арнайы мәлiмдеме қабылдап, билiкке жолдауды да ұмытпады. «Әттеген-айы» сол, әншейiнде тiл туралы сөзсайыстарда анау-мынауға дес бермейтiн марқасқалардың көпшiлiгi төбе көрсетпедi бұл жиында. Билiктi сынап, «мордиясы ғана қазақтарды» мiнеп, «мәңгүрттердi» сыбаған топ өз сорпаларында өздерi қайнап-қайнап, iштегi шерлерiн тарқатып барып тарасты тағы да…

Соңғы бес жылда тiл жанашырлары дәстүрге айналдырған Мемлекеттiк тiлдi қолдау шарасына адам аз жиылды. Әншейiнде Шахановтың шебiнен табылатын оппозиция өкiлдерi бұл жолы Алматы қалалық әкiмдiгiне ренжiп, акциядан шет қалыпты. Қазақ тiлiн қолдасақ деген арындарын «Сарыарқаның» түбiндегi Ленин ескерткiшiмен шектей берген қалалық әкiмдiктi оппозиция тiптi сотқа да берген көрiнедi. Жиылғандардың санына көңiлi толмаған, жүзi сынық Мұхтар Шаханов сөзiнiң бiссiлдәсiн аңыз әңгiмеден бастады: «Баяғыда мынадай бiр оқиға болған екен. Бiр мемлекетте Отан қорғау жұмысы жүрiп жатқан екен. Ер-азаматтың барлығы соғысқа кеткенде бiр мүсiншi алтын мен күмiстен керемет бiр мұнара соғып, оны елдiң патшасына сыйға тартыпты. Алғыс ретiнде патша: «Мақтауға тұрарлық, керемет дүние. Бiрақ осы мұнараны соққан шебердi алты ай абақтыға жабыңдар» деп бұйырыпты. Аң-таң болған жұртшылыққа ол өз шешiмiн былай түсiндiредi: «Елде жан алысып, жан берiскен сұрапыл соғыс жүрiп жатқанда үйiнде тығылып алып, шығармашылықпен айналысу – қылмыс. Отанды жау қолына берiп қойсақ, ұлымыз – құл, қызымыз – күң, өзiмiз бодан боламыз. Сондықтан мұнара соққан шебер түрмеге жабылып, мәңгүрт деп танылсын».

Аңызын түйiндей сала Мұхтар аға: «Бүгiнде бiздiң елiмiзде де мемлекеттiк тiлдiң басына күн туған осындай алмағайып заман болды. Ендi мен ойымды өлеңмен жалғастырайын», – деп сөзiн өлеңмен сабақтады. Онда өз қағынан жерiгендердiң Ана тiлiн менсiнбейтiнi, қоғамды дендеген енжарлық, ұлттық намыстың әлсiздiгi, жемқорлыққа белшеден батқан билiктiң коррупциямен күрестi жетiстiре алмай отырғаны т.б. бiраз мәселеге қамтылды. «Қазiр бiз күрделi кезеңде тұрмыз. Бұл жиынға тек тiл жанашырлары ғана жиналып отыр. Желтоқсан оқиғасы – ұлт тағдыры үшiн болған көтерiлiс. Сол көтерiлiсте қазақтың қаншама марқасқа жастары азаматтық ұстанымын бiлдiрдi. Желтоқсан оқиғасы кезiнде жалындап жанса, бүгiнгi қазақ жастарының көпшiлiгi мәңгүртке айналып кеткен. Оларға ұлт, тiл, рухтың құны көк тиын. Тек көңiл көтеретiн думандар болса, жетедi. Отандық телеарналарда ертеден кешке дейiн – екi иығын жұлып жеген әншiлер. Олар айтып жүрген әндерiнiң сөздерiн де түсiнбейдi. Тек ақша төлеп, сатып алғанға мәз. Жұрттың басым бөлiгi дүбәра күйге түскен. Осындай өлара шақта бiз ұлтымызды, тiлiмiз бен рухымызды сақтауға ұмтылуымыз керек. Тiл кетсе, бiттi. Ұлтпен қоштаса берiңiздер. Қазiр «мордиясы ғана қазақтар» қаптап кеттi. Жыл сайын Мемлекеттiк тiлдi қолдау шарасын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Оған негiзiнен тек үлкендер ғана келедi. Ал жастар тым аз», – деп налыған Мұхтар Шаханов ұлттық мүдденi көздейтiн шараға жастардың қатысуына әдейi тыйым салынғанын айтты. Алайда сол жиынға келген санаулы жастың айтар уәжi бар. Олар Мұхаңа: «Митинг басталардан бұрын неге жан-жаққа хабар жiбермедiңiздер? Бiз шара өткiзiлетiнi туралы кездейсоқ естiп қалдық», – дедi. Шынында да, өскелең ұрпаққа мүдделiлер тарапынан қысым жасалғанмен, хабарды кеш естiп, сан соғып қалғандардың да бары анық. Өйткенi бiз сауалнама жүргiзген бiрнеше оқушы мен студент Мемлекеттiк тiлдi қолдау шарасына баруға ешкiмнiң тыйым салмағанын, ондай акциядан тiптi хабарсыз екендiктерiн жеткiздi. Мұндайда ұйымдастырушылардың белсендiлiгi жайлы сөз қозғау керек.

Мұхтар Шахановтан кейiн мiнберге шыққан Аслы Осман түйткiлдi шешудiң жолдарын айтты: «Аса қадiрлi халайық! Тiл мерекесi өзге мерекелерден асқақ болуы керек. Өзге мейрамдарға қарағанда, басымыздың бiрiгетiн, мақсат-мүдделердiң тоғысатын тұсы Тiл мерекесi болуы тиiс. Сондықтан менiң қазағым жақсы болса, тайлы-тұяғымен осы шарадан табылуы қажет едi. Бiрақ барға қанағат деймiз. Осында жиылған бәрiңiздiң алдында алғысымды бiлдiрiп, басымды иемiн, қасиеттi топырақты сүйемiн. Тағдырдың адам баласына тартқан ең керемет сыйы – тiл. Тiлсiз ұлттың да, елдiң де, мемлекеттiң де болуы мүмкiн емес. Бұл – бүгiнгi таңда үлкен мен кiшi көз жеткiзген ақиқат. Тас мұқалып құм болады, тозады, адам өмiрден озады, соңында қалатыны, мәңгiлiк жалғасын табатыны – көмейдегi сөз бен таңдайдағы тiл ғана. «Ана» деген сөзге тiлi келмеген Ана болып жарытпайды қыз бала. «Сүйем» деген сөзге тiлi келмеген сүйiктiң боп жарытпайды ұл бала. Мұхаңның әрбiр жазғандарында, қазақтың әрбiр сөзiнде ерекше мән мен мазмұн барлығын ұға бiлген жан ғана тiлге ерекше жаны ашиды. Қазақтың әуездi, шұрайлы, құнды сөзiнiң, тiлiнiң мән-маңызына жетпеймiз. Мен ешкiмге кiнә артпаймын. Түптеп келгенде, кiнә өзiмiзден бе деп ойлаймын. Мысалы осы жерге жиналып, көңiлiмiздегi ойымызды, көкейдегi сөзiмiздi айтсақ, нұр үстiне, нұр емес пе? Қазақ халқы – дана. «Қора толған қой бер, бесiк толған бала бер. Ол балаға сана бер, сана бермесең, ала бер» деп бекер айтпаған. Құдай алудан сақтасын, бiрақ тiл мәселесiнде саналы түрде ойлану қажет». Ұлты бөлек болса да, қазақтың тiлi, дiлi, рухани және ұлттық құндылықтарына келгенде тiптi кейбiр қандастарымыздан асып түсетiн Аслы апай мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн асқақтату жолындағы еңбегiн кейбiреулер арандату үшiн пайдаланғысы келетiнiне қынжылды: «Тiл туралы мәселе көтерген Мұхаңды бiреулер кекететiн шығар. Менiң өзiмдi жағымпаздандың дейдi, ендi бiрi жағамнан алып: «Ұлт араздығын тудырып жүрсiң» дейдi. Жаным-ау, қайдағы ұлт араздығы?! Мен тұрған елiмнiң, жерiмнiң, мемлекетiмнiң тiлiн насихаттаймын. Ал Қазақстандағы орыс тiлiн, ағылшын тiлiн дамытуды айтып, арындап жүргендер – кiмдер? Олар ұлт араздығын тудырмайды екен де, Қазақстанның мемлекеттiк тiлiн айтқан мен ұлттар арасында араздық тудырады екенмiн. Мекендейтiн мемлекеттiң тiлi болмаса, ол ұлттың тiлi сақталмаса, келешегi бұлыңғыр. Ахмет Байтұрсынұлы бар, Абайы бар, қанша алыбы бар қазақ мақтануы тиiс. Танытқан қазағымның қазақтығын, танытқан қазағымның азаттығын, танытқан ғажаптығын, айналдым құдiретiнен қазақ тiлдiң!».

Ал Алматы қалалық «Қазақ тiлi» қоға­мының төрағасы Эрнест Төрехановтың айтуынша, «тiл – қатынас құралы» деген ұстаным ескiрген. «Қазiр тiл – бар мен жоқтың ортасында тұрған қазақтың тетiгi. Қазақ «суға кеткен тал қармайды» деген Бүгiнгi сол «тал» – қазақ тiлi» дей келе, ол қандастарын тарихтан сабақ алуға шақырды: «Талдықорғанға кiреберiсте Мұқыр деген тау бар, Мұқыр дейтiн ауыл бар, станса бар. Сол «Мұқыр» деген сөз қайдан шыққан? Бұрын «мұқыр» аталған үлкен тайпа болған екен. Мұқырлар кезiнде түргеш саудагерлерiнiң алдауына түсiп, солардың мәдениетiн қабылдап, солардың тiлiнде сөйлеп, соңында жоғалып кеткен. Ұлт, тайпа жоғалып кеттi, iзiнде тек атаулар ғана қалды. Өзге мемлекеттерде тiл қатынас құралы болуы мүмкiн, ал қазақ үшiн тiлдiң маңызы әлдеқайда зор. Қазақ тiлiн шын мәнiнде мемлекеттiк тiл дәрежесiне жеткiзе алсақ, ұлттық, патриоттық мәселесi өздiгiнен шешiледi, қазақы табиғатты сақтап қаламыз. Жерiмiздiң тұтастығы мен халықтың бiрлiгiн сақтап қаламыз».

Мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiн шенеунiктердi қыжыртқан, Қазақ билiгiнiң бұл мәселеде арқа-басты кеңге салатынына ашынған ақын Мырзан Кенжебай: «Көп қорқытады, терең батырады» дейдi. Бiрақ олай емес. Әр мақалдың өзiнiң заманы болады. Қазiр билiк қазақтың сөзiн пысқырмайды. Әйтпесе жиырма бiр жылдың iшiнде мемлекеттiк тiлге қатысты айтылмаған сөз жоқ. Орыс тiлiндегi газеттер бiр сөз айтса, билiктiң зәресi ұшып кетедi. Оны жасырмауымыз керек. «Қазақстан – ортақ үйiмiз» деген де дұрыс емес. Орыстардың – Ресейi, немiстердiң – Германиясы, кәрiстердiң – екi Кореясы, түрiктердiң Түркиясы бар, ал қазақтардың ше? Қазақстаннан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Жастарымыздың көпшiлiгiнде «Жердiң иесiмiн, елдiң иесiмiн» деген патриоттық сезiм қалыптаспаған. Ол аз болса, Қазақстандағы орыстiлдi ағайын қазақ тiлiне араша түсудiң орнына керiсiнше, «ойбай, орыстар көшiп жатыр, Қазақстан мамансыз қалатын болды» деп аттандайды. Мен Дэвид Кристал деген кiсiнiң кiтабын оқығанда ол «Ұлтты жойып жiберу оп-оңай, екiтiлдiлiк дегендi енгiзсе, болды» деп жазған. Ал бiзде үштiлдiлiк саясаты жүргiзiлуде», – дедi.

Мемлекеттiк тiлдi қолдау шарасының соңында Мәлiмдеме қабылданып, оның мәтiнiн шараға жиылғандар бiрауыздан қолдады. Билiкке жолданған құжатқа шенеунiктердiң қалай жауап берерi белгiсiз. Бәлкiм тағы да үнсiз қалар. Ал Алматының шетiндегi күрделi жөндеуден өткiзiп жатқан «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы Лениннiң алып ескерткiшiнiң түбiне жиылған қазақтар тiл проблемасын шешiп алмай, мемлекеттiк деңгейдегi маңызды мәселелер қордалана беретiнiн айтысты. «Қазақтың, қазақ тiлiнiң басына күн туды» деп күңiренген қазақтарға оң қолымен жол нұсқаған күйi күле қарап «Күн көсем» тұрды сахнаның сыртында…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары