«ҚАШАҒАН» ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

«ҚАШАҒАН» ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

«ҚАШАҒАН»  ҚАШАН  АШЫЛАДЫ?
ашық дереккөзі
217

Бүкіл әлемнің көзқұртына айналған орталықазиялық аймақтағы мұнай мен газ қорын Еуропалық Одақ пен АҚШ әлемдік нарыққа делдалсыз, яғни Ресейдің қатысуынсыз жеткізуді қалайды. Ал көмірсутегі құбырларын халықаралық саясатқа ықпал ету құралына айналдырғысы келетін Кремльдің көздегені – басқа. Келесі аптада Астанада өткізілетін VII Еуразиялық KAZENERGY форумы осы және басқа да маңызды мәселелерді қаузамақ.

Соңғы кездері «Араб көктемі» аталып кеткен мұнайлы аймақтардағы саяси тұрақсыздық әлемдік көмірсутегі нарығына қалай әсер етуде? Әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті тұрақтандыруға қауқарлы Орталық Азиядағы Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан секілді елдердің дүниежүзілік нарықты шикізатпен қамтамасыз етудегі жоспары қандай? Әлемдік саяси сахнаға ықпал етуге ұмтылған Кремльдің «ұртоқпағынан» мұнай мен газға бай посткеңестік елдер қайтсе, құтылады? «Қара алтын» мен «көгілдір отынды» өндіру жолындағы бәсекеде экологиялық қауіпсіздік шет қалмауы үшін не істеу қажет? Бұл сұрақтарға 2012 жылдың 2-3 қазаны аралығында Астана қаласында өткізілетін VII Еуразиялық KAZENERGY форум жауап іздемек. Тақырыбын «Өзгерістер дәуіріндегі әлем: тұрақты энергетикалық келешекті қалыптастыру» деп бекіткен биылғы форумда Жер шарының ең ірі деген халықаралық мұнай-газ және энергетикалық корпорацияларының өкілдері энергетикалық серіктестік пен қауіпсіздік, геологиялық барлау, мұнай өндіру, мұнай химиясы, энергетикалық қайнарларды жаңарту мен атом энергетикасына қатысты бірқатар мәселені қаузайды.

Форумды ұйымдастырушылар қатарындағы «ҚазМұнайГаз» АҚ мен KAZENERGY қазақстандық энергетикалық кәсіпорындар ассоциациясы Дүниежүзілік мұнай кеңесіне Қазақстан астанасын таңдауы еліміздің абыройын асқақтатып, мұнай-газ саласындағы мүмкіндіктерімізді бүкіл әлемге танытуға сеп болатынын көлденең тартады. Себебі 4 жылда бір рет жиналатын Дүниежүзілік мұнай кеңесінің конгресінің басты мақсаты – ДМК-ге мүше мемлекеттер арасында мұнай саласына қатысты ақпараттармен бөлісу, қордаланған қиындықтар мен түйткілдерді шешудің тиімді жолдарын қарастыру. Ескеретін жайт, Қазақстан KAZENERGY ассоциациясының бастамасымен, ДМК-ге 2008 жылы мүшелікке өтті. Кеңестің кезекті конгресі 2014 жылы Ресейде өткізілмекші. Ал Қазақстан тарапы Ресейден кейінгі кезекті қанжығаға байлауды мақсат тұтып отыр.

Сонымен, келесі аптада жұмысын бас­тайтын халықаралық форумға Испанияның экс-премьері Хосе Мария Азнар, Катардың энергетика және өнеркәсіп министрі Мохаммед Бин Салех әл-Сада, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Ренато Бертани т.б. ресми тұлғалар игі тілектері мен жылы лебіздерін жолдап үлгерген. «Биылғы жылдың жаңалығы: International Herald Tribune және The New York Times секілді әлемге әйгілі медиақұрылымдар арнайы бизнес-ланч ұйымдастырып, Қазақстан мен Еуразиялық аймақтағы газ саласын дамытуға қатысты тақырыпты талқыға салуға мүдделілік танытып отыр» деп мәлімдеген KAZENERGY өкілі Ж.Сәрсенов мұнай-газ саласын өркендетудің жаңа жолдарын табумен бас қатыратын форумға қатысушылар көмірсутегілерді тасымалдаудың жаңа жолдарын қоса қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар форум шеңберіндегі пікірталасқа биыл Энергетикалық хартияның бас хатшысы Урбан Руснак, Бүкіләлемдік энергетикалық кеңестің бас хатшысы Кристоф Фрей, жаһандық энергетикалық келісім – Халықаралық энергетикалық агенттік (ІЕА) жетекшісі Ульрих Бентербуш, IHS CERA басқарушы директоры Джеймс Бурхард, Eni басқарма төрағасы Паоло Скаронимен бірге отандық және шетелдік энергетикалық компаниялар, шет мемлекеттердің үкіметтері, мұнай-газ саласының жетекші сарапшылары атсалысатын көрінеді.

Тағы бір маңызды жайт, VII Еуразиялық KAZENERGY форумының шеңберінде биыл алғаш рет Дүниежүзілік мұнай кеңесінің (WPC) отырысы өтеді. KAZENERGY ассоциациясының бас директоры Жанболат Сәрсеновтің айтуынша, мұндай қадамның астарында үлкен мән жатыр: «Мұнай кеңесін Астанада өткізу – кәдімгідей маңызды құбылыс. Әдетте мұнай кеңесі өткізілген жерде Дүниежүзілік конгресс ұйымдастырылады. Кеңес сол елдің әлеуеттік мүмкіндіктерін саралау үшін жиналатын алғашқы кездесу десе болады. Біздің елге келетін 60 мемлекеттің өкілдерін энергетикалық нарық ахуалы мен халықаралық деңгейде атқарылып жатқан жұыстарымыздан хабардар етеміз».

VII Еуразиялық KAZENERGY форумы қаузайтын тағы бір маңызды тақырып: отандық мұнай-газ саласында басымдыққа ие маңызды жоба – Қашаған кен орны төңірегінде пікірталас. «Алдағы 35 жылда Каспий аймағы (Қашағанды қоса есептегенде) әлемдік мұнай тұтынушыларының 10 пайыз бөлігін қанағаттандырады», – деп мәлімдеген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев 2013 жылдың алғашқы тоқсанында Қашаған кен орнынан өндірілетін алғашқы шикізат алынатынын еске салды. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай Қазақстан әлемдік нарыққа 64 млн тонна мұнай тасымалдамақ. Осы мақсатта 26-27 қыркүйекте Ақтауда ұйымдастырылған инвестициялық форум Батыс Қазақстан облысын дамытуға бағытталатын қаражат көлемін ұлғайтуға күш салады.

Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ пен АҚШ энергетикалық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарған. Оларды әсіресе орталықазиялық аймаққа тиесілі мұнай мен газды еуропалық нарыққа тасымалдауды саяси ықпал ету құралына айналдырған Кремльдің ұстанымы алаңдатады. Бір емес, бірнеше рет қыстың көзі қырауда жылу мен жарықсыз қалған Еуропа Каспий түбіндегі көмірсутегіні Ресейді айналып өтетін жолдар арқылы импорттауға мүдделі. Бұған әрине Мәскеудің оңайлықпен көнбесі анық. Бүгінде бір-бірімен бәсекеге түскен «Оңтүстік ағын», «Солтүстік ағын», «Транскаспийлік құбыр», NABUCCO секілді мұнай-газ жобалары төңірегінде өршіген дау-дамай мен қызу пікірталас – осының айғағы. Ал экономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі табиғи ресурс­тардан түсетін кіріске тәуелді Қазақстан өзіне тиімді жолдарды табуды қалайды. Негізі бұл Қазақстанмен бірге Әзірбайжан, Түркіменстан мен Өзбекстанға да тән. Сондықтан VII Еуразиялық KAZENERGY форумында «қара алтын» мен «көгілдір отынға» қатысты бірқатар түйткілді мәселелер әлемдік деңгейде тағы бір рет талқыға салынбақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары